Атажұртқа оралған  талай бауыр

Атажұртқа оралған  талай бауыр

Атажұртқа оралған  талай бауыр
ашық дереккөзі
Көші-қон саясатыеліміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Өйткені алмағайып замандарды бастан өткерген қазақ халқы үшін көші-қон маңызды мәселе. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алыста жүрген ағайынды атажұртқа шақыру туралы шешім қабылдағаннан кейін талай қандастардың елге оралып, халық санын арттырғаны мәлім. Демографиялық процестердің ішінде халықтың миграциясы маңызды орын алатыны белгілі. Өйткені миграцияға қоғамдағы саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге шұғыл көңіл бөлетін жауапты сипат тән. Қоғамдағы дұрыс басқару және тиімді әлеуметтік-экономикалық саясат жүргізу үшін миграциялық ағымдардың көлемі мен мигранттардың құрамын бағдарлай және миграцияны тудыратын факторлар мен миграцияның салдарын анықтай білу қажет. Қазақ­­­­стан Республикасының миграциялық саясатының тұжырымдамасы бір мезгілде сыртқы да, ішкі де миграцияны реттеуге арналған. Мұндай саясат мемлекеттің белгілі бір аймақтағы мигранттар қозғалысының ағымы мен құрамына ықпал ете отырып, халықтың саны мен құрамын сақтап қалуға немесе өзгертуге бағытталады. Басты мақсат – экономиканың және халықтың тиімді дамуын қамтамасыз ету, жергілікті тұрғындарды дұрыс орналастыру, оның сапалық құрамын жақсарту, аймақтардың бірдей дамуын қамту, өмір жағдайындағы әлеуметтік-экономикалық алшақтықты теңестіру. Елдің демографиялық дағдарыстан шығуы үшін көші-қон үрдістерін реттеу қажет. Қазіргі кезде мемлекеттің əлеуметтік жəне экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздік мүдделері көші-қонды реттеуде жаңа жолдарды талап етіп отыр. Мемлекетімізде байырғы кезде əртүрлі себептермен көшіп кеткен шетелдердегі қазақтардың елге қайта оралуына бар жағдай жасалуда. Мысалы, мемлекет əр жылы оралмандарды қабылдауда квоталар белгілейді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көші-қон саясаты туралы: «Бізге қайтып келем деген ағайындарға – қазақтарға есік ашық. Әр уақытта келіп, өздері орналасса, жағдайын жасаймыз. Оралмандарға құжат беру, азаматтық беру мәселесін біз жеңілдеттік. Тәуелсіздік алғалы бері, соның арқасында, біз сыртқа әртүрлі жағдайлармен кетіп қалған бір миллион ағайынды қайтардық. Бізде келмеңдер деген ешқандай тыйым жоқ.  Бәрінің келгеніне қуаныштымыз. Біз елімізді 20 миллионға жеткіземіз деп талпынып отырған елміз, Құдайға шүкір, ішкі өсіміміз де бар, сырттан келген ағайын да оған үлесін қосып жатыр. Әсіресе, олармен келген жастар тез арада мынау қоғамның ішіне еніп, білімін, мамандығын алып, өсіп жатыр. Қазақстандық болып кетті», – деген болатын. Бүгінде Қазақстанның кейбір өңірлерінде халық өсімі шапшаң қарқын алуда, енді бір өңірлерде керісінше елден кету көбірек орын алып, жергілікті халықтың өсімі баяулай түскен. Бұлардың өзі өңіраралық миграцияға теріс сальдо қалыптастырып отырғаны да анық. Бұдан бөлек көші-қонның ырықсыз жүзеге асуы, заңсыз көші-қонның өрбуі кейбір өңірлердегі халықтың әлеуметсізденуін туғызатыны анық. Сол себептен Үкімет Қазақстандағы көші-қон саясатына тұтастай жаңа қадамдарды қамту жұмысын қолға алған болатын. Ондағы мақсат – ел азаматтарын ерікті түрде еңбек ресурсы тапшылығы сезіліп отырған аудандарға қарай экономикалық тұрғыдан оңтайлы етіп орналастыру. Соның ішінде ішкі көші-қон үдерісіне қатысатын халықтан бастап, этникалық көшіп келушілерді, яғни оралмандарды әлеуметтік қолдаулар мәселесі де күн тәртібіндегі өзекті дүниенің бірі. Зерттеу болжамдарына сүйенсек, Қазақ­стан халқының саны 2030 жылға қарай 20,3 млн адамнан асады. Сөйтіп, 2012 жылмен салыстырғанда алдағы он сегіз жылда қазақ­стандықтардың саны 3,3 млн адамға немесе 20 пайызға артуға тиіс. Салыстырмалы түрде әлемдік демографиялық болжамдарды қарастырсақ, 2030 жылға қарай дамыған елдерде халықтың өсімі баяулап, бұл көрсеткіш 6-3 пайызды ғана құрайтыны болжануда. Халық өсімінің баяулауы АҚШ, Канада және Аус­­тралиядан басқа елдерде көрініс береді және осы елдерден басқа дамыған елдерде 13-16 пайыз шамасында халық өсімі орын алуы ықтимал. Ресейде демографиялық көрсеткіш 3-4 пайызға төмендейді, ал Қытайдағы халық санының өсімі 3-4 пайыз, Бразилияда – 10-12 пайыз, Үндістанда 20 пайызға өспек. Сонымен қатар, халықаралық сарапшылардың болжамына сәйкес, Үндістан 2030 жылға таман халық өсімі жағынан Қытайды басып озады. Қазақстан халқының өсуі миграцияның барлық ағынын қоса есептегенде қарқынды бола түспек. Ал осы халық өсімін өңірлік құрылымдарда талдасақ, жоғарыда болжанған 20,3 млн адамның басым бөлігі немесе 52,7 пайызы негізінен еліміздің бес өңіріне шоғырланады. Мәселен, қазіргі үдеріспен айқындалатын болжам бойынша 2030 жылға қарай Алматы облысында – 2,5 млн адам, Жамбыл облысында – 1,249 млн адам, Оңтүстік Қазақстан облысында – 3 млн 660 мың адам, Астана мен Алматы қалаларында 3,3 млн адам. Яғни, бүгінгідей қарқынмен үдей берсе, бүкіл Қазақстан халқының 10 милионнан астамы жоғарыда аталған бес өңірде шоғырланады деген сөз. Ресми статистикаға сәйкес, соңғы үш жылда біздің елде 5,6 миллионнан астам шетелдік азаматтар болған. Олардың 90 пайыздан астамы ТМД елдерінен, негізінен Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және Ресейден келген. Былтыр 2017-2021 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы қаралғаны белгілі. Тұжырымдамада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсырмалары қарастырылды. Яғни, онда этникалық қазақтарды тек көшіріп алу мәселесін ғана қарастырмай, олардың әлеуетін тұрғылықты жерінде қалдыра отырып пайдалану мүмкіндігі ұсынылды. Шетелде тұратын этникалық қазақтармен байланысты күшейту мақсатында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы олардың тұрғылықты жерінде мәдени орталықтар құруына ықпал жасау, шетелдегі білікті мамандар мен жетістікке жеткен азаматтарды елге тарту және олардың электронды дерекқорын жасау, жоғары білікті этникалық қазақтарға уақытша жұмысқа келу мүмкіндігін беру, Үкімет айқындаған солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларды бейімдеу, кіріктіру қызметін көрсететін орталықтар құру немесе қазіргі жұмыспен қамту орталықтарының функциясын кеңейту мәселесі көтерілді. Елімізде іске асырылып жатқан көші-қон саясатын және оның тетіктерін сыртта жүрген қандас бауырларымызға толыққанды және уақытында жеткізу мақсатында Қазақстан елшіліктері арқылы белсенді ақпараттандыру жұмысын жүргізу де қарастырылды. Сонымен қатар, республикада халқы тығыз өңірлерден халқы сирек орналасқан өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары жүзеге асырылып келе жатқанына да біраз жыл болды. Осыған дейін Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысымен, 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысымен халықты жұмыспен қамту жөнінде ынтымақтастық меморандумдары түзілді. Соның нәтижесінде оңтүстіктегі халықтың біразы солтүстікке көшірілді. Қазақстан халқының санын екі жылдан кейін жиырма миллионға жеткізу мақсаты тұр. Қазақстандағы демографиялық ахуалды тексеріп, халықтың өсімін бақылап соған байланысты қажетті шаралар қолданылады. Халықтың санын біліп, былтырмен салыстырғанда алға ілгерілеу бар ма, әлде жоқ па, соны білу үшін ұлттық халық санағы жүргізіледі. Алдағы халық санағы 2019 жылы өтуі тиіс. Мамандардың айтуынша, ең алдымен халық санағы шалғай аудандарда жүргізіледі. Халық санағы онлайн және офлайн режимде жүргізілмек және бір отбасы мүшесі барлық отбасы үшін сауалнама сұрақтарына жауап бере алады. Қазақстанда халық санағы әр 10 жыл сайын жүргізіледі. Қазақстанда, жалпы дүниежүзіндегі халық санының өсуі екі факторға байланысты болады. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтелік. Бірінші, жергілікті халықтың туу мен өлім көрсеткіші. Яғни, табиғи өсім болса, туу көрсеткіші жоғары болса, халықтың өмір сүру ұзақтығына байланысты болады екен. Екінші фактор, ол көші-қон саясаты, яғни шетелде, дүниежүзі бойынша тарыдай шашылып жатқан этникалық қазақтарды елге әкелу арқылы демографиялық жағдайды жақсарту. Қазақстанда демографиялық ахуалымыз құлдырамауы үшін көптеген нәтижелі, жемісті жұмыстар атқарылуда. Көші-қон, «Серпін», «Ұлы көш» сынды бағдарламалар көп жылдан бері өз нәтижесін көрсетіп келеді. Атамекеніне оралған этникалық қазақтардың саны айтарлықтай. Осыдан он жыл бұрын тарихи Отанына көшіп келген қазақтар елдегі ұтқыр саясаттың арқасында сіңісіп, үй алып, балаларын еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқытып, өз шаруашылықтарын жүргізіп үлгеріп келеді. Талай қандасымыз Қазақстанның азаматтығын алып, атажұртына оралуда.