Елімізде  e-коммерция қарқын алмақ

Елімізде  e-коммерция қарқын алмақ

Елімізде  e-коммерция қарқын алмақ
ашық дереккөзі
Бүгінде ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуының әсерінен цифрландыру жүйесіне көшудің маңыздылығы арта түсуде. Сондықтан елімізде барлық сала цифрландырылуда. Оның ішінде сауда-саттық саласы да бар. Яғни, Қазақстанда электронды сауданы дамыту басты назарға алынып отыр. Осы ретте өткен жылдың соңында электронды сауданы қолдау және дамыту мақсатында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен 2018-2020 жылдарға арналған «Электронды сауданы дамытудың жол картасы» бекітілгені белгілі. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2017 жылы ҚР электронды сауда нарығының көлемі 107 млрд теңгені құрады. Яғни, 36,2 пайыз өсім байқалды. Жедел деректер бойынша, 2018 жылдың 1 жарты жылындағы электронды сауда нарығының көлемі 101 млрд теңгені немесе бөлшек тауар айналымы жалпы көлемінің 2,9 пайызын құраған. Яғни, 2 есе өсім байқалып отыр. Елімізде 16-74 жас аралығындағы интернет қолданушылар саны 13,6 млн. Жалпы халықтың 80,2 пайызы интернетті пайдаланады. Ал онлайн сауда жасауда әйелдер жағы белсенді – 64 пайыз. Электронды саудадағы ең көп сатып алынатын тауар косметика – 21 пайыз, сонымен қатар бағдарламалық қамтамасыз ету, сырттан жабдық алдыру (11,1 пайыз), автокөліктің қосалқы бөлшектері (11 пайыз), киім (10 пайыз) сатып алынады. 2018 жылдың басынан бері Қазақстанда 250 жаңа электронды сауда субъектісі тіркелген. Бұған қоса, 1700 интернет-дүкен жұмыс жасаса, сатып алушылар саны 1,5 млн адамға дейін артты. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, электронды сауда саласындағы өкілдердің цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «Атамекен» ҰКП-мен «Онлайн бизнеске шығу» бизнесті жүргізуді сервистік қолдау арқылы базалық цифрлық дағдыларды оқыту жүргізілуде. Елімізде қолайлы бизнес-орта құру және электронды сауданы дамытуды ынталандыру мақсатында заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін 2018 жылдың 1 қаңтарында Салық кодексі қабылданған болатын. Оған сәйкес, электронды сауда саласының корпоративтік және жеке табыс салығынан 0 пайызға дейін босатудың тәртібі бекітілген еді. Бұл ереже 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін жүзеге асырылмақ. Электронды коммерциядағы бизнестің құзыреттілігін арттыру үшін «Қазпошта» АҚ негізінде Астанада алғашқы Электронды коммерция орталығы (E-commerce орталықтары) ашылды. Ол дайын онлайн-дүкендерді құру мен оқыту бойынша қызметтерді көрсетеді. 2018 жылдың ішінде осындай орталықтар Алматы қаласында ашылып, Қарағандыда жылдың соңына дейін ашылуы жоспарлануда. Бүгінде Е-commerce орталығында 40 ірі және шағын интернет дүкендерге қызмет көрсетіледі. Олардағы тауарлық салымы бар жөнелтілімдердің жалпы көлемі 200 мыңнан астам дананы құрайды. E-commerce орталықтарында кәсіпкерлік сауаттылықты арттыру үшін дайын интернет-дүкен ашу бойынша 1000 қызмет көрсетіліп, 150 интернет-дүкен ашылады. E-commerce орталықтарының базасында АҚШ-тағы Amazon, Қытайдағы Alibaba және басқа жаһандық интернет-алаңдарда тауар сату үшін кәсіпкерлерді дағдылар мен процесстерге оқыту бойынша Экспорт мектебі ұйымдастырылатын болады. Бұл 5000 ШОБ субъектілерін оқытуға және жыл сайын 1,8 млн дана тауар экспорттауға мүмкіндік береді. 2018 жылдан бастап логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін кем дегенде екі логистикалық хаб және сұрыптау орталықтарын («Fulfillment» орталық) құру жөніндегі жұмыстар басталды. Өңделетін сәлемдемелер саны 5,148 миллионнан 6 миллионға дейін, яғни 20 пайызға ұлғаяды деп болжанып отыр. 2017 жылы Қазақстан бойынша жеткізу мерзімі 15 күннен 6 күнге дейін және 2018 жылғы 3 күнге дейін, сондай-ақ, 50 бағыт бойынша жедел пошта арқылы 1 күнге дейін азайтылады. Электронды сауданы ынталандырудың маңызды бағыты төлем жүйелерін дамыту болып табылады. Ұлттық банк қолма-қол ақшасыз айналымдағы комиссияны азайту үшін және жеңілдетілген жедел мобильді төлем тетігін енгізу үшін жедел төлем жүйесін әзірлеуде. Жүйені қанатқақты режимде тестілеу 2018 жылғы тамызға жоспарланып отыр. Электронды сауда саласындағы бұл іс-шаралар шағын және орта бизнес субъектілерінің әкімшілік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді, тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді интернет арқылы сатуға деген халықтың сенімін арттырады, бизнестің құзіретін күшейтеді, оны электронды сауда саласына тартып, қолма-қол ақшасыз төлемдердегі комиссияларды төмендетеді. Осылайша, 2022 жылға қарай 22 мыңға дейін интернет-дүкен құру, 83 миллионға дейін онлайн тапсырыстар санын арттыру, электронды сауда және онымен байланысты салаларда қосымша 200 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда. Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың мамыр айында өткен «Ideas for women IFW-2018» атты ҚР Іскер әйелдер қауымдастығы форумында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында электронды сауданы дамытуға басымдылық берілетінін айтқан болатын. «Біз цифрландыру бағдарламасында басқа елдердегі барлық тәжірибені таңдап алдық. Егер «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылатын болса, онда еліміз жақсы жаққа өзгеріп, мүлде басқа мемлекетке айналады. Мемлекет басшысы атап өткендей, төртінші өнеркәсіптік революция технологияларын қазақстандық қауымдастықтың барлық салаларына тарту біздің міндетіміз болып табылады. Экономика салаларын цифрландыру кәсіпкерлік саласы үшін үлкен қызығушылық тудырып отыр. Осы бағыт аясында біз электронды саудаға, соның ішінде ауылдық жерлердегі саудаға басымдық беретін боламыз. Қазірдің өзінде бұл алғашқы нәтижелерін беріп отыр. Осы орайда, электронды сауданың дамуына ықпал ететіндей Салық кодексіне бірқатар өзгертулер енгізілді», – деген еді министр. Дәурен Абаев осы тұста интернет-дүкендер құру бойынша арнайы оқулар да ұйымдастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар, электронды төлемдер қабылдауды арттыру үшін мобильдік төлемдерді жүзеге асырудың оңтайландырылған механизмдерін енгізуді ынталандыру мәселесі қаралады. Министр өз сөзінде электронды сауда-саттықты реттеуде, электронды төлемдер қабылдауда халық пен кәсіпкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыруға, инфрақұрылым мен логистиканы дамытуға бағытталған шаралар жайында айтты. Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және оның жекелеген бағыттарын ақпараттық қолдау бойынша отандық телеарналарда 18 телехабар таратылып, электронды коммерцияны енгізу, интернет-дүкен ашу алгоритмін, онлайн-бизнесті дамытуды ақпараттық қолдау мақсатында «Қазпошта» АҚ 2018 жылға арналған медиажоспар дайындаған. Жалпы, біздің елде электрондық қаражатпен сауда жасау 2005 жылы басталды. Қазір виртуалды әлемде төлем төлеу операцияларын интернет-банкинг арқылы немесе түрлі электрондық әмияндар арқылы жүргізуге болады. Мысалы, қазір халық арасында кәдімгі коммуналдық қызметтерге төлейтін төлемдерді екінші деңгейлі банктерге апарып, түбіртек арқылы төлейтін болсаңыз, әр түбіртек үшін 100 теңге төлейсіз. Ал электрондық қаражат туралы түсінігі бар жандар мұны әлдеқашан үйінде немесе кеңседе отырып-ақ, интернет арқылы төлеп тұрады. Бүгінгі күні электрондық коммерцияда жаңа бағыттар пайда болды. Олар – m-commerce және ar-commerce. М-commerce немесе мобильді сауда онлайн саудада үлкен рөл ойнап отыр. Мобильді телефон арқылы тұтынушылар кез келген уақытта қажетті тауарымен қызметіне тапсырыс бере алады. Мәселен, АҚШ-та телефон арқылы тауармен қызметке тапсырыс берушілердің қатары 232 миллион адамға жеткен. АҚШ халқының саны 325 миллионнан асатынын ескерсек, жалпы тұрғынның басым бөлігі m-commerce-ке әлдеқашан көшіпкеткен. Қазір электронды саудада біртіндеп мобильді интернетке қарай ойысқанын байқау қиын емес. Өйткені ол ыңғайлы. Мобильді телефон үнемі тұтынушының қолында болғандықтан, кез келген сәтте оны пайдаланып, түрлі қызмет түрлерін қолдануға болады. Мобильді телефон тіпті компьютердің орнын басып үлгерді. Бүгін де ел тұрғындарының 70 пайыздан астамы дүкен аралауға смартфон немесе басқада гаджеттер арқылы шығуды үрдіске айналдырған. Телефон арқылы сауда жасау немесе қызмет түрлерін пайдалану кезкелген уақытта, кез келген жерде жүзеге асуы мүмкін. Қазақстан Үкіметі еліміздегі е-коммерцияны дамыту мақсатында көптеген жұмыстар атқарып жатыр.  Электрондық сауданы алға жылжытуға арналған мемлекеттік бағдарламада бар. 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлер төлемді онлайн формат арқылы жүзеге асыратын болады. Мұның өзі интернет-дүкен иелері үшін айтарлықтай көмек. Бұл туралы Ұлттық экономикаминистрі Тимур Сүлейменов: «Ұлттық банкпен бірлесе отырып, ұялы телефонды пайдалану арқылы жылдам төлем жасау жүйесінің жобасы әзірленді. Жүйе ұялы телефон нөмірі бойынша төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, төлемдерді жылдам рәсімдеу және алушыға ақша аудару, тәулік бойы жұмыс істеу, банкаралық комиссиялардың болмауы секілді қағидаттарға негізделіп отыр. 2018 жылдың тамызында аталған жүйе пилоттық тәртіпте тестілеуден өтеді», – дейді. Жалпы, электронды сауда саласында жүргізіліп жатқан іс-шаралар экономиканың басым салаларының бірі ретінде сауда саласын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.