Ұлттық код – Ұлы еліміздің басты бағдары

Ұлттық код – Ұлы еліміздің басты бағдары

Ұлттық код – Ұлы еліміздің басты бағдары
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры»  мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын  бағдарламалық мақаласының заңды жалғасы. Елбасы: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.  ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деген-ді. Ұлттық код – Ұлы еліміздің басты бағдары.  Сондықтан да болар, тынысымызды кеңейтіп, рухымызды биіктету мақсатындағы мақалада мазмұнды мәселелер көтерілген. «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес. Шын мәнінде, немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылнамасына көз жүгіртсек, олардың мыңдаған жылды қамтитын төл тарихындағы ұлы жетістіктерінің дені осы елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатыстылығы жөнінде сұрақ туындайтыны орынды. Әрине, ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл – орынды мақтаныш. Сол сияқты, ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияның мол тарихи мұрасының бір бөлшегі. Полиэтникалық бай мәдениеті бар ежелгі Үндістан мен бүгінгі үнді халқын тарих толқынында үздіксіз дамып келе жатқан бірегей өркениет ретінде қарастыруға болады. Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады» деген мемлекет басшысы Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиістігін және оған дәйектеріміз де жеткілікті екендігін баса атап көрсетті. Енді Ұлы даланың жеті қырына тоқталайық.  Президент «Атқа міну мәдениетінде» жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болғанына ерекше тоқталған және оның шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашқанын айтады. «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» бөлімінде «Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді», – дейді. Шын мәнінде жер қойнауынан табылған құндылықтар қазақ тарихының тереңде жатқанын дәлелдейді. Аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Ал «Алтын адам» талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Түркі әлемінің бесігі бөлімінде орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашқанын жеткізген Елбасы  орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқанын айтады.

ҚАЗАҚСТАН – АЛМА МЕН ҚЫЗҒАЛДАҚТЫҢ ОТАНЫ

Асқақ Алатаудың баурайы алманың, кең даламыз қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. «Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады» дейді Елбасы. Осындай ерекшеліктердің барлығы  тарихи сананы жаңғыртуға жетелейді. Бұл тұрғыда  Н.Назарбаев «Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері»,  «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі»,  «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы»,  «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» мәселелерін  айрықша атап отыр. Шынында да, Президент күллі адамзат, бүкіл дүниежүзінің өркениетті қауымы, барша елдер барынша назар аударарлықтай әлемдік деңгейдегі, парасаттың шырқау биігіндегі пайымдарды ортаға салды. Бір сөзбен айтқанда, «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» сияқты ұлы ұлағат. Текті туынды. «Ұлы Даланың жеті қыры» жазбасы Отан тарихындағы күрделі оқиғаларды, құбылыстарды, ұлттық мүддені басшылыққа алып, жаңа методологиялық негізде зерттеуге жол ашады.

Г.Ш. Өмірбаева,

Қазақ мемлекеттік

қыздар педагогикалық университеті,

Өнер және мәдениет  факультетінің деканы