Түркістанға 1000000-шы турист келді

Түркістанға 1000000-шы турист келді

Түркістанға 1000000-шы турист келді
ашық дереккөзі
Түркістан облысы құрылған сәттен бастап-ақ ежелгі қала туристердің жерұйығына айналып үлгерді. Ең бастысы, қасиетті мекенге ат арытып келген кез келген қонақ маңызды. Жақында өңір әкімі Жансейіт Түймебаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген миллионыншы қонақты өзі қарсы алды. Ол мұхиттың ар жағынан – АҚШ-тың Солтүстік Королина штатынан Яссауи кесенесін көруге келген ерлі-зайыпты Уильям және Барбара Брэнчтерді қазақтың қонақжай салтымен қарсы алып, шапан кигізіп, қолына қамшы ұстатып, тайқазан сыйлады. Туристерді өңірдегі туризмді дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Ал елімізге алғаш табаны тиген Уильям Брэнч Америка азаматтары Орта Азия елдері ішінде Түркістанға жиі келетіндерін жеткізді. «Түркістан – Орта Азия мемлекеттері ішіндегі тарихқа бай, киелі мекендердің бірі. Біздің елдің азаматтары осы қасиетті қалаға жиі келеді. Біз Түркістан қаласы мен Ясауидің тарихынан хабардармыз. Қазақстанға, Түркістан өңіріне келгелі қазақ халқының қонақжайлылығы мен дарқандығына куә болдық. АҚШ-қа барғаннан кейін ондағы отандастарымызға осы құндылықтарыңызды жеткізіп, келесі жылы тағы да арнайы ат басын бұрамыз», – деді Уильям Брэнч. – Сіздерді қасиетті қаламыздың миллионыншы турисі болғандырыңызбен құттықтаймын. Бұл біздер үшін қуаныш. Мәселен, дәл бүгін Түркістан қаласына келушілер саны 1 млн адамға жетіп, өткен жылдың дәл осы кезімен салыстырғанда 57,2 пайызға артып отыр. Сонымен қатар, өңірде туризмді дамыту үшін жүйелі бағдарламалар даярладық. Алдағы уақытта келушілер саны тағы арта түседі деп жоспарлап отырмыз, – деді Жансейіт Қансейітұлы. Бұдан өзге, орналастыру орындарында көрсетілген қызмет көлемі 2018 жылғы қаңтар-маусым аралығында 543,7 млн теңгеге жетіп, 2017 жылдың 6 айымен салыстырғанда өсу қарқыны 16,8 пайызға өскен. Сондай-ақ, Қазақстанның туристификациялау картасының республикалық маңызы бар ТОП-10 нысанына облыстан «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы енгізілген.