8 Қараша, 16:04 176 0 Сыртқы саясат "Түркістан" газетінің авторлары

БЛКЖО әлі тірі ме?

Қазақстандағы кейбір қалаларда Кеңес одағымен бірге тарап кеткен комсомолдың 100 жылдығы тойланған көрінеді. Тіпті, кілең игі жақсылар қатысқан жиында олардың кейбірі кеудесіне мерекелік төс белгі тағынып мәз. Мұны ақпараттардан естіп, көрген соң сан түрлі ой келді. Мұны кім және не үшін ұйымдастырды?

«Абылайдың асында шаппағанда» дегендей, бұл басқосуда қызыл ту желбірейді. Коммунистік халық партиясының өкілдерінің айтуынша, шараны жекелеген тұлғалар ұйымдастырған көрінеді. Бұл кеште комсомолды, жастық шағын еске алдық дегендер қоғамға қай бетімен қарайды? Шындығында да комсомолдардың жасағаны коммунистердің жасағанымен бірдей. Екеуі де қолдары жазықсыз жандардың қанына былғанған ұйым емес пе?! Сондықтан да олар тоталитарлық режимнің жауынгерлері. Сол жауынгерлердің жиналып алып, 100 жылдығын тойлап жатуы қазақ халқын, қазақ қоғамын қорлаған, күлген сияқты, ал не істейсіңдер деген сияқты елестейді. Алайда комсомолды қызғыштай қорыған ізбасарлары жиынның саяси салмағы жоқ, ешқандай ұран тастамадық, тек өткен-кеткенді еске алумен шектелдік деп ақталғанын қалай түсінеміз? Алаулаған қызыл жалау арқылы Кеңес үкіметін еске оралтқан шараға қоғам белсенділері қарсылық танытуда. Тіпті, кейбір жастар аға буынның кешірім сұрауын талап етті.

Қазақ қадым заманнан бері қариясын қадірлеген, алпысқа келгеннен ақыл сұраған халық еді. Алайда жастарға жол сілтеп, елге тұтқа болуы тиіс қарттарымыз не істеп жүр? Тәуелсіз елдің төрінде құнжиып, сыбағаның ең майлы жілігін мүжіп отырып өзге өкіметтің жырын жырлау нағыз сатқындық дер едім. Мәңгілік ел болуды мақсат тұтатын Қазақстанда тұрып, есімін ел ұмыта бастаған Кеңес Одағын сағынушыларды айтып отырмыз. Өткен өмірге сағыныштары жетелеп, ескі күннің елесіне есі кетіп жүргендер өзге емес, көбі тәуелсіз қазақ билігінің бір-бір биігінде отырғандар. Ал бұлар болса «комсомол бізді бақты-қақты» деп ХХ ғасырға қарап мөңірейді. Комсомол кездерін өз өмірлерінің алтын белесіне бағалайды. Сол күнімізді еске алып, алтын дәуірімізге қайта оралдық деп мақтанып жүр өздері. Өздері тойлағанымен қоймай, мереке жұмысына егемен елдің жастарын да жегуде. Абай атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының 100 жылдығына орай өткен мерекелік концертте комсомолдың туын Қазақстан әскерлеріне көтертіп қойғандары қалай? Романовтардың туын, атаман Дутовтың да туын көтермеді ме? Сонда біздің сарбаздарымыз қай елдің туын қорғауы керек? Тәуелсіз Қазақстанның ба, әлде Кеңес Одағының ба?!  Дәл осы кеште үлкен сахнаның төрінде «күн көсем» – Лениннің бейнесі тұрды. Айналайын, аталар, комсомол сіздер үшін қадірлі болғанымен, тәуелсіз елдің жастары үшін көк тиын құны жоқ. Біздегі мақсат – тәуелсіз елде сол бір кер заманның күйі шертілмеуі. Ал сіздер Кеңес Одағын сағынышпен еске алып, махаббатпен тойлап жүрсіздер. Жастарға қалай ақыл айтасыздар?! Халықты қырған комсомол емес, Кеңес одағы дейсіздер. Комсомол қазаққа оқ атпады демексіздер ме? Комсомолды ақтау, Кеңес үкіметін ақтау деген сөз.

Бүгін қазақ жастары кімге сенерін білмейді. Біреуі – әсіре діншіл, арабшыл. Біреуі – орысшыл мәңгүрт. Осының бәріне кім кінәлі? Әрине Отанын, ұлтын сүймейтін алпысқа келгенше ақыл тісі шықпаған ағалар кінәлі. Өз айтқаны ғана жөн, басқалар адасушы. Биыл 100 жылдығы тойланбағанда комсомол дегеннің не екенін көп жас білмес те еді. Ал бұлар дабыралы түрде еске алып, университеттерде, мектептерде жастарға лекция оқып, көне комсомолдарды шақырып, естелік айтқызуда. Сонда көздегендері не? Тәуелсіздіктің таза ауасымен тыныстауы тиіс жас ұрпақтың санасын улау ма?

Қысқасы, кез келген тәуелсіз елде басқа бір үкіметтің идеологиясын, саясатын дәріптеу сол елдің егемендігіне қауіп төндірері сөзсіз. Осыны біле тұра білмегенсіп, бүкіл елде басқа үкіметтің тойын тойлап жүргендерге тоқтау салу керек. Айтпақшы, Парламент мәжілісінде өткен үкімет сағатында вице-спикер Владимир Божко да әріптестерін комсомолдың 100 жылдығымен құттықтап, қоғамда тағы бір дүрбелең туғызды. Ол: «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына, аяққа тұруына және 27 жылдық дамуына бұрынғы комсомолдық жастардың қосқан үлкен үлесі бар екенін ұмытпауымыз қажет шығар. Олардың саяси және шаруашылық жұмыстарында жинаған тәжірибесі егемен Қазақстанның құрылысында да қажетке жарады. Осы залда отырғандардың барлығы дерлік комсомолдың мектебінен өтті. Сондықтан біздің жастық шағымыздың жақсы істерін еске салғым келеді», – деді. Ал депутат Азат Перуашев бұған қарсы шығып: «Қай мемлекетте өмір сүретіндеріңізді естеріңізге салғым келеді. Біз тәуелсіз Қазақ-станда өмір сүреміз. Біздің күнтізбеде мұндай мереке жоқ. Егер бұл біреулер үшін жеке мереке болса, өтінемін, Мәжілістің арнайы жиынында емес, бір-бірлеріңізді жеке құттықтаңыздар», – деп салды. Шынында да, сіз қай мемлекетте өмір сүріп жүрсіз?

 

Төлеген Әшімұлы

Ақтөбе облысы

Соңғы жаңалықтар