Ақын да өзі өмір сүріп отырған қоғамның белсенді бір мүшесі. Сондықтан оны мемлекет тағдыры, ұлт болашағы бейжай қалдырмақ емес. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Ғалым Жайлыбаймен әңгімеміз ұлттың ертеңі, әдебиетіміздің болашағы жайында өрбіді. – Ғалым аға, ақынмен әңгімеміздің басын поэзия туралы ойларыңыздан бастасақ деп отырмыз. Ақынның, өлеңнің тағдыры неге байланысты? – Жалпы, әр ақынның тағдыры негізінен поэзияға байланысты ғой. Мен де өз өмірімді қазақ жырына арнаған адаммын. Өлең өлкесі деген өнердің мәңгі жасыл көктемі секілді. Оның сыршыл пернесі қозғамайтын, сыбызғы үні жетпейтін көкірек жоқ. Өлеңнің тілі – баршаға ортақ тіл. Жақсы жырдың жүрегіңе сәуле құятын құдіреті бар тылсым дүние. Уақыт пен кеңістіктегі тіршілікте қазақ өлеңінің көзайым күндерін көру, оның арасында жүру деген адам үшін үлкен бақыт. Солай да болса тағдырдың тезіне түспейтін ақын болмайды. Дегенмен оның жанқиярлық еңбегі далаға кеткен емес. Орыстың атақты әдебиет сыншысы В.Белинскийдің «Барлық сыншылардың ішіндегі ең ұлысы, ең тамашасы, ең қателеспейтіні – уақыт» деген сөзі бар. Сол тұрғыдан алғанда уақыт сынынан өтпейтін дүние жоқ, ақын да, өлең де сондай. Демек, ешкімді ешкім қолдан жасай алмайды, сыншылар қанша сынаса да шығарманың құны қандай екенін уақыт белгілеп береді. Қазір уақыт өзгерді, дәуірдің өлеңге қоятын талабы өзгерді. Жаңа дәуірдің талғамына сай өлең тудыру болашағын ойлаған әр ақынның жүрегіне үлкен салмақ түсіреді. Себебі уақыттың сыны, дәуірдің талабы қазақ өлеңін де өз елегінен өткізе бастады. Сондықтан баяғыдай айқайшыл өлеңдер енді өрге шыға алмайды. Шынайы поэзия жасауға ұмтылу – қансонарда аңға шыққан аңшының күйін кештіреді. Одан қанжығаң майлануы да мүмкін, далақтап бос қайтуың да мүмкін... Зообақтағы қолдан азықтанып, адамның қамқорлығына үйреніп қалған аңдарды босатып қоя берсе қандай күй кешер еді? Олар түзге барып өздерінің аң екенін, аштан өліп қалмау үшін әрекет қылу керегін түйсінгенше біраз уақыт өтіп кетер еді. Қазақ қаламгерлерінің де басынан ондай кездер өтті. Бірақ есін жинаған ендігі әдебиет нағыз ұлттық әдебиет болады деп ойлаймын. – Кезінде «жырларымның жұлдызын жандырам деп, Алматыға Арқадан көшіп келгем» деп жырлап едіңіз. Алматыға келдіңіз, жырларыңыздың жұлдызы жанды, танымал ақындардың қатарына қосылдыңыз. Жазушылар одағы басшыларының бірі болдыңыз, «Жұлдыз» журналын басқардыңыз. Бірақ сіз үшін жемісті жылдарын сыйлаған Алматыдан Арқаға қайта көшуіңізге не себеп болды? Елдің бас қаласы Астана болғанымен, қаламгерлерді қадірлейтін рухани орта Алматы емес пе еді? – Біз келген кезде Алматы өзінің гүлзар бақтарымен, қып-қызыл нарттай алмаларымен, сыңғырлап аққан жылғаларымен адамды еріксіз еліктіретін. Біз бала кезде өзіміз көрмеген Алматыны солай елестеттік, өмірде де солай еді негізі. Алматы – арман қала, ғажайып ерекше шаһар, поэзияның отаны болды. Енді одан бері де қанша уақыт өтті, басқа заман келді. Қазір маған Алматы баяғы дәурені жүріп тұрған кезін сағынып, сәл мұңайып тұрғандай көрінеді. Алаштың баласына Ана болған Алматыны кім жақсы көрмейді? Мен де жақсы көрем. Тәуелсіздігіміздің тал бесігін тербеткен ұлы шаһар ғой. Онда қазақ өнері мен ғылымының небір ұлы тұлғалары тұрып еңбек етті. Кім жүрмеген Алматы бұл? Анау Әуезов, Сәтбаев, Жұбанов секілді үлкен тұлғалардың, оның алдында Ахмет, Мағжан, Сәкен секілді қазақтың ірілерінің ізі қалған қала емес пе? Мұнда Қасымдар, беріректе Мұқағали-Төлегендер жүрген, дауылдатып жыр оқыған жер бұл. Сондықтан бұл бүкіл қазақ баласының аяулы ақ ордасы. Біз де Алматыға сондай ғашық көңілмен бардық. Әлі де ғашықпыз. Мен бір өлеңімде: Ақын болып пәниге Кірдік кеше, Алматы. Өлең атты сәбиге Кіндік шеше – Алматы, – деп жазыппын. Айтса айтқандай, Алматы – ақындардың қаласы, шабыттың шаһары ғой. Мен Алматыға өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында бардым. Оған Сарыарқаның даласынан, Жаңаарқаның жазирасынан үлкен махаббатпен жеттім. Алматыға деген жанымның сол іңкәрлігі әлі басылған жоқ. Алматыда ұзақ жыл тұрдым, еңбек еттім. Егер менің қазақ өлеңіне қосқан титтей үлесім болса, әдебиеттен тапқан бақытым болса, ол аяулы қаламның арқасы деп білем. Сол қалада қазақтың ақжарқын азаматтарының қолдауының, маңдайымыздан сыйпаған қамқорлығының арқасында қатарға қосылып, жетістіктерге жеттік. Алматыда мен Қазақстан Менеджмент, экономика және болжау институтын (қазіргі КИМЭП) бітіріп шықтым. Сонда оқып жүргенде Олжас Сүлейменов басшылық жасаған Невада-Семей қозғалысының «Аманат-Избиратель» деген газетінде, одан кейін Жазушылар одағы басқармасының қазіргі төрағасы Ұлықбек Есдәулет басқарған «Жас қазақ» деген газетте жұмыс істедім. Ол кез бір қиын уақыт еді, біраз жыл Алматыда бала-шағамен пәтер жалдап тұрдық. Ол енді талай қазақ баласының басынан өткен тағдыр ғой. Сол кездерді ойласам, қазір қорқып кетем, сол шақта анадай қиындықта қалай тірлік кештік екен деп. Қасымша маңайымызды «өлеңнің отымен жылытып» өмір сүрдік. Әрине, бәрі өтті, кетті, бірақ менің ақын, азамат ретінде қалыптасуыма үлкен әсер еткен сол кезеңді үлкен ризашылықпен еске алып отырамын. Ал Астанаға келу жайын айтсам, мен де мынау Есіл мен Нұраның бойына алыс адам емеспін. Әкемнің әкесі Смақ осы Астана қаласынан жүз шақырым жердегі Казгородок деген жерде жатыр. 1932 жылдағы ашаршылықта сол жерде көз жұмған. Одан басқа біздің ағайын-туыстар осы жерде. Көшуімнің басты себебі тағы бірі, менің екі ұл, бір қызым бар, солардың бәрі Астанаға жұмыспен келді. Сондықтан мен де балаларымның жанында болғым келді. – Өзге жұрттар секілді қазақ ақындарының да бір арманы халқына танымал болып, еңбегінің бағалануы ғой. Сізді де сондай биікке қол жеткізген ақын десек, артық болмас? – Танымал болу төккен тердің арқасында келетін нәрсе шығар. Қайсы ақын, қайсы жазушы болса да шығармаларының елге жеткенін, танымал болғанын армандайды ғой. Өмірін елінің әдебиетіне арнаған қаламгерге елі ілтипат білдіріп жатса, ол да бір ғанибет. Алпыс жылдығым Қарағанды қаласында тойланды. «Ақын Ғалым Жайлыбай Қарағандыға шақырады» деген фестиваль өтіп, оған ТҮРКСОЙ-дың бастығы Дүйсен Қасейінов бастаған татар, башқұрт, өзбек, түрік елдерінен әріптестерім қатысты. Өз елімнен көптеген ағаларым, қатарластарым келді. Сөйтіп, өзім армандаған поэзияның үлкен бір шарасын өткізу бұйырды. Оған сол кезде Қарағанды облысын басқаратын, қазір Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов қолдау көрсетті. Қуанышымды бөлісуге Қызылордадан Шаһизада Әбдікәрімов, Ақтөбеден Ертай Ашықбаев, Жетісудан Әміре Әрін бастаған қатарластарым, Алматыдан Нұрлан Оразалин, Иран-Ғайып, елордадан Серік Тұрғынбеков секілді ағаларым қатысты. Бір топ інім де болды ішінде. Бұл да өмірін әдебиетке арнаған адам үшін бір қуаныш. Әдеби ортада ұзақ жүрдім. Қазақ радиосында редактор, «Жұлдыз» журналының бас редакторы болдым. Он бір жыл Жазушылар одағында төрағаның бірінші орынбасары болдым. Осының бәрі әдебиетке қызмет етемін деген адам үшін аз уақыт болмас. Шығармашылық ұйымда басшылықта жүру оңай емес, Нұрлан Оразалин секілді одаққа еңбегі сіңген ағамызбен, марқұм Берік Шаханов ағамызбен, марқұм Талаптан Ахметжан секілді қатарласымызбен, Маралтай, Жанарбек Әшімжандай інілермен бірге жазушылар ұйымында қатар жүріп, түрлі сын-ескертпе ести жүріп жұмыс істедік. Осының бәрі менің ұлттық сөз өнеріне, соны жасап жүрген қаламгер қауымына азды-көпті еңбегім деп есептеймін. – Аға буын ақын ретінде өзіңізден кейінгі буындардың шығармашылық ерекшеліктері туралы қандай ойдасыз? – Кез келген өнер иесі білім-біліктің иесі болуы керек деп ойлаймын. Талантты адамға таным да, тағылым да керек. Біз Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Фариза Оңғарсынова, Сәкен Иманасов, Есенбай Дүйсенбайұлы секілді аға-апалармен араластық. Олардың қасына еріп жүріп көп үйрендік, бәрінің өнегесін көрдік, тағылымын алдық. Таным таразысына салсақ, әлемдік поэзияда бетбұрыс жасаған ақындардың бәрі де үлкен интеллектінің, энциклопедиялық білімнің, терең эрудицияның иесі болған. Мәселен, Дж. Байрон, А.Блок. П.Неруда, Б.Пастернак, В.Брюсов, А.Ахматова. Осылардың қай-қайсысының шығармашылығына зейін қойсақ, олар ежелгі грек, ежелгі шығыс философиясы секілді адамзат ойының інжу-маржанын бойына сіңіріп, жетік меңгергенін байқар едік. Әдетте бізге кабакта жүріп, шарап ішіп шайқап өткендей көрінетін С.Есениннің шығармашылық ғұмырын зерттеушілер оның Еуропа әдебиетінің асқан білгірі болғанын айтады. Сондықтан ақындықтың алғышарты өзіңе дейінгі жасалғанның бәрінен хабардар болып, жүрекпен сезіну. Неге қазақ үшін Абай әлі биік шың болып тұр? Өйткені ол әлем мифологиясын, философиясын жақсы білген, Батыс-Шығысты теңдей игерген. Енді ХХІ ғасырдың табалдырығынан аттадық, бұл – интеллект ғасыры. Оны бәріміз терең сезінеміз. Әлемдік руханияттан нәр алып, құнарлы топырақта өнген қазақ поэзиясы да дәуірлер өткен сайын іріленіп, дамып, құлашын кеңге жайып келе жатыр. Демек, әлем поэзиясының барлық жетістігі қазақ жырында бар дей аламыз. «Дүниеге келер әлі талай Қасым, Олар да бұл Қасымды бір байқасын» деп Аманжолов айтпақшы, поэзиямызға келіп жатқан жастар өзінен бұрынғы қазақ ақындарының жетістіктерін игеріп, соны бойына сіңіріп, шығармашылықпен дамытқаны дұрыс. Қазақ әдебиеті қашанда жақсы ақындарға кенде емес. Десе де, бізге жақсы ақындарды малданып жүре бермей, жаңа ақындардың келгенін көру ғанибет. Өйткені әр дәуірдің жаңа сөзі болуы керек, соны жас ақындардан естігіміз келеді. Тәуелсіздіктен кейін әдебиетімізге жаңа дәуірдің бүтін сөзін айтатын ақындардың бірнеше легі келді. Олардың алды қазір елуден асты. Одан кейін де қанша өрелі жас ақындар келіп жатыр. Арасында қазақ поэзиясын ғана емес, әлем поэзиясын жақсы игерген ақындар баршылық. Олардың жұлдызды сәттері әлі алда. Амандық болса, олар туған әдебиетін бүгінгіден де биіктететініне сенемін. – Халқымыздың тарихындағы қасіретті беттердің бірі – «отызыншы жылдар ойранына» қатысты жазған «Қара орамал» атты дастаныңыз соңғы жылдары қазақ поэзиясындағы танымал туындылардың біріне айналды, өзге тілдерге де аударылды. Карлаг лагерінде болған сұмдық жағдайлар туралы шығарма жазбақ түгілі ол жайындағы шындықты білудің өзі ауыр ғой. Бірнеше бөлімнен тұратын «Қара орамал» дастанында айтқыңыз келгеннің бәрін айта алдыңыз ба? – «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиісті» деп Мұқағали айтпақшы, жас мінген сайын шығармашылық та байсалды қалып таныта бастайды. Жасымыз алпыстан асты, баяғыдай әдеби орта іздеп жүретін жаста емеспіз. Қазір дүние-дүрмектен гөрі оңашалықты жаным қалайды. Сондықтан кейінгі жылдары уақытымды көбірек әдебиетке арнап, көптеген шығарма жаздым, әлі де жазып жүрмін. «Қара орамал» поэмасы – қазақ даласындағы қасіретті жылдардың тарихына арналған. Қарағандыдағы еңбектеп түзеу лагері (Карлаг) – Кеңес Одағының кезінде репрессияға ұшырағандардың отбасын азаптау мен қорлаудың ең үлкен ордасына айналған орын болған. ГУЛАГ архипелагының құрамындағы Карлаг аймағы Францияның көлеміндей жерді алып жатқан. 1931-1956 жылдар аралығында мұнда бір жарым миллион адамның тағдыры талқан болған: азап көрген, қиналған, өлген. Көлемі жөнінен КСРО-дағы тоғызыншы орында тұрған лагерь. Мұнда түрлі халықтан шыққан тұлғалы өнер адамдары: суретшілер, әншілер, қаламгерлердің – интеллектуалды тұлғалардың өмірі тозаққа айналған. Олардың арасында Ирина Борхман и Владимир Эйферт деген суретшілер (жалпы Карлагта 34 суретші айдауда болған), Кеңес Одағының атақты балеринасы Майя Плицескаяның анасы бар... Сонда болған тұтқындардың салған кейбір құрылыстары Қарағанды облысында әлі бар. Міне, осының бәрі туралы естіп-біліп, түрлі құжатты оқыған соң мен бұл дастанды жазып шықтым. Бірнеше бөлімнен тұратын бұл туындымда сол кездің қасіретін жан-жақты алып, тұтас көрсеттім деп ойлаймын. Өткен жылы Қуғын-сүргін құрбандары күнінде «Қара орамал» кітабы әлемнің 16 тіліне аударылып, тұтас бір кітап болып жарық көріп, Қарағанды Мемлекеттік университетінде Карлагты зерттеу орталығының бастамасымен тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге еліміздегі 23 мемлекеттің елшілері қатысты. Менің шығармашылығымдағы бір белес саналатын, үлкен ізденіспен жазылған «Қара орамал» поэма-реквиемін жазуға дайындалған кезімде көп нәрсе оқыдым. Карлагқа қатысты архивтік материалдарды, осы тақырыпқа қатысты әдебиеттерді, естеліктерді, мақалаларды парақтап шықтым. Карлаг куәгерлерінің қиын кезде басын қатерге тігіп, тұтқындарға қамқорлық жасаған қазақ халқына деген ризашылығын оқып қуандым. Сондай әсерден туған мынадай шумақтар бар «Қара орамалда»: Қасиетін қара тасқа қашатқан, Тас атпаған кім-кімге де, ас атқан. Мейіріміне мейірленер шөлдеген – Барактағы баланда емес ол деген Адамзатқа көңілінің жоқ аласы – Құрт лақтырған қайран қазақ баласы. ...Ең қымбат тас сол болады әлемде, ең асыл ас сол болады әлемде. Гертуданың жазып кеткен хаттарын Өнеге етіп айту керек бар елге. Жайқалсыншы, барлығыңның бақтарың – ҚАЗАҚСТАН деген жұрттан сәлем де! Шын мәнінде, Карлаг тақырыбы үлкен-үлкен романдар жазылатын тақырып екен. Мен соны өлең тілімен барынша ықшам беруге тырыстым. Тіпті, бұл тақырыпқа жазушыларды қатыстырғым келді. Бір күні марқұм, белгілі жазушы Несіпбек Дәутаевпен кездескенде мен оған өзім жинаған материалдарды беріп, осы бойынша роман жазуын өтінгем. Ол кісі мен берген материалдарды қуанып алып шығарма жазатынын айтып еді, бірақ мезгілсіз дүние салып, аяқсыз қалды. Жалпы, елімізде, жерімізде болған мұндай қасіреттерді Кеңес Үкіметі біздің қаламгерлерге жаздырмақ түгілі айтуға тыйым салып, елдің есінен шығарып жіберуге барынша күш салды ғой, оның орнына бізге атом бомбасы тасталған Хиросима, Нагасаки қасіретін, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Беларусьте болған Хатынь трагедиясын жазуды насихаттады. Ал сұмдығы, бұлардың ешбірінен кем түспейтін Карлаг тақырыбы кейінгі дәуірге дейін зерттеліп, айтылмады. Өзің айтқандай, «шығарма жазу түгілі шындығын білудің өзі ауыр болса да» қазақ даласында болған Карлаг қайғысын бүкіл әлем білуі үшін әлі талай шығарма жазылуға тиіс. Мен осыған аз болса да үлес қосқанымды өзімнің азаматтық парызым деп ойлаймын. – Тағы да өз шығармашылығыңыз туралы әңгімелессек... Ақындардың бар жазғанын ел біле бермесе де, арасында елдің көңілінен шыққан туындылар болады. Мәселен, сіздің «Күршімнің қызы» атты өлеңіңіз жұртқа танымал... – Әрине, ақын жазады, жұрт қалағанын оқиды. Кейбір өлеңдердің адам тәрізді жолы болып кетеді. «Күршімнің қызы» да сондай туынды болды. Оны кезінде інілеріміз жарыса оқып, жұртқа таратып жүрді. Шын мәнінде, одан әлдеқайда күшті өлеңдер жазсаң да, жұрттың ойында «Күршімнің қызының» авторы болып сақталып қаласың. Оған таңырқаудың қажеті жоқ. Ол өлең өзіме де ұнайды, себебі ол – жан дүниесі мөлдір қазақ қызы туралы өлең. Қазақ қызының сұлулығын, парасатын мадақтайтын өлең. Махаббат сезімінен гөрі әсемдікке табыну, соны ұлықтау сипатында жазылған. Әр ақында бүкіл халықтың көңілінен шығатын ерекше өлең болғанға не жетсін! – Сіз де өткен жылы үлкен абырой биігінен көрініп, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атандыңыз. Сіз үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай мен одан бұрын халыққа ақын болып танылған Ғалым Жайлыбайдың қандай айырмасы бар? Сосын, кейінгі кезде мемсыйлықтың маңайында түрлі әңгіме айтылып жатады ғой, сол жайында не дер едіңіз? – Менің жалпы Мемлекеттік сыйлықтан бұрын алған ордень-медальдарым бар, «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болдым. Ал мемлекеттік сыйлық мәселесіне келсек, көлгірсімей айтқан жөн: қаламгердің еңбегі мемлекет тарапынан ресми бағасын алуға тиіс. Қаламгер де ұлты, мемлекеті үшін еңбек етіп жүрген жан, сондықтан бір мезгіл олардың арқасынан қағып, марапаттаған артық емес. Әрине, мемлекеттік сыйлық маңайында әртүрлі әңгіме айтылып қалады, бірақ мен өткен жылы сол сыйлықты алғанымды өзіме мәртебе санаймын. Ол менің ұрпағым үшін, отбасым үшін, туыс-туғандарым үшін, тілектес қаламдастарым үшін де қуаныш болды. Сосын «Ғалым Жайлыбай осыған лайық емес» деген пікір естімедім. Мен сыйлықтан бұрын соған қуандым. Ақиқатын айтсақ, бұл сыйлыққа лайық ондаған қаламгер бар, бұйырса, алдағы кезде олардың да кезегі келер. Құдайға шүкір, бірнеше тілде кітаптарым шықты. «Қара орамал» поэма-реквиемім 2017 жылы Стокгольм қаласында өткен әлемдік поэзия байқауында үшінші сыйлыққа ие болды. Ол мен ғана емес, қазақ әдебиеті үшін де жетістік болар. Мен осы жетістіктерден соң болдым, толдым деп қол қусырып отырғам жоқ, кейінгі кезде «Сұлубайдың әні», «Сұрақ белгісі», «Содом мен Гоморра» секілді поэмалар жаздым. Әлі де осы бақытты жалғастыра бермекпін. Қазақ поэзиясы әлемдік әдебиет биігінен өзінің лайықты орнын алуы керек, сол үшін бәріміз жұмыла еңбек ете беруіміз қажет. Әр ақын өзі жүрегімен сезген құбылысты жырға қосса, ойын шеберлікпен өрнектей алса ұлттың әдебиеті асқақтай береді. Қазақ жырының анасындай қара өлеңді жетілдіріп, дамыта берсек, сол арқылы ұлтымыздың көкейіндегі ойларды әлем назарын аударатындай қылып айта білсек, өзгелер бізді мойындап, құрметіміз арта берері хақ. Ол үшін ұлтымызды жан жүрегімізбен сүйіп, қадірлеуден танбауымыз керек. Осы қыста біздің Жаңаарқаның Жеңіс деген ауылына ақбөкендер кіріп кетіпті. Сол маған қатты әсер етті. Жетім қалған киіктің лағы – құралайына қолдан сүт беріп асыраған Бетпақдалада өскен баламыз, әлгі ақбөкендерді көріп сол кездер есіме түсті. Сонда «Сүт беріңдер» деген өлең жаздым, онда мынадай жолдар бар: Көктөбеден көктемін күткенінде ел, Үзік-үзік үмітін үптедіңдер. Қазақ та бір киіктің құралайы, Жаутаңдатпай жанарын сүт беріңдер. Жаратқан құралайдың да, қазақтың да жанарын жаутаңдатпасын. Жақсы күндерде жолыға берейік. Өлең туралы, қазақтың әдебиеті туралы, қазақтың рухы туралы әлі талай-талай ғажайып әңгіме айтатын боламыз. Өзің арқылы ұлттың сөзін сөйлеп, қаламгерлерін насихаттап отырған Turkistan газетіне алғыс білдіремін. – Әңгімеңізге рақмет!
Қаламгердің еңбегі мемлекет тарапынан ресми бағасын алуға тиіс
Қаламгердің еңбегі мемлекет тарапынан ресми бағасын алуға тиіс
