Қала орталығында көпқабатты тұрғын үйдің құрылысымен айналысып жатқан қостанайлық экскаваторшы жер қазу кезінде 2,5-3 метр тереңдікте көміліп жатқан кірпіштен қаланған ескі жерасты жолын тауып алды деп хабарлады turkystan.kz egemen.kz-ке сілтеме жасап.
Тоннельдің биіктігі жүрелеп отырған адам сыятындай ғана. Іші жартылай топыраққа толып, кірпіш қабырғасына ыс жабысып қалған.
Куәгерлердің бірі бұрын мұнда металл құятын цех болған шығар деп жорамалдаса, енді бірі Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары мұнда жылқы тұратын шаруашылық ғимараттары, одан кейін жөндеу зауыты болғанын айтады. Соңғы жылдары бұл ашық алаңқай автотұрақ ретінде пайдаланылып келген. Осылайша, қала орталығынан ескі бір тарихи нысан табылып отыр.
– 5 апрель көшесінің арғы бетінде көпес Кияткиннің үйі тұр. Саудагер Қазан төңкерісі кезінде қымбат асыл қазынасының бәрін осы маңайға көміпті деген аңыз бар. Дұрыстап бәрін тексеріп, қараңдар, қайдан білесің, мүмкін табылып қалар, – деді құрылыс басына жиналған тұрғындардың бірі.
Жер астынан шыққан жолдың нақты қашан салынғанын, нендей қызмет атқарғанын алдағы уақытта мамандар зерттеп, анықтайды.
Айта кетсек, жер асты жолы табылған жерге 19 қабатты тұрғын үй салынады.
Фото авторы Сергей МИРОНОВ