Керчь бұғазындағы қақтығыс

Керчь бұғазындағы қақтығыс

Керчь бұғазындағы қақтығыс
ашық дереккөзі
Қарашаның соңында Ресейдің шекаралық қызметкерлері Керчь бұғазы маңында Украинаның әскери кемелеріне оқ жаудырған еді. Атыс кезінде украиналық 6 сарбаз жараланып, кеменің қозғалтқышы істен шыққан. Украина теңіз әскери қызметі аталған ұрыста кемелерді Ресей әскерилері күшпен басып алғандығын айтуда. 25 қараша күні украиналық үш әскери кеме Одессадан Мариупольге қарай бағыт алған. Алайда Керчь бұғазын басып өтуге рұқсат бермеген Ресей әскерилері, бірден оқ жаудырған. Басын даудан ала қашқан Ресей Федерациясы аталған кемелердің өтуі үшін арнайы рұқсат қағазы болмағандығын айтуда. Бірақ бірнеше рет өтініш жібергенін ескерткен украиналықтар, мұны қитұрқы әрекет болуы әбден мүмкін деген шешімге келіп отыр. Ал Қазақстан Украина мен Ресей арасындағы дауды дипломатиялық жолмен шешуге кеңес берді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Нью-Йоркте шұғыл жиналып, Керчь бұғазында болған оқиғаны талқылады. Сол отырысқа қатысқан біздің делегаттар Қазақстанның да ұстанымын жеткізді. «Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде ашық диалогқа және халықаралық шиеленістің алдын алу үшін пікірталас өткізуге дайын. Біздің делегация Украинаның да, Ресейдің де ұсынысын қолдайды. Себебі екі ел де Қазақстан үшін туыс халық. Тарихымыз ортақ. Сондықтан тараптарды оқ атуды тоқтатуға шақырамыз», – деді Қазақстанның БҰҰ жанындағы Қауіпсіздік кеңестің тұрақты өкілінің орынбасары Қанат Тұмыш. Қауіпсіздік Кеңестің мүшелері төтенше отырысқа Украинаның өтінішімен жиналды. Негізі, Ресей «мемлекеттік шекараның бұзылуына қатысты» кеңес өткізуді сұраған. Бірақ қатысушылар бұл ұсынысты қолдамады. Ресей шекарашылары Қара теңізде Украина әскери-теңіз күштерінің «Бердянск», «Никополь» және «Яны Капу» кемелерін тұтқындаған болатын. Кремль украиналық кемелер Ресейдің теңіздегі территориясын заңсыз кесіп өтті деп отыр. Азов теңізіндегі төтенше жағдайға байланысты Петр Порошенко соғыс жағдайын жариялады. Ол 26 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал ұсталған украиналық теңізшілерді Ресейдің қауіпсіздік қызметі тергеуде. Владимир Путин болса, бұл жағдайды Украинада көктемде болатын президент сайлауы алдында Петр Порошенконың әдейі ұйымдастырған шуы деп бағалап отыр.