25 мамыр күні «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Бұл орган партияның Сайлауалды бағдарламасының іске асырылуын бағалау мен бақылауға мақсатында құрылғаны мәлім.
Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау мен білім беру салалары үшін бір-бірінен бөлек екі кеңес болған еді. Тек 29 наурыз күнгі партияның саяси кеңес бюросының қаулысы бойынша екі бағыт біріктіріліп, ортақ бір құрылым жасалды. Ал кеңестің төрағасы болып Мәжіліс депутаты, партия мүшесі Саясат Нұрбек тағайындалды.
«Ел арасында әлеуметтік мәселелерге деген сұраныс пен талап жылдан жылға күшейіп келе жатыр. Бұл біз үшін өте жауапты жұмыс. Ол әсіресе партияны өзгерту, трансформация кезінде аса маңызды болып отыр. Ашықтық және тиімділік, әрі партияның қызметінде сервистік принцип, яғни халыққа қызмет көрсету тұжырымы алдыңғы қатарға шықты»,– деді жиында алғаш болып сөз алған саяси ұйымның хатшысы Ринат Кертаев.

«Министрлік қосымша білім беруді дамыту бағытында кешенді жұмыстар атқарып жатыр. Бұл жұмыстар мемлекеттік тапсырыс бойынша конкурстық негізде және жеке ұйымдарда жүзеге асырылады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы балаларды секциялармен және үйірмелермен қамту ауқымын қысқа уақытта 90 пайызға дейін жеткізуге болады»,– дейді Ғ.Бейсембаев.Вице-министрдің айтуынша, қазіргі күні 59 бағыт бойынша құрылған 7223 үйірмеде жалпы саны 250,7 мың бала шұғылданады. Ал сәуір-мамыр айында спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге қатысатын балалардың саны 600 мыңға жеткен. Жалпы, Жол картасы аясындағы жоспар бойынша 2025 жылға қарай 70 мың спорттық секцияда 1 млн 765 мың бала спортпен шұғылданады деп болжанып отыр. Сонымен қатар спорт мектептері мен арнайы интернаттардың жаттықтырушы-мұғалімдерінің жалақысын 2 есеге көтеру көзделген. Биылғы оқу жылында орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында сабақтан тыс мезгілде дене шынықтырудан сабақ беретін педагогтарға 100% үстемақы енгізілді.

«Мемлекет басшысы бұқаралық спорттың дамуына, әсіресе балалар спортына айрықша маңыз береді. Осыған орай, біз мектеп оқушыларын 100% спортпен қамтуды мақсат етіп отырмыз. 2021 жылдың қортындысы бойынша елімізде 6.5 млн адам спортпен шұғылданса, оның 2,2 млн. балалар. 2025 жылға қарай бұл межені 50 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз»,– деді Серік Жарасбаев.Серік Жарасбаев айтуынша, министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың қолдауының арқасында 2021 жылдың қортындысы бойынша 162 208 бала мен жасөспірім спорттық секцияларға тегін қатысқан. Ол үшін бюджеттен 6 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ 142 143 бала тегін үйірмелерге қатысу үшін бюджеттен 4,8 млрд қарастырылған. Жалпы, бұл мақсатқа республика бойынша қазынадан 32,6 млрд. теңге жұмсалған. Әйтсе де балалардың спортпен және шығармашылықпен айналысуын толыққанды қамту үшін 97,1 млрд. теңге қажет. Осыған байланысты мемлекеттік тапсырыс бойынша сұранысты қанағаттандыру үшін жергілікті мәслихаттарға 94,9 млрд. теңгенің нақтылау тапсырылған болатын. Қазіргі кезде мәслихаттар 14,2 млрд. теңгені бекітті, қалған 50,1 млрд. теңге әлі қаралып жатыр. «Балалар жылы» аясында атқарылып жатқан мектепке дейінгі, орта, орта арнаулы сапалы білімнің қолжетімділігі туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник айтып берді. Ол өңірлік жерлерде тек педагогтар ғана емес, медицина саласының қызметкерлері де жетіспейтінін тілге тиек етті.
«Бүгінде елімізде 24 мемлекеттік және 67 жекеменшік медициналық колледждер 9 мамандық және 16 біліктілік бойынша маман даярлайды. Оларда былтырғы есеп бойынша жалпы саны 93406 студент болса, олардың 19261-і мемлекеттік тапсырыспен оқиды. Денсаулық сақтау министрлігі бұлардың ішінде анағұрылым стратегиялық маңызды бағыт ретінде медбике ісін дамытуға айрықша мән береді. Қазіргі күні кіші медбикеден бастап бакалавриат - магистратура – докторантураға ауысатын кең ауқымды медбике ісін даярлау жүйесі қалыптасқан. Бұл ретте әр оқу сатысының ерекшелігі ескеріліп отырады», – деді Вячеслав Дудник.Бүгінде колледждер мемлекеттік стандарт бойынша Еуропалық үлгідегі техникалық және кәсіби, жалпы орта білімнен кейінгі медининалық білім беру ісін жүзеге асырады. Министрлік жыл сайын қолданбалы бакалавриат бойынша 400 орынға мемлекеттік тапсырыс береді. Оның 280-і жеделдетілген бағдарламамен оқытылады. Сондай-ақ «Медбике ісі» 7 жоғарғы оқу орнында оқытылады. «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысын қортындылаған Саясат Нұрбек бүгін білім саласының ең өзекті мәселелері талқыланғанын айта келіп, оның былай деп түйіндеді.
«Алдыңғы жыл Қазақстанда 423500 бала өмірге келді. Соңғы рет ондай рекорд 1987 жылы болған (417 мың бала). Былтыр 500 мыңға жуық бала жарық дүниенің есігін ашты. Яғни екі жылда 1 миллионға жуық бала туған. Осы балалардың 90 пайызы өз қаракөздеріміз. Бұл бір жағынан қуантады – қазағымыздың саны өсіп келеді, екінші жағынан үлкен жауапкершілік жүктейді. Екі-үш жылда ол балалар балабақшаға барады, одан кейін мектепке барады, олардың бәрін қамтамасыз ету керек. Сол себепті Президенттің бұйрығы бойынша Қазақстанда алдағы 3 жылда 1 мың мектеп салынуы тиіс»,– деді Республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы.Әйтсе де осы демографиялық дүмпуді толыққанды қамту үшін жаңадан 3,5 мың мектеп салу қажет екен. Одан бөлек қосымша 100 мыңға жуық педагог қажет болады. Сол себепті балаларды бақшамен, білім ошағымен, педагог кадрлармен қамту ісі еліміздегі ең өмірлік маңызды, ең көкейтесті мәселеге айналғалы тұр. Сондықтан бүгінгі жиынның ерекшелігі де осында болса керек. Ал оның оңтайлы шешім табуын партия өзінің тыңғылықты бақылауына алуға бекініп отыр.