«Манас» пен Әуезовті әспеттеген

«Манас» пен Әуезовті әспеттеген

«Манас» пен Әуезовті  әспеттеген
ашық дереккөзі
12 қараша күні Алматыда TURKSOY Халықаралық ұйымының атаулы жылдары аясында әлем әдебиетіндегі алып тұлғалардың бірі – Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына арналған жиын М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Адамзаттың Айтматовы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция түрінде өткізілді. «Шетелге өзіммен бірге ала жүретін екі ұлттық мақтанышым бар. Біреуі – «Манас», екіншісі – Мұхтар Әуезовтің кітабы. Менен қазақ пен қырғыз кім десе, Манас пен Әуезов жайлы айтып беремін», – дейтін Шыңғыс Айтматов мерейтойының М.Әуезов театрында өтуі де тарихи байланысты нығайта түскендей. Кештің модераторы ретінде Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет сөз бастап, алыс-жақын шет елдерден келген қонақтарды көрермендерге таныстырып, артына өшпес із қалдырған Айтматовтың 90 жылдығымен барша түркі жұртын құттықтады. Кешке Қырғызстанның Халық ақыны Қожагелді Кулуев, Қырғыз Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Абдылдажан Акматалиев, Түрік Республикасы Анкара Гази университетінің профессоры Неджие Йылдыз, Қырғызстанның Халық ақыны, Жазушылар одағының төрағасы Акбар Рысқұлов, «Вектор» Халықаралық Ғылым академиясының президенті Елчин Искандерзаде, Қазақстан мен Қырғызстанның Халық ақыны Мұхтар Шаханов, «М.Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекшісі Диар Қонаев, сондай-ақ, Шыңғыс Айтматовтың өмірі мен жазушылық жолын зерттеген көптеген ақын-жазушылар қатысты. Көзі тірісінде жазушымен дос, аға ретінде сыйласқан ақын-жазушылардың барлығы ол туралы естелік айтып, баяндама жасаумен қатар, жүректеріне сіңген сағыныштарын да жасыра алмады. «Менің шығармаларым әлемнің жүз жиырма-ақ тіліне аударылды, ал Айтматовтыкі әлемнің жүз тоқсан бір тіліне аударылып, таратылған. Бүкіл әлемде осындай көп тілге аударылған бір де бір ақын, бір де бір жазушы жоқ», – деді ақын Мұхтар Шаханов. Конференция барысында біршама қызық мәліметтер мен деректер айтылды. Оның бірі Шыңғыс Айтматовтың Нобель сыйлығына ұсынылғандығы. Бірде Шыңғыс Айтматовқа біреу телефон соғып: «Сізге Нобель сыйлығы тапсырылатын болды. Ертең арғы жақтан өздері телефон соғып, барлығын дұрыстап түсіндіріп айтып беретін болады», – дейді. Бірақ ертеңіне ешкім телефон соқпайды. Сөйтсе, дәл сол сәтте Горбачев Берлин қамалын бұзуға бұйрық берген екен. Осыдан кейін Нобель сыйлығы «Тыныштықты сақтаушы» деп соған беріліп кетеді. Себебі бұл сыйлық бір елден екі адамға бірдей берілмейтін болған. Ол кезде барлығы КСРО қарамағында болғандықтан, Айтматов Нобель сыйлығын ала алмай қалады. Айтматов туралы оқылған баяндамаларда оның көп оқыған адам екендігі де айтылды. Әсіресе, қазақ әдебиетін көп оқығандығы. Жазушының бүкіл шығармашылығы мен өмір жолы қазақ топырағымен тікелей байланысты болды. Тіпті, жазушының өзінен бұрын, оның әкесі Төреқұлды Тұрар Рысқұлов қолынан жетектеп жүріп, Ташкентке оқуға түсірген. Кейін қырғыздың көрнекті қоғам қайраткері болған, 1938 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен Төреқұл Айтматов Т.Рысқұловтың тікелей тәрбиесін көрген шәкірті болған. «Туып-өскен жері қазақтың Жуалысымен қоныстас, ес білгенде, ауылынан алғаш рет аттап шыққанда, көргені қазақ жері, қазақ ауылы болғандықтан да оның шығармаларында қазақ тақырыбы ерекше көрініс береді. Шыңғыстың қаламгер ретінде де, азамат ретінде де қалыптасуына қазақ жері, қазақ елі айтарлықтай әсер етті. Кейбір зерттеушілердің анықтауынша, Шыңғыс шығармаларында оқиғаларының 70 пайыздайы қазақ даласында өтеді. Жазушының тырнақалды туындысы «Әшім» 1952 жылы 24 жасында жарық көрді. Айтматовтың атын шығарып, атағын асырған – М.Әуезовтің алғысөзімен «Новый мир» журналында жарияланған «Жәмила» (1958) повесі. «Оның «Жәмиласы» ХХ ғасыр әдебиетінде бір кездегі Шыңғысхан жорығындай төтен оқиға болған еді» (Ә. Кекілбаев). Әр жылдарда жазылған «Аспалы көпір» (1956), «Бетпе-бет» (1957), «Шынарым менің, шырайлым менің» (1960), «Алғашқы ұстаз» (1962), «Құс жолы» (1963), «Қош бол, Гүлсары» (1967), «Ертегіден соң» (1970), «Ақ кеме» (1970), «Ерте қайтқан тырналар» (1975), «Боранды бекет» (1980), «Жанпида» (1986), «Кассандра таңбасы» (1995), «Құз басындағы аңшының зары» (1997, М.Шахановпен бірге), «Таулар құлағанда» (2007), т.б. шығармалары арқылы Ш.Айтматов қырғыз халқының ұлттық тыныс-тіршілігін, арман-аңсарларын, дүниетанымын адамзаттық философиямен ұштастыра бейнелеп, түркілік, одан қалды әлемдік әдебиеттің көркемдік көкжиегін кеңейте түсті. Сөйтіп, қырғыз Алатауынан жарқ етіп шыққан Шыңғыс Айтматов өзінің ұстазы Мұхтар Әуезовпен бірге ХХ ғасырдағы әлемдік әдебиеттегі түркілік әдеби ренессансты әйгілеген тұтас бір дәуірді жасады» (Дандай Ысқақұлы). Жазушының балалық шағында басталған қазақ елімен, жерімен байланысы кейіннен шығармашылық, достық қарым-қатынастарға ұласты. М.Әуезов пен Ш.Айтматовтың ағалы-інілік, достық сыйластығы жалғасып, З.Қабдолов, Қ.Нұрмаханов, Т.Ахтанов, Қ.Мұхамеджанов, С.Бердіқұлов, А. Сүлейменов, Ш.Мұртаза. М.Шаханов, Ә.Кекілбаев, Н.Оразалин сынды қазақ қаламгерлері Айтматовпен туыстай аралас-құралас болып кетті. Осындай шынайы достыққа негізделген шығармашылық қарым-қатынастардың барысында Ш.Айтматов пен қазақ қаламгерлері бірігіп жазған тамаша туындылар өмірге келді. Ал жазушының көптеген шығармаларын, атап айтқанда, «Ана-Жер Ана» туындысын Әзірбайжан Мәмбетов 1964 жылы М. Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасына шығарды. Ғазиза Жұбанова «Боранды Едіге, немесе Айтматов аңыздары» атты опера жазды. Белгілі режиссер Ардақ Әмірқұлов Айтматовтың шығармасы бойынша «Қош бол, Гүлсары» атты көркем фильм түсірді (2008). Екі елге кеңінен танымал қазақ ақыны Мұхтар Шахановпен ағалы-інідей болған ұзақ жылғы достығы барысында телавторлық «Құз басындағы аңшының зары» атты эсселер кітабы мен «Сократты еске алу түні немесе миғұла терісі үстіндегі сот» пьесасы өмірге келді. Пьеса қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды (1998). Айтматов екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің қаулысымен 1993 жылғы Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының лауреаты атағын алды. Жалпы, өмірде ақын-жазушының екі түрі кездеседі. Бірі көзі тірісінде өз өлең-жазбаларын әр баспаға тықпалап, өзі сүйреп жүреді. Бірақ олардың өздері өлгеннен кейін, артындағы өлеңі де бірге өледі. Енді біреулері бар, өзі өлгеннен кейін шығармалары ақын-жазушының атын сүйрейді. Міне, соңғылары нағыз ақындар, нағыз жазушылар және шынайы бақыттылар. Ал Айтматовқа бұл жағынан зор бақыт бұйырды деуге болады. Бақиға аттанғанына 10 жылдан асса да оған деген құрмет пен сый мәңгілік биік дәрежеде қала бермек.