8 Қараша, 15:52 169 0 Ішкі саясат "Түркістан" газетінің авторлары

Шу өңірі туризмге сұранып тұр

Әлемде туризм саласын жан-жақты дамытып, негізгі табыс көзіне айналдырып отырған мемлекеттер аз емес. Басқаларды былай қойғанда, соңғы жылдары «жоқтан бар жасап отырған» көршілес қырғыз елінің «Ыстық көл» жағалауы жасарып, түлеп келе жатқандай көрінеді. Ал Бішкектен Тоқмақ қаласы бағыты күре жолындағы он шақты шақырым қашықтықта бой көтерген «Гавай аралдары» кереметтей демалыс орындарына айналып, өзіміздің Астанадан да қыдырып келген жастар көптеп кездесуде. Осы жайттарға байланысты көптен бері толғандырып келе жатқан ойларымды ортаға салуды жөн көріп отырмын. Әулиеата аймағын ауызға алмастан бұрын, өзіміздің киелі Шу өңірі табиғатының көркем, даласы дархан да шуақты шапағатымен ел-жұртына бақ-береке мен ырыс сыйлаған құтты мекен екендігі ел-жұртқа белгілі. Облыстың тең жартысына жуық жерін қамтыған Мойынқұм алқабының құмды-қырқалы төбелері, шығысын Кіндіктас сілемінің батыс бөлігі, орталық және солтүстік бөлігін Шу-Іле тауларының Айтау, Хантау, Аңырақай таулары мен Жусандала үстіртті даласы алып жатыр.

Жыл санауымыздың бас кезінде сақтардың орнын Қаңлы мен Үйсін тайпалық одақтарының басқаны белгілі. Ал бесінші ғасырдың орта тұсында Шу өңірінде де қалалық мәдениет бой көтереді. Орта ғасырда өмір сүрген арабтардың ұлы ғалымының бірі әл-Максиди өзінің бір еңбегінде Шу өзенінің қапталына орналасқан Баласағұн қаласы жайлы көп мағлұмат береді. Бүгінде ЮНЕСКО шеңберінде Баласағұн орны – яғни, Ақтөбе қалашығы жүйелі түрде зерттеліп, аспан асты мұражайы құрылыстары жүргізілуде. Әсіресе, Шу өңірінің есімі әлемге әйгілі Зұлқарнайынның өзін айлакерлігімен бітімге келуге мәжбүр еткен атақты Шу батыр есімімен тығыз байланысты. Сондықтан бұрынғы Ходжент өзені – қаған Шу есімімен аталады. Жайсан даласындағы археологиялық ескерткіштер ғылымға жаңадан еніп және зерттеліп жатқандықтан, алдағы уақытта түркі тайпаларының көне тарихын оқып білуде маңызды орынға ие болады. 2001 жылы басталып, қазіргі уақытқа дейін жалғасқан ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Жайсан ғибадатханасында 37 культтік-мемориалды кешені мен петроглифтер шоғыры анықталып, зерттелді. Көп жылғы археологиялық қазбалар барысында табылған құнды деректерді зерделеп, талдағанда Жайсан даласындағы көне түркі ғұрыптық ескерткіштері қазақ және түркі тілдес халықтарының ортақ мұрасы болып табылады. Бұл ескерткіштердің хронологиялық шеңбері зерттеуші ғалым Айман Досымбаеваның болжамы бойынша VI-VIII ғасырларды қамтиды...

Уақыт өте келе Шу өңірінің еліміздің шежіресінде аса зор маңызға ие болуы ХV ғасырдың орта тұсында Қазақ хандығының, яғни ұлттық мемлекеттігіміздің іргетасының қалану кезеңіне тұспа-тұс келеді. Осы туралы тарқатып айтсам. 1428 жылы Барақ хан өлген соң Дешті Қыпшақтағы саяси билік Әбілхайыр ханға көшеді. Яғни, 1457 жылы жаздың соңында Әбілхайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін Керей мен Жәнібек сұлтандар қарамағындағы ұлысымен Моғолстанға қарай көшеді. Тарихи аңыз бойынша көшуге Қобыланды батыр мен Ақжол би арасындағы дау-жанжал себеп болған деседі. 1457 жылы күз айының соңында көшіп келген екі сұлтан ұлыстары Шудың төменгі бойында қыстап шығып, 1458 жылдың ерте көктемінде Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлайды.

Шудың төменгі бойын қыстап шыққанын ескерсек, Керей ханның таққа отырған жері Мойынқұм ауданының Хантауы екендігі шындық. Өйткені, сол аймақта «Хан тақтары», «Хан қорасы», «Ханның жолы» сияқты жерлердің барлығымен қоса, таудың Хантауы аталуының өзі растап тұрған жоқ па?! «Жамбыл облысы Топономикалық атауларының анықтамалығы» кітабының 230-бетінде: «Хантау, мұндай атау бекерден-бекер айтылмайды. Ханның ордасы тігілген, туы көтерілген жер болған соң айтылады. Ол таудың басында немесе баурайында халық Керей мен Жәнібек сұлтанды ақ киізге орап хан көтермей тұрғанда, ол таудың аты Қозыбасы болған. Хантауының басы шынында да қозының басына ұқсайды. Хантауының үш биігі бар, ең биік шоқысы – Сұңқар, екіншісі – Көкшоқы, үшіншісі – Қызылшоқы. Сұңқар тура қошқар болатын қозының дөң маңдайы, ал, Шуға қарай біртіндеп аласарып барып, көкжиекке бататын жотасы тура қозының тұмсығына ұқсаса, Сұңқар шоқысының ту сыртында тұрған Көкшоқы мен Қызылшоқы қозының екі құлағына ұқсайды». Расында да Бішкек-Астана күре жолымен Шу қаласынан Мойынқұм ауданына қарай автокөлікпен жүргенде Бәйдібек ауылынан өткеннен кейін ашық күндері оң жаққа зер сала қараған адамға солтүстік шығыстағы Хантауының түстік беткейіндегі Сұңқар шоқысының қозыға ұқсас басы мен екі құлағы 50 шақырымдай қашықтықтан-ақ Айдарлы ауылына дейінгі аралықта анық байқалады.

2015 жылы Ұлы наурыз мерекесі қарсаңында Шу ауданынан бірқатар тарихшы ұстаздармен Қазақ хандығының туы тігілген Хантауына аудан әкімдігінің қолдауымен автокеруен ұйымдастырғанбыз. Сапар барысында Хантау стансасынан 20-25 шақырымдай қашықтықта орналасқан «Үлкен Хантағы», «Кіші Хантағы», «Бала Тағылармен» танысып, даңқты шопан, Еңбек Ері Шоман Шәріпбаев ақсақал мен жол көрсетуші Ғалым Құрманғали­ұлының айтуы бойынша Хан Тағылардың ұшар басында хандар жан-жақтарын шолып, ақылгөй кеңесшілерімен ақылдасып, мінбер ретінде пайдаланып, көпшілікпен жиын өткізіп тұратын болуы керектігін білдік. Шу ауданының Далақайнар ауылынан 10 шақырымдай жерде 4-5 қарауыл төбелер орын тепкен және солтүстік бағыттағы 50 шақырымдай жерде Хантауының түстігіндегі Сұңқар маңында 5 төбешік анық көрінеді. Жау әскерлері көріне бастағаннан-ақ, алғашқы қарауыл төбелерден от жағып, белгі берілгеннен, Сұңқардағы төбелерден жағылған оттар көзге түсіп, 30 шақырымдай қашықтықтағы Хан тағындағылар қарулы жасақтарын дайындай бастағаны анық. Өзім көп жылғы зерттеуге сүйеніп, ең биік шоқының бірі – Шыңғыс ханның заманында Шу өңірін Арқамен қоса Жошы хан ұлысының қарамағында болғандықтан, «Үлкен Хан тағын» Жошының пайдалануы мүмкіндігін айта келе, өзімнің пікірімше іргелес орналасқан «Кіші Хан тағына» Керей ханның отырғанын ұстаздар қауымына хабардар еткенмін. Ал, оншақты шақырым жердегі – ішкері үш жағынан текпішекпен көтерілетіндей қашап жасалған «Хан қорасын» жаз жайлауында ел-жұртының басын қосып, қарасын көбейту үшін аса қолайлы орын болғандықтан Керей ханның пайдаланғаны айтпаса да түсінікті. Аңыз дерегі бойынша Жошының баласының өліміне байланысты «Ақсақ құлан» күйінің шығуына себепкер болған ордың да ізі сайрап жатыр. Жошы хан да көп тұрақтамай терістікке бет алып, кейінірек Арқа төсіндегі Ұлытау баурайындағы Қаракеңгір өзенінің бойында қайтыс болып, оған кесене де тұрғызылғаны бесенеден белгілі. Айтулы ғалымдардың редакциялық кеңесімен Алматыдан 2006 жылы жарыққа шыққан «Тарих Ата Қазақ хандығы» кітабының 20-бетінде: «Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай билеген. Аңыз бойынша Хантауы етегінде жерленген» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. 1465-66 жылдары Керей хан қайтыс болғаннан кейін Жәнібек хан билікке келді десе, оны растағандай марқұм Шоман Шәріпбаев ақсақал көрікті жерлердің бірі – Хантауының баурайындағы Теректі өзенінің бойына алғашқы қазақ ханының жерленгендігін айтып кетіп еді. 1480 жылдары Жәнібек хан қайтыс болған соң Керейұлы Бұрындық ханның өз әкесінің тағына жақындап, «Бала тағына» келіп, таққа отыру рәсімін атап өтуі әбден мүмкін.

2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі тойланар қарсаңында облыс әкімі К.Көкірекбаевқа хат жазып, игі шараны киелі Шу өңірінде бастап, Хантауының баурайындағы Теректі өзенінің көрікті жеріне Керей ханға кесене орнату жайын қозғағанмын. Сондай-ақ, «Хан тақтары» мен «Хан қорасы» жолдарын қалыпқа келтіру жайын айтқанмын. Өкініштісі, Кәрім Нәсбек­ұлы 400 шақырымдай қашықтықтағы Тараз қаласын таңдап, нағыз өзекті де деректі жайттарды елең санамады. Сөйтіп, ұлттық мемлекеттігіміздің қара шаңырағы атанған Хантауындағы қасиетті мекендер Қазақстанда белгіленген 100 киелі орындар тізімінен де сыртқары қалып қойды. «Ештен кеш жақсы» дегендей, әлі де қолға алуға болатындай сәт жақындаған сияқты. Өйткені жақын уақытта «Мерке-Бурылбайтал» халықаралық автожолының құрылысы басталмақшы. Осы күрежол «Хан тақтарынан» небәрі 7-8 шақырым, ал «Хан қорасынан» 15 шақырымдай қашықтықтан ғана өтетінін ескерсек табиғатымыздың өзі тарту етіп, бізге сыйлаған баға жетпес құнды дүниелерді қазақстандықтар тұрмақ, шетжұрттық қонақтардың тамашалауына да мүмкіндік туғызған болар едік... Елбасы кеше ғана өзінің халыққа арнаған жолдауында отандық туризмді жан-жақты дамыту жағын баса айтты емес пе?! Әрине, бұндай халқымыздың мәртебесін көтеретін игі шараны облысымыздың әкімі А.Мырзахметов те қолдап, осы қасиетті мекендерді еліміздегі киелі орындардың қатарына енгізуге атсалысатын шығар деген үміттемін.

 

Төреқұл Әлханұлы

Жамбыл облысы, Шу ауданы

Соңғы жаңалықтар