Еңбек ету – күнгейдегі елдің салты

Еңбек ету – күнгейдегі елдің салты

Еңбек ету – күнгейдегі елдің салты
ашық дереккөзі
Түркістан облысында  2018 жылдың 1 қазаны  бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 140 992 болса, оның жұмыс істеп, бюджет қоржынына қаржы құйып жатқандары –  129 424. Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап бүгінге дейін 43 млрд теңгенің 1500 жобасына қаржылай қолдау көрсетілген. Нәтижесінде 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке 63 млрд теңгенің салығы түскен. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғанибет Әубәкіров мәлімдеді. Басқарма басшысының таратқан мәлімет­те­ріне қарағанда, тек ағымдағы жылы ғана аталған бағдарлама аясында 4,4 млрд теңгенің 400 жобасына қолдау көрсетілген. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің банктердегі кредиттері бойынша пайыздық ставканы субсидиялауға 4,2 млрд теңге бөлініп, 350 жоба субсидияланған. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар ұсы­нуға 60 млн теңге қаралып, 20 жобаға мемле­кет­тік гранттар ұсынылған. 9 айдың қорытындысы бойынша­ Түркіс­тан облысының 300-ден астам өнер­кәсіп орын­дары 323,9 млрд теңгенің өнімін өн­діріп, оның индексі 97 пайызды құраған. Кәсіп­кер­лікті қолдау картасы аясында ағымдағы жылы 16,8 млрд теңгені құрайтын 9 жобаны іске қосу жоспарланса, оның қазіргі таңдағы іске қосылып, өнім өндіруге кірісіп жатқандары 4 жоба. Олар: Ордабасы ауданындағы ПЭТ қалдықтарын және шпательді талшықтар өндіретін «Green technology industries» зауыты, Түркістан қаласындағы түйе мен бие сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» кәсіпорны, Сүт-тауар фермасы базасында ешкі сүтін қайта өңдейтын «Ордабасы ешкі сүт өнімдері» ЖШС, сондай-ақ, Қазығұрт ауданындағы алкогольсіз сусындар өндіретін «Көрік» шаруа қожалығы. Брифингте сондай-ақ, 2015-2019 жыл­дарға арналған кәсіпкерлікті қолдау картасына 426 млрд теңгені құрайтын  87 жоба  ен­гізіліп, жаңадан 11 мың жұмыс орнының ашы­латыны жөнінде де нақты ақпарат таратылды.

45 КӘСІПОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысы 2025 жылға қарай 58 156 тонна етті қайта өңдеп экспорттайтын болады. 2017 жылы бұл көрсеткіш 29323 тоннаны құраған. Сондай-ақ, бү­гінге дейін өңірімізде 43375,2 тонна сүт қайта өңделіп келсе, келешекте 92875 тоннаға артады. Ал 7195 тонна көкөністен дайын өнім алынса, ал­дағы уақытта 49195 тонна тауар қайта өң­дел­мек. Бұл туралы облыстық ауыл ша­ру­а­шылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен жиында айтты. Оның сөзінше, жоғарыда аталған жетістіктерге жаңадан әзірленген «Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың өңірлік бағдарламасы» аясында қол жеткізілетін болады. «Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында облысымызда жалпы 107 кәсіпорын жұмыс істеп келеді. Оның 38-і ет, 35-і сүт, 34 кәсіпорын жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеумен айналысады. Бағдарлама аясында 2025 жылға қарай облыс аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарының саны 45 бірлікке жеткізу жоспарда бар. Жос­пар жүзеге асса, экспорт көлемі 2,5 артады», – деді Нұрбек Бадырақов. Өткен жылы қайта өңделген ауыл ша­руа­шылығы өнімдері экспортының көлемі 231,5 млн АҚШ долларын құраған. Бұл көр­сеткішті 2022 жылға қарай 578,8 млн АҚШ долларға жеткізу жоспарлануда. Жалпы 2017 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 1 671 376 тоннаға жеткен. Оның 41,5 пайызы Ресей, Белоруссия, Қырғызстан елдеріне, 38,5 пайызы Өзбекстанға 9,2 пайызы Ауғанстан Рес­публикасына жөнелтілген. 2022 жылға қарай экспорт көлемін 4 178 440 тоннаға жеткізу көзделуде.

СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАРДЫҢ 40 ПАЙЫЗЫ – КҮНГЕЙДЕН

Ағымдағы жылдың 9 айында облыс­тағы 30 436 отбасыға (173 620 адам) жалпы сомасы 12769 млн теңге көлемінде атау­лы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте Жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев атап өтті. Басқарма басшысының айтуынша, шартты ақшалай көмек алушылардың өз кәсібін ашу үшін кіші бизнес жобалары әзірленіп, нәти­жесінде 15 127 отбасы 17 мыңға жуық ірі қара мал және 14 500 уақ мал алып, 1689 от­басы құс шаруашылығымен шұғылдануға кіріскен. Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету арқылы жалпы 15 127 отбасы ішінен 2580 адам өз кәсібін ашқан. Бұдан әрі басқарма басшысы республи­ка­ның солтүстік өңірлеріне халық­тың өз ер­кімен қоныс аударуы жанданып келе жат­қанын атап өтті. Мәселен, осы аталған кезеңде облысымыздан 263 отбасы, яғни 1112 адам қоныс аударып, оларға тиісті төлемдер төленіпті. Бұл республика бойынша солтүстікке қоныс аударған адамдардың 40 пайызын құрайды екен. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ардагерлерді  әлеуметтік қолдау бойынша ағымдағы жылы барлық бюджеттер есебінен 8,6 млрд. теңге қаралып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар 64 мыңға жуық техникалық көмекші құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілген. 7800-ге жуық зейнеткер басқармаға қарасты «Ардагер» және «Мейір» сауықтыру кешендеріне жолдама алған. 80 жастан асқан жалғызілікті 310 қарияның  зейнетақыларына ай сайын жергілікті бюджет есебінен 1 айлық есептік көрсеткіші мөлшерінде көмек беріліп отырған.

Сейітхан Зеберханұлы