«ТАС МАЙЫ» ТАУСЫЛУҒА ТАЯУ

«ТАС МАЙЫ» ТАУСЫЛУҒА ТАЯУ

«ТАС МАЙЫ» ТАУСЫЛУҒА ТАЯУ
ашық дереккөзі
XXI ғасырдың соңында КСРО аумағында ғана емес, әлем елдерінде айтулы оқиғалар орын алды. Әріге бармай-ақ, 1990 жылдың басында баррелі 10 доллар болып келген мұнай сол жылдың қазан айында 45 АҚШ долларына сатыла бастады. Өндірушілер мен акционерлер бөркін аспанға ата бергенде, баға 17-18 долларға қайта құлады. Бұл 1991 жылдың ақпаны болатын. Мамандар баға көтеріледі деп пікір білдіргенмен, керісінше арзандай берді. Азиядағы қаржылық дағдарыс салдарынан 1998 жылдың соңында баға тіпті төмен түсіп, бренд маркалы мұнайдың бір баррелі 9,1 долларға саудаланды. Бұл соңғы ширек ғасырдағы ең төмен баға ретінде тарихта қалды. 1998 жылы төмендеп кеткен мұнай бағасы 2008 жылы аспандап 143,95 доллардан сатылды. Арада тағы 10 жыл өтті. Биыл ше? Әлемдік экономиканы қандай жаңалық күтіп тұр? Биыл да әлемдік тарих беттері айшықты оқиғалармен толықты. Солардың бірі – Бірінші Дүнижүзілік соғыстың аяқталғанына 100 жыл толды. Айтулы мереке қараша айының басында Франция мемлекетінде тойланды. Ел президенті Эммануель Макрон сыйлы қонақтарын құрақ ұшып қарсы алғанын білеміз. Қонақтар да «бейбітшілік орнаған заманда дүниежүзілік соғыстың аяқталғанын Францияда атап өтудің мәні жоғары» деп тілекші болған-ды. Сөйтсек, француздар өз ішінде бір-бірімен «соғысты» бастап кеткен екен. Осы аптада Францияның түкпір-түкпірінде болған ереуілдер көп жайтты аңғартады. «сарғыш жейделілердің» басты базынасы ‒ қараша айының басынан бастап жанар-жағармай бағасының қымбаттауы мен экологиялық салықтың өсуі. Жаһандық бұқаралық ақпарат құралдары елдегі болып жатқан жағдайдың ақ-қарасын анықтау үшін үздіксіз ақпарат таратуда. Соңғы түскен мәліметтер бойынша, 500 ден астам адам жапа шегіп, 282 адам ұсталды. Ереуіл кезінде көлік дөңгелегіне түсіп кеткен 1 адам қаза тауыпты. Жарақат алғандардың арасында 100-ге жуық тәртіп сақшысы бар. Бұл туралы Францияның ішкі істер департаментінің басшысы Кристоф Кастанер мәлімдеді. Осы күндері 3 мыңнан астам белсенділер мен көлік жүргізушілер ереуілге шықты. Бірнеше күннен бері елдегі «сарғыш жейделілердің» ереуілі саябырсымай тұр. Олар тіпті батыстағы ірі мұнай компаниясы болып саналатын «Total»-дың қоймаларына барар жолды жауып тастаған. Сондай-ақ, жеңіл автокөліктер ауыр техниканың ел ішіндегі қозғалысын тоқтату үшін қолдан кептеліс жасап, көшелерде жол бермеу әрекеттерін жүзеге асыруда. Бірақ ереуілшілердің саны күн санап артып жатса да, ел билігі бағаға қатысты, оның арзандауы жайлы тіс жармай отыр. Осы себепті соңғы аптада президент Эммануель Макронның рейтингі 25 пайызға төмендеген. Не де болса, кәрі құрлықтағы түйткілдің бәрі мұнайға барып тіреледі.

КІМДЕР АЛАДЫ?

Қазірде «қара алтын» деп қастерленетін мұнайдың тарихы тереңде. Біздің заманымыздан 6 мың 500 жыл бұрын қазіргі Ирак аумағында өмір сүрген адамдар мұнайды құрылыста цемент орнына қолданған деседі. Ал 2 мың жыл бұрын Қытай жерін мекендегендер бамбук ағаштарының көмегімен мұнай ұңғымаларын орнатыпты. Алғашында мұнай үшін емес, тұщы суға құмартып, мұнай мен газға кезіккен деген сөз бар. Ал 1539 жылдары «тас майы» деп аталған сұйықтық Америка құрлығынан Еуропаға тасымалданатын тауарлар тізіміне енді. Сол жылы Венесуэладан Испанияға жөнелтілген мұнай тасымалының алғашқы легі бірнеше темір құтыға құйылып, шекара асқан. Ал қазір әлемдік мұнай сұранысы тәулігіне 100 миллион баррелді құрап отыр. Алғашында артрит ауруын емдеу үшін айналымға түскен көмірсутектер қоспасы бүгінде әлемдік экономиканың жанды жеріне айналған. Олай дейтініміз, дүниежүзілік жанар-жағармай энергетикалық балансында мұнайдың үлесі орасан зор. Адамзат пайдаланатын қуат көздері ішінде 48 пайызды жалғыз өзі еншілейді. Одан 300-ге тарта өнім өндіріледі. Мамандардың айтуынша, болашақта бұл көрсеткіш мұнай өндірудің қиындай беруінен, сондай-ақ, атом және басқа қуат көздерін пайдалануға байланысты кеми бермек. Бірақ синтетикалық каучук, синтетикалық талшықтар, пластмасса, жуу құралдарын, пластификатор, бояғыштар,  тағы басқа әлемдік өндірістің өсуіне ықпал етіп отырған қара алтынның құны қымбаттамаса, түсе қоюы неғайбыл. Бір жағы әлемдік қор жылдан-жылға азайып келеді. Мұнайдың әлемде сұранысқа ие бола бастауы белгілі поляк химигі Игнатий Лукасевичтің қауіпсіз әрі ыңғайлы жағармай лампасын ойлап табу кезеңімен тұспа-тұс келеді. Ол ‒ 1853 жылы. 1908 жылы қарапайым адамдарға қолжетімсіз болып келген автокөлікті Генри Форд арзан бағада шығара бастады. 1900 жылы Америка Құрама Штаттарында 8 мыңға жуық автокөлік болған болса, 1920 жылы олардың саны 8,1 миллионға жеткен. Ал қазір әлемде 1 миллиардтан аса автокөлік бар. Бұның өзі 2010 жылғы көрсеткіш. Осындай факторлар әсер еткендігі себепті әлемдегі мұнай сұранысы күрт артты. Бір ғажабы, Қазақстандағы мұнай қоры әуелден әлем зерттеушілерін қызықтырып келген.  XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың алғашқы жартысында Жайық пен Жем өңірінде жер қойнауын зерттеушілердің пайда болғаны белгілі. И.Лепехин, П.И. Рычков, П.С. Паллас, С.Г. Гмелин, Г.Гельмерсен бастаған мамандар Атыраудың географиялық және топографиялық құрылымына, су қорлары мен кен байлықтарына қысқаша геологиялық сипаттама берді. Атырау өңірін алғашқы зерттеушілердің бірі Н.А. Северцов 1860 жылы «Горный» журналына қазіргі Доссор маңы туралы: «Бұл жердің мұнайы су бетіне қалқып шығып жатады екен», – деп жазған. Сол кезеңнің өзінде жергілікті тұрғындар дәрілік мақсатта оны қолданып келгені белгілі. Ал бүгінде әлем бойынша мұнай саласының болашағы бұлыңғыр тартып тұр. Оған себеп аз қалған мұнай қоры мен оған сұраныстың күрт көбеюі дейді мамандар. Бір жағынан табиғи қазба байлық жыл өткен сайын көбеймейді, бір күні таусылады. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан аумағында қалған мұнай қорының көлемі 30 миллиард баррелді құрайды. Қазіргі сұраныспен есептесек, Қазақстан әлем елдерін тұп-тура 300 күн ғана қара алтынмен қамтамасыз ете алады. Десек те, бұл деректер 2015 жылы жасалғанын ескерген жөн. Көш басында Венесуэла тұр. Елдегі мұнай қоры 298 миллиард 400 миллион баррелді құрайды. Әрмен қарай Сауд Арабиясы, Канада, Иран, Ирак, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Ливия, Нигерия, АҚШ жайғасқан. АҚШ-тың мұнай қоры Қазақстанмен салыстырғанда 6 миллиард 520 миллион баррелге көп. Тізімдегі 13-орынға 25 миллиард 240 миллион баррел мұнай қорымен Катар елі орналасқан. Онан кейін Қытай, Бразилия, Алжир, Мексика, Ангола, Эквадор, Әзірбайжан үздік 20 елді түйіндейді. Әзірбайжандағы мұнай қоры 7 миллиард баррелге жетіп жығылады. 100-ге тарта мемлекеттен өндірілетін мұнай қорын есепке алған мамандар, болашақтағы сұраныстың артатынын ескеріп, табиғатта шамамен 50 жылға жететін қара алтын қалғанын айтады. Қазірде мұнай импортында көш бастап тұрған АҚШ (тәулігіне 7,4 млн барр) пен Қытай (6,7 млн барр). Экспорт бойынша Сауд Арабиясы (тәулігіне 7,2 млн барр) мен Ресей (4,9 млн барр) үздіктер қатарында.

МҰНАЙҒА ТӘУЕЛДІ ЭКОНОМИКА

Соңғы аптада АҚШ-тың Иранға салған санкциялары күшейіп барады. Қарашаның басында Ақ үй басшысы Дональд Трамптың әкімшілігі Иранға бағытталған барлық санкцияларды қайта күшіне енгізді. Санкциялар Иранның мұнай және банк саласына соққы болып тиюде. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео: «Мен санкцияның керек нәтиже беретінін және ирандық режимнің тәртібі оңалатынына сенемін. Біз осыны есепке алып отырмыз», ‒ деп мәлімдеме жасады. Соған қарамастан Иранның сыртқы істер министрі Джавит Зариф: «Санкциялар арқылы біздің күн көруіміз қиындамайды, есесіне, көркейе түсеміз», ‒ деп мысқылдағандай болды. «Қай кезеңде де санкция салдары экономиканың құлдырауына әкеп соғатыны белгілі. Қарапайым тұрғындардың жанына, тұрмысына ауыр тигенімен саясатты өзгертетін сәттер тым аз», ‒ дейді тағы Зариф. Бұлай айтуына бірден-бір әсер етіп отырған жайт Иранның Сирия, Ресей арасындағы келісімшарты бұзылмаған. Иранның Ресейді өзіне жақын тартып отыруының бір мәнісі Сирияға тасымалданатын мұнай экспорты тікелей Ресей арқылы өтеді. Джавит Зариф БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Ресей ‒ біздің керемет сауда және саяси әріптесіміз. Бізді өте жақсы түсінеді. Өйткені олар да санкцияның «жемтігі», ‒ деген болатын. АҚШ билігі Ресейдегі жеке және заңды тұлғаларға да санкция салуды бастады. «Global Vision Group» пен «Промсырьеимпорт» алғашқы санкциялардың құрбандары. Бұл компаниялар Иран мұнайын жасырын түрде Сирияға тасымалдап келген. АҚШ-тың Ресейге бағытталған санкциялары қараша айының басында Қырым мен Донбастағы шиеленіскен жағдайға байланысты күшейтілген еді. Енді жағдай тіпті ушығып тұр. Ал Ирандағы жағдай кері кеткен. Өйткені тыйым тек Иранға емес, бұл елден мұнай алатын барлық серіктестеріне де қатысты. Осы себепті шетелдік компаниялар Иранмен арадағы байланысын үзе бастаған. Финляндия сыртқы істер министрінің мәліметінше Иранда барлығы 70 финдік компания болған. Қазір оның тек 20 шақтысы ғана қалыпты. Бұл шектеудің жаңа толқыны Иранның энергетика саласына, мұнай серіктестеріне, Иранның Орталық Банкпен жасалатын транзакциясына және елдің кеме жасау өнеркәсібіне қатысты. Осылайша, АҚШ тарапы энергетикалық санкция арқылы Иранның мұнайдан түсетін табысын төмендетпек дейді мамандар. Бұл шешім Ақ үй басшысының Иран атомы мәселесін тұрақтандыру бойынша ортақ келісімнен шығуы себепті туындады. Трамп «Иран терроризмді қолдайды» деген өз пікірінен қайтпай отыр. Соңғы санкциядан кейін Ақ үй басшысы: «Бұл жолғы Иранға салынған санкциялар бұрынғыдан да қатаң. Осыдан кейін Иранның жағдайы қалай болатынын көреміз. Бір ғана айтарым, Иранның ұстанымы дұрыс емес. Мен билік басына келгенімде, Иран Орталық Азияны жаулап алатындай болған еді. Енді оған мұршасы келмес», ‒ деп ойын ашып айтқан-ды. Жалпы, экономиканың ілгерілеуі, валюта бағамының күрт өсіп не әлсіреуі тікелей санкцияларға байланысты болып отыр. Қазақстанда соңғы ширек ғасыр ішінде теңге бағамы күрт төмендеді. Қазақстан экономикасына тыйым салынбағанмен, Ресейге салынған санкциялар тікелей бізге де әсер етіп келді. Қазан айында Вашингтонға сапарлаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов аталған мәселеге байланысты келіссөздер жүргізіп келген-ді. Конгресс  Ресейге қатысты санкция салуға қатысты құжатты қарастырғанда Қазақстанның экономикасы зардап шекпейтіндей шешім қабылдауға келіскен. Санкция салқынын бір ғана Иран емес, көп мемлекеттер тартып отыр. Бір анығы ‒ АҚШ санкцияларының бұл басы да, соңы да емес. Ал әлемдік бренд маркалы мұнай бағасына келсек, сарапшылар ойы екіге жарылған. Соңғы уақыттағы санкциялардың көбеюі бағаны тіпті төмендетіп жіберді. Осы себепті валюта бағамы да әлсіреу үстінде. Арзан бағаға сатылған мұнай қажетті қаржы көлемін өтемегесін экспорттаушы елдер мұнай көлемін арттырады. Осы себепті қазір 50-70 доллар аралығында саудаланып жүрген баға тіпті, 30 долларға түседі деген болжам бар. Бұл, әрине, экспортқа тиімсіз болмақ. Экспорт бойынша көш бастайтын ОПЕК келер  жылы бренд маркалы мұнай бағасының бір баррелі шамамен 100 АҚШ долларын құрайды деп отыр. Осыған сәйкес олар 2019 жылы мұнай өндірісі көлемін азайтпақ. Егер ОПЕК елдері мұнай өндірісін азайтса, өнім тапшылығы туындап, баға көтерілуі мүмкін.