8 Қараша, 14:18 180 0 Жаһан TURKYSTAN.KZ

Ғалымдар Марсты зерттеуге кірісті

Жуырда жаһандық басылымдар Марс ғаламшарына зерттеуге жіберілетін «Экзомарс» құралының үлгісі сынақтан өтіп жатқанын жарыса жазды. Ең бастысы, еуропалық ғалымдар Испанияның шөл даласында зерттеу жұмыстарын бастап кеткен. Аппаратты басқару орталығы 1 мың 600 шақырым жердегі Ұлыбританияда орналасқан. Соған қарамастан техникалық мамандар құрылғының қасында. Сыртқы көрінісі ақшыл түсті, алты дөңгелекті. Ол қызыл планетада тәулігіне 100 метр жерді жүріп өтеді. Осылайша Марста жер қыртысынан түрлі жыныстарды жинайды. Сол үшін құрылғыға бейнекамералар, түрлі ғылыми құралдар мен бұрғы орнатылған. Зерттеуші Сузанне Швинцерьдің айтуынша: «Экзомарсты» зертхана мен сынақ алаңында тексергенде барлығын қадағалай аласың. Бірақ ол Марста көп қиындыққа тап болуы мүмкін. Себебі бұл ғаламшарда жел мен құмды дауыл соғып тұратыны белгілі», ‒ дейді. Жалпы, Марсты зерттеуге қызығушылық танытатын зерттеушілер саны көп. Дегенмен ол оңайға соқпай келеді. 2016 жылы Скиапарелли аппараты жіберілді, бірақ, бұзылып қалған-ды. Осы уақытқа дейін Марс ғаламшарына жіберілген аппараттардың тек 50 пайызы ғана тиісті қызметті атқара алған. Ғалымдар енді 2020 жылы заманауи технологиялармен жабдықталған ерекше ғарыш кемесін жіберуді жоспарлауда.

Соңғы жаңалықтар