Ел дамуы үшін қызмет ететін жастар – партия қатарында

Ел дамуы үшін қызмет ететін жастар – партия қатарында

Ел дамуы үшін қызмет ететін жастар – партия қатарында
ашық дереккөзі
Тұңғыш Президент күніне орай қалыптасқан дәстүрге сай біліктілігімен көзге түскен талантты азаматтарды партия қатарына қабылдау рәсімі өтті. Өз саласында биік белестерді бағындырып, ерекше дарынымен танылған 20 қазақстандыққа партиялық билет салтанатты жағдайда тапсырылды. Олардың қатарында білім, мәдениет, спорт, бизнес, мемлекеттік қызмет, ірі өнеркәсіп және тағы басқа салаларда айтарлықтай жетістіктерге жеткен мамандар бар. Іс-шараға партия Хатшылары қатысты. Барша қатысушыларды Тұңғыш Президент күнімен құттықтаған партия Хатшысы Тамара Дүйсенова мерекенің мәні мен маңызы туралы айтып өтті. «Тәуелсіз Қазақстан халқы осыдан 27 жыл бұрын өзінің тұңғыш президентін сайлап, өз таңдауын жасады. Еліміздің бүгінгі жетістіктеріне қарап сол кезде қазақстандықтардың қателеспегенін аңғару қиын емес. Біз азаттықтың 27 жылында Елбасы саясатының арқасында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Халықаралық аренада да өз орнымызды айқындап, үлкен абырой-беделге ие болдық. Сондықтан Елбасының елге сіңірген еңбегін дәріптейтін бүгінгі мерекенің мәні мен маңызы зор. Қазақстанның болашағы – жастар. «Нұр Отан» партиясының қатарын толықтырып жатқан жастар болашақта елімізді дамытуға үлес қосады деп сенемін», – деді Тамара Дүйсенова. Бұл күні «нұротандық» атанғандардың қатарында белгілі журналист, «Қазақ радиолары» ЖШС-на қарасты «Қазақ радиосы» республикалық радиоарнасының директоры Серік Әбдуәлиев те бар. Ол Елбасы күні қарсаңында Президент партиясының мүшесі атануын үлкен қуанышқа балайтынын айтты. «Қазақта «Екі дүниең абат болсын, екі тойың қабат болсын» деген сөз бар. Сол сияқты бүгін мен үшін екі бірдей қуаныш қатар келіп отыр. Нақты айтсам, елімізді әлемдік биікке көтеріп, көшімізді бастаған Тұңғыш Президентіміздің күнінде осындай үлкен құрметке бөленіп, Елбасымыздың барлық саясатын дәріптеп, сенімді тірегі болып отырған «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанып отырмын. Бұл мен үшін үлкен абырой әрі зор жауапкершілік. Сондықтан алдағы уақытта Елбасы бастамаларының жүзеге асырылуына өз үлесімді қосу үшін аянбай еңбек етемін», – деді Серік Әбдуәлиев. Орал трансформатор зауытының басқарушы директоры Ақжол Сауранбаев партия жұмысын жандандыруға үлес қосуға дайын екенін айтты. Ал «Әлеуметтік даму қоры» қоғамдық қорының директоры Аяжан Көжекова «Нұр Отан» партиясының әлеуметтік бастамаларға әрдайым қолдау білдіретінін айрықша атап өтті. «Партия жуырда ғана әлеуметтік жобалар байқауын өткізді. «Сана» қоры жеңімпаз атанып, қаржылай қолдауға ие болдық. Қоғамда түйткілді мәселелердің ұтымды шешімін таба білетін партияның қолдауына ризамын. Азаматтарды қолдау жігерлендіреді. Қаржылай көмек беру жетістікке жетелейді. Партия қатарына қабылдану маған қуаныш сыйлады. Алдағы уақытта партия бастамаларына белсенді түрде атсалысамын. Қоғам үшін маңызды жобалардың жүзеге асуына қолымнан келгенше еңбек етемін. Жетістікке жеткен жігерлі адам алмайтын қамал жоқ. Сондықтан баршамыз бірігіп, бірлесіп еңбек етеміз», – дейді Аяжан Көжекова. Айта кетейік, партия қатарына «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары Арнұр Мәденов, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Эльмира Баженова, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбек­ұлы, «Әлеуметтік даму қоры» қоғамдық қорының директоры Аяжан Көжекова, «Қазақстанның 100 жаңа есімі – 2017» жобасының жеңімпазы, ақын Ержан Жұмабеков, «Чосон» корей этномәдени бірлестігінің мүшесі, «B Tim Enterprises» директоры Алена Ким, «Оңтүстікфильмнің» директоры Батырхан Дәуренбеков, «ХА-ХА шоу» әзіл-сықақ жобасының бас директоры Ақсұлтан Қалиев, «Болашақ» түлегі, режиссер, сценарист Айдие Айдарбеков, Орал трансформатор зауытының басқарушы директоры Ақжол Сауранбаев, Теміртау электрометаллургия комбинатының басқарма төрағасының орынбасары Иван Леннов, «Азия – БИПЭК – Авто» компаниясының Павлодар филиалының директоры Айдын Елемесов, «Агро-Есіл» ЖШС директоры Сергей Домаев, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бас инженері Батыр Қотыров, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев, кәсіпкер, «Мирас – 2000» ЖШС директоры Дәлел Жүзбаев, белгілі кәсіпкер, «Қағанат» асханалар желісінің негізін қалаушы Шынар Бүгімбаева, Әділет министрінің орынбасары Эльвира Әзімова, «Шекарасыз спорт» жобасының жетекшісі, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Blind Race Astana-Paris веломарафонының ұйымдастырушысы Бақтияр Базарбеков қабылданды.