Валюталар майданы

Валюталар майданы

Валюталар майданы
ашық дереккөзі
Әлемдік сауда-саттықтың 70-80 пайызы доллармен жасалады. Ешқандай алтын қорына байланбаған «жасыл қағаздардың» соңғы елу жылда ғаламдық экономикаға ықпал ету тетігіне айналғаны жасырын емес. Расында, халықаралық резервтік валюта ретінде доллар бағамының салыстырмалы түрде тұрақтылығына ешкімнің тағар кінәсі жоқ. Күмән – америкалық экономиканың келешегінде емес, америкалық саясаттың бұлдырлығында болса керек. Демократияның озық үлгісі, әлемдік тәртіптің сақшысы болып тұрғанда АҚШ-тың экономикалық үстемдігі де даусыз болатын. Бірақ бүгінгі Ақ үй қожайынының оқшаулану саясаты, «ең алдымен Америкалаған» ұрандары, халықаралық келісімдерден, оның ішінде экологиялық (Париж климаттық келісімі), саяси (Иранмен ядролық келісім), сауда-саттық (Транс-Тынық мұхиты серіктестігі) сияқты түрлі деңгейдегі келісім-шарттарды біржақты бұзуы ертеңгі күнге деген алаңды күшейтті. Ал болашаққа деген нық сенім жоқ жерде бизнес те, капитал да тұрмайтыны бесенеден белгілі. Доллардың гегемониясынан құтылу идеясының пайда болғанына біраз болған. БРИКС одағына жататын елдердің ішінде өзара сауда-саттықты америка ақшасына емес, ұлттық валюталармен жасауға ұсыныс айтылған. Ресей мен Қытай екіжақты сауда-саттықта долларлық есептеуден бас тартуға бейіл. Ал Пәкістан болса, америкалық долларды ұлттық валютамен ауыстыруға кірісіп те кетті. АҚШ санкциялары сансыратқан Иран да доллардан бас тартып, еуроға көшті. Еуропалық одақ халық­аралық сауда-саттықты еуромен жүргізуге қуана келісіп отыр. Осындай жағдайда Иран мен Ресейге қарсы жарияланған санкцияларға зығырданы қайнаған Владимир Путин: «АҚШ өзі отырған бұтақты өзі кесіп отыр» деп салды. Кей елдерге жасалған бүгінгі америкалық құрсау ертеңгі америкалық саясатқа, америкалық экономикаға, түптің түбінде америкалық валютаға деген сенімді азайтатынын меңзегені. Әйткенмен, Халықаралық валюта қорының дерегіне жүгінсек, бүгінгі таңда әлемдік қаржы саласындағы алпауыт валюталардың үлесі мынандай: – доллар әлемдік орталық банктер резервінің 61,9 пайызын; – еуро – 23,7 пайызын; – британ фунт стерлингі – 4 пайызын; – жапон йені – 3,9 пайызын; – швейцария франкі – 0,3 пайызын құрайды. Ғаламдық валюталық резервтің қалған 6,2 пайызы басқа валюталарға тиесілі. Осы кестеге бір қарағаннан-ақ, америкалық доллардың әлемдік орталық банктерінің қорының негізгі бөлігін жаулап алғаны түсінікті болады. Бұған қоса, Bloomberg агенттігінің дерегіне сәйкес, әлемдік төлемдердің 40 пайызы тек доллармен жасалады екен. Ал Еуропалық орталық банктің мәліметтеріне сенсек, халық­аралық қарыздардың үштен екісі америкалық валютамен есептелген. Одан бөлек, жаһандық энергетикалық келісім-шарттардың бәрі түгелдей дерлік доллармен жасалған. Осындай жағдайда «долларға тәуелділіктен құтылу» талпынысы табысты бола ма? Еурокомиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкер қыркүйек айында еуропалық компаниялардың еуропалық ұшақтарды америкалық долларға сатып алатынын «миға қонымсыз жағдай» деп атады. Яғни, кәрі құрлықтың өз ішіндегі сауда-саттықты доллармен емес, еуромен жүргізуге үндегені. Францияның қаржы министрі Бруно Ле Майр бір сөзінде «Еуропа вассал емес, өз алдына тәуелсіз континент болуы тиіс» деген болатын, яғни АҚШ-қа экономикалық вассал болуды доғару керектігін айтқаны. Мұның бір себебі Ақ үй әкімшілігінің Иранға қарсы жариялаған санкцияларының салдарында жатыр. Себебі Трамп еуропалық компанияларды Тегеранмен барлық экономикалық байланыстарды үзуге итермелеп отыр. Бірақ еуропалық компаниялар Иранмен жасалған келісім-шарттарды бұзуға құлықты емес. Сондықтан америкалық қаржы жүйесінен барынша тәуелсіз болудың жолын іздестіріп жатыр. Оның бір үлгісі – алдағы уақытта иран мұнайын еуропалық тауарларға айырбас жасау жүйесін енгізу. Ал Иранның өзі көп жылдан бері әріптестерін мұнайды сатуда долларға балама валюта қолдануға үгіттеумен келеді. Қытай әлемдік нарықта мұнайға қатысты сатып алу келісім-шартын юаньмен жасауды ұсынып, одан әрі отқа май құя түсті. Ал Ресейдің долларға қарсы ашқан «соғысы» амалсыздың күні немесе «қорыққан бірінші жұдырықтайдының» керіне көбірек ұқсайды. Мысалы, 2014 жылы көктемде америкалық Visa және Mastercard концерндері ресейліктердің несие карталарын екі күнге бұғаттап тастаған болатын. Халықаралық төлем жүйесінен шығып қалудың салдары қандай болатыны сонда сезілген. Бір жылдан соң Ресей ұлттық төлем жүйесін жасады. Биылғы жылдың ортасынан бері мемлекеттік компаниялар өз қызметкерлерінің жалақысын ресейлік банк жүйесіне аударуға мүмкіндік алған. Осылайша, көрші ел америкалық қаржы жүйесінен барынша тәуелсіздік алуға ұмтыла бастады. Бүгінде Ресей үкіметі доллардан құтылудың жоспарын ойластырып қойған сияқты. Бұл елдің қаржы министрі Антон Силуановтың сөзіне қарағанда, бұл үшін ұлттық валютада келісім-шарт жасасқан компанияларға салықтық жеңілдік жасау қарастырылады. Ал 2024 жылға қарай мұндай компаниялар шетелге экспортқа жіберілген түсімді Ресейге қайтару міндетінен босатылады. Мұндай қадамға Ресей өз еркімен бекініп отырған жоқ сияқты, оның түп себебі экономикалық қысымның нәтижесінде туатын долларлық тапшылықтың алдын алудың қамы болуы ғажап емес. Ресейдің экономикалық ахуалының Қазақстандағы жағдаймен үндестігі көп, мысалы, онда да бюджет шығындары рубльмен, ал мұнай мен газ саудасынан түскен кіріс доллармен есептеледі. Сондықтан ұлттық валютаның құнсыздануы үкіметтен гөрі қара халықтың қабырғасына көбірек бататыны түсінікті. Бірақ мұнай мен газ саласындағы жаһандық сауда тек доллармен жүзеге асады. Ал бюджетінің кіріс бөлігінің негізі шикізат экспортынан түсетін Ресей долларлық келісім-шарттардан жақын арада бас тарта алмайды. Оның үстіне, Ресей газын тұтынушы Батыс Еуропа елдері рубльмен сауда-саттық жасауға келісуі екіталай. Ал Ресейдің басқа әріптестері, Үндістан, Қытай, Иран сияқты мемлекеттер ұлттық валютаға көшуге кетәрі емес. Мысалы, Путин мен Си Цзиньпин қыркүйек айында өткен экономикалық форум кезінде өзара сауда-саттықта ұлттық валюталармен есеп айырысу жөнінде келісімге келді. Ал Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған «доллардың басымдығынан құтылатын кез жетті» деген мазмұндағы мәлімдеме жасаған еді, бірақ Еуропаның желкесінде отырған ел үшін мұндай тәуекелдің ауылы әлі алыс сияқты. Қазақстан үкіметі де долларлық тәуелділіктен арылу керектігін көптен бері айтып жүр. 15 қарашада Алматыда өткен Қаржыгерлердің кезекті жиынында осы мәселе тағы талқыланды. Жиырма шақты елден келген қаржыгерлер, банкирлер, экономист мамандар долларға тәуелділіктен арылудың болжалды мүмкіндігі жайлы өз ойларын ортаға салды. Қазақстан Ұлттық банк төрағасы Данияр Акишев шекарааралық сауда-саттықта теңгені қолдануға болатынын айтып қалған еді: – Біз өз елімізден қомақты көлемде шикізатты экспортқа шығарамыз, ал өз сауда әріптестерімізден үлкен көлемде тауарларды импорттаймыз. Осы жерде біз өзара тиімді болатын әріптестік орната аламыз деп ойлаймын. Ең алдымен, бізге Ресей мен Қытай маңызды. Дегенмен, меніңше, теңгенің есеп айырысудағы қабілетін арттыруда Қырғызстанмен сауда-саттықтың рөлі өте маңызды, – деді ол. Яғни, Ұлттық банк төрағасы Қазақстан үшін Ресей мен Қытай маңызды сауда-саттық әріптес екенін баса айта отырып, екі арада теңгенің айырбас құралы болуына қабілеті жететініне сенімі аздығын сездіріп алды. Ресей Орталық банкінің төрайымы Эльвира Набиуллина оның күдігін одан әрі күшейтті. – Рубль де, теңге де шикізаттық тауарлардың экспортына тәуелді, тіпті, рубльге қарағанда теңгенің тәуелділігі көбірек, – деді ол. Осылайша, ресейлік банкир қазақстандық теңгенің келешегіне күмәнмен қарайтынын жасырған жоқ. Сонымен, доллардың үстемдігі әйтеуір бір күні аяқталарын ойлаған халықаралық қауымдастық оған балама іздеуде бірауыздылық таныта алмай отыр. Себебі дәл қазір доллардың орнын басуға халықаралық резервтік валюталардың қай-қайсысы да қауқарлы емес. Еуроодақтың ішіндегі елдер экономикасындағы түйткілдер еуроның тұрақтылығына сын. Бұған дейін Грекия, қазір Италияның басындағы шиеленіскен ахуал бұл валютаның өміршеңдігіне күмәнмен қарауға мәжбүр етеді. Қытай юаньды халықаралық резервтік валюта ретінде ұсынғанымен, оның бағамы Компартияның дәліздерінде шешіледі әрі бұл елдегі мемлекеттік саясат демократиялық дамуға және ғаламдық сауда-саттықтағы ашықтыққа жол беруі неғайбыл. Яғни, алдағы 10-15 жылда америкалық валютаны орнынан ысыратын балама табыла қоюы екіталай. Әйткенмен, бұл бағытта өзгерістер басталды деуге болар... P.S. Ғаламдық даму шежіресін қарап отырсақ, жер бетіндегі тіршіліктен бас­тап сан қилы өркениеттерге дейін айналмалы шеңбер түрінде дамыған: әуелгі қозғалыс – өсуге, өсу – шарықтап жетілуге, одан соң – әбден пісіп, кемеліне келуге себепкер болып, ақыр аяғында – біртіндеп баяулап, дамуы тежеліп, қарқыны бәсеңдеп, түптің түбінде біржола жойылып кетуге бейім. Бұған тарихтан белгілі кез келген өркениеттің мысалын алсаңыз жеткілікті. Ендеше, америкалық экономикалық және қаржылық үстемдіктің, оның ішінде доллардың жүз жылда ұлттық ақшадан халықаралық резервтік валютаға айналып, жер бетіндегі екі жүзге тарта экономиканың тағдырына ықпал етер қуатқа ие болғанының да ақыры бар. Америкалық валютаға қарсы ашылған соғыстың шешуші сипатқа ие болуы міндетті емес, ол тек себепкер әлде катализатор болуы ықтимал. Бұл жерде біз жаратылыстың жалғандығын, бүгін бар нәрсенің ертең жоққа айналу ықтималдығын ғана еске салып отырмыз. Яғни, осынау өмірлік пәлсапаның қалыбымен сөйлесек, доллардың үстемдік құрған күні де бітер. Мәселе оның қашан болатынында ғана.