Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ
Қатимолда Бердіғалиев: Ұлттық өнерді сақтауға бәріміз мүдделі болуымыз керек
Қатимолда Бердіғалиев: Ұлттық өнерді сақтауға бәріміз мүдделі болуымыз керек

Әнші, жыршы, айтыскер ақын Қатимолда Бердіғалиевті өнерді сүйген қазақтың білмейтіні аз. 1952 жылдың 29 ақпанында Батыс Қазақстан облысы, Казталовка ауданындағы Тереңкөл ауылында дүние есігін ашқан Қатимолда 1960 жылы сегіз жасында мектепке барып, оны бітірген соң 1969 жылы Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік музыка училишесінің әншілік бөліміне оқуға түседі. Онда А.Ф.Муравьева класын бітірген соң, 1975 жылы орта мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Сөйтіп, біраз жыл жас ұрпақты өнерге баулыған ол 1991 жылы Оралда өзі оқыған білім ордасы – Құрманғазы музыкалық колледжіне оқытушы болып, дәстүрлі ән класына сабақ бере бастайды.
Жиырма төрт жасынан бері әнші болып таза өнерге біржола бет бұрған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, жалпы, қырық алты жылдан бері халқына танылып, ән салып келе жатқан Қ.Бердіғалиев – ұлттық өнердің туын биік көтеріп жүрген өнерпаз тұлға.
– Менің өнерге келуіме ең алдымен себепші болған өзім «мама» деп өскен әжем, – деп бастады әңгімесін Қатимолда. – Ол кісі қазақтың әндерін, қара өлеңдерін көп білетін. Даусы да жақсы еді. Әнге деген бейімімді байқады ма, әжем мені тілім шыға бастағаннан әнге баулыды. Тойларға мені ертіп барып, жұрт алдында ән салдыртатын. Баламыз ғой, айт десе ән айта береміз. Сөйтіп, әнге деген құмарлығым арта берді. Ал мектепте ұстазым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Саужия Манапқызы апайымыз әдебиетке қызықтырды.
Мектепті бітірген соң, Құрманғазы атындағы Орал музыкалық училищесінің вокал бөліміне оқуға түскенімде ұстазым Анна Федоровна Муравьева атты орыс әйелі болды. Бірақ бала күнімнен қазақтың атақты әншісі Ғарифолла Құрманғалиевті сүйсіне тыңдайтын едім. Әрине, домбырамен айтатыны бар, фортепианомен айтатыны бар, барлық қазақ әншілерін тыңдап өскен адаммын, солардың бәрінен де үйреніп, бойыңа бірдеңені сіңіресің ғой, дегенмен қатты еліктегенім Ғарекең болды.
Вокалды бітіргенмен, ауылға барғанда классиканың қажеті аз ғой, домбырамен ән салдым. Соның арқасында облысқа, жүре келе республикаға танылдық. Сөйтіп, классикалық әннен сабақ алғанмен, дәстүрлі әнші болып шықтым. Ал 2007 жылдан күні кешеге дейін Батыс Қазақстан облыстық филармониясында істедім. Биыл жетпіске толдым, филармония мені келісімшартпен қайта шақырып алды. Жарты жылдан бері сонда жұмыс істеп жатырмын.
Әрине, әншілік өнердің өз рахаты мен қиындығы аз емес. Әнші болса да адам өмір бойы ән сала беруі сирек, ал жас келген соң көп әнші ән салуды тоқтатып, ұстаздықпен айналысады. Бірақ Қатимолда әлі ән салуын тоқтатқан жоқ. Өйткені оны тыңдайтын, іздейтін тыңдармандары бар. Сондықтан бүгінде өзінің биік даусымен, жағымды тембрімен тыңдарманның ықыласына бөленген Қатимолда әлі де халқы үшін шабытпен еңбек ете бергенді қалайды.
Десек те, соңғы кезде жұрт көзіне түсіңкіремей кеткен әнші «Қазір қайдасыз, не істеп жатырсыз?» деген сұрағымызға:
– Алда еліміздің бірнеше қаласында өнер көрсету ойда бар. Әрине, халық нені қаласа, соны айтамыз. Жыр керек десе жыр айтамыз, ән керек болса ән саламыз. Биылғы мамыр айының 3-4-і күндері, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры Асхат Маемировтың шақыртуымен елордада жыр жырладым. Одан 18 мамырда Қостанайда, 20 мамырда Павлодарда концерт бердік, қасымда өзге де әншілер бар. Енді алдағы кезде Ақтөбе халқының шақыруымен ол жаққа барып жыр жырлаймын. Одан әрі бұйырса, маусымның 15-інде Алматыға, 17-сінде Талдықорғанда өнер көрсетуіміз керек. Бұдан соң Семей, Көкшетау, Атырау, Маңғыстауға сапарлаймыз. Сондай-ақ Түркістан не Шымкент қаласының біріне жолымыз түскелі тұр.
Өткен жылы Ришат, Мүсілім Абдуллиндердің 105 жылдығы екен, оны біз уақытында білмей қалдық. Соған және менің жетпіс жылдығыма байланысты электронды альбом шығардық. Оны Айбар Қажықанов деген әнші жиеншарым екеуміз жаздық. Тыңдағысы келгендер оны YouTube желісінен таба алады.
Қайда жүрсіз десең, айтатыным осы, әзірше жоғалып кеткен жоқпыз. Әлімізше өнер көрсетіп жатырмыз, – деп жауап берді әнші.
Негізгі мамандығы әнші болса да Қатимолда Бердіғалиев жыршылық өнерімен де белгілі. Атақты «Айман-Шолпан» дастанын жырлайды. Өзінің айтуы бойынша әзірге осы дастанды ғана жатқа біледі. Сондай-ақ терме де айтады. Бұл жөнінде сұрағанымызда ол «Асау-Барақ» дастанын жырлағысы келіп жүргенін айтты.
– Жас келген соң адамның жадта сақтау қабілеті де әлсірейтіні белгілі ғой. Негізі жадым мықты адам едім, бірақ қанша айтқанмен жас жетпістен асқан соң босаңсисың.
Дегенмен айта кететін нәрсе: жыршыға ән салу қиын болғанымен, айтамын деген әншіге жыр жырлау қиын емес деп ойлаймын. Әнде жоғары ноталарды алу үшін дауыс диапазоны талап етіледі. Жырда ондай емес. Жырды, термені тыңдап өстік, қалай айтылуы керек екенін білеміз. Солай десек те жырдың да өз қиындығы бар. Онда мақамды көп біліп, сол мақамға әдемілеп салу керек, бір мақаммен айта берсең, халықты жалықтырып аласың.
Одан әрі әншіден жыраулық өнер, оны Батыс жақта қалай қабылдайтыны жайында ойын білгіміз келіп сұрақ қойғанымызда әнші бұл өнерге деген халықтың ықыласы күшейіп келе жатқанын айтып, былай деп жауап берді:
– Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алғанша біздің жақта жыр, жыраулық өнер жоқ болып кетті ғой. Оны сақтап қалған бізде Сыр бойы мен Маңғыстау. Ал жыраулықты шыңға шығарған Бесқала жаққа әңгіме жоқ. Ал Батыста жыраулық өнерге жаңа ғасырдан бастап бетбұрыс пайда болды десек жалған болмас.
Қазірде жақсы жырлайтын жігіттер, қыздар бар.
Бұрын Батыста да мықты жыраулар болған. Мәселен, біздің Теректі ауданында атақты Марабай жырау деген кісі өткен. Оның мерейтойлары өткізіліп, соған байланысты жыр айту біраз жанданды деуге болады.
Жалпы, Қатимолда Бердіғалиев – сан қырлы дарын иесі. Әнші, жыршылығымен қатар, ол айтысқа қатысып та суырыпсалма ақындық өнерді игергенін паш етіп, айтыс сахнасында да белгілі болды. Оның айтысу мәнері де өзінше ерекше еді. Тыңдарманды өзінің бөлекше сазымен, жарасымды әзіл-қалжыңымен тәнті ететін. Тәуелсіздіктен бұрын Алматы қаласында өткен халықаралық ақындар айтысында өзімен айтысқан, сол кезде Моңғол елінде тұратын Егеухан Мұхамедиқызына айтыстан соң домбырасын сыйлап жіберді. «Өзім барып көрмеген шеттегі қазаққа сөзім жетіп жатқан шығар, енді домбырам барсын» деп қазақы мәрттіктің үлгісін көрсеткен Қатимолда ақынның ізгі ниеті жемісін бермей қалған жоқ, кейін сол домбыраны жанына серік етіп елге оралған Егеухан апайымыздың ақын ұлы Дәулеткерей Кәпұлы қазақтың белгілі айтыскерінің біріне айналды.
Бүгінде айтыс – қазақ халқына ең жақын өнердің бірі. Тәуелсіздіктен бері бірнеше айтыскер буыны өсіп шықты. Бұл жайында да Қатимолданың ойға түйгендері бар.
– Айтысқа он жылдай араластым. Ол кезде жаспыз, – дейді Қатимолда. – Жастықта адам неге ұрынбайды. Айтысқа да біздің жақтан біреу шықса екен деген халықтың тілегіне орай, суырыпсалма өнерде бағымызды сынап көрдік. Біз жақтан да айтыста өнер көрсеткендер баршылық. Шолпан Қыдырниязова, Александр Қауенов, Сәрсенғали Бейсенғалиев, Дариға Мұштановалар шықты. Солардың бәрімен қатар жүріп, араластық. Бірақ уақыты келгенде алаңнан кететін футболистер сияқты, айтыста да мәңгілік жүре бермейсің. Біз де солай еттік. Ізімізден талантты жастар шықты, Бауыржан Қалиолла, Жансая Мусина сияқты. Міне, осыдан кейін өзімнің салама – әншілікке қайта оралдым. Жалпы менде айтыскер болайын, осы салада ұзақ жүрейін деген мақсат болған жоқ.
Қазір де ара-арасында болмаса, айтысты көп тыңдай бермеймін. Әрине, айтысты қадірлеймін, бағалаймын. Тартымды болса, шаппа-шап айтысып, делебені қоздырып, тапқырлық танытып отырса неге тыңдамасқа? Бірақ бір тақырыпты жыраудай жырлап, бір-бірін мақтап отыратындар тартпайды.
Біздің кезіміздегі айтыстар жақсы болатын. Ол кезде айтыскерлер қарсыласы тұратын ауданның, облыстың кемшіліктерін тілге тиек етіп, састырып, шаппа-шап айтысатын. Сонда айтылғандар газет бетіне шығып, әкім-қаралар кетіп жатқан кемшіліктерді жөндеуге ұмтылатын. Ал қазіргі айтыста айтылып жатқандардың бәрі бос сөз, айтыста айтылып, ол мынадай әсер етіп жатыр дегенді, естіген де, көрген де жоқпын.
Әрине, түрлі батыр-билер, хандар туралы айтыстар болып жатыр, ол да керек, дегенмен сондай айтыста әркім өзі шыққан жердің мүдделерін де айтып жатса дейсің. Тіпті, айтылғанның өзінде де оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Айтыстың басшыларға әсері болмаса, бос сөз болғаны ғой.
Бүгінгі айтыста бір-бірін мақтап, арасында бір-екі тапқыр шумақтармен елді күлдіріп, машина мініп айтыскерлер қайтады, оған ду-ду қол шапалақтан халық қайтады, мәз болып. Осындай құдіретті өнердің жай көңіл көтеретін деңгейге түсіп қалғаны жаман ғой.
Сұхбатымыздың соңында Қатимолда аға өзі ұстаз тұтқан әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиев жайында айтты.
– Ешкім тақыр жерден шықпайды ғой. Әнге, әншілікке қызығушылық отбасымнан басталса, жүре келе осы жолға түскенімде талай әншінің өнеріне тамсансам да, маған бәрінен қатты әсер еткен – Ғарифолла Құрманғалиев.
Ол кісіні екі рет көрдім. Ең алғаш көргенімде он төрт жаста едім. Екінші рет, ұмытпасам, 1988 жыл болуы керек, Ғарекеңнің үйіне барып, алдында ән салып батасын алдым. Үлкейіп қалған екен. Барғаннан кейін аман-саулық сұрасқаннан соң, «Ән айтасың ба?» деді. «Ғареке, айтқан болып жүрміз. Не өзіңізден бата алайық, не таяқ жеп кейін қайтайық деп келдік» дедім. Сосын «айтшы бір әнді» деді. Өзінің «Ақжайық» деген әнін айттым. «Жарайсың, тағы біреуін айт» деді. Кезінде Ғарекеңнің өзі айтқан ән – Өтеғалидың әні «Өтеғалиды» айттым. «Әнші екенсің» деді ағам. Сонымен қояйын деп отыр едім, менімен бірге барған Ғарекеңнің шәкірті Серік деген жігіт пен Бекболат Тілеухан екеуі «Бұл Мұхиттан да айтады, соны айтсын» деп қоймады. Ғарекең де «онда Мұхиттан да көрші» деді. Сосын амал жоқ, Мұхиттың «Үлкен айдайын» айттым. Ғарифолла «балам әнді бұзбаған екенсің» деді. Сөйтіп, бірінші әнді айтқанымда «жарайсың», екінші айтқанымда «әнші екенсің», үшінші әнді айтқанымда «әнді бұзбаған екенсің» деді. Ғарекеңнің алдында көзінің тірісінде естіген мақтауым да, алған батам да осы.
Бұдан әрі Қатимолда аға бүгінгі әншілер туралы ойын айтып, ән өнеріндегі бүгінгі үрдіске алаңдаушылығын білдірді.
– Қазір, құдайға шүкір, қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттап жүрген талантты әншілер аз емес, тек соның тыңдаушысы көп болса екен деймін. Консерваторияда түрлі ән кластары бар. Арқа, Батыс, Жетісу, Тарбағатай ән мектептерінің ән айту мәнерін үйретеді. Солардан сабақ алып, қолына домбырасын алып, ел арасында өнер көрсетіп жүрген жастар көп. Бірақ қазақтың тойларында насихатталатын ән өнері – дәстүрлі әннен алшақ. Заманауи, тарс-тұрс етіп халықты билетіп қоятын, сөзі жұтаң, ырғағы секеңдеген әндер басып барады. Бүйте берсек қолда бар қадірі жоқ алтын – дәстүрлі әнді құртып алуымыз да мүмкін. Сондықтан халықтың өнерін сақтауға, насихаттауға бәріміз мүдделі болуымыз керек. Мемлекет те дәстүрлі өнерге ерекше қолдау көрсетіп, оның дамуына сеп болуы керек.
Өзім он сегіз жыл дәстүрлі әннен сабақ бердім. Құдайға шүкір, отызға тарта шәкіртім бар. Олардың бәрі де дәстүрлі әндерімізді насихаттап жүр, жұмыссыз жүрген біреуі жоқ. Біразы өзіммен бірге филармонияда істеп жүр. Біразы колледждерде, мектептерде сабақ береді. Олардың арасында Қайрат Әкімов, Ернар Өмірәлі, Күләш Қуанышәлиева, Бейбіт Қажығалиев және т.б. шәкірттерімнің орындауындағы әндер радиодан беріліп тұрады.
P.S.
Халқының өнерін қадірлеген, сол жолға өмірін арнаған адам жер басып жүргенде әрекетсіз жүруі мүмкін емес. Біз күллі қазаққа танымал өнер иесі Қатимолда Бердіғалиевпен әңгімемізде соны ұқтық. Кейінгі кезде халықтың көзіне сирек түсіп жүргендей көрінгенімен, ол әлі де ұлттық ән өнеріміздің құлашын кеңінен жая түсуі үшін өнер майданында тер төгуде.