Мамандық таңдау – болашақ кепілі

Мамандық таңдау – болашақ кепілі

Мамандық таңдау – болашақ кепілі
ашық дереккөзі
Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру – кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бүгінгі таңда ғылым, білім мен инновациялар қоғам өмірінде маңызды орын алады. Осыдан 89 жыл бұрын әсем қала Алматыда іргетасы қаланған Алматы байланыс колледжі бүгінде жастарға дәйекті білім беріп, тәрбиелеп, сара жолға салған қара шаңырақ. Алматы байланыс колледжінің тарихы 1930 жылдың қыркүйек айынан басталады. 1994 жылы техникум колледж статусына ие болды. Ал 1999 жылдан бері колледж Қазақ-Америка университеті жанында өз жұмысын жалғастыруда. Алматы байланыс колледжі оқытушылар ұжымы студенттерге сапалы білім беруге зор үлес қосуда. 85 жыл ішінде 30 мыңнан аса түлекті, соның ішінде жоғары дәрежелі байланысшыларды өз ұясынан еліміздің әр қиырына ұшыруда. ҚАУ жанындағы Алматы байланыс колледжі Қазақстан Республикасында байланыс пен телекоммуникация саласында техникалық және кәсіби білім беруде жетекші рөл атқаратын оқу орны. Колледждің білікті ұжымы әрдайым технологияның жаңа түрлерін білім үрдісіне белсенді енгізеді. ҚАУ жанындағы Алматы байланыс колледжі халықаралық білім кеңістігіне шығу үшін ең алғашқы болып кредит технологиясын енгізді. Колледжде «Радиоэлектроника және байланыс», «Оптикалық және электронды жабдықтау», «Есептеу техникасы және бағдарламаны қамту», «Экономика» және «Аударма ісі» мамандықтары оқытылады. Байланыс электротехникумы құрылған кезеңнен бастап қазіргі колледжден «Байланыс желісі және коммутация жүйесі» мамандығы бойынша Қазақстан Республикасында және шет елде өз мамандықтары бойынша қызмет етіп жүрген 6000-нан астам маман білім алып шыққан. Байланыс колледжінің түлектері колледжден кейін жоғарғы оқу орындарында білімдерін шыңдап, қазір өндірісте электромеханиктен «Қазақтелеком» департаментінің бастығына дейін көтеріліп қызмет етіп жүр. Атап айтар болсақ, В.М. Ульянов бұрынғы байланыс министрі, Алматы электротехникумының бұрынғы директоры К.И. Ибрайшин, Ж.Н. Ниеталин, ҚОТ «Алматытелекомының» бас директоры Ш.П. Раздықов қызмет атқарып жүргенін мақтанышпен атап өту қажет. Колледж қабырғасында студенттің қоғамдық өмірі мазмұнды және қызықты. Әрбір студенттің белсенді өмірлік ұстанымы, патриоттық рухы және оптимистік көзқарасы жоспар мен бағдарламалар негізінде қалыптасады. Бітірушінің бәсекеге қабілеттілігіне оның білім деңгейі ғана емес, сонымен қатар оның белсенділік, сыпайылық, мейірімділік, оптимистік сынды қасиеттері ықпал етеді. Сондықтан біздің студенттер өзінің жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Олар «Менің Қазақстаным», «Наурыз», «Мисс ҚАУ», «Алтын күз», «Студенттік көктем», «Би көңілдің жаршысы», «Екі жұлдыз» секілді конкурс пен фестивальдарға қатысып, колледждің маңызды күндеріне арналған мерекелер жиі өткізіліп тұрады. Колледжде дәстүрлі түрде студенттердің ағылшын тіліне деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында апта сайын «English club» бойынша әртүрлі сайыстар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, сахналық көріністер қойылып тұрады. 2018-2019 оқу жылында колледжімізде «Есептеу техникасы және бағдарламаны қамту» мамандығы бойынша алғаш рет қазақ бөлімі ашылды. Өзіңді ХХІ ғасырдың білікті азаматы санасаң, еңбек нарығынан жоғалып кетпейтін мамандық таңдасаң, біздің Алматы байланыс колледжі құшақ жая қарсы алады.  

Жанат Досжанова,

Қазақ-Америка Университеті

жанындағы Алматы байланыс

колледжінің ағылшын тілі пәнінің

оқытушысы