Адам өмірін жалмаған жалын

Адам өмірін жалмаған жалын

Адам өмірін жалмаған жалын
ашық дереккөзі
2018 жылы Ресейде ірі өрт оқиғалары тіркелді. Көлемді өрттің бірі 25-26 наурызда Кемероводағы «Зимняя вишня» ойын-сауық орталығында болғаны белгілі. 1600 шаршы метрді жалмаған өрттен 60 адам қаза тапты, ең өкініштісі, оның 41-і мектеп жасындағы балалар еді. Бұл оқиға 2009 жылы Ресейдің Пермь қаласындағы «Хромая лошадь» түнгі клубында болған өрттен кейін адам қазасы бойынша екінші орынды иеленді. Себебі Перьмдегі өрт 156 адамның өмірін жалмаған болатын. Жылдың аяғында, 5 желтоқсан күні Оренбургте көлемі 800 шақырым метрлік ғимарат өртеніп, өрт сөндірушілер тілсіз жаумен 6 сағат бойы арпалысқаны тағы бар. Сәтін салып, өрттен адамдар жапа шекпеді. 22 желтоқсанда Соликамск шахтасы өртеніп, онда 9 кенші қаза болғанын газетіміздің №52 (27 желтоқсан, 2018 жылғы) санында жазған болатынбыз. Жалпы, Ресейде 2018 жылы қоғамдық орындарда 471 өрт оқиғасы тіркелген. 2017 жылы 364 өрт тіркелген, яғни бір жылдың ішінде 30 пайызға өскен. Оның ішінде, білім беру мекемелерінде 229 өрт, ал денсаулық сақтау мен әлеуметтік көмек көрсету ұйымдарында 158 өрт оқиғасы тіркелген. Сондай-ақ, өткен жылы Ресейдегі орман өрті 3 миллион гектарды жалмап, мемлекетке 16,9 миллиард рубль шығын әкелді. Десе де, орман өртінің осындай көлемі Ресей үшін соңғы бес жыл ішіндегі қалыпты жағдай болып есептеледі. Ресейліктер 2018 жылғы өрт оқиғаларының санын қорытындылап үлгермей жатып, Жаңа жылды да ауыр әрі қайғылы өрт оқиғасымен қарсы алды. Желтоқсанның 31-і күні Магнитогорскіде таңғы сағат төрттің шамасында 9 қабатты үйде тұрмыстық газ жарылды. Салдарынан 26 пәтерлік тұтас бір подъезд опырылып ортасына түсті. Тұрғын үйдегі жарылыс салдарынан 39 адам мерт болды. Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі қирандылар арасынан іздестіру жұмысын 4 қаңтар күні аяқтады. «Барлығы 39 адамның өлі денесін шығардық, оның ішінде 6 бала, 12 еркек, қалғаны әйелдер. 38 адамның кім екені анықталды. Бізден көмек сұраған адамдардың барлығына, қолымыздан келгенше көмектесіп жатырмыз», – деді РФ Төтенше жағдайлар министрлігінің бірінші басшысының орынбасары Александр Чуприян. Аталған пәтерлерде 46 адам тұрған. Зерттеуге сәйкес, жарылыс тұрмыстық газды қолдануда сақтық ережесін өрескел бұзу нәтижесінде орын алған. Қазір қираған пәтерлерде қаза болған, жараланған және мүлкі жоғалған отбасыларға көмек көрсетілуде. Челябі облысы губернаторының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 24 адам 5,2 миллион рубльден астам қаржылай көмек алған. Соңғы 15 жыл ішіндегі ірі көлемді өрт оқиғасы ретінде, аталған оқиға адам қазасы және көлемі бойынша үшінші орынға тұрақтады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге: «Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болғандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақ екенімді жеткізуіңізді сұраймын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», – деп көңіл айту жеделхатын жолдады. 2019 жылдың қаңтар айының алғашқы аптасында Оренбург облысында да 29 өрт оқиғасы тіркеліп, 10 адам ажал құшып үлгерген. Қаза болғандардың 3-еуі жас сәби. Сонымен қатар, 2 қаңтар күні Архангельскідегі ескі ағаш үйде өрт шығып, бір отбасы түгелімен өртеніп кеткен. Ал 4 қаңтар күні Пятигорск қаласында орналасқан Ресейдің ең ірі базарларының бірінде балық павильонының 960 шаршы метрі түгелдей өртенді. Ал 5 қаңтар күні тағы да Ресей кен орындарының бірінде ірі өрт оқиғасы тіркелді. Бұл жолы тілсіз жау Приобское кен орнын жалмады. 16 кенші дер кезінде құтқарылған. Десе де, өрт шыққан жерден біраз мұнай ағып кеткен. Айта кетейік, Приоб­ское – Ресейдегі қазіргі кездегі қорлар мен өндіріс көлемі бойынша ең ірі мұнай кен орны. Ол «Роснефть» компаниясы жалпы өндірісінің 10 пайызын құрайды. 6 қаңтар күні Сочиде көлік тұрағындағы 6 машина өртеніп кетті. Сонымен қатар, Солнечногорскте және Новосібір облысындағы тұрғын үй өртінен 4 адам қаза болды. Тізе берсеңіз Ресейдегі ірілі-кішілі өрт оқиғалары бұнымен бітпейді. Тіпті, Ресей Федерациясының Төтенше жағдайлар министрлігі 2019 жылы өрт саны 2018 жылмен салыстырғанда әлдеқайда артады деп мәлімдеме де жасаған. Араға күн салғызбай арты-артынан жалғасқан өрт оқиғаларына қарап, Ресейдегі адам өмірі мен оның қауіпсіздігі төменгі орында ма деген сұрақ туады. Әлде үйлері тозып, халқының жағдайы жылдан-жылға нашарлап келе ме? Жалпы, әлемдік санақта Ресей адамдарының қауіпсіздігі деңгейі бойынша 92-орынға орналасқан. Әсіресе, өрттен қаза табатын адамдар саны бойынша Ресей алдына жан салмайды. 2015 жылы әлем бойынша әр мемлекетте орын алған өрт оқиғалары есептеліп, 2017 жылы «Әлемдік өрт көрсеткіштері» атты баяндама әзірленді. Халықаралық өрт және құтқару қауымдастығы дайындаған кестеде Ресей көш бастап тұр. Онда өрттен жылына 9405 адам ажал құшады екен. Екінші орында АҚШ – 3280 адам; үшінші орында Украина – 1948 адам; Польша, Румыния – 646 адамнан; Белоруссия – 578 адам; ал Қазақстан жетінші орынға тұрақтаған – бізде өрттен жылына 386 адам қаза табады.