8 Қараша, 15:22 743 0 Сыртқы саясат "Түркістан" газетінің авторлары

ЭЙНШТЕЙННІҢ ҒАШЫҒЫ – КСРО-ның ЖАНСЫЗЫ

ХХ ғасыр екі бірдей қоғамдық формацияның негізін қалаған алпауыт елдер – КСРО және АҚШ-тың бәсекелесуімен өтті. Әрине, түптің түбінде соңғысы жеңді. Түрлі саяси ойындар болды. Соның ішінде әлемнің тағдырын өзгертетін, қай мемлекеттің де үстемдігін қамтамасыз ететін қару – атом бомбасын бірінші болып иелену жолында жанталас болғаны белгілі. Бұл тайталаста көсемдер жылы кабинеттерінде отырып, ойын қағидасын белгіледі де, қарапайым адамдар әлемнің тағдырын шешетін нағыз ойыншыларға айналды.

АҚШ бомбасының жасалуында Альберт Эйнштейннің ғылыми зерттеулері маңызды рөл атқарған. Роберт Оппенгеймер де, Эйнштейн де әу бастан кеңес барлаушыларының басты назарында еді.

Ең ақылды, ең ұлы адамдардың да бір осал тұсы болары белгілі. Өзіне қажетті тұлғаны ұзақ зерттейтін арнаулы қызмет өкілдері ілікке ілінер әлсіздікті ешқашан қалт жібермейді. Көптеген жағдайда нысанадағы тұлғаны қарапайым әдіспен-ақ тұзаққа түсіреді. Оппенгеймер де, Эйнштейн де сол классикалық әдістің, яғни ажарлы әйелдердің тұзағына түскені шындық.

Маргарита Коненкова атты әйел Эйнштейнмен  әмпей-жәмпей болған. Бір қызығы, тыңшы ару ұлы ғалымды шынымен сүйіп қалып, арнаулы қызмет тарихында кездесе бермейтін жайт орын алған.

1998 жылы бұрын қоғамға белгісіз болып келген құжаттар – ұлы ғалымның 9 хаты Нью-Йорктегі «Сотби» аукционында саудаға шығарылды. Бұл хаттардың арасында Эйнштейн мен Коненкова бірге түскен 5 сурет болды, олардың бірінің артына ұлы ғалым «Шынайы махаббатымның белгісі. А.Эйнштейн» деп қолтаңба жазған, сондай-ақ, Коненкованың былғары қабы бар адрес дәптері (онда Эйнштейннің Принстон мен Саранак-Лейктегі мекен-жайы жазылған), ғалымның сүйіктісіне қоштасу сыйлығы ретінде берген алтын сағат әлем жұртшылығының назарын аударды.

Анау-мынау емес, әлемдік деңгейдегі ғалымның басын айналдырған Маргарита ару кім еді өзі?

Маргарита Ивановна Воронцова 1895 жылы Сарапул қаласында адвокат отбасында дүниеге келген. Туған жерінде гимназия бітірген соң, 1915 жылы Мәскеуге келіп, мадам Полторацкаяның заңгерлік курсында оқи бастайды. Поварская көшесінде, дәрігер Иван Буниннің үйінде тұрады. Көп өтпей қожайынның баласымен әңгімелі боп, шу шығады. Сондай күндердің бірінде Маргаритамен танысқан бір жас мүсінші оны әріптестерімен болатын отырысқа апарады. Сол жерде жас аруды жасы өзінен біршама үлкен,  «орыс Родені» атанып үлгерген әйгілі мүсінші Сергей Коненков (1874 жылы туған) бір көргеннен ұнатып қалған.

Сол күні Сергей Тимофеевич өз күнделігіне «Маргарита сондай сұлу, ол маған құдды белгісіз суретшінің шығармасындай көрінді. Қолы да әдеттен тыс әдемі, саусақтары нәзік... Мен мұндай қолды бұрын сірә көрмегенмін!..» деп жазып қойған.

Маргарита мен Сергей Тимофеевичтің махаббат хикаясы лезде Мәскеуге тарайды. Жас қызды кәрі ғашықтан қорғау үшін әке-шешесі оны өз еліне алып кеткенде, Сергей салып ұрып Сарапулге жетіп барады. Қос ғашықтың маңдайына үйлену жазылған екен. Қалыңдықтың әке-шешесінің қарсылығын жеңіп, 1922 жылы екеуі некелеседі.

Коненкова ханымға айналған Маргарита Ивановна Воронцова күйеуімен қайта Мәскеуге келеді де, астанадағы тұрмысқа тез бейімделіп, қоғамда аса беделді адамдардың отырыстарына баруды дағдыға айналдырады. Жас ару басқаларды да өзіне ғашық етіп үлгереді. (Сергей Рахманинов, Федор Шаляпин сияқты атақты кісілермен көңілдес болған деген қауесет бар). Әйелінің өзгелермен лас байланыстарын естіген Сергей Коненков одан жиіркенудің орнына, қайта қатты ұната түскен көрінеді.

1923 жылы Коненковтар отбасы кеңес көркем өнерінің көрмесіне қатысу үшін Нью-Йоркке аттанады. Олар АҚШ-та бірнеше ай тұруды жоспарлаған болса да, әлдебір себептерге байланысты 20 жылдан аса өмір сүруіне тура келеді. Кейінірек бұл отбасының отанына оралуына Сталиннің өзі араласып, Сергей Коненковтың шығармашылық жұмыстарын әкелу үшін арнайы кеме жіберген, Мәскеудегі Горький көшесінен шеберхана әзірлетіп қойған.

Ауыр кезеңде отанын тәрк етіп, соңынан елге оралғандардың еш біріне мұндай жағдай жасалмаған-ды. Мұндай қамқорлықты көре алмаған зиялы қауым олардың үстінен жоғары органдарға арызды қарша боратады. Маргарита Ивановна  өзінің және күйеуі С. Коненковтың отан алдындағы ерекше еңбегін ескеріп, негізсіз айыптаулардан қорғауын өтініп, Лаврентий Берияның қабылдауында болады. Содан соң ғана айыптаулар сап тыйылады.

Ол қандай ерекше қызметін айтқан еді?

ХХ ғасырдың 30-40 жылдары Коненковтардың өміріндегі сырлы дәуір. Олардың отбасылық бюджеті тапқан табысынан көбірек болғандығы жайлы мәліметтер бар. Сергей Тимофеевич орыс сәулет өнерінің үлгісімен ағаштан бар салып алған. Ол бұл жерде гармон тартып, қонақтардың көңілін көтерген. Бірақ қонақтар негізінен Маргарита сұлуды көру үшін келеді екен. Көңілді кештерде Коненков әйелінің арқасында қымбат тапсырыстар алып, атақты кісілердің мүсіндерін жасаған.

Сөйтіп жүргенде, күтпеген жерден Сергей Коненков шулы өмірді тәрк етіп, шеберханада қамалып ап, дәруіштерше өмір сүре бастайды...

Коненковтар мұрағатындағы суреттерді түсірілген жылдары бойынша рет-ретімен қойып тамашалау кімнің қиялына келгені белгісіз, бірақ бұл іс өте үлкен нәтиже берген. Ең алғашқы суретте Коненковтар Эйнштейндер отбасымен тұр. Кейінірек Сергей Тимофеевич «хылуетке» кетіп, тек Эйнштейннің жақындарымен бірге Маргарита ғана суретке түскені байқалады.

Тағы бір суретте Маргарита Коненкова, Альберт Эйнштейн, оның әйелі Эльза, өгей қызы Маргот және бір ер кісі жымиып тұр. Коненковтардың Мәскеудегі музейіне келген америкалықтардың бірі жымиып тұрған ер кісіні дереу таныған: ол атышулы «Манхэттен» жобасының жетекшісі Роберт Оппенгеймер еді! Демек, кеңес мүсіншісінің әйелі Америка атом бомбасының атасымен де байланыста болған...

Бұл күрделі жұмбақтың жауабы бұрынғы Одақтың НКВД-НКГБ қашқындар ісімен айналысқан 4-бөлімінің бастығы генерал-лейтенант Павел Судоплатов қайтыс болардан сәл бұрын жариялаған естелігінде бар боп шықты. Оның айтуынша, Маргарита Коненкова «Лукас» деген бүркеншік есіммен жұмыс жасаған совет агенті екен!

Судоплатов өзінің «Разведка и Кремль» атты кітабында «Белгілі мүсінші Коненковтың әйелі, Лиза Зарубина (НКВД-ның АҚШ-тағы резиденті Василий Зарубиннің әйелі) жетекшілігімен жұмыс жасаған біздің сенімді агентіміз Принстонда ірі физиктер Оппенгеймер және Эйнштеймен байланыста болды. Ол Оппенгеймердің айналасындағыларды өзіне баурап ала білді. Оппенгеймер АҚШ компартиясымен байланысты үзген соң, Лиза Зарубина мен Нью-Йорктегі біздің резидентурамыз қызметкері Пастельняк (Лука) жетекшілігімен Коненкова оған өз ықпалын жүргізді, мұнан сәл бұрын өзінің солшыл көзқарастарымен танылған  мамандарды жұмысқа алуға оны көндірген еді...»  деп жазған.

Судоплатов тағы былай деп жазған: «Сол кезде, әлі баршаға құпия болған қаруды жасаумен айналысқан, Эйнштейннің айналасындағы ғалымдармен байланыс орнату операцияларында Михоэлс пен Фефердің де рөлі маңызды. Бұл кісілер Эйнштейнмен жақсы араласқан орыс эмигранттары – Коненковтар отбасы арқылы, ауызша болса да, Принстонда Ферм мен Оппенгеймердің қатысуымен қаралып жатқан жаңа қарудың болашағы жайлы деректерді бізге жеткізіп тұрды.  Зарубиндерден басқа, АҚШ-тағы біздің барлауымыздың бағыты бойынша Хейфец пен Пастельняк та жұмыс жүргізген».

Лукасқа «Манхэттен» жобасы бойынша ядролық қаруды жасаумен айналысқан ғалымдарға ықпал ету міндеті жүктелген. Сондай-ақ, ол Эйнштейнді Нью-Йорктегі совет елшісінің орынбасары, ғылыми байланыстарды қадағалайтын Павел Михайловпен кездестіруге тиіс болатын. Лукас өз міндетін орындаған сыңайлы – Эйнштейн өз хаттарында елші жайлы айтқан...

Жиырма жасында үйленген Альберт Эйнштейннің алғашқы жары – серб қызы Милева Марич одан төрт жас үлкен болатын. Бұл қызуқанды әйелмен Альберттің арақатынасы кісі қызығарлықтай болмаған. Тұңғышын босанар алдында Сербияға кеткен Милева Лизерл атты қыз босанып, оны әке-шешесіне беріп кеткен. Бұдан соң жас жұбайлардың екі ұлы болған, бірақ арақатынасындағы салқындық жоғалмаған. Альбертті өзге әйелдерден қызғанудан шаршаған Милева ақыры ажырасып тынады. Бір қызығы, мықты математик болған Милева күндердің күнінде күйеуі Нобель сыйлығын алатынын айтып, оны өтемақы ретінде өзіне беруін талап етіп, ажырасу жайлы қаулыға енгізген. «Бұл кезде әлемге әйгілі сыйлықты аламын-ау деген ой Эйнштейннің қиялына да келмеген», – деп жазған кейін екеуінің ұлы Ганс-Альберт.

Олар ажырасқан соң Альбертті айналшықтап жүрген Эльза дереу оған тиіп алады. Замандастарының естеліктеріне қарағанда, ол тек сәнденуді, әшекейлерді, тәттілерді және Эйнштейнді жақсы көрген екен. Ал Альберт Коненковамен кездескенше сән-салтанатқа мүлде қызықпаған.

Коненковтың шеберханасына Альберт Эйнштейн алғаш рет  1935 жылы келген, себебі Принстон университетінің басқармасы физиктің қола бюстін жасауды Сергей Коненковқа тапсырған. Негізі, бұл отбасы ілгерірек, Эйнштейннің өгей қызы Маргот арқылы танысып, Маргарита мен Маргот сырлас дос болған.

Маргарита Коненкова  мен Альберт Эйнштейннің махаббаты жайлы айтқанда, олар бір көргеннен бір-бірін ұнатып қалды деу мүмкін емес. Олардың байланысы басталған шақта Эйнштейн 56, Маргарита 39 жаста болған. Арақатынасы жайлап дамып, сезімдерінің шарпысуына ұзақ уақыт керек болған тәрізді. 1936 жылы Эйнштейннің екінші әйелі Эльза өмірден озған соң ғана Маргарита оның орнын иелеген.

Мүсінші Сергей Коненков бір рет қана Эйнштейннің бюстін жасау үшін Принстонға барған. Оның зердесінің мықтылығы соншалық, қиялындағы бейнені көз алдына елестетіп-ақ өз жұмысын бітірген. Есесіне Маргарита Принстонға жиі-жиі барып тұратын. Өйткені оның махаббаттан басқа тыңшылық қызметі де бар-тын.

Альберт Эйнштейн Маргаританы сүйіп қалғаны соншалық, екеуі бірге болу үшін түрлі айла-шарғы жасауға дейін барады. Ол дәрігер досына Маргаританың ауру екені жайлы анықтама жасатып, Саранак-Лейкте емделуі туралы ұсыныспен бірге Сергей Коненковқа хат жазып жібереді. Әйелінің денсаулығын ойлаған мүсінші еріксіз келісуге мәжбүр болады. Саранак-Лейкте Эйнштейн бір коттеджді жалға алған әрі онда жекеменшік яхтасы да бар болатын...

Эйнштейн мен Коненкованың махаббаты күшейе келе, 1945 жылдың тамызында айырылсар шақта өз шыңына жетеді. Маргарита ұзақ уақыт бойы үш кісінің – Коненков, Эйнштейн, НКВД офицері Пастельняктың арасында  жүгіруіне тура келген. Ол Пастельнякті Павел Михайлов деп атап, Эйнштеймен кездестірген. Бір мезетте ұлы мүсіншінің әйелі, әлемге әйгілі ғалымның көңілдесі, НКВД тыңшысы болу оған оңай емес, бірақ Маргарита бұл істің үдесінен шыға білген.

Хаттар мазмұнына қарасақ, Эйнштейн мен Коненкова өздеріне белгілі жаргондарды пайдаланған. Олар Принстондағы құпия орынды «ұяшық» деп атаған. Сондай-ақ есімдеріндегі алғашқы буынды біріктіріп, Альмар деген есім ойлап шығарған. Осылайша «Альмар көрпесі» «Альмар креслосы» сияқты атаулар дүниеге келген.

1945 жылы  тамыз айының ортасында Коненковтар отанына оралды. Елге жүрер алдында Маргарита Эйнштейннің үйіне барып келген. Хаттар мазмұнына қарағанда Эйнштейн сүйіктісінің тыңшы екенін білген, тіпті Маргаританың өзі оған бұл жайлы айтып берген көрінеді.

Содан бір ай бұрын АҚШ Нью-Мексико штатында әлемдегі алғашқы бомбаны сынақтан өткізеді. Жаңа қарудың идентификациясы мен сынақ мерзімі жайлы деректерді Нью-Йорктегі резиденция өкілдері НКВД-ның сыртқы барлау қызметінің басшысы П.Фитинге, ол өз кезегінде Сталин, Молотов, Берия және совет атом жобасының жетекшісі Курчатовке жеткізген еді. Сондықтан да, 1945 жылы 18 маусымда Потсдам конференциясының ашылу салтанатында Трумэн жаңа қару жайлы айтқанда Сталин реакция білдірмеген, Черчилль оны ештеңені ұққан жоқ деп ойлаған.

Коненковтардың Мәскеуге аман-есен жетуіне КСРО үкіметі мен АҚШ-тағы НКВД өкілдері ерекше жағдай жасап, бұл операцияға Анатолий Аяцков жетекшілік етеді. Мүсінші мен әйелі Сиэтлден Владивостокқа, Владивостоктан Мәскеуге арнаулы поезбен әкелінген. Сол А.Аяцков бертінге дейін өмір сүріп, өлген соң оған осы операция үшін «Ресей қаһарманы» атағы беріледі.

Сүйіктісі кеткен соң Эйнштейн совет барлаушысымен кездескенін, тіпті оның отбасында болғанын жазған. Сондай-ақ, ол хаттарының бірінде Маргаритадан «бұрынғы тапсырыс берушілер қысым жасап жатқан жоқ па?» деп сұрайды.

Ұлы ғалым мен тыңшы әйел тағы 10 жылға дейін хат жазысып тұрған. Сүйіктісінен айырылған Эйнштейн 1945 жылы 25 желтоқсанда жазған хатында: «…Мен шашыма мүлде қарамай қойдым, әдеттен тыс жағдайда жылдам түсіп жатыр. Жуық арада басымда түк қалмайды. Ұяшығымыз да тастанды жағдайға түсіп, қаңырап қалған тәрізді. Егер оның тілі болса да, бірдеңе демес еді. Мен қазір тіземді Альмардың көрпесімен жауып, мынаны жазып отырмын, терезе артында қап-қараңғы түн...», – деп өзінің шарасыз халін баяндаған.

Эйнштейн өлген соң ғана байланыс үзілген.

1971 жылы 9 желтоқсанда, 97 жасында Лениндік сыйлықтың лауреаты  Сергей Тимофеевич Коненков өлген соң Маргарита жалғыз қалады. Ол дене бітімін сақтау үшін жастық шағында перзент көрмеген-ді. Қартайғанда депрессияға түсіп, өзіне қараудан қалады. Қызметші әйел оны қара нан мен селедка беріп баққан. Таныс-білістерімен араласпай, апталап төсектен тұрмай жатқан Маргарита Ивановна ебедейсіз семіріп кетеді.

Жалғанды жалпағынан басқан арудың маңдайына қор болып өлу жазылған екен. 1980 жылы Мәскеу қаласы, Тверская көшесіндегі Сергей Коненковтың үй-музейінде тамақтанудан саналы түрде бас тартып, аштан өлді. Үй қызметшісі қымбат бағалы әшекейлерді ұрлап кетті. Тек жеке бұйымдар арасында Эйнштейнмен жазысқан хаттары, суреттері, әр түрлі парақтарға шала жазылған формулалар, неміс тілінде жазылып, астына «А. Э» деп қол қойылған өлең ғана қалды. Кейін мамандар ұлы ғалымның қолтаңбасын таныды, бірақ өлеңді оқу қиындық туғызды. 1943 жылы рождество мерекесінде жазылған бұл өлеңді жарты ғасыр өткен соң, 1993 жылы арнайы мамандар оқыды.

Маргарита Ивановна Коненкова жеткізген деректер 1945 жылы 19 тамызда СССР Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 9887-сс\оп қаулысы қабылдануына себепші болған көрінеді. Бұл қаулы негізінде совет атом бомбасы жасап шығарылған.

Коненковтардың жеке ісі Ресей Федерациясының сыртқы барлау мұрағатында 137993 және 137994 нөмірімен сақталады. Ондағы құжаттарда біз білмейтін әлі талай сыр жатқаны даусыз.

Ұлы ғалым мен тыңшы әйелдің махаббаты Америка киногерлерінің де назарын аударды. 2017 жылы Эйнштейннің өмір жолына арналған «Гений» атты деректі сериалдың алғашқы маусымында Маргарита Ивановна Воронцова – Коненкова – Лукас рөлінде Аня Букштейн ойнаған.

Жоспармен жасалған ойынның шынайы махаббатқа айналып, мұңды аяқталғаны жайлы хикая ойыңды сан саққа жүгіртіп, жүректі сыздатады...

Бегабат ҰЗАҚОВ

Соңғы жаңалықтар