9 Қараша, 10:43 224 0 Өнер "Түркістан" газетінің авторлары

Арғымақтар туралы әйдік жыр

Ақын Бақытбек Бәмішұлы шәкірттерімнің бірі. Осындай дарынды шәкірт тәрбиелегенімізді мақтан тұтамын. Ақынның балалық шағы әлі көз алдымда. Өзінің тең құрбыларының алды, әсіресе, әдебиетті сүйіп оқитын үздік оқушы еді. Бақытбектің ақын болуына қазақ тілі, әдебиеттен дәріс беретін дарынды ақын ұстазы Кәкей Жаңжұңұлы ықпал етті. Кәкейді ақындық жолындағы алғашқы ұстазы санады.

Оның «Мен қазақпын» және «Сан жүректер сырына жақын болғым келеді. Қанат беріп жырыма Ақын болғым келеді» дейтін өлең жолдарын жаттап өсті. Кәкей өзін Қажым Жұмалиевтің шәкіртімін деуші еді. Бірақ жас ақын енді кемелденген шағында ұшақ опатынан мерт болды. Осындай жыр маржандары төгіліп тұрған дарынды ақыннан дәріс алған балауса жас бүгінде қанаты қатайған, Алтайдың ақиығы сияқты тұғырына қонған ақын болды. Бақытбек неге ақын болмасын? Әнші Бұлғын, бұлбұл Бұлғын атанған Бұлғын өлкесінде, Алтын Алтайдың ең биік шыңы, басын мәңгі мұз басқан Тәңір тауының баурайында туып, сол мұздықтардан бастау алатын, табиғаты әсем Бұлғын өзеннің мұздай суық суына шомылып өсті.

Қазақ поэзиясының уызын енді тата бастағанда Бақытбектің ауыл-аймағы түп қотарыла көшіп, жусан мен қымыздың иісі аңқыған, қаймағы бұзылмаған қазақ ортасынан 2000 шақырым алыстап, Моңғолияның орталық аймағына қоныстанды. Моңғол тілін үйреніп, орта мектепті үздік бітіріп, Ленинградтан білім алу ауыл баласына оңайға түскен жоқ. Жас инженер жүз мыңдап жортқан қарақұйрық пен жиреннен басқа тірі жанның табаны тимеген моңғолдың қиыр шығысындағы сағым даладағы теміржол бойында, қазақ деген сөздің өзіне тілі бұратылып, өмірі қазақты көріп, дидарласпаған моңғолдың оңтүстік Гови аймағы – Дорно Говидің шөлін қиып өтетін темір жол бойында, ең шалғай аудандарда қызмет етіп, қазақша сөйлеуге зәру болған сағым жылдар артта қалды. Сол тұста:

Қазақпын мен. Қазақтың бөлшегімін,

Қажеті не, басқаның өлшемінің.

Қазақ деген жалғыз ұлт мен боламын,

Жер әлемге жетеді, көпке үнім, – деп жырлады ол.

90-жылдың басында басына бақ құсы қонып, Моңғолияның ішкі өлкесін қоныстанып жүрген 100 отбасы қасиетті қара шаңырағын вагонға тиеп, алғаш рет КСРО-ның алынбайтын қамалы болған шекарасын бұзып, елім-айлап Атамекенге қопарыла көшті. Бақытбек те осы тарихи оқиғаның басы-қасында, ұйымдастырушыларының бірі болды. Қазақ  бұдан бұрын қанша рет қопарыла көшкенін тарих саралай жатар. Бұл көш – Қ.Жұмаділов айтқандай, біз үшін ең соңғы көш еді.

Сол кездегі қуаныш, алып-ұшқан ерекше сезімді жеткізу мүмкін емес. Табанымыз жерге тигенше қуаныш пен күдік санамызды мазалай береді. Тура қиял ғажайып ертегінің кейіпкері сияқтымыз. Тек, жас ақынымыз қолына қаламын алып:

Басқа көштен бұл көштің орны  бөлек,

Қазақ көшті қазаққа елім-айлап.

Қазақ келед, тарихын зерттейін деп,

Аттан! десең арғымақ ерттейін деп.

Ұрпақ қамын жеп келед,

Ата жұртқа,

Араласып, басқамен кетпейін деп, – осылайша  жыр маржандарын сол сәтте-ақ төкті.

Ақынымыз аңсаған арманына жетіп, қазақ поэзиясының мұхит айдынына сүңгіп кетті. Қазақ поэзиясы алыптарының жыр маржандарын шөлі қанғанша оқып, нәр алды. Іште бұғып жатқан дарын, шабыт селдің тасқынындай лақ етіп, мұхит айдынына келіп қосылды.

Азат азан айтқанда дала таңы,

Ата жұрттың ашылып алақаны.

Ана Отанға оралды аңқылдаған,

Ақиықтың ақырғы балапаны,– деп саңқылдады ол.

Ақынның бала жастан қалыптасқан шындықты бетке айтып, жағатсуды білмейтін өр мінезі қоғамның кейбір адамдарына жақпайтын. Өсіп жетілуіне кедергі де болды «...Заманым ұрт, еркіме жібермеді, Алып қашсам, аямай жүгендеді. Ақылдассам, Көк бөрім жотамдағы, тізе бүкпе, тіліп түс, тік өл!» – деді деп жырлауы сондықтан.

«Алтын аралдың арғымақтары» кітабының кейіпкерлері сол Көкбөрінің ұрпақтары, өмірде болған, бүгінде аты аңызға айналған жанды образдар. Соларды қайта жандандырып, бүгінгі ұрпаққа жеткізуі – ұрпақ сабақтастығы, ұлттың рухани жаңғыруының жарқын көрінісі. Бұл кітап сонысымен құнды. Алтайдың «Алтынды аралында» туып-өсіп, өз дәуірінде ел мен жерін қорғаған батыр, ел билеген шешен, сал-серінің соңғы жұрнағының өкілдері, соңғы Арғымақтары туралы әйдік жыр. Солардың бірі – Абақ керейдің сал серілерінің ең соңғы буыны, «Айыр шоқ, сылдыр моншақ Көпес» атанған Бүлтікейұлы Жұмажан сері туралы сөз қозғайын.

Ол атының төрт жіліншігін алтын-күміспен аптап, білезік салып, ер-тұрманын сылдырмақтармен безендіріп, бөркінің айыр шоқ үкісі бұлғақтаған, «Айыр шоқ, сылдыр моншақ Көпес» атанған Алаштың ең соңғы серісі болса керек. Атақты зергер, қолы шипалы, адамдарға мейірімді, қайырымы мол, үстіндегі киімін шешіп, астындағыны түсіп беретін жомарттығы үшін «Көпес» атанған. Сауық-сайранға үйір, әншілігі, айтыскер ақындығымен маңайына өнерлі жастарды топтастырған жан. Сері атамыз төрт ұлына бірдей ақ көйлек, қара бешпет кигізіп, алтын-күмісін жарқыратып, аса бір салтанатпен ән-жырын әуелетіп тойға барады екен. Сондықтан болар, ел ішінде «Жұмажанның қара ала сауысқандарынша» деген тәмсіл сөз қалған еді. Кітапта сері туралы ақын былай жырлайды.

...Жерден биік, бесінде күннен бері,

Өңкей қасқа, ала аяқ міңгендері.

Төртеу шықты әндетіп, белегірге,

Сейіл, думан, ерте-кеш жүрген жері.

Анар төстің танадай түймелері,

Жалт еткенде, пай, тілің күрмеледі.

Алтын-күміс, құймалы жалтылдайды,

Айыр шоқтың айшықты сүрмелері.

Саптама етік, былғары тігер елі,

Сірі өкшесі қақтаған тіремелі.

Сегіз қабат, таралғы үзеңгіні,

Жарасады шалқая шірегені.

Ақ тамақты алқынтып именбеді,

Алқалы кит, ақ торғын кигендері.

Сары сүйекті сияқты балқытатын,

Байқаусызда Серінің тиген жері.

Әдеп, көркем күлімдеп көркіндегі,

Бұлғақтайды үкісі бөркіндегі.

Аты алған аумақты әлем жері,

Бөлек бітім, бұлардың төркін-тегі.

Тамағында бұлардың жұмағы әннің,

Жасын тиып, жұбатқан жылағанның.

Өсті тете өзгеден өнерге елтіп,

Төрт ұлы да өлеңші Жұмажанның.

Өрге салса өршелеп, төске өрлеген,

Той думанда ешкімге дес бермеген.

Өмір көркін, шетінен әнші, зергер,

Өлең, күймен өрнектеп кестелеген.

Төрт қырынып, күніне жасайды мұрт,

Сөзбен түйреп, сыртынан матайтын ұрт.

«Жұмажанның қара ала сауысқаны» –

Десіп, көсеп, айдарлап атайтын жұрт...

Мұқтаждан аямаған қолда барын,

Атанған жомарт Көпес ол бір дарын.

Алашқа аты мәшкүр Сері атаның,

Ұрпағы ұмытпаймыз ақ дидарын.

Ақынның осы бір айшықты өлең жолдары Жұмажан серінің басына қойылған құлпытасына қашап жаздырылған.

Біз ақын Бақытбектен шөлімізді қандыратын әлі талай орамды жырларды асыға күтіп, шығармашылығынан зор табыс тілейміз.

 

Арқалық Сүлейменұлы,

еңбек ардагері.

Талдықорған қаласы

 

Соңғы жаңалықтар