Бақталас болып алған жұрт

Бақталас болып алған жұрт

Бақталас болып алған жұрт
ашық дереккөзі
Ел ішінде, қоғамда келеңсіз бір жағдай болған кезде «ол біздің менталитетке сай емес» деп жатамыз. Бірақ ешкім сол сөздің мәнісіне нақты үңіліп, шешімін айтқан емес. Тек ұлттың дәстүріне, салтына қарама-қайшы келетін ұғым деп қана қарастырамыз. Ал айналып келгенде «менталитет» деген не? Менталитет – француз тілінен аударғанда «mentalite» атауын беретін, ойлау қабілеттілігі, дүниеге деген көзқарас, рухани жан дүние деп аталатын сөз бірлігі. Аталған ұғым әрбір ұлттың өз түсінігіне, пайымына қарай философиялық түрде сараланады. Қазіргі тілмен айтқанда «ұстаным» деген сөзбен синонимдес. Батыстың менталитетінен бойымызды ала қашамыз. Көзімізге де, өзімізге де теріс болып көрінеді ол. Бірақ олардан үйренетін де бар, жиренетін де жайттар жетерлік. Біріншіден, олардың қарым-қатынас мәдениеті өте жоғары. «Кешіріңізден» басталып, «үлкен алғыс білдіремін»-мен аяқталады. Бізде де солай. Бірақ барлық қазақ сондай деп айта алмаймыз. Бізде еуропалықтар қоғамдық көлікте үлкенге орын бермейді, сыйламайды деген пікір қатаң қалыптасқан. Көз алдыңызға бірден орындықта отырған жап-жас ұл-қыз және оның жанында қалтырап-дірілдеп, орын сұрап тұрған қарт ата-әжелерді елестетесіз. Шындығында олай емес. Ол жақта отырған адамның төбесіне келіп ешкім тұрмайды. Жасы да, кәрісі де. Тұруға арналған, отыратын орындықтардан бөлек орналасқан жерге барып ыңғайлана тұра қалады. Бір-біріне «Орын бер, үлкен кісіге! Ары өт, бері өт! Анда тұрма, мында тұрма!» деген жан дыбыс жоқ. Қысқасы, ешкімде ешкімнің шаруасы жоқ. Тіпті, кондукторы тұрмақ, көлік жүргізушісі бар ма, жоқ па, білмей қаласыз. Діттеген жеріңізге жылдам жеткізіп беру ғана міндеті. Ал бізде ше? Көлікке кірген үлкен кісіге орын берейін деп, заттарын жиыстырып болғанша ұрыс та, сөгіс те, ең өкініштісі, қарғыс та естіп үлгереді жастар. Өзі де ойға алған, басқа біреуі тілмен озып, бұйыра бастағаны кімге жағады дейсіз? Сосын «қазір жастар» деп басталатын дәрісі бар ұзаққа созылатын. Қазақ үлкенді сыйлайды. Бұл – көпке үлгі боларлық бабадан қалған асыл қасиет. Бірақ үлкен мен кіші арасындағы мәдениет те түзу болуы керек қой ол үшін. Үлкені балам деп тұрса, кішісі ата-әже деп сыйламай қайда барады дейсіз?! Енді жүреміз дегенде, кезек жүргізушіге келеді. Анау баста отырып, айғайға басады. Мәдени түрде емес, дөрекі түрде, көліктегі барлық адамды арам-арсыз көріп: «Төлемесеңдер жүрмеймін!» – деп, міндетсіне бастайды. Кейінгі кезде жиі қайталанып кеткен оқиғалардың бірі – кондукторлардың жолаушылармен төбелесуі. «Оңай» аппараттық құрылғылардың орнағанына 3 жылдан асты. Бірақ кондукторлар қоғамдық көлікте не істеп жүр?! Бұл жайттарды барып тұрған мәдениетсіздік деуден басқа амал қалмайды. Еуропалықтардан үлгі алатын бір тұсы осы, яғни қарым-қатынас мәдениеті. Абай екінші қара сөзінде былай деп жазады: «Мен бала күнімде естуші едім біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді «...кең қолтық, шүлдіреген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт» деген осы деп. Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай атқа мінсе – шаршап, жаяу жүрсе – демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейтін» деп. Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп. Орыс ойына келгенін қылады деген... Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың барлығы антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім. Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды... Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда. Оның бәрі – бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері... Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?» Абай ғана емес, күллі қазақ баласы жас күнінде солай ойлаған шығар. Жалпы, табиғат жаратылысында тепе-теңдіктің, алу мен қосудың болуы шарт. Онсыз жер шары да бір секунд орнын сақтап тұра алмас еді. Онда неге біз біреуді де, өзімізді де я көзсіз жамандап, я көзсіз мақтаудан арыла алмаймыз?! Неліктен қараны қара, ақты ақ деп, бір-ақ кесіп айтуды үйренбейміз? Талғамға талас жоқ. Әр адамның ойлау жүйесі, таным-түсінігі әрқалай. Десе де, шындықты танитындар, екі қадам алдын ойлайтын білімділер көп болуы керек. Қоғамды да қалыптастыратын солар. Қазақтың зиялысы. Қандай әдемі әрі ірі тіркес. Тарих пен әдебиетті оқи келе, өңкей батыр мен зиялы қауымның бәрі өткеннің қойнауындағы тарих беттерінде қалып қойған сияқты көрінеді. Өзіміз өмір сүріп жатқан заманға бақсақ, бос кеңістік және қаумалаған қара жұрт қана қалып қойған іспетті. Және олардың барлығының дәрежелері, тіпті ойлары мен бойлары да бірдей сияқты елестейді. Неге? Шындығында, қоғамға белгілі бір деңгейде  әсер ете алатын нар тұлғалар бар қазірде де. Тек, тағы да Абайға жүгінер болсақ: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел», – дейді. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда ақылды аға-әпкелерімізді оқитын аудитория аз. Мысалы, жақында ғана Facebook желісінде журналист-жазушы ағаларымыз кішкентай балаларына қазақ ертегілерін жатқа оқыту эстафетасын бастапты. Қандай жақсы қадам? Баланың тілі жаттығады, білімі артады және есте сақтау қабілеті күшейеді. Болашақта сөздің қадірін түсінетін ақылды азамат болып ержетеді. Бірақ көпшілік жұрт осы эстафетаны қолдай ма? Жоқ. Одан гөрі Инстаграм желісіндегі «жұлдыздардың», шоу-бизнестің шашбауын үйінде жүріп көтереді, өз алдына өзімен-өзі бір, танымайтын елмен бір бет жыртысады. «Айтушы мен тыңдаушы көбі надан, Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы», – деп ұлы ақын өз жұртына ренжи, осыдан ақтарылса керек. Жалпы, интернет желісіндегі комментарийлерді оқып отырып, шашыңыз ағаруға аз-ақ қалады. Оңтүстік Африка университетінің кіре берісінде былай деп жазылып тұр екен: «Кез келген ұлтты Жер бетінен жойып жіберу үшін атом бомбасын не болмаса алыстан соққы беретін ракеталарды қолданудың аса қажеті жоқ. Бар болғаны сол елдегі білім беру сапасын төмендету және емтихандарда оқушыларға өзін-өзі алдауға еркіндік беру. Науқастар осындай дәрігерлер қолынан қаза болады. Зәулім құрылыстар осындай инженерлер қолынан қопарылады. Ақша мен қаражат осындай экономистер мен қаржыгерлер қолынан жоғалады. Адамзат осындай діни ғалымдар қолынан жаппай қырылады. Әділдік осындай заңгерлер мен төрешілер кесірінен жоқ болады. Басқару осындай заң шығарушы тұлғалар қолынан құриды. Білімнің күйреуі – Ұлттың күйреуі». Қазақстандағы білім сапасы қандай? Оқу бағасы жылдан-жылға өскенімен, сол ақшаға лайықты білім бере алатын ұстаздар сапасы жақсарды ма? Әлде аты бар, заты жоқ, құжат бетінде ғана түзілген көрсеткіштер ғана рөл ойнап жүр ме ЖОО-ларда? Бұл да – үлкен сұрақ. Ұстаз бен студент арасында әділдік бар ма? Бұл – екінші сұрақ. Мысалы, қазір қазақ қоғамы ызалы дегенді көп адамнан естуге болады. Жұрттың көбі айтқыш, жақтырмағыш, ұнатпағыш, сөйлегіш, аңдығыш, тырнақ астынан кір іздегіш, дәлелді-дәлелсіз жала жапқыш, сыбырлағыш, байқағыш, мүләйіп сөйлегіш. Әр адам күнінде кем дегенде бір рет негативті сөз естиді. Тіпті, болмаса біреудің екіншісімен ұрысып жатқанын естиді, көреді. Жоқ дегеннің өзінде, біреудің жақтырмаған көзқарасын байқап қалады. Сатушы халықты ұрлықшы көреді: сауда-саттық орындарындағы дүкендерге кіре қалсаңыз күзетшіден бастап, көмек көрсетуші қыздарға дейін білдіртпей тауарларды реттегенсіп, артыңнан ілесіп жүреді. Өзіңізді, расында, ұрлықшы сезініп кетесіз. Ал халық сатушыны алдаушы көреді. Бір-біріне деген сенім қалмаған ба жұртта дейсіз?! Айналадағы барлық танитын-танымайтын жұрттың сөзін естісе адам қалай ызалы болмайды? Ал күнде кемінде бір ұрысты я өзі естіп, я біреулердің ұрысқанын естіп жүрсе, адам қалай тыныш өмір сүре алады? Сондықтан адам біреуге пайдасын тигізе алмаса, ең болмағанда кедергісін де келтірмеуі қажет. Мұсылмандықтың басты шарты осы. Қазақтың ата-бабадан қалған өте құнды ұлттық менталитеті бар. Олардың бастыларына үлкенді құрметтеу, ар мен ұятты жоғары бағалау, қыз баланы сыйлау, ер адамды құрметтеу сынды ізгі қасиеттер кіреді. «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді», «Ердің екі сөйлегені – өлгені», «Қызға қырық үйден тыю», «Ата – асқар тау, ана – қайнар бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді», «Таспен атқанды аспен ат» дейтін мақалдары осы ұғымды бір-ақ қайырып, мағынасын беріп тұр. Сөзсіз, ұлттық нақыштағы менталитет сақталып қалуы тиіс. Сондай-ақ, заманауи ғасырда жаңа менталитетті дамыта алуымыз керек. Оның ең алғашқысы болып қарым-қатынас, адамдардың бір-бірін сыйлауын, ең бастысы, сенім мәдениетін қалыптастыру қажет. Еуропада бір-біріне сыйластықпен қарау еуропалықтар үшін үйреншікті жағдай болса, қазақтар үшін әлсіздіктің белгісі болып танылады. Еуропалықтар өзіне керегін тез әрі жылдам істеп алады. Себебі өзіне ешкім істеп беруге міндетті емес екендігін біледі, түсінеді. Ал бізде сыйлап бір сұрағанын істеп бере қояйын дейсіз. Екінші рет сіз оған соны істеп беруге міндетті болып көрінесіз, үшінші рет кешірім сұрап, өзіңіз қысыла бас тартсаңыз кінәлі болып қаласыз. Негізінде, бастапқыда-ақ сіз оны істеуге міндетті емес едіңіз. Бірақ сыйластық пен жақсылық жасау кейбіреулер үшін, оның ішінде қазақтар үшін әлсіздіктің бастауы сияқты. Адамдардың бір-біріне жақсылық жасауы да осы себептен азайып барады қоғамда. Бірден сылтау іздеп, аяқ тарта бастайды. Себебі қорқады. Айырмашылықты сездіңіз бе? Қазақ – ата-бабасы батыр, ақын, әділ бола білген ұлы жұрт. Ал тілі мен әдебиеті, тарихы мен мәдениеті тұнып жатқан жауһар. Тек соңғы уақытта іргелі ірі қасиеттерінен айырылып, қазақ қазаққа бауыр емес, бақталас болып, ұсақталып бара жатқаны жанға батады. Өмірде адам баласына неше түрлі адам жолығады. Жақсысы да, жаманы да. Ең жақсы деген адамның бойында бір жаман қасиет, ең жаман деген адамның бойында бір жақсы қасиет болады. Сондықтан бір уақыт белдеуінде әрі байланыста өмір сүріп жатқан барша жұрттың жақсы қасиеттерін сіңіре білсек, өшпей, керісінше өсетініміз анық.