Қазақ тәрбиесіне жат өнеге

Қазақ тәрбиесіне жат өнеге

Қазақ тәрбиесіне жат өнеге
ашық дереккөзі
Тәрбие – тал бесіктен. Әлімсақтан осы сөзге иек артқан қазақ халқының бала тәрбиесіне айрықша назар аударғаны әмбеге белгілі жайт. Десек те, бүгінгі қазақ балаларын ата-ана емес, теледидар мен смартфондар тәрбиелеп жатқанын жасырып қайтеміз. Күні бойы теледидарға телміріп отыратын балалар қандай мультфильм тамашалап жүр? Бүгінде отандық анимациялық фильмдер қаншалықты сұранысқа ие? Балалар қазақстандық мультфильмдерді жиі тамашалай ма?

Балдырғандар «Машаға» неге құмар?

Таяуда британдық «Times» басылымы бүлдіршіндер сүйіп тамашалайтын ресейлік «Маша мен аю» мультсериалын үгіт-насихат деп бағалады. «Helsingin Sanomat» деген финн газетіне жасалған сілтеме бойынша, сериал жасаушылар аю арқылы балалар санасына Ресейдің жағымды образын қалыптастыруды мақсат тұтқан. Аталмыш басылымға сұхбат берген Таллин университетіне қарасты коммуникация институтының оқытушысы Приит Хыбемяги осылай деп пікір білдіріпті. Аталмыш мультфильмге қатысты жағымсыз пікірлер бұған дейін де көрермендер арасында жиі айтылатын. Әсіресе, қазақ көрермендері «Маша мен аюдың» балаларға теріс тәрбие беретінін тілге тиек етіп жүр. Кейде бұл мультфильмді әзірлегендер балалардың санасы мен тәрбиесіне еш алаңдамағандай көрінеді. Осыған қарап-ақ, олардың коммерциялық табысқа баса назар аударғанын байқауға болатын тәрізді. Шыны керек, қазір кез келген жанұядағы бүлдіршін «Маша мен аюды» жатқа біледі. Тіпті, бұл мультфильмді көруден жалықпайтын балалар қаншама?! Баланы өзіне магнитше тартатын бұл мультфильмнің қандай құпиясы бар? Анимациялық туындының сапасына да, графикасына да мін арта алмаспыз. Дегенмен бүлдіршіндерге арналған мультфильмдердің тәрбиелік мәні болуы шарт емес пе? Ал бұл туындының басты кейіпкері Машаның бұзықтығы мен бірнәрсені бүлдіруге әзір тұратын әдеті кімге үлгі? Мұны көріп өскен бала «бүлдіруді» қалыпты құбылыс деп қабылдамасына кім кепіл? Тіпті, туынды көрермендеріне «ойыңа келгенді істе, оның еш айыбы жоқ» деген ой тастайтындай көрінеді. Бүгінгі күні шетелдің анимациялық туындылары кішкентай көрермендердің сұранысына ие. Жасыратыны жоқ, олардың сапасы жоғары. Өйткені шетелдік мультфильмдер жоғары технологиямен жасалады. Туындыда бейнеленген кейіпкерлер тірі адамдай көрерменін өзіне баурап алады. Алайда олардың бүлдіршіндерге берер тәрбиесі, көрсетер өнегесі қазаққа жат. Мәселен, «Шрэк» деп аталатын мультфильмді бір кездері бүкіл бала біткен он қайталап тамашалаған. Бұл туындыны әлі де сүйіп көретін кішкентай көрермендер жоқ емес. Тіпті, ересектер де «Шрэктің» тұрақты көрермені. Бірақ ондағы кейіпкерлердің қылықтары, жасаған іс-әрекеттері өскелең ұрпақты жақсылыққа жетелейтініне күмән көп. Шетелдің туындыларында сол елдің менталитеті, болмысы, идеологиясы болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан болар, бала тәрбиесіне баса мән беретін Қытайда шетелдің мультфильмдерін бүлдіршіндерге көрсетуге, сырттан кіргізуге тыйым салынған. Қытай мұндай қадамға неліктен барды дейсіз бе? Өйткені психологтар жетіліп келе жатқан баланың санасы құрғақ ақылдан гөрі көргенін жадына тез тоқитынын, бойына сіңіріп алатынын дәлелдейді. Ал біздің елде бұған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Тіпті, баласының қай арнадан қандай мультфильм тамашалап отырғанын бақыламайтын ата-аналар да көп. Теледидар пультін еншілеп алған бүлдіршіндердің бәрі шетелдік арналардан көрсетілетін мультфильмдердегі «Спанч Боб», «Маша мен аю», «Өрмекші адам», «Нарута», «Бентен», «Бетман» сынды кейіпкерлерді жоғары бағалайды. Солардың жасаған іс-әрекеттерін қайталап, «Кім боласың?» деген сұраққа жауап бергенде де әлгі кейіпкерлердің есімін атайды. Мәселен, Чикагоның ғалымдары жүргізген зерттеу қорытындысы «Спанч Боб» мультфильмнің баланың ойлау қабілетін төмендететінін көрсеткен. Олар зерттеуге төрт жастағы 60 баланы тартып, олардың 30-ына сурет салдырған, екінші жартысына «Спанч Бобты» көрсетумен болған. Біраз уақыттан кейін 60 баланы психологиялық тестілеуден өткізген. Сонда мультфильм көрген балалардың тест қорытындысы сурет салған балалардан төмен болып шыққан. Қазақ баласы қашанғы шетелдік мультфильмдерді тамашалап, соларға еліктеп өспек? Бүлдіршіндерімізге үлгі болатын кейіпкерлер бізде жоқ па? Неге қазақ ертегілері мен аңыз-әңгімелеріндегі, батырлар жырындағы кейіпкерлерді ұтымды пайдаланбаймыз? Бұл сауалдардың талай жылдардан бері көтеріліп келе жатқаны сіз бен бізге аян. Бірақ көңілді көншітер жауап беріліп, көзді қуантар туынды әлі де ұсынылмады. «Қазақ мультфильмдері мүлдем жоқ» деп ауызды құр шөппен сүртуден аулақпыз. Алайда отандық анимациялық туындылардың шетелдікімен бәсекелес бола алмай отырғаны шындық.

Отандық туындылар қашан көбейеді?

Мультфильмдердің қазіргі ата-аналардың тәрбие құралына айналғанын талайлар айтып жүр. 2-3 жасқа келген бүлдіршіндері тыныш отыру үшін телеарнаны немесе ғаламторды қосып беріп, өз шаруаларын жасай беру әдетке айналған. Алайда аталмыш дүниелер баланың психологиясы мен тәрбиесіне кері әсерін тигізіп жатқанын елеп-ескеріп жатқандар аз. Өйткені батыстан әкелініп жатқан айқай-шуға, қатыгездікке толы, мағынасын түсініп болмайтын мультфильмдер бүлдіршіндердің санасына айтарлықтай әсер етуде. Шетел мультфильмдері балаларды өте тез қызықтырады. Мұны мамандардың мықтап ойластырғаны көрініп-ақ тұр. Олар өз туындыларын балалардың орнынан тапжылмай отырып көруі үшін барлық тәсілдерді қолданады. Мамандардың пікіріне сүйенсек, балалар мен жасөспірімдер телеаудиторияның ең белсенді көрушілері екен. Әрбір бала шамамен өз уақытының 30 пайызын экранның алдында өткізеді. Яғни, бала орта есеппен мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенше 19 мың сағат теледидар алдында отырады екен. Орта есеппен бір күнде балаларымыз 17 өлім, 37 мейірімсіздікке толы көріністерді көреді екен. Мұндай хабарлар балалардың дүниетанымының, логикасы мен психикасының қалыптасуына теріс әсерін тигізетіні анық. Соған қарамастан, бүгінгі күні қазақ балалары батыстың түрлі анимациялық туындыларын тамашалап жүр. Батыстың арзанқол дүниелерінің бала санасын жаулап алғаны соншалық, қазақстандық мультипликаторлар жасаған дүниелерді мүлде қарамайтын сияқты, көруге деген ынталары төмендеп кеткен. Соның нәтижесінде, отандық мультфильмдер заман көшіне ілесе алмай, артта қалып қойғандай әсер қалдырады. Тағы бір айта кететін жайт, ғаламторда, телеарналарда шетелдік мультфильмдер жиі көрсетіледі екен деп балаларды мультфильм көруден шектей алмаспыз. Бұл ретте психолог мамандар ата-ана балаға мультфильмді көрсетпес бұрын әуелі өзі көріп алғаны дұрыс деген ой айтады. Негізі, мультфильмді баламен бірге қарап, жақсысын жақсы, жаманын жаман деп, баланы ұнамды кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне үңілдіріп, жақсылыққа сүйсінтіп отырудың тәрбиелік мәні зор екенін естен шығармаған абзал. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді қазақта. Егемендікке қол жеткізіп, ел көшінен қалмай, өркендеп келе жатқан тұста, отандық анимациялық туындылардың аз болуы ойланатын-ақ мәселе. Бүгінде қазақ бүлдіршіндеріне ана тілінде хабар тарататын «Балапан» арнасынан отандық мультфильмдер ұсынылып жүргені көңіл қуантады. Бірақ бір ғана арна бүкіл жүкті арқалай алмайтыны анық. Ендеше, мұндай арналардың санын арттыруға, отандық мультфильмдерді түсіруге және оны насихаттауға неге назар салмаймыз? Шымкент қаласындағы «Жебе» киностудиясының «Алдар Көсе», «Аңқау қасқыр», «Қанатты Барыс» деген мазмұнды мультфильмдері бар. «Қошқар мен Теке» мультфильмі де жарыққа шыққан күннен бастап көпшіліктің көңілінен шығып, жас көрермендердің ыстық ықыласына бөленгені белгілі. «Ер төстік және Айдаһар» атты 3D пішінде толық метражды анимациялық фильм жарық көрді. Мультфильмде Желаяқ, Таусоғар, Көлтаусар, Бапы хан, Мыстан кемпір тағы басқа сияқты көптеген кейіпкерлер бар. Мұның барлығы қазақтың ауыз және жазба әдебиетінің сан алуан кейіпкерлерге өте бай екендігін көрсетеді. Алайда олардың көрсетілуі сирек, насихаты кемшін. Көршілердің «Маша мен аюының», америкалық «Disney», «Warner Brosers», «Pixar» студиялары өнімдерінің насихатталуына қарап отырып, отандық туындылардың бәсекеге қабілетсіз болуының сыры осында екенін бірден ұғасың. Киім-кешекке, стаканның, пакеттің сыртына да солардың суретін салады, ойыншық ретінде де шығарады. Бұл тұрғыдан келгенде қазақ мультфильмдерінің жарнамасы мен таратылуы нашар екенін мойындауымыз қажет. Мойындаудан қашпаймыз ғой. Бірақ сол қателікті қалыпқа келтіріп, олқылықтың орнын толтыруға қашан ниеттенеміз? Қазіргі балалар шытырман оқиғалы сюжетке құрылған дүниелерді сүйіп тамашалайтыны бәрімізге белгілі. Мұндай анимацияға сұранып тұрған қазақтың шығармалары, эпостық және лиро-эпостық жырлары, ертегілері көп. Ендеше мұндай туындыны түсіруге не кедергі? Алпамыс, Қобыланды батырлар жайында мультфильмдер болмаған соң, ұрпағымыз орыстың Алеша Попович, Добрыня Никитич және Илья Муромец туралы мультфильмдерін қарамағанда қайтсін?! Егер қазақ батырлары мен ертегі кейіпкерлері туралы дүние ұсынылса, балдырғандардың қызығушылығын оятары сөзсіз. Тіпті, қазақ балалары үшін олар шетелдік мультфильмдердегі кейіпкерлерден де қызығырақ болар ма еді?!. Тек соны мамандар көрсете әрі жеткізе білсе болғаны!