Жылтырағанның бәрі алтын ба?

Жылтырағанның бәрі алтын ба?

Жылтырағанның бәрі алтын ба?
ашық дереккөзі
Сұлулыққа құлшыну – ерте антикалық дәуірлерден бар түсінік. Антикалық дәуірдегі ертегі, аңыз-әпсаналардың сюжетіне назар салсақ, «Ай десе аузы, күн десе көзі бар» арудың образына жиі кезігеміз. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында сұлулық өмір мұратына айналып, оған үлкен көңіл бөлінген. Мысалы, Құдай киелі әйел Ұмайды өте әсем, сұлу және қайырымды, жарқын жүзді, күміс шашы аспанды жарқыратқан, күн сәулесі мен кемпірқосақ нұрына шомылған, қолындағы балаларды қорғайтын алтын садағы бар жас келіншек немесе қыз ретінде таныған. (Орынбеков М., Ежелгі қазақтың дүниетанымы, А.,1996.) «Орхон-Енисей» көне руникалық жазба ескерткіштерінде де сұлулықтың өлшемдері қалыптасқан. Заңғар жазушы-ғалым М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясында Тоғжанның портретін былай бейнелеген: «Бұл үйге, әсіресе өзгеше көктем нұрын енгізген бір жан бар. Ол Сүйіндіктің қызы – Тоғжан. Абай келгеннен бері Тоғжан үлкен ағасы Асылбектің отауынан осы үйге бірнеше рет келіп кетті. Сылдырлаған шолпысы, әлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді. Құлақтағы әшекей сырғасы, бастағы кәмшат бөркі, білек толған неше білезіктері – баршасы да бұл өңірден Абайдың көрмеген бір сәні сияқты. Толықша келген, аппақ жүзді, қырлы мұрын, қара көз қыздың жіп-жіңішке қасы да айдай боп қиылып тұр. Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас, жүрекке шабар жендеттің жебесіндей». Ал, Бейімбет Майлин «Шұғаның белгісі» атты повесінде Шұғаның портретін: «Шұға десе Шұға. Шұға, өй, шіркіннің өзі де келбетті-ақ еді... ақ құба, талдырмаш, көзі қап-қара, осы, үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін...» деп бейнелейді. Біздің бала күндегі сұлулық туралы алғашқы ұғымымыздың қалыптасуына да осы образдар әсер етті. Себебі солар секілді болуға ұмтылып, шашымызды тоқпақтай етіп өсіріп, сұлулыққа талпындық. Әрине түр-әлпеттің, сырт пішіннің сұлулығы қашанда маңыздылығын жоғалтқан емес. Дегенмен адамның басты әдемілігі ішкі жан дүниесінде екендігін есте ұстаған жөн. «Пішіннің сыртқы әсемдігі» (Гегель) оның ішкі мазмұнымен сәйкес келмеуі мүмкін. Жылтырағанның бәрі де әдемі емес. Керісінше, сыртқы сұрықсыздық пен сиықсыздық тасасында жоғары жан сұлулығын кездестіруіміз әсте мүмкін. Ізгілік пен жылылықтан алыс сұлулық кейпіне ежелгі қазақ аңыздарындағы Пері қызы, грек мифологиясындағы Нарцисс бейнелері жатады. Сондықтан адамның түрі де, киімі де, жаны да, ойы да әсем болуы керек. Ертеде косметика туралы түсінік пайда болмай тұрып қазақтың қыздары бұрымына шолпы тағып, бүрмелі кәмшат көйлек киіп, табиғи келбетіне қосымша бояуы жағылатын шөптерден қас сызып, қызғалдақтың гүл шанағымен боянған. Әрине, әл-ауқаты жоғары таптан шыққан қыздар үлде мен бүлдеге оранып, қызылды-жасылды көйлек киіп, айналасындағылардың көз құрты болған. Ерлердің де сәнді шапандары түрлі-түсті матадан тігіліп, оларға түйме орнына асыл тастар орнатылып, күміс қапсырма (ілгектер) тағылған. Ал байлар мен билердің киетін қаптал шапаны қамқадан тігіліп, жағасын құндыздан жасаған. Сұлулық туралы түсінікте ата-бабамыз киімнің, әшекейдің түсіне әлеуметтік мән берген. Мәселен, көк түс – аспанмен астасады. Көк аспан асқан паңдықты, биіктікті әйгілейтін болған. Сол себепті көк көйлекті қыздар көлбеңдеп, өздерін жоғары ұстаған. Аспан түстес болудың ар жағында мәңгілік, яғни мәңгілік жастық түсінігі жатты. Дүниежүзі мемлекеттерінің тарихында әсемдік стандарттары үнемі өзгеріске ұшыраған. Мысалы, Х ғасырдағы ежелгі Қытайда «таңылған табан» деген ерекше дәстүр болған. «Сұлулық құрбандықты талап етеді» демекші, 4-5 жастағы қыздардың аяқтарын дәкемен таңып, 10 жылдан кейін қыздардың табандары 10 сантиметрлік қалыпқа түскен. Мұндай аяқтарды «лотос аяқтары» деп атаған. Құда түсуге келген күйеу жігіт болашақ қалыңдығының бел әлпетіне, содан кейін аяғының өлшеміне қараған. Қытай қыздарының сұлулығы тек табандарын кішірейтумен ғана емес, текті жанұядан шыққан арулар бет формасын түзеу үшін маңдайындағы шаштарын қырған, еріндерін қызыл далаппен қоршаған. Сұлулық түсінігі адамға ғана тән емес, табиғатқа, адамның қолынан шыққан зергерлік, жиһаз, ат әбзелдері, техника, электроника бұйымдарына да қатысты айтылады. Мәселен, зергерлік өнер – ерте заманнан келе жатқан, әрі халыққа көп тараған сәндік өнер түрі. Қазақ зергерлері алтын, күміс, асыл тас және сүйекті пайдаланып, сән-салтанат үшін әшекейлі жиһаз, қыз-келіншектердің сәндік бұйымдары мен қару жарақ, сауыт-сайман, ер-тұрман, аңшылық жабдықтарын, музыка аспаптарын әсемдеген. Қазіргі сұлулық туралы ұғымға тоқталсақ, қыз-келіншектерде жасанды ұзартылған кірпік, татуажбен қоюлатылған, қарлығаштың қанатындай қиылған қас, маржандай тіс, безеусіз аппақ бет, қыр мұрын, сүрмелі үлкен көз, оймақтай ауыз сән салондарында, пластикалық клиникаларда жасалатын стандарт образ. Қыздардың бет-бейнесін көріп, барлығын бір қалыптан алғандай әсер аласыз. Бүгінде қыз-келіншектермен жағаласып ер азаматтардың да сән салондарын жағалауы жиілеп барады. Онда да қалтасы қалың азаматтарымыз ақылы түрлі процедураларда қасы-көзін, шашын боятып, бетіне пластикалық ота жасатады. Мәселен, «Ninety one» атты жігіттерден құралған топтың шаштарын түрлі бояуға бояп, кәріс әншілеріне еліктеп жүргені соның айғағы. Ал, АҚШ, Корея, Жопония, Еуропадағы дамыған мемлекеттерде эстетика туралы түсінік бізден әлдеқайда көш ілгері. Әрине, ұлттық менталитетті сақтай отырып, олардың үйренетін тұстарын үйреніп, жиренетіндерін де айыра білу керек. Жастар еліктегіш қауым болғандықтан, «Ninety one» солистерінің шаш қою стиліне қызығатындар көп. Сондықтан ерлер мен әйелдер арасында сән салондары, пластикалық операция жасайтын клиникалар, массаж салондарының маңызы артып отыр. Оның үстіне жас отыздан асқаннан кейін бетке мимикалық әжімдер түседі, содан біртіндеп қартаюдың белгілері анық байқалады. Беттегі әжіммен күресу үшін  отандық немесе шетелдің сән салондарында, клиникаларында бетке массаж немесе ота жасатып, ботокс салдырып, химиялық препараттарды қолданып жасарады. Қазіргі қырыққа жеткен келіншек пен өткен ғасырдың әйелін алып салыстырсаңыз, айырмашылық жер мен көктей. Бағасы қымбат процедураға қалтасы көтеретін немесе жиғанын жасанды эстетикаға жұмсайтын азаматтар барады. «Сырт көз сыншы», «Киіміңе қарап қарсы алады, ақылыңа қарап шығарып салады» демекші, макияж, жасанды кірпік, татуаж, бет күтімі, маникюр, педикюр бүгінгі заманның сыны іспетті. Сән трендінен, қатарынан қалмау үшін ультрадыбысты бет тазалау, уқалау, СПА процедураларына, қосымша эстетикалық қызмет түрлеріне жүгінетіндер көп. Ал сән салондарының тасы өрге домалап отыр. Брендке айналған, сертификаты бар сән салондарын былай қойғанда, тері, асқынған ауру түрлеріне шалдыққан клиенттерді тексерістен өткізбейді сән салондары. Содан аппарат, құрал-жабдықтарды екінші мәрте сау адамға пайдаланады. Міне, осылай қарапайым гигиеналық, медициналық талаптар сақталмайды. Тексеруді талап етіп жатқан клиент жоқ. Өкінішке қарай, жақында елімізде ботокс салдырамын деп көз жұмған әйел туралы ақпарат тарағаннан соң да бұл мәселе толықтай қолға алынбады. Жуырда Ұзынағаш ауылындағы бірнеше сән салондарына барып, жұмыстарымен жан-жақты танысқан едік. Салон қызметкерлерінің пікірі әр алуан. «Аяулым» сән салонының қызметкері Мөлдір Кәтенова: «Біздің сән салонында зейнеткерлерге жеңілдіктер қарастырылған. Ерлер және әйелдерге қатар қызмет көрсетеміз. Шаш кестірудің бағасы ұзындығына қарай әйелдердің шашын кесу 800 теңгеден жоғары. Клиент саны жеткілікті. Ұзынағаш ауылының тұрғындары ғана емес, шалғай ауылдардан да келеді.  Демалыссыз істейміз.  Сән салонын ашқысы келетін жастарға айтар кеңесім, егер көзін тапсаң қорықпау қажет, әрбір істің берекесі бар. Сән салонының ғимаратын жалдап тұрамыз. Бастапқыда мекенжайымыз басқа жақта болды. Тұрақты мекенжай болмағаннан кейін үнемі көшіп жүреміз. Аренданың шығынын ақтайды түскен табыс мөлшері. 2013 жылы «Аяулым» сән салонын төрт адам бірігіп  аштық. Әзірше ешкімді жұмыспен қамтып отырған жоқпыз. Бәсекелестер саны көп, мәселен базардың өзінде 30-дан астам шаштараз бар. Сонда да, тұрақты клиенттер бар. Сондықтан көрсеткен қызметіміздің сапасына халық риза деп ойлаймыз», – деді. Жол түсіп, «Ұзынағаш» сән салонына кірдік. Маникюр және педикюр жасайтын Малика Марасилова есімді  қызметкермен сөйлестік. «Ұзынағаш» сән салонының ашылғанына бір жарым жылдан асты. Бірнеше қызметкер бірігіп, осы ғимараттың офистерін жалға аламыз. Алғаш Алматы қаласында үш айлық курсты тәмамдап, сол  қалада тәжірибемді шыңдадым.   Қазір заман талабына сай біліктілігімді көтеру мақсатында қосымша курстардан өтіп тұрамын. Сән тұрақсыз ұғым ғой, сондықтан елдің көңілінен шығу мен үшін маңызды. Сән салонында жалпы 8 адам жұмыс істейді. Олардың біреуі ерлер мастері, екеуі әйелдер мастері, біреуі колорист-шаштаразшы, екеуі лашмейкер және менімен бірге тағы бір маникюрші қызмет істейді. Біздің сән салонында қолданылатын өнім сапасы жоғары, сондықтан бағасы қымбат. Сонда да келетін клиенттер толастаған емес. Бір сөзбен айтқанда, халық риза. Тіпті, ерлер бөліміне клиенттер алдын ала жазылып келеді. Шалғай ауылдардан клиенттер жоқтың қасы, көпшілігі Ұзынағаштың тұрғылықты халқы. Қызмет көрсету сапасы жағынан Алматыдағы сән салондарынан еш кем түспейміз, – деді. Ұзынағаштағы «Арай» сән салонына бас сұғып, директоры Арай Айсанәліқызымен пікірлестік. 2006 жылы «Тойбастар» ғимаратынан бөлме жалдап, сән салонын аштым. 50-ден астам шәкіртті тегін тәрбиеледім. Олар Алматы, Астанадағы сұлулық салондарында жұмыс істеп жатыр. Кейбіреулері жеке кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетуде. «Арай» сән салонында 6 шеберді жұмыспен қамтып отырмын. Салонда шаш кестіру және бояу екіге: ерлер және әйелдер бөліміне бөлінеді, жасанды кірпік, тырнақ жабыстырамыз, қасқа, ерінге татуаж жасаймыз. Қазір жігіттер шашын боятады, бет күтіміне көңіл бөледі. Бізге қойылатын талап жоғары. Сұлу болудың ерте-кеші жоқ. «Әлемді сұлулық құтқарады» емес пе? Әйелдердің көпшілігі бала босанғаннан кейін түр әлпетіне назар аудара бермейді. Сондықтан «Арай» сән салоны Жаңа жыл, Халықаралық әйелдер мерекесінде клиенттерге акциялар жасайды. Себебі барлық адам сұлу болып көрінгісі келеді, бірақ көпшілігінің қалтасы көтермейді. Мен шаш кесем, кірпік ұзартамын, маникюр, макияж, массаж жасаймын. Бір сөзбен айтқанда, әмбебап маманмын. Осы сала бойынша Қытайда 4 жыл колледжде оқыдым. Жаңа жылдан кейін 3 ай жыл сайын Қытайда, Алматыда қосымша курстардан өтіп, біліктілігімді шыңдаймын. Себебі сұлулыққа талап уақыт өткен сайын күшейіп келеді. Тіпті, балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары сапалы қызметті қалайды. Әсіресе, шашқа, сыртқы келбетке мән береді. Жұмыс орнында да қанша жерден білімді болсаң да, сыртқы бейнең бірінші орында тұрады. Жұқа шашты қыз-келіншектерге жасанды шаш өсіру процедураларын белгілеп, бұйралап көбейтеміз. Ал, шашы өспейтін азаматшаларға жасанды шаш жалғаймыз. Сондай-ақ, тырнағы эстетикалық жағынан көріксіз болса, үстіне жасанды тырнақ жабыстырамыз. Отбасын сақтап қалу үшін кез келген жаста әйелдер күтінуі керек. Сән салонына келуге жағдайыңыз болмаса, үй жағдайында бетке маска жасап, аптасына бір екі-рет қолданыңыз. «Арай» сән салоны қыз-келіншектерді нүктелі массаж арқылы арықтатады. Массажды демалу ретінде алса, бір күн, емделу мақсатында 7-10 күн аралығында алғаны жөн. Массаждың ішінде «отпен емдеу» деген түрі бар. Ол арқадағы суықты шығарады, беттегі безеуді, секпілді кетіреді, беттің қан айналымын жақсартып, жүзіңізді нұрландырады. Бетке отты массаж жасау 3 мың теңгені құрайды, процедура бір сағат уақытты алады. Егер емделу мақсатында алсаңыз, 5 күн жеткілікті.  Бір күннен кейін нәтижесі білінеді, әжімдер тартылып, бет терісі жасарады. Көбісі «отпен емдеуден» қорқады. Бірақ отпен массаж жасаудың еш ауыртпалығы жоқ, арнайы орамал, креммен жасалады. Көп адам дәрі-дәрмекпен емделеді, онымен салыстырғанда массажбен емделу зиянсыз. Себебі химиялық препараттар қолданылмайды. Сонымен қатар, ұлу арқылы бетті жасартамыз, әрі ауырған жеріңізді емдейміз. Мақсатым меңгерген өнерімді, білімімді халыққа қызмет етуге арнау, кәсібімді шыңдау», – деді Арай ағынан жарылып. Әрине, қай заманда да сұлулық ұғымы маңызын еш жоғалтпаған. Әдемілікке, әсемдікке ұмтылу әркімнің қолынан келеді. Осы мақсатта сән салондарының атқарар рөлі зор. Ал әдемі болу кім-кімге де жарасады.

Майра Алдабергенова

Алматы облысы