8 Қараша, 11:57 232 0 Сыртқы саясат Ахмет ӨМІРЗАҚ

Өзбекстан-Ресей: Қарым-қатынастың  жаңа денгейі

Өзбекстан республикасы билігіне жаңа басшы – президент Шавкат Мирзияев келгелі елдің ішкі мәселелерін шешу мен сыртқы қатынастарды жандандырудың жаңа кезеңі басталғандай. Әрине, ұзақ жылдар бойы жартылай жабық режимде күн кешкен өзбек елінде экономикалық түйткілдер шаш етектен болды. Және оны бірер жылда шешіп тастау да оңай емес. Дегенмен өзбек елінің басшысы өз елін ғаламдық үдерістен оқшау ұстаудың елдің әл-ауқатына тигізер ауыр зардаптарын тез ұғып, тез әрекет ете бастады.

Өзбекстан президенті ең алдымен ішкі мәселелерді ретке келтіру үшін біраз еңбек еткені белгілі, алайда мемлекеттің экономикасына қан жүгірту үшін сыртқы байланыстарды жандандырудың рөлі зор. Бұл жағынан алғанда, Шавкат Мирзияевтің ең алдымен Орталық Азиядағы көршілес елдермен байланысын жан-жақты нығайтуға деген талпынысы, АҚШ, Түркия секілді алпауыт елдерге жасаған сапарлары жеміссіз емес. Ал соңғы кездерде өзбек елі басшысының Ресеймен экономикалық жақтан тығыз байланыс орната бастауы – шын мәнінде, Өзбекстанның экономикалық дамуына серпін беретін бағыт болғалы тұр.

Өткен айдың ортасында Ресей президенті Владимир Путиннің Өзбекстанға келуі Ресей-Өзбекстан қарым-қатынасын жаңа белеске көтеріп қана қоймай, ала тақиялы ағайындар елі үшін біраз пайдалы жобалардың іске асатынын да көрсетті.

Өзбекстанда АЭС салынады

Ресей президенті Владимир Путиннің осы жылдың қазан айындағы сапары кезінде орыс-өзбек байланыстарын түрлі салада дамытуға арналған жиырмадан аса құжатқа қол қойылды. Соның бірі ғана емес, бірегейі – Ресейдің көмегімен Өзбекстанда салынатын атом электр станциясы. Екі елдің президенттері құрылысын бастауға рұхсат берген Өзбекстандағы бірінші АЭС әрбірі 1200 мегават қуатқа ие 3+ түріндегі заманауи, қауіпсіздігі жоғары екі блоктан тұрады. АЭС-тің іске қосылуы нәтижесінде өте үлкен мөлшерде табиғи газ үнемделеді, сонымен бірге жылына атмосфераға шығатын карбонад ангидрид 14 миллион тоннаға, азот оксиді 36 мың тоннаға азаяды деп болжануда.

Аймақаралық форумның нәтижесі

Владимир Путиннің Өзбекстанға сапары барысында Ташкентте екі елдің іскерлерінің қатысуымен «Өзбекстан-Ресей» аймақаралық форумы өтті. Ресей жағының жетекші компания және өндіріс басшылары жалпы саны мыңнан аса адам қатысқан  форум нәтижесінде жалпы құны 27,1 миллиард доллар болатын 785 келісім, меморандумға қол қойылды. Соның ішінде сауда-экономикалық салада 1,76 миллиард долларлық 600 келісім, инвестиция бойынша 25,3 миллиард долларлық 185 келісімге қол қойылды. Қол жеткен келісімдер нәтижесінде Өзбекстан және Ресей өкілдерінің қатысуымен 79 біріккен кәсіпорын құрылмақ. Сонымен бірге Өзбекстанда 20 сауда орыны ашылып, 23 көтерме сауда орталығы салынады.

Тағы бір айта кететін нәрсе, Өзбекстан мен Ресей кәсіпорындары арасындағы сауда-экономикалық байланыс бойынша 1,2 миллиард долларлық 242 келісім-шартқа, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жалпы құны 1,4 миллиард болатын 136 келісім-шартқа қол қойылған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің мәлімдеуінше, осы жылдың есебіне орай, екі ел арасындағы тауар айналымы 6 миллиардқа, алдағы уақытта 10 миллиард долларға жеткізілмекші.

«Өзбекстан-Ресей» аймақаралық форумы аясында екі мемлекеттің жоғарғы оқу орны басшыларының қатысуымен өткен «Жаңа экономика үшін жаңа мамандар» атты білім форумы білім-ғылым саласында байланыс орнатуға бағытталды, соның ішінде Өзбекстанда Ресейдің жетекші ЖОО-ларының бөлімшелерін ашуға байланысты жүзден аса келісімге қол қойылды.

Жоғары бағаланған қарым-қатынас

Әрине, қайсы ел болса да өзге елмен түрлі саладағы байланыстарға зор маңыз береді. Сондықтан мемлекетаралық байланыстарда үлкен не кіші ел деген түсінік жоқ. Ресей секілді алып мемлекеттің Өзбекстан сияқты даму үстіндегі елмен байланысы туралы сарапшылар түрлі пікірлер айтып жатқанымен екі елдің президенттерінің бұл жағдайға деген көзқарастары бөлек, пікірлері анық.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев «Ресей – біздің стратегиялық әріптесіміз және одақтасымыз» деді. Демек, ел басқарып отырған адам кез келген мәселеге жайдан-жай пікір білдірмейді. Экономикалық өсімі дұрысталды дегенімен өзбек жағында әлі шешімін таппаған түйткілдер баршылық. Осы жағдайды есепке алғанда, Өзбекстан үшін Ресеймен сауда-экономикалық байланыстың қаншалықты пайдасы барын өзбек елі басшысы жақсы білетіні сөзсіз. Сондықтан бұл мәселеде «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген принцип емес, бір кездегі көз үйренген экономикалық байланысты қалпына келтірудің жеңілдігі мен ыңғайлылығы алға шыққан секілді.

«Стратегиялық серіктесіміз – Россия Федерациясымен бірқалыптылық пен сенімге негізделген қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймыз және құрмет тұтамыз. Сондықтан бүгінгі өзара түсіністік пен сенім рухында өткен ашық келісімдер – біздің жан-жақты байланысымыздың халқымыз игілігі үшін жасалып жатқанын көрсетеді. Біз бұл аймақаралық қарым-қатынасқа байланысқа зор маңыз беріп отырмыз», – деді Өзбекстан президенті «Өзбекстан-Ресей» аймақаралық форумында сөйлеген сөзінде. Өзбек басшысының бұл сөзін Ресей президенті В.В. Путин «Екіжақты қарым-қатынасқа құрметпен қарау», – деп бағалады. Сонымен бірге Ресей басшысы: «Ресей Өзбекстанмен бірге үлкен істер атқарады. Аймақаралық дәрежеде өтіп отырған форум екіжақты толыққанды байланыстың көрсеткіші. Сондықтан Ташкентте осындай маңызды форум өткізіп отырған Шавкат Миромоновичтің бастамасын қолдап-қуаттаймыз.

Ресей көптеген елдермен, соның ішінде ТМД елдерімен серіктестік қатынас орнатты және іс жүзінде бұндай қатынастардың пайдалы екенін көрсете алды. Сондықтан Ресей-Өзбекстан қарым-қатынастары жыл сайын нығайып, екі ел арасындағы әріптестік байланыстарға, оның ішінде сауда-экономикалық байланыстарға зор пайдасын тигізеді деп ойлаймын», – деп Ресей-Өзбекстан қатынастарына жоғары баға берді.

Кімге тиімді?

Кез келген елдер арасындағы екіжақты келісімдерде әр тарап өзіне түсер пайданы молайту жағын көздейтіні сөзсіз. Бұл жағынан алғанда Ресей жағы Өзбекстанда өздерінің өнімдерін барынша мол саудалап, өздерінің қаржылық кірістерін көбейту мақсатында жұмыс істесе де, өзбек еліне келетін түрлі азық-түлік, құрал-жабдық тауарлары елдің әлеуметтік сұранысын қанағаттандыруға қызмет ететіні сөзсіз. Бұл жайында өзбек еліне жасаған сапарында Ресей президенті Путиннің айтқандарынан білуге болады. «Кедендегі «жасыл жолақ» жүйесі жолға қойылған, яғни фитосанитариялық бақылаудың арнайы процедуралары қолданылады, жеңілдетілген теміржол тарифтері қолданылады. Бұның бәрі Өзбекстан президентінің өткен жылы Мәскеуге жасаған ресми сапары кезінде талқыланған. Бұл бүгінде іс жүзінде орындалып жатыр.

Атап айтқанда, Ресейге барып, Өзбекстанға бос қайтатын жүк көліктерін ресейлік азық-түліктермен толтырып жіберу мәселесін тездетіп шешуіміз керек. Бұған толық мүмкіндік бар. Соңғы бес жылды Ресейде ауылшаруашылық өнімдерін өндіру 20 пайызға артты», – деді Ресей президенті. Бұдан басқа, Ресей тарапы Өзбекстанға астық пен тұқымдық картоп және балық өнімдерін жеткізіп беруге ниетті екені де айтылды. Демек, бүгінде ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түліктен таршылық көріп отырған Өзбекстанның кейбір түйткілдерінің оң шешілуіне өзбек нарығына кіргелі отырған Ресей тарапы белгілі бір дәрежеде пайдасын тигізеді деген сөз.

...Пайғамбарымыз Мұхаммеддің хадисінде «Өзің тоқ отырып, көршің аш отырса, сен мұсылман емессің» деген сөзі бар. Сол айтқандай, іргелес, көршілес отырған өзбек елінің әл-ауқатының жақсы болуы біз үшін де тиімді. Көршілес елдердің деңгейлес болуы түрлі қарым-қатынаста теңдік болуына, кеңдік болуына әсерін тигізеді. Сондықтан Ресей-Өзбекстан арасындағы экономикалық қарым-қатынастар көрші елдің дамуына оң ықпал етсін деп тілейік.

Соңғы жаңалықтар