Кәсіпкерлікті қолдау – көркеюді қолдау

Кәсіпкерлікті қолдау – көркеюді қолдау

Кәсіпкерлікті қолдау – көркеюді қолдау
ашық дереккөзі
«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылатын болды. Бұл жөнінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында мәлімдеген болатын. Бағдарламаның 2010 жылы іске қосылғаны белгілі. Басты мақсаты – өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ, бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру. Бірыңғай бағдарлама төрт негізгі бағытты қамтиды: Моноқалалар мен шағын қалаларды және ауылдық елді мекен кәсіпкерлерінің жаңа бизнес-бастамаларын қолдау; Экономиканың және өңдеу өнеркәсібінің басым секторларында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді салалық қолдау; Кәсіпкерлердің қаржылық тәуекелдерін төмендету; Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған қаржылық емес шаралар. Жалпы елдің орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз ету жеке кәсіпкерліктің және ең алдымен, шағын және орта бизнестің даму деңгейіне тікелей тәуелді. Сондықтан шағын және орта кәсіпкерлік және жеке кәсіпкерлердің дамуына қолдау көрсету мемлекеттің басты қызметі. Елдің экономикалық өсуіне ықпалын тигізетін бәсекелестіктің дамымауы, жұмыссыздық, кедейшілік және басқалары сияқты көптеген түйткілдерді шешуде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы 8 жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Атап айтсақ, бағдарлама арқасында еліміздің ауылдық елді мекендеріндегі кәсіпкерлерді қаржыландыру қолжетімді болды; ауылдық кәсіпкерлердің бизнес бастамаларына қолдау көрсету артты; ішкі өнім өндіру көлемі ұлғайды; жаңа салынған кішігірім кәсіпорындар арқасында шағын елді-мекен тұрғындарын жұмыспен қамту деңгейі өсті. Бұл бағдарлама Қазақстанның әр облысында қарқынды дамып келеді. Мысалы, осы бағдарлама бастау алғаннан бері Алматы облысының кәсіпкерлеріне 30 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Нәтижесінде аймақта 7,8 мың жұмыс орны ашылды. Ал Қостанайда 3,6 мың шағын және орта бизнес нысанында 6,6 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. 2017 жылғы есеп бойынша Алматы қаласында Жол картасына бөлінген қаражат 100 пайыз игеріліп, 154 бизнес-жоспар мақұлданып, кәсіпкерлерге 4,4 миллиард теңге бөлінді. Алматы қаласында орналасқан «Цин-Каз» ЖШС-ы да осы аталмыш бағдарлама бойынша мемлекет қолдау көрсеткен компанияның бірі. Елімізде 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл компания томат жасау мен көкөніс консервілеуден үздік кәсіпорын ретінде танылды. Бизнесті дамыту жол картасы аясында компанияға 71 млн теңге субсидия беріліп, соның арқасында жаңа екі цех ашылған. Ал биылғы жылы Алматыда 5 миллиард 700 мың теңге бөлініп, 130 жоба мақұлданыпты. Нәтижесінде 1400-ден астам жұмыс орны сақталып, жаңа 700 жұмыс орны пайда болған. Оңтүстік Қазақстан облысында да аталмыш бағдарлама сәтті жүзеге асырылуда. Бағдарлама орындала басталғалы бері жалпы сомасы 39,9 миллиард теңге бөлініп, 1322 жобаға қолдау көрсетілген. Ең бастысы, өңірде шағын және орта бизнестің 214 мыңға жуық субъектісі тіркеліп, бұл аймақ орта бизнестің дамуы бойынша республика бойынша бірінші орынды иеленді. Жамбыл облысында да бағдарлама өз тиімділігін дәлелдеп, 2018 жылдың өзінде оны жүзеге асыру аясында 996 жобаға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген. Ал Ақтөбе облысында 1,5 мың кәсіпкерге 24 миллиард қаржылай көмек берілді. Жалпы, бизнестің жол картасы аясында бұл өңірде соңғы 7 жылда шағын және орта бизнес саласында 9 мың жұмыс орны ашылған. Шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғырудың басты құралы. Әсіресе, жекеменшік кішігірім кәсіпорындардың қалыптасып, көбеюі – елімізде орта таптың қалыптасуына алып келетін бірден-бір жол. Себебі шағын және орта кәсіпкерлік жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші рөл атқарады. Жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнеске қолдау көрсететін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқасында шағын бизнестегі кәсіпорындар саны артып келеді. Қазақстанда шығатын шикізаттарды арзан бағаға экпортқа жіберіп, дайын күйіндегі өнімді екі есе қымбат бағада импорттау мемлекетімізді дағдарысқа ұшыратуы мүмкін. Сондықтан, шағын және орта бизнесті дамыту аса қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Отандық тауарларға қолдау қажет. Бұрын да, бүгінгі таңда да қазақстандық өнімді қолданамын. Бұл 10 есе арзан. Мемлекет импортты қаншалықты аз қолданса, соншалықты еліміз тәуелсіз. Қазіргі таңда біз нан, сүт, энергиямен қамтамасыз етіп келеміз. Сонымен бірге басқа тауарлардың көлемін бірте-бірте арттырудамыз. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатында алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді тапсырамын» – деп, отандық өнім мен шағын бизнес кәсіпкерлерін қолдауы да осы себептен. Осы ретте нарықтық экономиканың ажырамас бөлігі ретінде қалыптасқан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының көздейтін мақсаты да дұрыс қалыптасқан экономика арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту болып табылады. Ал Президенттің аталмыш бағдарламаны 2020 жылдан 2025 жылға дейін ұзартуы – шағын және орта кәсіпкерліктің ел экономикасына сөзсіз оң ахуалын тигізіп жатқандығының дәлелі. «Біз 2010 жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске қостық. Өңірлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиімділігіне көз жеткіздім. Бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді». ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақ-стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан.