8 Қараша, 13:59 150 0 Қоғам "Түркістан" газетінің авторлары

Жалағашта өткен төрт шара

Жуырда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының орталығында қоғам және мемлекет қайраткерлері Темірбек Жүргенов, Ілияс Қабылов, Ұзақ Еспановқа арналған мерейтойлық іс-шаралар мен «Алтын дән – 2018» мерекесі өткізілді.

Мектеп оқушылары арасында «Жүргенов оқуларының» облыстық байқауы өтіп, ол жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» атты спектаклімен жалғасты. Спектакльді Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық театры қойды. Көрермендер халық ағарту комиссары болған, 1937 жылдың құрбаны болған Темірбек Қараұлы Жүргеновті жаңа қырынан таныды. Әкесі Қараның іздеп келіп, сөйлеген тұсында сол заманның шындығы шынайы көрініс тапқан.

Мерейлі мереке «Дәуімбай» елді мекенінде жалғасты. Үлкен жолдың бойында қоғам және мемлекет қайраткері Ілияс Жүсіпұлы Қабыловтың ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Салтанатты Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев қысқаша сөз сөйлеп ашты.

Осы күні Қонысбек Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру және Ілияс Қабыловтың мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Конференцияны жүргізген тарих ғылымдарының кандидаты, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Байқадамов. Конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозов «Ілияс Қабыловтың әдебиет жайлы ойлары», философия ғылымдарының докторы, профессор Баймырза Қожамбердиев «Ілияс Қабыловтың философиялық тұжырымдары», жазушы, этнограф-ғалым Тынышбек Дайрабай «Ілияс Қабылов қоғам және мемлекет қайраткері» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, жиынға І.Қабыловтың немерелері мен шөберелері қатысып, сөз сөйледі.

Одан соң ауданның орталық стадионында қазақ күресінен түйе палуандар сайысы басталды. «Қаратамыр» деген атпен күрескен Еламан Ерғалиев бас бәйгені иеленді.

«Тағзым» аллеясын облыстың мәслихат хатшысы Н.Байқадамов ашып, бұл аллеяның тағылымдық, танымдық ерекшеліктерін атап көрсетті. Онда Қарақұм көтерілісі, Ауған соғысы, Семей, Чернобыль апаттарын бейнелейтін ескерткіштер мен қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Жүргенов, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтардың мүсіндері қойылған.

Тұлғаларға арналған шаралармен бірге «Алтын дән» мерекесінің қорытындысы шығарылып, ауданның еңбек озаттарына бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен бірге ақындар айтысы өтті. 12 ақын қатысқан айтыскердің арасынан топ жарған Нұрмат Мансұров бас бәйгені иеленді.

 

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

этнограф, жазушы

Соңғы жаңалықтар