Келестің келешегі кемел

Келестің келешегі кемел

Келестің келешегі кемел
ашық дереккөзі
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында аймақтың қуаттылығын арттыра келіп, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осыған орай қазіргі уақытта өңірлерде өнімді жұмыстар жүргізілуде. Ең алдымен еске алатын бір нәрсе, ауылдағы тұрғындардың жағдайын жақсарту үшін олардың кәсіп көзі болуы тиіс. Оған мемлекет пен аудан әкімшілігі жағдай жасағаны абзал. Бір ғана мысал, бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпорындардың еліміздің жалпы ішкі өніміндегі үлесі шамамен 30 пайыздың ар жақ, бер жағында болып отыр. Бұл көрсеткішті Президент атап көрсеткендей, 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу керектігі көзделіп отыр. Әлемдік дерекке жүгінер болсақ, шағын және орта кәсіпкерлік АҚШ-та – 57, Францияда – 50, Жапонияда – 71,7 пайызды құрап отыр. Ал бұл сала бүгінде Қазақстанда бар болғаны – 31 пайыз деңгейінде ғана. Сондықтан қалай айтқанда да, аталған саланың ажарын кіргізу басты міндетке айналуы керек. Бұл орайда Түркістан облысындағы жаңадан құрылған Келес ауданында келелі жұмыстар жүргізілуде. Халқының саны 135819 адамға жетіп, аумағы 3,4 мың шаршы шақырымды құрайтын ауданның саяси-экономикалық жағдайы тұрақты. Ондаған ұлт мекендейтін ауданда халық тату-тәтті, бірлік пен ынтымақта өмір сүруде. Атап өтер бір жайт, аудан халқының 92,4 пайызы – қазақтар, тәжіктер – 401 адам немесе 0,2%, орыстар 338 адам немесе 0,3%, өзбектер – 6997 адам немесе 5,1% және өзге ұлттар – 2600 адам шамасында. Демек бірлігі жарасқан берекелі өңірдің бүгінде тірлігі бекем, кәсібі көркем деп айтуға болады. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ілкімді жұмыстыр жүргізілуде. Бір ғана мысал, 2018 жылы Өңірлік кәсіпкерлік қолдау картасы аясында Бірлік ауылдық округі аумағынан жалпы құны 250 млн теңгені құрайтын пресс жіп шығару зауытын іске қосу көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығында да айшықты жұмыстар жүргізілуде. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі 15,6 млрд теңгені құрады. Бұл, әрине, жағымды көрсеткіш. 2018 жылдың тоғыз айында 9,4 гектар жерге жылыжай салынып, 287 гектар жерге тамшылатып суғару әдісі ендірілді. Бұл әрине өңірді азық-түлік, көкөніспен қамтамасыз етуге мол септігін тигізді. Тамшылатып суғару әдісі де суды үнемдеп, тиімді пайдалануға мол мүмкіндік береді. – Елбасы халықты жұмыспен қамтамасыз етуді алдымызға басты міндет етіп қойды. Сондықтан аудан тұрғындарымен тікелей жұмыс істеу – басты парызымыз. Азаматтардың өз кәсібін ашып, тірлігін жандандыруға бар көмегімізді көрсетудеміз. Бұл орайда тиісті жобаларын жасаған кәсіпкерлерге арнайы мамандар көмектеседі, ақыл-кеңестерін береді. Олар несие алып, кәсібін көркейтеді. Жалпы, жұмыс істеймін деген адамға ауданда барлық жағдай жасалып отыр, – дейді Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев. Расында, бүгінде шағын кәсіппен айналысатын адамдардың қатары көбейіп келеді. Бір ғана мысал, соңғы тоғыз айдың көрсеткіштеріне назар аударар болсақ, бүгінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7337-ге жетті. Аталған салада қазіргі таңда 15735 адам жұмыспен қамтылып отыр. Шағын және орта бизнес саласының шығарған өнімдері бүгінгі күнде 20,4 миллиард теңгеге жетті. Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың айтуынша, бүгінде жұмыссыздар қатары да барған сайын төмендеп келеді. Әсіресе, соңғы кездері жастардың жұмыссыз жүруі азайды. Көрсеткішке жүгінер болсақ, жастар арасындағы жұмыссыздықтың деңгейі 2,1 пайыз шамасында ғана. Ал жалпы жұмыссыздардың деңгейі – 4,2 пайыз шамасында екенін айта кеткен жөн. Әрине, осыдан бірнеше ай ғана бұрын құрылған аудан енді бұрынғыдан да айшықтала түседі. Бұл ретте жұртшылыққа жаңа әкімді таныстырған аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев ауданның алдында маңызды міндеттер тұрғанын да атап өткен. – Міне, 21 жылдан кейін Келес ауданы құрылып отыр. Бұл – қуанышты жағдай. Енді ауданда жаңа бөлімдер, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен түрлі мекемелер ашылады. Әлеуметтік нысандар салынады. Жұмыс орындары көбейеді. Жаңа ауданның әкіміне жүктелер міндет көп. Ауыл шаруашылығын дамытып, кәсіпкерлікті өркендетуге күш салу керек. Келес – шекара маңында орналасқан стратегиялық маңызы бар аудан. Сондықтан ауданды көтеруге бәріміз үлес қосайық. Мемлекетіміз қуатты болу үшін әр ауыл, әр аудан, әр облыста жұмыстар атқарылып, бірлікпен алға қадам басуымыз керек, – деді Жансейіт Түймебаев. Бүгінгі күні аудан халқын жұмыспен қамту үшін әкімшілік бар шараны жасап жатыр. Қазіргі кезде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 55,3 мың адамнан асты. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта одан да жоғарылайтын болады. Халықтың орташа жалақылық деңгейі 93055 теңгені құрап, 7,9 пайызға артты. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор күш жұмсалуда. Денсаулық, білім саласына да жеткілікті қаржы бөлінді. Қазіргі кезде ауданда апатты жағдайдағы бір мектеп қана бар. Балабақшамен қамту үлесі жақсы, бүгінгі күнде 85,4 пайызды құрап отыр. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында аудан тұрғындарының елді мекен санымен алғанда 46 пайызы табиғи газбен, 48,2 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Келес ауданына жаңадан әкім болып келген Ақментай Есбаев аймақтың жағдайын жақсы біледі. Түйткілді мәселелерді дер уағында шешетін азамат. Мамандығы – экономист. Бұған дейін облыстың Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары болып істеген ол Келес ауданын да көркейтетініне сенім мол.

Мейрамгүл СЫБАН

Түркістан облысы