Ұлттық санақ: Күтетін нәтиже көп

Ұлттық санақ: Күтетін нәтиже көп

Ұлттық санақ: Күтетін нәтиже көп
ашық дереккөзі
Елімізде әр он жыл сайын ұлттық санақ өтетіні белгілі. Бұл ауқымды шара келер жылы қараша айында жүзеге аспақ. Он жыл аз да, көп те уақыт емес. Алайда әлеуметтік әл-ауқат, экономикалық даму жағынан келгенде біршама ілгерілеушілік бар. Ел-жұрттың әлеуеті көтерілсе, бала туу көрсеткіші артатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық санақ дегенде өткенге көз жүгіртіп, нәтижесін сарапқа саламыз. 2009 жылдың 25 ақпан мен 6 наурыз аралығында өткен жалпыұлттық халық санағының нәтижесiн ұзақ уақыт саралаған Статистика агенттiгi елiмiзде халық саны 16 миллион 9 мың 600 адамға жеткенін және 1999 жылдан берi бұл көрсеткiш 6,9 пайызға артып, қазақстандықтардың саны 1 миллион 28 мың адамға көбейгенін мәлімдеді. 2009 жылғы санақтың қорытындысы бойынша, қазақтардың үлесi 63,1 пайызды құраған. Есте болса, санақ өткеннен кейiн алдын ала бейресми қорытындысын мәлiмдеген сол кездегi Статистика агенттiгiнiң басшылары: «Қазақтардың үлесi 67 пайызға жеттi» деген болатын. Тiптi, бұл қуанышты жаңалық сол кездегі Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң аузымен айтылғанда қуанбаған жан қалмады. Ол өз сөзiнде «Қазақстанның негiзгi халқы – қазақтың саны 67 пайыздан асқандықтан, бiз ендi бәрiмiз мемлекеттiк тiлде сөйлеуiмiз керек болады», – деп бұдан былай мүмкiндiгiнше көбiрек қазақша сөйлеуге, Үкiмет отырыстарын да қазақ тiлiнде өткiзуге тырысатынын жеткiзген-тұғын. Ол ол ма, одан кейiн 67 пайызымыз 65 пайызға төмен сырғыса, санақтың соңғы нәтижесiнде 63,9 пайызға кемiді. Мұны қалай түсiнуге болады? Iле-шала он жылда бiр мәрте өтетiн санақтан да ши шығып, Статистика агенттiгiн уысында ұстаған басшылардың санаққа бөлiнген ақшаны талан-таражға салып, қымқырғаны белгiлi болды. Сөйтiп, санақтың толыққанды нәтижесiн жария етуге қайтадан қаржы қарастырылды. Негiзi халық санағын өткiзуге мемлекеттен 5 миллиард теңге бөлiнсе, ал деректер қорын өңдеуге қосымша 59 миллион теңге жұмсалды. Санақ қорытындысын шығару уақытының бұлайша тым ұзаққа созылуына басты себеп – агенттiктiң бұрынғы басшысына қатысты дау емес, санақ нәтижесiн жариялауға тиiстi бағдарламалардың жоқтығы кедергi келтiргенге ұқсайды. «Санақтың қорытындысын шығармай, дерек қорын өңдемей ештеңе айтуға болмайды. Өңдеу жұмысы ендi ғана аяқталды. Қазiргi таңда қазақтың үлесi – 63,9 пайыз. Ал «67 пайызбыз» деп қате ақпар беру – Статистика агенттiгiнiң бұрынғы төрайымының кемшiлiгi. Оның үстiне қайта өңдеу кезiнде тiзiмге екi реттен iлiнiп кеткен 300 мыңнан астам адам дерек қордан шығарылған. Әуелгi кезде қазақтың үлесiн 65-67 пайызға жеткiзу сол дубльдiң кесiрiнен болып отыр», – деген-ді Статистика агенттiгiнiң экс-төрағасы Әлихан Смайылов. Дегенмен былайғы жұрт та, мамандар да елдi дүрлiктiрген санақтың шынайы өтпегенiн айтып жүрді. Алысқа бармай-ақ, Алматы қаласының iргесiндегi кейбiр елдi мекендерге санақшылардың ат iзiн салмағаны да баспасөз беттерiнде талай жазылды. Тiптi, қоғамның белсендi мүшесi болып табылатын көптеген кәсiпкерлер де, қарапайым мүгедектер де санақтан қалыс қалғанын айтып ашынған едi. Алайда «ешкiм ескерусiз қалған жоқ» деп сенiмдi түрде айтқан Статистика агенттiгi басшысына бiз сенсек те, санаққа iлiнбеген жұрт сенді ме екен?! Санақ қорытындысына күдiкпен қарайтындар көбейген сайын, бұл жалпыұлттық шараны қайта өткiзу керек дейтiндер де табылған. Мәселен, бiр жылдан соң жарияланған санақ нәтижесiне сенiмсiздiк танытқан кейбір депутат мемлекеттiк комиссия құрып, санақ қорытындысын қайта тексеру керек дегендi алға тартқан еді. Сол кезде экс-депутат Ғани Қасымовтың: «Соңғы қорытындыны мүлдем мойындамай, жаңадан санақ жүргiзу керек деп ойлаймын. Ол нағыз мемлекеттiк айқын, ашық санақ бола алады!» дегені есте. Алайда мемлекеттi шығынға батырған санақты қайта өткiзудiң қисыны жоқ деген кейбiреулер. Өйткенi онсыз да бiр жылға дейiн нәтижесiн сарыла күткен қоғамның санақтан көңiлi әбден қалып қойған. Осылайша, небәрi бiр жылдың төңiрегiнде санаққа байланысты әртүрлi мәлiмет таратылды.

Санақта цифрлық технология қолданылады

Кезекті санақ науқаны келер жылдың қарашасында бір ай бойы жүзеге аспақ. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті халық санағын жүргізуге бюджеттен 8,8 млрд теңге сұрапты. Оның 3,3 млрд теңгесі санақ жүргізушілердің қызмет ақысына, 1,9 млрд теңгесі қуаттау құрылғыларын, тысқабымен планшеттер сатып алуға жұмсалады-мыс, ал 1 млрд теңгесі «е-Статистика» біріктірілген ақпараттық жүйесін түзетуге, оның ішінде халықтың ұлттық санағын жүргізу бойынша модулін жасақтауға, 2,6 млрд теңгесі жұмыс бекеттеріне, көп атқарымдық құрылғыларды, жиһаздар, кеңсе тауарларын сатып алуға, іссапар шығындарына, ғимарат және көлік құралдарын жалдау қызметтеріне, санақ бойынша статистикалық деректерді өңдеуге, полиграфия және басқа да қызметтердің ақысына жұмсалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, санақ жүргізу үшін ақылы қызмет келісім-шартымен 30 мыңға жуық уақытша қызметшілерді (нұсқаушы-бақылаушылар) 1-кезеңнің санақ жүргізушілерін (тіркеушілер), 2-кезеңнің сұхбатшыларын (санақ жүргізушілерін) жұмысқа алу керек. Оларға орындалған жұмыстар актісі негізінде 1 айға 72 143 теңгеге дейін, 1,5 айға 108 214 теңге көлемінде ақы төленетін болады. Осы салаға жауапты мамандар бұл жолғы санақтың жедел әрі тиімді өтетінін айтуда. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында 3-ші мәрте өткізілетін халық санағының бұрынғылардан өзгешелігі неде? Соңғы онжылдықтағы халық санағын жүргізу тәжірибесі оларды ұйымдастыру және жүргізу үшін әдіснамалық тәсілдердің сапалы өзгерістерді қажет ететіндігін көрсетті. Елімізде санағыш құрылғыларды (сканерлер) пайдалана отырып толығымен қағаз түріндегі формулярлар арқылы жүргізілген алдыңғы санақтарға қарағанда, 2019 жылғы халық санағы дамыған елдер арасында алғашқылардың бірі болып технологиялық инновацияларды, атап айтқанда, интернет желісі арқылы және портативті-есептеуіш құрылғыларды (планшетті компьютер) пайдалана отырып, дәстүрлі әдіспен өткізу жоспарланған. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов: «Негізгі жаңашылдық – компьютерлендіру болмақ. Яғни, біз арнайы интернет-портал ашып, сол ақпарат көзіне азаматтар өздері туралы мәліметті интернет арқылы жолдай алады. Сонымен бірге, санақ жүргізетін мамандар планшетпен жүріп, ақпаратты бірден мәліметтер базасына жолдап отырады. Бұл біріншіден, санақты жедел жүргізуге, екіншіден, қателікке жол бермеуге мүмкіндік береді. Яғни, ЖСН сай келе ме, жоқ па – бірден тексеріліп отырады. Тың әдістің пайдасы зор», – дейді Руслан Дәленов. Оның айтуынша, егер халықтың біршама бөлігі интернет арқылы тіркелсе, санақшыларға түсетін жүк айтарлықтай жеңілдейді. «Әлбетте, үй-үйді аралап, тіркеу жүйесі қалады. Себебі барлық адамдар интернет арқылы тіркелмесі анық. Бірақ, біздің ойымызша, ең басты артықшылық – цифрлық технологияларды қолдану болмақ. Әзірге санақты жүргізуге жұмсалатын қаржы көлемі мен қажетті штат санын есептеп жатырмыз. Бірақ интернет технологияларды енгізу арқылы шығын әдеттегіден аз болар деп сенеміз», – деді ол. Қазірдің өзінде ұлттық санақтың екі кезеңде өтетіні белгілі болды. Бірінші кезеңде (мамыр мен маусымда) санақ алушылар барлық тұрғын үйлерді аралайды. Аралау нәтижесі бойынша есеп учаскелеріне бөледі. Екінші кезеңде (1-15 қарашада) веб-сайттарда халықтан интернет-сауалдар алынады. Бір уақытта қарашаның 1-30 аралығында санақ алушылар планшет компьютерлерін қолдана отырып, халыққа жаппай сауалдар жолдайды. 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, еліміздегі халық саны 18 миллион 272 мың 400 адамға жетті. Көші-қон қызметі мекемелері ұсынған мәліметке сәйкес, 2018 жылғы қаңтар-маусымда елімізге тұрғылықты тұруға келгендер саны 2017 жылмен салыстырғанда 26,5 пайызға кеміп, 6368 адам болды. Елімізден көшіп кеткендер саны 14 пайызға көбейіп, 17 171 адамға жеткен. Бұл ретте ТМД елдерінен келгендердің үлесі – 77,2 пайыз, ТМД мемлекеттеріне кеткендердің үлесі – 89,7 пайыз. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай Қазақстанда халық саны 24,5 млн адамды құрайды. Бүгінгі демогра­фия қарқыны сақталып қалар болса, оңтүстік аймақтардағы тұрғындар саны 5,2 млн адамға көбейіп, орналасу тығыздығы солтүстік облыстарға қарағанда 4 есеге дерлік асып кетуі ықтимал. Тәуелсіздік алған соң Қазақстанда халық санағы 1999 және 2009 жылдары екі рет өткізілді. 1999 жылғы санақтың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың саны 14 981 281 адамды, ал 2009 жылғы өткізілген санақ нәтижесі бойынша 16 009 597 адамды құрады. Ал 2019 жылғы ұлттық санақ көрсеткішін бір жылда білетін боламыз. Халық санағының нәтижесінде мемлекет елдегі халық санын, этникалық құрамын барынша дәлірек біледі, өмір жағдайларындағы өзгешеліктерін бажайлайды. Ол ол ма, бұрынғы есептермен салыстырып, өзгеру серпініне талдау жасайды. Сосын санақ нәтижесі бұдан кейінгі есептерге, жақын жылдарға жоспар, болжам жасауға негіз болады. Сондықтан көпшілік үміт күткен ұлттық санақтың ашық әрі шынайы өткені ауадай қажет. Нұрлан Сейдін, «Ғылым ордасы» РМК бас директорының орынбасары: – Ұлттық санақ тек қана демографиялық ахуалды ғана емес, адами ресурстарды – азаматтардың білімін, денсаулығын, қоғамда болып жатқан өзгерістерге деген көзқарасын анықтауға мүмкіндік береді. Санақты жүргізудің өзіндік әдіс-тәсілі бар. Бұдан бұрын өткен санақтан кейін біраз шу болғаны белгілі. Бөлінген ақшаны «жеп» қоюдың салдарынан санақ дұрыс өтпеді делінді. Бұл келер жылы өтетін санақта ескерілуі керек. Біз кез келген қателіктен сабақ алуымыз керек. Сондай-ақ, санақ сандық технологияны пайдаланудың арқасында өтетіні қуантады. Бұл бір жағынан жұмысты жеңілдетеді, екіншіден, нақты коэффициент көрсеткішін жақсартады. Әрбір адамның жаңа технологияны қолдануға мүмкіндігі жоқ десек те, өзінің ЖСН нөмірін жазу арқылы мәлімет бере алады. Бұл қаржыны үнемдеуге септеседі. Ұлттық санақты нәтижелі өткізу – мемлекеттің 10 жылда жүргізген саясатының түрлі бағытын анықтайды. Бұл – медицина, білім беру, ауыл шаруашылығы, экономика-қаржы саласында жүргізілген реформаны талдауға, талқылауға берілген мүмкіндік. Сол арқылы мемлекет алдағы он жылға нақты болжамдар, нақты міндеттер жасай алады. Мұртаза Бұлытай, дінтанушы: – Санақтың қалай жүргізілетіні, методологиясы, оған жұмылдырылған ресурстар туралы талай айтылып жүр ғой. Ал жан санағын жүргізудегі ең басты мақсат экономикалық, стратегиялық жоспарлауға қажетті деректерді анықтау десек те, меніңше одан да маңыздысы халық санының нақты өсіп жатқанын, демографиялық көрсеткіштердің жақсарып келе жатқанын республика жұртшылығына көрсету, дәлелдеу болуы керек. Тәуелсіздік алғалы бері халық саны өсті ме?! Өссе, қанша өсті? Халық санының өсімі баяу болса, ол не себепті солай?! Эмиграцияның себеп-салдарын бақылап, нақты шара қолданып жатырмыз ба?! Жалпы, «мемлекет ұстанып отырған саясат пен шаралар халық санының қарқынды өсуіне септігін тигізіп жатыр ма, бұдан да көп өсірудің амалдары жоқ па?» деген сұрақтар төңірегінде нақты ой қорытып, нақты шара қолданатын кез келген сияқты. Ал 2050 жылы Қазақстан халқы небары 23 млн ғана болады дейді демографтар. Экономикалық дамудың ең бірінші шарты – халық санының өсуі. Халық көп болса, өндіретін өнім де соған сай мөлшерде болады. Сондықтан халық санын көбейту амалдарын игілендіріп, жетілдіріп, мейлінше қолдау көрсету керек. Тәуелсіздіктің бейбіт заманын оңтайлы пайдаланып, халқымыздың санын көбейтуіміз керек. Әлбетте санмен қатар сапасын да жақсарту жағына көңіл бөлуді ұмытпаған жөн.