«...Ұлтым, сен тыңда» деген сөзді ұға алдық па?

«...Ұлтым, сен тыңда» деген сөзді ұға алдық па?

«...Ұлтым, сен тыңда» деген сөзді ұға алдық па?
ашық дереккөзі
Театр – адамның рухани жан дүниесін ашатын кең сарай. Сәл көңіліміз пәс боп, жанымыз жүдеу тартса театрға қарай асығатынымыз бар. Себебі кез келген қойылымнан ой түйіп, санаға сәуле құясыз. Ал қойылымға арқау болған шығарма дәл бүгін күйіп тұрған мәселені қозғап, көкейдегі пікірді дөп басса, нағыз рухани сабақтастық деген осы. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында сахналанған «Ұлым, саған айтам...» моно-драмасы да жұрт асыға күткен қойылымның біріне айналып үлгерді. Әрі ондағы басты рөлдің жүгін театрдың талантты актері Бекжан Тұрыс алып шықса, қалай әлсіз болсын?! Содан ба екен, театрда ине шаншар орын болмады. Әсіресе, жастар мен жасөспірімдердің осындай тәрбиелік мәні зор қойылымды ыждаһаттылықпен тамашалағаны көз қуантты. М.Әуезов атындағы театрдың директоры һәм қойылым режиссері Асхат Маемиров те залдың лық толы екеніне ризашылығын білдіріп, қойылымның автор, актер және режиссер сынды үш тағаннан құралғанын, дәстүр сабақтастығы мен ұрпақ сабақтастығын жалғастыра отырып, қазақ елінің біртұтастығын, ұлт пен ұлыстың татулығы мен бірлігін көксейтін туынды дүниеге келгенін жеткізді. – «Ұлым, саған айтам...» драмалық қойылымының ұлтқа, елге айтатын сөзі бар. Сонау ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» десе, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Отан үшін, отқа түс – күймейсің» депті. Ал Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» үлкен бағдарламалық мақаласында ұлт болып ұйысудың, тарихын, тегін ұмытпаудың, өзінің генетикалық кодын сақтаудың, соның нақты құрылымын, механизмін түсіндірді. Ұлы далада мәңгілік ұлт болып қалу үшін ынтымақ пен бірліктің, бейбітшіліктің бесігі сақталуы қажет. Ендеше, қойылым ұлт тұтастығының тұғырын нықтайтын туынды десек қателеспейміз, – деді А.Маемиров. Белгілі ақын Бақыт Беделханның «Ұлым, саған айтам...» өлеңінің негізінде сахналанған моно-спектакль әкесі мен баласының арасындағы диалог арқылы өрбиді. Әкенің әдепті сөзі, баланың керітартпа мінезі арқылы бүгінгі қазақ жастарының қайда бағыт алып, қандай тәрбиемен уланып жатқанын аңғаруға болады. «Ұлым, саған айтам» деген сөздің астарында «Ұлтым, сен тыңда» деген астарлы ой, мән-мағына жатыр. «Әке – балаға сыншы», бауыр еті баласының қурай басын сындырмас қуыс кеуде болып өспей, экран ішінде есіргендерге еліктемей, ұяда сіңірген ұятын сақтап, әулет абыройын асқақтатып, әлеуметтің жайын ойлар азамат болып өскенін қалайды. Ал бала қашанда жаңаға ұмтылады. Мұндағы әр диалогтың өз салмағы бар. Ұмыт болып бара жатқан қазақтың салты, отбасындағы әке мен баланың рөлі, ұрпақтар сабақтастығы шынайы бейнеленеді. Талантты актер, сахна сайыпқыраны Бекжан Тұрыс ұлт дегенде ұлағатты сөз айтуға ұмтылатын сергек ойлы азаматтардың бірі ретінде, ұлы Мағжан екеуі шымылдықсыз шындықты айтып салғандай әсер қалдырады. Қазақтың мүддесін қара басының қамынан жоғары қоятын, ұлттық құндылықтарды сақтап, оны заманға сай сабақтастыра білетін шынайы перзенттерді іздеп алаңдау, көргісі кеп армандау – қай замандағы да әкенің асыл мұраты болса керек. Жақты жауыр еткен тіл мен ділдің дертін айтпағанда, қазақты қиын күндерден аман алып шыққан қарапайым ер-тұрманнан бастап, қыл аяғы үйімізге қыдырып келген қонақтың қасиетін білуден де қалып бара жатқанын баласына әке ұғындырмаса, ол қайдан біліп өспек? Десе де, қазақ деген ұлтта ғана бар, қазақтай текті xалыққа ғана жарасатын салттың сақталуын, дәстүрдің дәріптелуін қадағалап, әдет-ғұрпының ерекшелігін өз ұлына сыр ғып саxнада айтып, киеге айналған қазақы қасиеттің жоғалмауын, ұлтына тиесілі қазынаны ешқашан жоғалтпауын өрімдей ұл-қыздардан өтінген әке арманын сезінбеу мүмкін емес. Қойылымда оқиға негізі әкесінің ер-тұрманын соңғы үлгідегі ұялы телефонға айырбастауынан туындайды. Ер-тұрманды ердің құнына бағалаған әке ұлына мұның маңызын түсіндіруді ойлайды. «Ер-тұрманым, ер-тұрманым қайда?» деп шарқ ұрған әкеге баласының: «Қандай ер-тұрман? Мен оны айырбастап жібергем әке, айфонға. Не болды сонша, әке, жалғыз ұлыңнан артық көрген дүние болса... Тауып берем сондай ер-тұрман. Әке, қазір заман басқа, заң басқа, әке, ескі-құсқы бірдеңелерді жиып алып, соны әулие санап, сол арқылы ақыл айтқаннан адам боп кеткен ешкімді көрген жоқпын! Сонша жүйкеңді жұқартқан ер-тұрманыңыз мына балаң – менен қымбат па?...» дегені жаныңды күйзелтеді. Кейін ұл әкесін кредит алуға көндіруге тырысып бағады. Ауылдағы жерді сатып, бизнес жасайық дейді. «Туған жерімді сатпаймын. Жай жерді сатқанша, мені сат! Жерді сатып, топырақ жеп, батпақ тышқандардың санын көбейтейін деп жүрсің бе?» дейді әке. Кіндік қаны тамған туған жердің топырағын құшырлана сүйген әке бүгінгі жастар бойында ел-жерге деген құрметтің азайып бара жатқанына ет жүрегі езіледі. «...Қазіргі жастарды түсінбеймін. Біз түсінбейміз бе, жоқ сендер сондайсыңдар ма? «Құдықтағы құрбақаға аспан теңгедей-ақ боп көрінеді» деген. Билегені – балықтай тулап, ән айтқаны – бақадай шулап қағылып-соғылып жүрген біреулер, әйтеуір... Сендей кезінде Мағжан «Мен жастарға сенемін» – деп жазса, Мұрат «Еділді келіп алғаны – етекке қолды салғаны. Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны ... деп кек қайтарған болатын» дейді. Туған ұлы Мағжан кері сауал қойғанда, айнала қарауытып, көкбөрінің ұлыған даусы тыныштықты бұзады. Сонда жүрегі қан жылаған әке: «Көк бөрінің ұрпағы!... кім ол?... Тарихын, тегін білмейтін ұрпағың келе жатыр! Әй, қазақ, тарихын тегін білмейтін...» деп күңіренгенде, «шынымен де жастар өткен тарихын біле ме?» деген ойға шомып кеттік. «Ата, бала, немере – бұл үшеуі ошақтың үш бұтындай ұғым еді. Біреуі құласа, қазан төңкеріледі. Қазір үшеуі үш кезеңнің өкілдері. Баяғыда ыммен түсінісетін ұрпақ сабақтастығы, бүгін тілмен түсінісуден қалдық. Бір бірінің жан дүниесімен емес, мал-дүниесімен бөлісуде. Неге, а? Айтыңызшы неге, әй, неге? Іші – жалған, сырты – сұмпайы, маңайы толған мүттәйім.... Солар менің ойыма, үрей болып оралады да тұрады. Иә, үрей болып оралады да тұрады. Ошақтың бұты үшеу болғанмен, қазаным біреу еді. Үш жүзге бұра тартқанмен, қазағым біреу еді ғой!». Моно-драма соңында көңіл түкпіріндегі «әттеген-айлар» сейіліп, олқылықтар орнына келеді. Әкесін ерекше тебіренткен ұл: «Ер-тұрманың бар. Жеріңіз тұр, әке! Ойсыз сөйлеп, мұңсыз жүретін балаң мен емес! Ішіңе шер боп байланған бар қыжылыңызды шығару үшін осының бәрін әдейі істедім. Құстың мойны бос, жылқының белі бос, адамның көңілі бос деген атам қазақ. Құс қанша ұшса да, қанаты емес мойыны талады, ат қанша шапса да аяғы емес, белі талады. Ал адам қанша тас жүрек болса да, көңілі босайды – деген. Мен бүгін әкемнің көңілі үшін емес, қазақтай дархан халықтың өр рухы үшін осындай қадамға бардым. Мен – қазақтың болашағымын, әке. Ал болашақтың тақымында тақтан да қымбат ер-тұрман тұруы керек!» дегенде, арқамыздан ауыр жүк түскендей күйде болдық. Ер-тұрман емес, атұстар азаматының барына қуанған әке: «Сен – мық шеге бол! Шеге – тағаны ұстайды, таға – тұяқты ұстайды, тұяқ – аяқты ұстайды, аяқ – атты ұстайды, ат – ер-тұрманды ұстайды, ер-тұрман – ерді ұстайды, ал, ер – елді ұстайды!» дегенде, қойылымның әу бастағы мақсатына жеткеніне қуандық. Жаһандану бүгінгі қоғамның, соның ішінде жастардың бет-бейнесін өзгертіп жіберді. Олар дәстүрлі тағылым мен ұлттық құндылықтарды ұмытып бара жатыр. Кезінде ашты тоқ қылған, кедейді бай қылған қазақ бір сөзге тоқтап, тұтас ауылды айрандай ұйытып отырды. Мейірім мен қайырымдылық, шапағат пен рақымнан қол үзген буын ата дәстүрден ажырауға неге асық?