КЕНТАУДА ЖЫЛУ АҚЫСЫ ТӨМЕНДЕДІ

КЕНТАУДА ЖЫЛУ АҚЫСЫ ТӨМЕНДЕДІ

КЕНТАУДА ЖЫЛУ АҚЫСЫ ТӨМЕНДЕДІ
ашық дереккөзі
Тұңғыш Президент күні  қар­­саңында Түркістан қаласына ір­гелес жатқан Кентау қаласында 60 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй пай­далануға берілді. Салтанатты ша­раға келген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев үй кезегінде тұрған 120 от­басыға пәтердің кілтін тапсырды. Қуанышты сәтте облыс әкімі Ж.Түймебаев: «Елбасымыз халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін бірнеше бағдарламаларды іске қосты. Атап айтсақ, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары қазақстандықтарға шарапатын тигізуде. Оған бүгін сіздер де куә болып отырсыздар. Мұндай қуаныштар мұнымен шектелмейді. Үй кезегінде тұрған барлық азаматтар кезең-кезеңімен баспаналы болады», – деп атап өтті. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған нысандардың жалпы жобалық-сметалық құны 898 млн 686 мың теңгені құрайды. «Стройсервис XXI» ЖШС 5 қабатты ғимараттардың құрылыс жұмыстарын 2017 жылы бастаған. Ал «Южказпроект» ЖИ ЖШС жобалау жұмыстарын атқарса, нысандарды техникалық жағынан қадағалауға «Royal Company» ЖШС жауап береді. Айта кетуіміз керек, жыл соңына дейін қалада 2 қабатты 5 қызметтік үй пайдалануға берілмекші. Сондай-ақ, 2019 жылы Кентау қаласында қосымша 60 пәтерлі 5 тұрғын үй ел игілігіне тапсырылады. Жалпы 300 пәтер болатын жобаның сметалық құны 2 175 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ, аймақ басшысы «Кентау сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіп­орнын да аралап көрді. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін бұл мекеме 2011 жылы құрылған. Серіктестікте 395 адам жұмыс істейді. Аталған мекеме 334 көпқабатты тұрғын үйге, 2121 жеке үйге, 374 коммерциялық нысанға және 102 бюджеттік мекемеге жылу беріп келеді. Жалпы, қалада 38,2 шақырым магистралдық, 116,8 шақырым ішкі орамдық жылу құбыры тартылған. Мекеме басшысы Т.Әшірхан Елбасы тапсырмасына сәйкес, коммуналдық қызметтің құны 136-дан 103,88 теңгеге немесе 24 пайызға арзандатылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, төмен жалақы алатын 60-тан астам азаматтың еңбекақысын көтеру мақсатында мекеме бюджетінен 1 млн 600 мың теңге қаралып отыр екен.

Сейітхан Зеберханұлы