Тамара Меликсетян: Саясаттағы кәрі «қасқырлар» қарап қалмайды

Тамара Меликсетян: Саясаттағы кәрі «қасқырлар» қарап қалмайды

Тамара Меликсетян: Саясаттағы кәрі «қасқырлар» қарап қалмайды
ашық дереккөзі
Армения билігіне Никол Пашинян келгелі бірқатар реформалар қолға алынуда. Оның көш басында – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен ел қазынасынан жымқырған ақшаны қайтаруға күш салу тұр. Ол тіпті бір сөзінде Еуроодақтың қолдауынан бас тартатынын айтып: «Жемқорларды бір сілкіп алсақ, реформаға да ақша табылады» деген еді. Осылайша, ұлттық қауіпсіздік қызметіне арнайы тапсырма берген Пашинян жоғары шенділерді тексеріп, АҚШ, Аустарлия, Ресей асқандарды елге қайтаратынын мәлімдеді. Біз Армениядағы саяси һәм экономикалық ахуал жайында армян саяси сарапшысы Тамара Меликсетян ханымнан сұраған едік. – Тамара ханым, Армения би­лі­гі жүргізе бастаған реформа көп­шіліктің назарында. Мұны жер­гілікті халық қуана құптаған шығар... – Әрине, Арменияда мұндай өзгерістің болмағанына көп уақыт өтті. Пашинянның жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуі – билікке жаңадан келгендегі қолға алған басты шаруасы. Оның мемлекетте жемқорлықты түп-тамырымен құртуға, демократияны өркендетуге деген ұмтылысы құптарлық. Әдетте бұл індет КСРО құрамынан шыққан мемлекеттердің бәрінде дендеп кеткені белгілі. Тіпті, жемқорлықпен талайдан күресіп келе жатқан Грузия мен Украина да бай-манаптарды тізгінге сала алмай келеді. Кез келген мемлекетте демократияны жаңғырту институттары көптеп ашылса, бұл мәселеге қарсы тұру жеңілірек. Ал бүгінде Еуроодақ құрамына кіруге талпынып жатқан елдер әуелі осы түйткілді шешіп алу керек сияқты. Сол сияқты Пашинян да елдегі орын алып жатқан өзгеріс пен реформаның бәрі жергілікті халықтың таңдауынан туындап отырғанын айтуда. Яғни, оның сөзінше «бұл Еуроодаққа ұмтылудан туған әрекет емес». Ал жалпы Армения мен Еуроодақ арасында келіссөз жүргізу жалғасуда. Жақында ғана Ереванға Германия канцлері Ангела Меркель келді. Ол Пашинянмен бірге қала орталығындағы көшеде қыдырып, қарапайым адамдармен тілдесті. Әдетте Еуропалық көшбасшылардың мұндай әрекетке баруы сирек. Ангела Меркель бұдан соң Әзірбайжанға да барды. Себебі Германия бұл елмен энергетика саласындағы ахуалды реттеу керек болатын. Бұл тұрғыда Армения Германия үшін тиімді позицияда тұрған жоқ. Ал Еуроодақ үшін Армения мен Әзірбайжан да бірдей. Яғни, Еуроодақ Таулы Қарабақ қақтығысына қатысты екі елдің де тыныштығын көздейді. Егер Әзірбайжанмен экономикалық байланыс орнықса, Еуроодақ үшін маңызды одақтасқа айнала алады. Әзірге бұл жағдай бірқалыпты. Алайда Армения билігі Еуроодақпен қарым-қатынасты жақсарту үшін бар күшін салуда. Және Ресейдің де қытығына тиіп кетпеу жағын да ұмытқан емес. – Ал жаңа биліктің қолға алған реформасы нәтижесін көрсетіп жатыр ма? Қазақ оқырмандарына ең әуелі осы маңызды... – Пашинян елден сыртқа кеткен, яғни жымқырылған қаржыны толықтай қайтаруға уәде беруде. Құқыққорғау мамандарының дәйегінше, бірнеше ай бұрын елімізде лауазымды қызметте отырған бірқатар шенеуніктердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Әңгіме Арменияның экс-премьер-министрі Арам Саркисян және оның ағасы, сондай-ақ, бұрынғы полиция бастығы туралы. Тергеу комитетінің мәліметінше, Транспорт және байланыс экс-министрі Гагик Бегларян, Парламенттің экс-депутаты Мгер Седракян қызмет бабын асыра пайдаланып, ақша бопсалау және алаяқтық ісі бойынша жауапқа тартылды. Яғни, олар экономикалық қылмысқа байланысты айыпталып отыр. Бұрынғы президент Серж Саргсянның ағасының балаларына да іздеу жарияланды. Тергеу комитеті жаңа биліктің тапсырмасына сәйкес, талай жыл былық-шылыққа батқандар мен сыбайлас жемқорлыққа жол бергендерді жазалауға кірісті. Меніңше, бұл саяси фигуранттар қазіргі биліктің жұмысына тікелей кедергі келтіруі мүмкін. Әрине, саяси тұрғыда тұтқындау, қанды кек болмаса да, осындай жұмыстар жүргізілуде. Өзіңіз де білесіз, Саргсянның қылмысқа қатысы болса да, тұтқындаған жоқ. Ол ол ма, қазіргі кезде қолдағы билігінен айырылса да, қалтасы қалың бай-манаптардың түкірігі жерге тимей жүр. Көптеген олигархтардың қаруланған жеке күзеті ғана емес, тұтас штаты бар. Оларға қарсы күрес жүргізу оңайға соқпайды. Ал мемлекет бюджетінің ақшасын қайтару мәселесіне келсек, тамыз аяғының соңында жаңа билікке 100 күн толды. Қысқа уақыт ішінде жергілікті полиция алдыңғы жылдармен салыстырғанда қылмысты ашу екі есеге артты. Шамамен 746 қылмыс анықталды, олар 9 млн доллар залал келтірген. Демек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тоқтаусыз жалғаса береді деген сөз. – Ал Таулы Қарабақ мәселесін шешу жайы ұмыт қалған жоқ па? – Серж Саргсянның кезінде бұл мәселеде бірқатар келіссөз орнаған еді. Сол кезде армяндар тартып алған жер Әзірбайжанға қайтарылады деген қауесет тараған. Алайда мұндай келісім болды ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ қазіргі билік мұны сөзсіз құптамайды. Тіпті, бұл әзірбайжан билігінің де ызасына тиюі мүмкін. Себебі Әзірбайжанды да, сондай-ақ, қансыз төңкеріс орнаған һәм жаңа демократиялы мемлекет Арменияны да ымыраластыра алмайды. Екі елдің басшысы тіл табысуы мүмкін емес. Армения үшін Таулы Қарабақ мәселесі келісімдердің басында тұр. Бүгінде екі елдің арасындағы келіссөздер ЕҚЫҰ төрағалығымен өтуде. Пашинян Таулы Қарабақ тағдырына сонда тұратын халық араласуы керек деп есептейді. Сол себептен кез келген форматта келіссөз жүргізуге дайын екенін айтуда. Бірақ Армения пікірді Таулы Қарабақтың емес, өз атынан ғана айтуға құқы бар. Себебі Таулы Қарабақтың өз аумағы, өз билігі бар және жергілікті тұрғындардың өз қызығушылығы, ой-пікірі бар. Алайда қазір саяси ахуал ушығып тұр. Неге десеңіз, Әзірбайжан жақында Ресейден қару-жарақ сатып алды. Сол сияқты Армения да несие алып, Ресейден қару-жарақ сатып алмақшы. Қысқасы, екі мемлекет те қаруланып, сақадай-сай отыр. Бұл мәселеге қатысты әскери сарапшылар алдағы көктемде жағдай тығырыққа тірелуі мүмкін екенін айтады. Алайда биліктің жаңа көзқарасы, жаңа идеясы ахуалды реттеуге күш салады деп үміттенеміз. – Армения мен Ресей арасында­ғы саяси қарым-қатынас туралы не айтасыз? – Армения мен Ресей арақатынасына келсек, екі елдің арасында геосаяси тұрғыда айтарлықтай ауқымды мәселе жоқ. Бірақ Ресей билігі ешқашан босаңсыған емес, үнемі астыртын әрекетпен жүреді. Қыркүйек айында болған кездесуде Пашинян мен Путин Арменияға несиеге қару-жарақ жеткізуге байланысты келісімге келді. Соған қарамастан, біздің билік ащы да болса шындықты нақты айтты. «Армения тәуелсіз мемлекет. Сондықтан ішкі мәселені шешу кезінде Ресейдің сөзіне құлақ аспайды» деді. Десе де, Ресей де ақымақ емес. Кез келген мәлімдемеге байыппен қарап, ішінара барлау-бақылау жұмысын жүргізіліп келеді. Мәселен, елде орын алған атышулы істі алайық. 2018 жылдың 1 наурызында президент сайлауы шешіміне қатысты болған ереуілде он адамға оқ атылғаны белгілі. Бүгінде осы оқиғаға қатысы бар деген фигуранттардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сол кезде Армения екінші экс-президенті Роберт Кочарян қамауға алынды. Бұдан соң Армения ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) басшысы Юрий Хачатуров та осы оқиғаның басты ұйымдастырушысы деп танылды. Алайда Ресей оны қорғап алғысы кеп Арменияның ішкі мәселесіне араласуға тырысты. Ал Армения билігі «мұның Ресейге қатысы жоқ, Юрий Хачатуровтың ұсталуы Армения ҰҚШҰ аясындағы келісімді құрметтемейді деген сөз емес» деді. Қысқасы, бұл мәселе екі арадағы жағдайға басқаша реңк берді. Бірақ Роберт Кочарян қамаудан босағанда Ресей президенті Путин телефон арқылы хабарласып, туған күнімен құттықтады. Әрине, бұл екеуінің бұрыннан келе жатқан достығы қазір де сақталғанын білдірді. Десе де, Путин осы қоңырауы арқылы қазіргі армян билігіне ескерту жасаған сияқты. Бір сөзбен айтқанда, Ресей Пашинянды да, оппозиция құруға асыққан Роберт Кочарянды да қолдап отырған жоқ. Сондықтан Ресей әзірге Арменияның ішкі жағдайын бақылауда ұстауда және бәріне байыппен қарауда. Бұл жағынан Ресейдің саясаты Саакашвили басқарған Грузияны еске түсіреді. Алайда Ресей мен Армения арасында айтарлықтай кикілжің орын алмаса да, екі ел президенті кейбір мәселе бойынша келісімге келген сияқты. Мәселен, Пашинян базбір ресейлік компанияларға байланысты картбланш алды. Айталық, «ГазпромАрмения» 1 миллион долларға қатысы бар деп айыпталды. Бір қызығы, Путинді Армениядағы газ бағасы таңқалдырды. Себебі Ресей Арменияға газды қазір төлеп отырған бағадан екі есе төмен бағада берген. Яғни, Ресейдің бақылауындағы «ГазпромАрмения» компаниясы қосымша үстемақы қосып отырғанға ұқсайды. Егер екі елдің басшысының кездесуін сарапқа салсақ, Армения одақтасымен байланысты орната бастаса да, елдің егемендігіне қол сұғуға болмайтынын қатаң ескеріп бағуда. – Дегенмен, Пашинян билікке кел­гелі елдегі экономикалық және әлеу­меттік жағдайы оң бағытқа ойы­сып келе ме? – Пашинян билікке келгеніне 100 күн толуына орай алаңда бейбіт шеру ұйымдастырды. Халықтың өзі билікке әкелген азаматқа сеніп, қолдау білдіретіндер көп екен. Бұл Ресей мен Еуроодақтың құлағына «алтын сырға» іспеттес болды. Сол сияқты халықтың сенімі Пашинянның бәсекелестері мен қарсыластарының да аузына құм құйды. Ал жергілікті тұрғындардың экономикалық-әлеуметтік жағдайына келсек, қазір біз «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» немесе «Мемлекет ақшасының қайтарылуы» сынды қызықты сериал тамашалап жатқан сияқтымыз. Әрине, бұл да қуантпай қоймайды. Мемлекеттің дамуында ілгерілеу бар. Сондай-ақ, соңғы айларда банк активтері 100 млн долларға өсіп, несиелік портфельдер арта бастады. Бұл экономикалық белсенділіктің артқанын көрсетеді. Шілде айында бұл 11 пайыз болды. Елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреспен қатар, экономикалық реформа жасалуда. Бұл мемлекетке инвестиция тартуды көздейді. Яғни, инвесторлар бұған дейін қанша көп табыс тапса, сонша салық төлейтін, қазір мұның арнайы шкаласы енгізілмекші. Армения билігі ел азаматтарына да, инвесторларға да қолайлы әрі тиімді жағдай жасауды көздеп отыр. Сол арқылы экономикадағы көлеңкелі кірістерді анықтауға кіріспекші. Бұдан бөлек зейнетақыны 60 пайызға өсіру туралы мәлімдемені айтуға болады. Ұстаздар мен медицина қызметкерлерінің жалақысын 15 пайызға көтеру қолға алынды. Яғни, әлеуметтік мәселелерді шешуге деген ұмтылыс бар. Бір сөзбен айтқанда, Армения халқы тағдырын жаңа билікке сеніп тапсыруда. Әрине, жұмыс істелген жерде сын да бар. Саясаттағы бұрынғы кәрі «қасқырлардың» билікке қайта келуіне наразылар көп. Айталық, Роберт Кочарянның ұсталып, қайта босап келуі. Бұл туралы шетелдік бақылаушылар сынап мақала да жазды. Олардың ойынша, Кочарян қазіргі билікке қарсы электорат құруы мүмкін дейді. Сол себептен де армян халқының бұл саясаткерге көзқарасы теріс. Яғни, Кочарян тұтас халықтың емес, белгілі бір топтың ғана қолдауына ие. – ҰҚШҰ аясында Армения бірқа­тар мемлекеттермен байланыс орнат­қан. Бірақ мемлекет ұйым қойған талаптарды орындап отыр ма? – Армения бұл тұрғыда Қазақстанмен де ниеттес. Қазір саяси режим біраз сауыққан сияқты. ҰҚШҰ бойынша көп жылдар бойы көптеген құжаттық келісім орын алды. Егер ҰҚШҰ мемлекетінің бірі әскери қақтығысқа тап болса, басқа мемлекеттер көмек қолын созуға міндетті. Бұл мәселе Пашинян мен Путин кездесуінде де сөз болды. Егер Таулы Қарабақта жағдай ушығып, әскери қақтығыс орын алса, бұл шекарадағы елдерге де қауіп төндіреді. Осы кезде ҰҚШҰ немесе ТМД құрамындағы мұсылман мемлекеттері Арменияға тап беріп, Әзірбайжанға қарсы күресе ме? Бұл мәселе ашық. Осы тұрғыда ҰҚШҰ аясында Армения өзінің міндеттемелері мен құқығын анықтап алғысы келеді. Екіншіден, ҰҚШҰ құрамындағы Армения мен Ресейдің жағдайы, Сергей Лавровтың мәлімдемесі, Әзірбайжандағы ҰҚШҰ басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалуы екіұдай пікір туғызды. Тіпті, ақпарат құралдарында Әзірбайжан ҰҚШҰ құрамына кіреді деген мәліметтер де жазылуда. Бұған Армения қарсы болғанмен, оны Ресей толық қолдауда. Себебі Таулы Қарабақ қақтығысы Ресейге де, басқаға да керек емес. Саясаттанушылардың болжамы бойынша, Әзірбайжан ҰҚШҰ құрамына кіре алмауы да мүмкін. Себебі Армения толық мүше ретінде бәрібір вето қояды. – Ал Арменияның Еуразиялық эко­но­микалық одақтағы орны туралы не айтасыз? Кезінде Серж Саргсян бұл одаққа мәжбүрліктен кірді деген пікір болып еді... – Армения Премьер-министрі әу бастан Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекет үшін үлкен маңызға ие екенін айтты. Және де Арменияның басқа мемлекеттер арасында сауда режимі орнағанын жеткізді. Бұдан бұрын құрылған Кедендік одақ аясындағы тауар алмасу қай деңгейде? Меніңше, одақ жұмысы мен қызметіне басқа мемлекеттердің де көңілі толмайды. Кедендік бақылау, тауар айналым дұрыс жүргізілмеуде. Тіпті, бұл түйткілдер билікте Серж Саргсян отырғанда көтерілген де жоқ. Оның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруден басқа таңдауы да болмады. Оның үстіне Арменияны Ресей, Қазақстан, Белоруссия мемлекетімен қоян-қолтық қарым-қатынаста деуге келмейді. Бірақ одақ бар, жұмыс істеуде. Оның нәтижесін уақыт көрсетер, бәлкім. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы