Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ
Мұхтар ШЕРІМ, сатирик қаламгер: Күлкіден қуат, әзілден шуақ аламын
Мұхтар ШЕРІМ, сатирик қаламгер: Күлкіден қуат, әзілден шуақ аламын

Әр саланың сирек мамандары болады, әдебиетте де солай – сатириктер аз. Оған табиғи икем ғана емес, шеберлік, батылдық керек. Қоғамдағы келеңсіз көріністер мен адам бойындағы жағымсыз әдеттерді сынап-мінеп, әжуалай отырып кемшіліктен арылтуды көздейтін сатира жанрының жауынгерлері халыққа қашанда сүйкімді. Алайда бүгінгі сатираның халықтың көңілінен шыға бермейтін жері көп. Сондықтан сатираға арналған бірнеше жүлденің жеңімпазы, белгілі қаламгер Мұхтар Шеріммен әңгімемізде көптің көкейінде жүрген көптеген мәселелерге қатысты сауалдарға жауап іздеген едік.
– Мұхтар Шерім мырза, сіздің «тілінің тікенегі бар» сатирик-жазушы екеніңізді қара танитын қазақ баласының бәрі біледі деп ойлаймын. Жұрттың сөзіне сенсек, «миының сол жақ бөлігі қатты жұмыс істейтін» өзіңіздей жазушылар сирек көрінеді. Керілген көкелерге, шытынаған шенеуніктерге ұнай бермейтініңіз де белгілі. Осы жанрда жазуға не түрткі болды, қашан бастадыңыз?
– «Миымның сол жақ бөлігін қағазға орап алып, дәрігерге тексертіп көрмеппін» деген әзілден бастайын. Әзілге әзір тұратыным да рас. Сегізінші класта оқып жүргенде «Ұр тоқпағым, ұр!», «Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек» ертегілерін еміп, Алдар көсемен амандасып, Қожанасырмен құшақтасып, Тазша баламен асық ойнап өстім. Ертегілер күлдіргі еді, тақырыптарына да таң қалып, сондай бір әзіл ертегі де жазғым келіп, жатарда Қожанасыр атамның әзілдерін бас алмай оқитынмын. Жұртты таңғалдырғым келді. Бала қиял қияларды шарықтап, «Не жазсам екен? Не жазсам екен?» деп өзіме-өзім сыбырлайын десем, құлағыма аузым жетпей, желкемді қасумен біраз жүріп қалдым. Біздің ауылға Әлима деген есі ауысқан, біртүрлі, егде әйел келіп-кетіп жүретін. Бір күні соның кейпіне келіп, анамның көйлегін киіп, орамалын тартып, қолыма қоржын ұстап, көршіміз Зебершенің үйіне жетіп барайын. Әйелі мен енесі шәй ішіп отыр екен. Содан айттым ғой: «Зеберше оңбаған адам, мені әйелдікке аламын деді де, келмей қойды. Зеберше қайда? Айтпай ма, әйелінің барын?» дедім бетімді орамалмен бүркей түсіп. Әртіс болғым келгені ғой. Даусымды да жіңішкертіп, бұзыңқырап айтып отырып, қорқып та кеттім. Қазір Зебершенің әйелі танып қойып, «Ойнайтын адамды тапқан екенсің!» деп қуып шықса қайтемін? Жооқ, олай болмады, тымырайып отырды екеуі. «Зебершені жақсы көріп қалдым, келіп кетсін!» дедім де, үйден шығып кеттім. Сол күні кешке көрші жаққа қарасам, Зеберше көкем әйелін үй айналдыра қуалап жүр. Алғашында қуаласпақ ойнап жүр екен деп қалдым. Сөйтсем, екеуі ұрысып қалыпты. Әкем марқұм бір тоқтыны сойып, көршіні үйге шақырды. «Тентек кемпір рөлін ойнаған менің балам!» деді. Екеуі де сенбеді. Сосын, кемпір киімін киініп келіп едім, езулеріне күлкі үйіріліп, Зеберше көкемнің әйелі бетімнен сүйді. Мәз болдым. Не керек, ертеңіне «Әлиманың әлегі» деген әзіл әңгіме жаздым. Астына, жақшаның ішіне (Әзіл әңгіме) деп жазып та қойдым. «Авиа» деген конвертке жазғанымды салып, жиегін тіліммен жалап жабыстырғым келген, желімі кеуіп қалған ба, онша жабыспады. Сосын, анамның нан пісіруге ашытып қойған қамырынан алып, керемет желімдедім. Аудандық «Алғабас» газетінің мекенжайын жазып, бір шетіне: «Гүлденген әлем, Мұхтардан сәлем!» деп жазғаныма өкініп те қалдым. Мұндайды біздің кластағы балалар ұнатқан қыздарына хат жазғанда пайдаланатын еді. Мен редакцияға жазып қойдым ғой! Конверт біреу ғана еді, амал жоқ, пошта жәшігіне салып жібердім. Бір күні үйге келетін «Алғабас» газетінің соңғы бетін қарасам, «Әлиманың әлегін» көріп, гуу етіп, бірден аспанға ұшып кеткендей болдым. Қалықтап жүрмін, жерге түсетін ойым да жоқ. Қайта-қайта оқимын, бір жерін де өзгертпепті! Астындағы «Мұхтар Шерімов» (ол кезде «овпын») деген аты-жөнімді көріп, секіріп билеп жүрмін ғой. «Аяғыңа тікен кіріп кетті ме, неге секіріп жүрсің?» дейді анам Бейсенкүл. Газетті көрсеттім. «Сен жаздың ба?» деп сұрады. «Ия, мен жаздым, мен, мен!» деймін айқайлап. Айқайлағаным жақсы болыпты, ертеңіне «Айқайлай береді» деген әзіл жазып тастадым. Сол, сол екен, шабытым шарықтап, кәдімгідей қалықтап, ой не бір әзілдерді жаза бастадым. Бірақ өзіме қатты ұнайды, енді бала қиялдан туған шығармаларым солғын да болуы мүмкін ғой, аудандық газет редакторы, белгілі қаламгер Еркінбек Тұрысов ағам кешіріммен қарап, бірінен соң бірін жариялап тұрды. Сөйтіп, сатирик жазушы болып қалыптасуыма тентек кемпір көп әсер еткен еді.
– Өзіңіз қоғамда болып жатқан келеңсіздікті сатира найзасымен түйреп, шенеуніктерді іреп, сойып, сынап жатасыз. Ал өзіңізді сынағандар болды ма? Сыни көзқарасқа қалай қарайсыз?
– Ақиып, қақиып қарамаймын. Өзіме шақ теріме сыймай, ісіп-кеуіп жүрген де емеспін, терім жыртылып кетер деп қорқамын. (Әзіл ғой, інім.) Қазақ мемлекеттік университеті Журналистика факультетінің екінші курсында оқып жүргенімде жас жазушылардың «Жібек жел» топтамасына менің де әзілдерім енді. Бұл жолы Байқоңырдан ракета болып ұшып кеткендеймін. Сол ұшқаннан ұшып, айға да қонғандаймын. Неге дейсің бе? Екінші «кітабым» шықты. Кітабым дегенде, менің кітабым емес, Бақыт Сарбалаев деген кісінің «Қызыл алма» атты сын кітабында аты-жөнім жүр! Аямай сынапты. Арқамнан да қақпаған. «Мына Мыжбан-Тыжбандары еш күлдірмейді, сендірмейді, сатира жазуды қоя салғаны дұрыс-ау!» деген сарында тоқпақтапты. Сенесің бе, түк те ренжімедім. Қайта, қуаныштан жарылып кете жаздадым. Кешір, інім, кім оқуда жүріп сыналып жатыр? Кімнің аты-жөні сыншының кітабында жүр? Газетте болса мейлі, кітапта ғой, кітапта! Демек, мен елендім! «Мейлі, сынасын, мен оған сатираның көкесін көрсетемін!» деймін ішімнен. Курстас ағам Елгезек Әзбергеновке (марқұм) көрсеттім. «Мұндайға қуанғаның не? Қайта жылау керек қой?» деді ағам жымиып. Сосын, «Түсіндім, әлі жассың ғой, ширайсың. Тәжірибе жинақтайсың. Тек алға, інім!» деді арқамнан қағып. Бақыт Сарбалаевқа рақмет, сынағаны үшін. Мақтай салғанда қайтер едім? Тоқырап, тоқтап қалар ма едім?
Сынның көкесі облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Қақпан» сын-сықақ бұрышын басқарып жүргенімде болды. Түркістан қаласындағы балабақша меңгерушісінің жемқорлығы туралы «Алақаным қыши береді» деген фельетон жарияладым. Ол кезде сатира, фельетондар көп оқылатын. Газетке сыналып шыққандар қызметтерімен де қоштасып жататын. Бір күні сотқа шақырды мені. «Не болып қалды екен?» деп дегбірімді дірілдетіп, жетіп барайын. Сот алдында отырған әйел кейіпкерім фельетонымды сынап, быт-шытын шығарды. «Жаза алмайды» екенмін. Оның алақаны қышымайды екен. «Апай, бұл образ ғой, стиль ғой, гротеск қой» деп түсіндірсем, тілін шайнап сөйлеп, дес берер емес. «Гротеск деген гректі танымаймын!» дейтінін қайтерсің? Кешірім сұрамай, шығып кеттім. Міне, осындай да, сын астына қалғаным бар.
– Өзі сатира жазып, жұртқа танылмаса да, осы жанрды зерттеген, сөйтіп артында «Сатира – күштілер қаруы» деген сөз қалдырған Темірбек Қожакеев айтпақшы, бұл жанрда жазатын қазақ қаламгерлері расымен де «жүрегінде түгі барлар» ма? Олардың жазғандары халыққа несімен сүйкімді? Сондай-ақ өздерін халықтан жоғарымыз дейтіндерге несімен сүйкімсіз?
– Шынында, сатира – күштілер қаруы. Бұл жанрға кез келген адам қалам тартып, сатира сарайына бас сұға алмайды. Сатира сарайын сығалап, жалақтап жүретін сатириксымақтардың қолында снайпер емес, әшейін, жас балалардың торғай ататын рогаткісі бар. Біреудің мінін айтып, шалқасынан түсіремін деп, өздері шалқасынан түсіп жатады. Ал сөздері мірдің оғындай, мықты деген сатириктердің жазғандары халыққа, қалың жұртқа ұнайтын себебі олардың көкейінде жүрген қыжылды дөп баса алады. Олар айта алмай жүрген, айтқысы келсе де, шындықтың ауылына қайта алмай жүргендердің жүректеріне жол тауып, қорамсаққа қол салып, қол салғанда мол салып, сын садағын кере тартады. Күлкі, ащы келемеж нысанасына дөп тиіп жатса, «Әп, бәрекелді!» деген оқырман риза болып қалады. Жылауық өлеңдерден гөрі, осындай оймақтай ойлы, күлкі шақыратын сатираларды жұрт іздеп оқиды. Қазір жастардың да, жасамыстардың да қолдарында қолақпандай Айекең – айфон, Смекең – смартфон. Көшеде кеңкелес сияқты күліп жүретіндері де, автобуста отырса, ұялы телефондарын жұтып қоярдай, үңілетіндері де бар, тіпті, толғатып жатқан келіншек те айфонын аймалап жататын сияқты. Жылауық нәрестеге ұялы телефон бере қойсаң, сап тыйлады. Қазіргі заман осындай. Жұрт ұялы телефондары арқылы бір мезгіл көңіл көтеріп, күлкі іздейді. Әлеуметтік желілер арқылы шағын әзіл-сықақтарды оқиды. Күлкіге көметін бейнебаяндарды тамашалайды. Ал жоғарыда отырған шенеуніктерге несімен сүйкімсіз? Олар сатирадан өлердей қорқады. Өзін-өзі танып, тыпыршиды. Достарына, туыстарына, жалпақ жұртқа талтақ немесе қалтақ болып, масқара болғысы келмейді. Оған өзімнің басымнан өткен мына мысалды айтқым келіп отыр. Тәуелсіздіктің жемісін көріп, Шымкентте «Барыс» газетін аштым, бас редакторы болдым. Басылымда өткір сын мақалалар, әсіресе аудандық соттардың быламық былықтары, әділетсіз шешімдері жиі жарияланып жатты. Бір күні облыстық соттың төрағасы (кейін істі болып кетті) кабинетіне шақыртты. Бірден түсіндім, үркітіп, қорқытпақ оймен шақырды. Барсам, кең кабинетінде соттың ығай-сығайлары тізіліп отыр екен. Есіктен кірдім де, «Ассалаумағалейкум, сот мырзалар! Сіздердің алдарыңызда сатирик-жазушы Мұхтар Шерім! Шығармашылық кешіме жиналғандарыңызға көп рахмет! Қазіргі орындайтыным – «Ішім пысты...» сатирам. Бір атақты миллионердің іші пысып, көшеде келе жатқан бір кісінің құйрығынан бір теуіпті. Анау жалт қарап: «Жындысың ба?» деп сұрайды. «Жоқ, миллионермін. Жәй, ішім пысты. Тепкенім үшін, бір миллион теңге бере салайын!» дейді. Сөйтіп, ақшасын береді. Анау байғұс талып қала жаздапты. «Светке, газға қарыз едім, несием де бар еді, жақсы болды ғой!» деп кемсеңдеп жылапты. Сөйтсе, кезекке тұрғандар көп екен. Бәрін бір-бір теуіп, қолдарына ақша ұстатыпты. Бір кезде полицей жетіп келіпті. «Оңбаған! Бұзақылығың үшін қамап қоямын!» дегенде, миллионер ішінің пысқанын, тепкені үшін миллиондар беретінін айтады. Сол екен, полицей де еңкейе қалыпты. Оны да бір тебеді. Ақшаны санап алған бейшара тағы еңкейіп жатыр дейді. Кешікпей, сот келеді... Облыстық сот төрағасы...» дегенімде, соттың көздері шарасынан шыға жаздады. Өзге әріптестері қипақтап, күлейін десе бастықтарынан қорқып, қыбыр-қыбыр, жыбыр-жыбыр, сыбыр-сыбыр бола қалды. «Содан, сот төрағасы: «Мен сені соттатып жіберемін! Бұл не масқара?» депті. Мән-жайды түсінген соң тойымсыз сот төрағасы да үш рет еңкейіп, майлы құйрығынан тепкізіп алыпты. Ал осымен бүгінгі кездесуіміз аяқталды. Хош, сау болыңыздар!» дедім де, асықпай есікті ашып, кабинеттен шығып кеттім. Рас айтамын, еш қоспасы жоқ. Редакцияға келген соң өзімнің де таң қалғаным бар. «Арқам» бар ма, білмеймін. Солай істедім. Соттардан еш қорықпадым. «Мынау бізді келемеждеп отыр ғой!» деп пәле жаба ма деген ой санамнан да сығаламады. «Мен олардың аты-жөндерін атамадым ғой? Бұл сатира!» деймін ішімнен.
– Кезінде тілінен у сорғалаған Асқар Тоқмағамбетов, Оспанхан Әубәкіров, Үмбетбай Уайдин, Сейіт Кенжеахметов, Көпен Әмірбектен кейін солардың деңгейінде халыққа танылған өзіңіз секілді сатириктер аз. Жоқ десе де болғандай. Бұл неліктен? Халыққа сатира керек емес пе, әлде, бұл жақтың шаруасын «квнщиктер» мен қаптаған әзіл-оспақ театрларына беріп қойдыңыздар ма?
– «Сатира қайтыс болып кетті...» деп қайғырып, «көңіл айтып» жатқандар бар. Бір жағынан көңілің босап, еңіреп жылағың, әлдекімнен «Неге сатира жоқ?» деп сұрағың, ештеңе айтпаса, құлағыңды жауып құлағың келіп кетеді екен. Өзім кезінде Оспанханнан бата алған бақытты адаммын. Ал бүгінде сатириктер санаулы ғана. Жас сатириктер жоқ десек те болады.
Жастардың көбі жылауық өлең жазып кетті. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, шеттерінен ақын. Шөп те, шыбын-шіркей де өлең. Әсіресе, ажырасқан келіншектер «тағдырым» деп өлеңдеткенде, көз жастары көл, көңілдері нөл болады. Сатира жазатындар жоқ. Бар болғанның өзінде, жиі көрінбейді. Тас тиіп кетер ме дегендей бұғып отыра береді. Белсенділігі аз. Расында, сатира жазу оңай шаруа емес қой. Оған тарыдай болса да, талант керек, шабыт керек, білім керек. Сатириктер көшет емес, есіктің алдына егіп қоя салатын. Сондықтан болар, әзіл-сықақ театрының кей жетекшілері әртіс екендерін ұмытып, бірді-екілі авторлық қойылымдарын алға тартып, өздерін сатирикпін деп қояды.
Ақтөбеде Нұрлыбек Жұбатқан бар. Сатирик әрі әртіс. Міне, оның сатирикпін деп жазуға моральдық құқысы бар. Сатираларын жұрт сүйсініп оқиды. Бірақ сирек жазады. Шамасы, «Екі езу» театрынан қолы тимесе керек. Шенеуніктерді шымшылап «шемішкеше» шағатын, сатираға адаспай жол табатын Үміт Зұлқарова қарындасым кейінгі кезде мүлде көрінбей кетті. «Үрит, соқ!» деген кітабымен танылған ақтөбелік Ардақ Қонақбаева да «тығылып» қалды. Жақсы жазатын.
«Квнщиктер» мен қаптаған театрлар күлкіні күлге, әзілді әрдеңеге айналдырды. Рас, арасында уытты сатира айтып қоятындары бар. Алайда айтқандары мен орындағандары ауыз толтырмайды, түкіріп тастай саласың. Дөрекі анекдоттармен «қаруланып», көрерменді күлдіріп әлек. Қазіргі көрерменнің өресі де өгізаяң болып кеткен бе деп қаламын, не болса соған тырқылдап, ыңқылдап, дірілдеп күліп жатқандары... Бір кездері бұл үрдіс те тоқтайды. Нағыз сатира келе жатыр!
– Баяғыда халық көңілінен шыққан әзілдерге риза болып, ал әзілді келістіре алмай жатқандардың бейшаралығына мысқылмен күлетін еді. Ал қазір дөрекі әзілдерге ішек-сілесі қататын болыпты. Бұл талғамның таяздап кеткені ме, әлде қазақы қалжың деген жарықтықтың демі таусылып, біржола «иті жоқ ауылға» көшіп кетті ме?
– Жаңа айтып кеттім, әуесқой әртістер дөрекі анекдоттармен қаруланып, жұртты күлдіріп әлек. Бұл мәселеге кеңінен тоқталып өтейін. Расында, дөрекі әзілдер өте күлкілі келеді. Сол дөрекілігімен күлкілі. Дөрекі жерін алып тастасаңыз, әлсіз, солғын болып, басы салбыраған баладай немесе мөңірей берген танадай болып қалады. Мұндай әзілдерді достар арасында, моншада отырғанда, сыралатып жүргенде айтуға болар. Ал көпшілік алдында, сахнада орындау әбестік, өйткені көрермен жасы әртүрлі. Жас бала да, аяулы ана да, ақсақал да отыр. Өзің айтқандай, ішек-сілесі қатып, сандарын шапаттап күлетіндердің өресі төмен деп тағы да қайталап айтамын. Әсіресе, қазіргі жастардың дені – дені дұрыс емес әзілдерге масқара күледі. Бәріне күл шашып отырған жоқпын, әрине. Кітап оқымаған, өнегелі сөздерді көңіліне тоқымаған, атыс-шабыс, кекс-секс киноларды көріп өскен жастар әзілдің мағынасына бойлай бермейді. Дөрекі «приколдарды» қабылдайды. Кезінде «Тамаша» әзіл-сықақ театры қандай еді? Құдайберген Сұлтанбаев, Тоқсын Құлыбеков, Мейірман Нұрекеевтер әдемі әзілдің, қазақы қалжыңның түбін түсіретін. Қандай нәрсе болсын, астарлап жеткізетін. Қазіргі жастар сол «Тамашаға» тамсанбайды. Езу де тартпайды. Неге? Түсінбейді. Түсіне алмайды...
– Бұрын да, қазір де қазақ сатириктерінің адамның атын келемеждеп не сөзді ойнатып, сонымен халықты күлдіремін дейтін арзандау тәсіл бар. Ал сөзді емес, оқиғаны ойнататын, сол арқылы жазғандары өзге тілге аударылғанда бар қуатымен жететін Әзиз Несин сияқты атақты сатириктердің тәсілі бізде тым аз сияқты. Оған не дейсіз? Әлде біздің сатириктер бұл жанрды жеңіл-желпі күлкі шақыратын нәрсе деп ойлай ма?
– Біздің менталитеттің бөлек екені белгілі. Әзиз Несиннің оқиғаны ойнатуы керемет. «Әйтеннің күйеуі» сияқты дүниелері оңай тәржімаланады. «Әйтеннің күйеуін» оқысаң, кедей отбасынан шыққан Метин бей атақты миллионердің қызы Әйтенге үйленгені сол, азан шақырып қойған аты өшіп, жұрт оны «Әйтеннің күйеуі келе жатыр, Әйтенннің күйеуіне сәлем!» дегендерін қоймайды. Сосын ол профессор атанса да, «Әйтеннің күйеуіне сөз береміз!» деп масқарасын шығарады. Ақырында, ажырасады. Сол екен, «Әйтеннің бұрынғы күйеуі келе жатыр!» деген сөзді естіп, өлгісі келді. «Әйтеннің енесі» атанған анасы: «Сен өлсең, Әйтеннің күйеуі өліп қалыпты!» деген сөзге қаласың деп ақыл айтады. Ғажап сюжет емес пе?
Несиннің де барлық әзілдері шедевр емес. Қуығы ұстамай, дәретхана іздеген кейіпкерін қабылдай алмадым. Дегенмен дөрекі оқиғаның өзіне әлеуметтік астар беретіні бар. Ілмиген арық шал көшеде келе жатыр. Сұлу бір келіншек «үйге кіріңіз!» дейді. Шал ойлайды, «Ее, қайыршыны аяп, нан бергісі келген ғой». Келіншек «шешініңіз» дейді. Шал ойлайды, «Ее, кір киімімді жуып бергісі келген ғой...» деп. Келіншек керіліп, «Бар киіміңізді шешіңіз, ата!» дегенде, «Ее, ындыны қураған болды ғой, менің шамам келер ме?» деп қайғырады. Дөрекілеу сюжет қой. Ойың он саққа кетеді. Бірақ бай келіншек балаларын шақырып: «Тамақ ішпесеңдер, дәл осындай арық боласыңдар, ата, сізге рахмет!» дегенде барып әлеуметтік теңсіздіктің астарына аунап түсесіз. Оқиға ойнату деген осы. Біздің сатириктердің кейбірі оқиға ойната білмейді. Ал, сатира генералы Оспанхан Әубәкіровте оқиға ойнату да, сөз ойнату да бар. Бір ғана «Дігідік, ді–гі–дік!» әңгімесін еске түсіріңіз. Сосын ойлаймын, сөз ойнатып, әзіл жазған да дұрыс. Ол арзан тәсіл емес. Біздің халық сөзге шешен болғанымен, сатира тілінде сөз ойнату екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сосын, «шетелге аударылмаса, одан әрі!» дейтіндер де бар. Қазақ еліне сатирасы жетіп жатса, соның өзі бақыт! Өз басым оқиғаны да, орайы келсе, сөзді де ойнатып, құтыртып, секіртіп, кекіртіп, осып, ойып жазғанды жаным қалайды.
– Бұрынғы сатириктер қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды тап басып, шыбын жанын шырқыратып жазатын. Ал қазір әкім-қараларды сынаса ғана қыбымыз қанып, теріміз жайылып қалады. Халықтың өз бойында да сынауға болатын теріс әдеттер болады емес пе? Бүгінгі қазақ сатирасы қазақтың бойындағы небір дарақылықты жеткілікті түрде іреп-сойып жатыр ма?
– Әрине, от басы, ошақ қасы төңірегінде титықтап, тайғанақтап, етпетіңнен түсіп, жатып алуға болмайды. Арасында әкімдерді де, міні болса, «тұмсығынан бір періп, құлатып, сұлатып» қойған дұрыс. Бірақ әлеуметтік желіні қарасаң, диванда отырып алып, әкім біткенді сынап, пиар жинайтындар көп. Блогерлер әкімдерді бопсалап, ақша тапқысы келеді. Президентті сынағандар айға қарай ұшып, бастарын соғып алып жатыр. Өздерін мықты, керемет санайды. Орынды сын болса мейлі ғой. Ал сатирада салмақтыдан гөрі, қаңбақты сатиралар басым. Көз дүрбімен айналаға қарасаң, толып жатқан оқиғалардан көз сүрінеді. Тақырып деген теңіз! Рахат. Қалағаныңды жаз! Таңдап жаз. Рас айтасың, халық арасындағы келеңсіз оқиғалар, кемшіліктер «Мұхтар, мені жазшы, мені жазшы!» деп шақырып тұрады. Жақында «Қазақтың тойы қатқанский!» деген сатиралық өлең жаздым. Міне:
Кеше кешке,
Бәрі есте,
Тойға бардым,
Басымды ұрып,
Көзімді жұмып,
Ойға қалдым.
Бір еркек,
Өзінше ертек,
Бұтына банан қыстырды,
Көтеріп қойып, ышқырды,
Келіншек кенет,
Банан «жегісі» кеп,
Ой, Аллай, ышқынды!
– «Қатқанский той!»
Ой, ой, ой! –
деп біреу ысқырды.
Сосын қыз бен жігіт,
Мәдениетті іліп,
Тақастырып шарды,
Тақ еткізіп жарды,
Ұялғаным-ай,
Ұмытқан ба арды?
Бір келіншек келіп,
Маған қолын беріп:
– Ағай, билейік, давай!
– Билей алмаймын, ойбай!
– Ой, «тормыз!» –
деп билеп кетті,
Ана тілін осылай
Илеп кетті...
Бір қарасам,
Билегендер көп санасам,
Біреуі – ұшайын деп жүр,
Екіншісі – құсайын деп жүр,
Үшіншісі – дария кешті.
Төртіншісі – шалбарын шешті.
Бір қыз жата қалды,
Биге шақырып, ақсақалды.
Семіз әйел ысқырды,
Жегендей болдым, қышқылды...
Бір бойжеткен,
Анайы еді, ой неткен,
Тарсылдап, тақылдап өкшесі,
Өзі емес, билеп жатты бөксесі!
Анау жынды сияқты,
Билегені талтаң-талтаң.
Кетіп қалдым тойдан,
Апам да, мен де аң-таң!
Міне, осылай халық арасындағы кемшіліктерді де сынап жазатыным бар.
– Бұрынғы басылымдарда сатиралық бұрыштар көп еді. Қазір жоқ десе де болғандай. Ал сіз сатираларыңызды көбіне әлеуметтік желіге саласыз. Мұның себебі не?
– Қысқа ғана қайырайын. «Қазақ әдебиетіне» сирек шығып тұратыным рас. Өйткені әлеуметтік желіден бәрі оқиды. Тіпті, он мыңнан аса тұрақты оқырманым бар. Мұның өзі керемет бақыт емес пе? Әрі пікір жазады.
– Бүгінге дейін не жазып, не сызып қойдыңыз? Әлеуметтік желіні шолып қарасам, күнде жазатын сияқтысыз...
– Иә, күнде тамақ ішем деген сияқты, күнде жазамын. «Талтайып тұрғым келеді», «Ымбаппа», «Кешіріңіз, сіз есек емессіз!», «Быт-шытыңызды шығарамын!» атты төрт томдығым мен «Құдағи құшақтай береді», «Қуғандар мен қашқандар», «Бюрократпен қоштасу» кітаптарымнан кейін он жылдан аса «декретке» шығып кетіп едім. Осы жақында ғана «Наурыз» баспасынан «Ештеңенің керегі жоқ», «Біз ұялмаймыз!» атты екі кітабым жарық көрді. «Әкеме әйел керек», «Масқара махаббат», «Супер сүмелек» атты кино комедияларым сөреде жатыр. Ал оқырмандарымның реакциясына келсек, желідегі жазбаларымды мақтап жатады. «Нөмірі бірінші сатириксіз!», «Классик екенің рас» деген мақтауларды салқын қабылдаймын. Қартайған соң ба, маған маңызды емес. Маңыздысы – сатираға ғашықпын.
– Рахмет, Мұхтар аға! Астары терең әзілдеріңіз көбейе берсін!