ИСЛАМ БІЛІМІ ЖӘНЕ ТАКФИР ИДЕОЛОГИЯСЫ  

ИСЛАМ БІЛІМІ ЖӘНЕ ТАКФИР ИДЕОЛОГИЯСЫ  

ИСЛАМ БІЛІМІ ЖӘНЕ ТАКФИР ИДЕОЛОГИЯСЫ   
ашық дереккөзі
Ислам – Құран мен Мұхаммед с.а.у. пайғамбар хадисіне негізделген дін. Аллаһ Тағала Құран мазмұнында ешбір қарама қайшылықтың жоқтығын алға тартады. Бұл турасында көптеген ғалымдардың құнды еңбектер жазып қалдырған. Жер бетінде Құраннан басқа ең көп зерттеліп жазылған ешбір кітап жоқ десем артық айтқаным емес. Өйткені, Құран ол Исламның басты қайнары. Оны шынайы оқып, таныған адам Исламның ақиқат бейнесін танитыны сөзсіз.    Қазіргі таңда кейбір мұсылмандар арасында рухани қажеттіліктің аш болу себебінен кез-келген діни әдебиеттерді сүзгіден өткізбестен оқуға тырысады. Сол кітаптың мазмұны егер теріс болса адам адаса бастайды, көзсіз оқығанына сенеді және онымен амал етеді. Бұл адамның надандығынан туындаған ішкі дерт әрі оның бойында сүзгіш иммунитеттің о баста қалыптаспағанын дәлелдейді. Осындай дерттің салдарынан бүгінде мазмұнында қайшылығы жоқ Құран Кәрім аясында мұсылмандар түрлі талас-тартысқа түсіп жатыр және Құранның ішінде қарама-қайшы келетін аяттар бар іспетті көзқарастар ортаға келеді. Бұның барлығы Құран не хадис ілімдерін, ондағы негізгі қағидаларды дұрыс түсінбеуден туындап отыр. Мұндай дертті әсіресе қазіргі такфиризмге жетелеуші ағымдардың бойынан көруге болады. Бұл өз кезегінде арнайы ел мойындаған ғалымдардың алдынан жүйелі түрде білім алмай, ішкі ізденістің салдарынан кез-келген діни кітапты немесе ғаламтор арқылы жарияланған теріс мәліметтерді оқудан пайда болатын қоғамдық кесел. Әсілінде, такфир өкілдері Ислам ілімдерін бойлап білмеген, әрі Құранды жүрекпен толық ұғынбай, тілде ғана жаттанды етіп қалыптастырғандардан тұрады. Кез-келген мұсылман Құранмен амал етіп, оны өз ісінде көрсеткен жағдайда ғана Құранды түсінген болып саналады. Такфирлер секілді Құранды тілінде жаттап бірақ, оны ісінде көрсете алмағандардың мысалы Ислам тарихында көптеп кездеседі. Мәселен, Абду Рахман ибн Мулжам деген пайғамбар с.а.у. заманында сахаба болған. Ол үлкен білімді сахабалардан Құран жаттап, Ислам діні бойынша терең білім алған. Омар ибн Хаттаб өз халифаттығында оны Мысыр еліне Исламды халыққа үйрету мақсатында елші ретінде жіберген. Белгілі сахаба Амр ибн А’c Мысырға бармас бұрын Абду Рахманға көптеген өсиеттер айтқан. Алайда, Абду Рахман Құранды жаттап, қанша діни білім алғанымен оны жүрекпен шынайы түсінбегендердің қатарында еді. Себебі, ол Ислам дінінде алғаш бүлікшілер яғни, хауариждер қатарында болған әрі халифа Әли ибн Әбу Талибты қастандықпен өлтірген кісі болатын. Демек, бұдан Құранды қанша жаттап, түрлі Ислами білімді оқығанның барлығы ғалым атанғанымен пайғамбар салған шынайы мұсылмандық жолмен жүре алмауы әдбен мүмкін деген қорытынды шығады. Мұндай көкірегі соқыр мұсылмандар Құранның мазмұнын теріс бағытта түсіндіретін көзқарастардың ортаға келуіне септігін тигізеді. Бұл Абду Рахманның жағдайы ілгеріде болғанымен бүлікшілердің идеологиясы бүгінге дейін улы дертін мұсылмандар арасында таратып келеді. Мәселен, 20 ғасырдың 60 жылдарында Мысырда Мұстафа Шукри (1942-1978ж.) деген «Такфир уал һижра» ағымының негізін салушы болған. Ол да өз уақытында әлемге әйгілі әл-Азһар университетінің білікті ұстаздарынан діни білім алған, Құран жаттаған дес-ті. Алайда, сол алған білімі жүрекке қонбағандықтан, салдарынан үкіметке қарсы шығып, мұсылмандардың арасына алауыздық тудыратын жаңа такфир ағымының ортаға келуіне себепші болды. Мұстафа Шукридің көзқарасы бойынша шариғат үкімімен үкім етпеген елден мұсылмандар қоныс аударып кету керек әрі күнә, пасықтық, зұлымдық, қателік секілді жаман амалдар мұсылман адамды кәпір етеді. Ол: «Біз ізгі мұсылмандар қоғамын құру үшін Ислам дінін дұрыс бағытта жіті оқып, зерттеуіміз керек. Сондай-ақ, Ислам салған жолмен ғана жүруіміз керек», деген ұранмен дін жолына шақыратын. Қазіргі теріс ағым мүшелері де осылай жанға жағымды әңгімеден бастап, алдымен адамды өзіне баурап алу әдіс-тәсілдерінің арқасында діннің қайнарын бұрмалап, көптеген мұсылмандарды отбасын ойран еткенін көз көруде. Бүгінде осындай қауіпті такфир идеологиясының кесірі қоғамға қатерлі екенін дінтанушылар жарыса айтқанымен, мұсылмандар арасында олар тасада жасырын жұмыс жасап жатқаны мәлім. Бұның тамырына балта шабу үшін қазақ жерінде нақты жүйелі түрде Ислами білім беру мектебін ертерек қалыптастыруымыз керек. Ол жерде фиқһта Әбу Ханифа, тәпсірде Әбу Жафар ат-Табари, Ибн Касир, әл-Құртуби секілді ғалымдарды тұлға ретінде және жеке еңбектерін барынша дәріптеу қажет. Бұл біріншіден, қара халықтың діни сауатын көтеруге бағытталса, екіншіден, кімнен және қандай кітаптардан білім алу керектігін жөнге қояды. Қазіргі қазақ мұсылмандарының арасында Әбу Ханифа мәзхабын ұстанамыз дегендер 70% пайыздан асады. Деседе, ол кісінің кім екенін, оның өмір жолын білетін сауатты мұсылмандар, өкінішке орай, аз. Қазақ ежелден Әбу Ханифа жолын ұстанып келгені хақ, десекте, тәуелсіздік алған уақытта сол ұстанымға жеңіл қарап қойғандаймыз. Әбу Ханифа бағытын ұстанамын деп, оның бағытынан ауытқып елге қиянат жасап жүргендер жетерлік. Бұл да діни сауатсыздықтың кесірі. Сондықтан адамның діни сенімі өте нәзік екенін ескеріп, оған барар жолды аңдап басу қазіргі мұсылмандардың басты талабына айналып үлгерді. Жалғас АСХАТҰЛЫ, дінтанушы