Болмысы кең даладай байтақ жан

Болмысы кең даладай байтақ жан

Болмысы кең даладай байтақ жан
ашық дереккөзі
Қазақ «жылқы мінезді халық» деп жатамыз. Тіпті, кейде қазақ пен жылқыны тел емген телқоңырдай көреміз. Түрлі теңеулер де айтамыз. Арғы-бергі тарихқа жүгінеміз. Қасқа жолдың иесі Қасым ханның: «Біздің асыл дүниеміз – бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін сусынымыз – қымыз» деген сөзіне құлай сенеміз. Ата-бабамыздың да жылқыны ерекше әспеттеп, жеті қазынаның біріне балағаны тектен-тек емес. Міне, осы қасиетті жануарды қазақтың өмірімен тікелей байланыстырып, оны жан-жақты суреттеген кім бар? Иә, әдебиет ауылына «Ақбоз ат» шығармасы арқылы келген Тәкен Әлімқұловтың сөз саптауы ерекше, сөздік қоры мейлінше бай. Кез келген дүниесінен өмірдің өзі қол бұлғап, адамның тағдыры сыр шертіп тұрады. Себебі ол – сырлы суреткер, шебер қаламгер. Қай тақырыпқа қалам тартса да ол шығарма ұстындарының бірегейі – тіл деп білді. Тілдің тазалығына, нәріне баса назар аударды. Халқымыздың бай тілдік қорынан молынан сусындаған ол Абай туралы жазған тамаша туындысы «Жұмбақ жанда» былай дейді: «Тіл өнеріне жүрдім-бардым қарау қағылмас қырсық, күнәсіз қағазға күнәсіз ой құйылсын. Шалажансар емес, ұзақ жасар сөздер екшелсін. Табиғаттай құлпырса да, табиғаттай қайталанбайтын, қызығы мен қайғысы, қуанышы мен өкініші, көңілге қона кететін сөз құдіретін туындату – Абай салған дәстүр. Тамырлы ырыс, негізді несібе». Көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдығы елімізде кең көлемде аталып өтуде. Бұл мерейтой Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйіндегі салтанатты кеште жалғасын тапты. Кешті жүргізіп отырған Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасымен келген Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығына аз-кем шолу жасады. «Белгілі жазушы Тәкен Әлімқұловтың 1950 жылы «Сапар» атты тұңғыш өлең жинағы жарық көрді. 1947-52 жылдары Мәскеудегі әдебиет институтында білім алған ол 1952-56 жылдары Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарған. 1955 жылы Қасым Аманжоловтың үш томдық шығармашылығына алғысөз жазып, әдебиет қауымына кеңінен танымал болды. 1962 жылы «Ақбоз ат» романы жарық көргенде бұрын ақын, сыншы ретінде белгілі ол жаңа қырынан көрінді. «Сейтек сарыны», «Күрең өзен», Туған ауылда» повестері мен әңгімелер жинағында Тәттімбет, Махамбет, Сүгір, Ықылас, Ақан серінің қазақ әдебиетіндегі теңдессіз қайталанбас бейнесін сомдады. 1972 жылы жарық көрген «Жұмбақ жан» атты романға татитын зерттеу эссесі ұлы Абайдың 125 жылдығында жарық көрді. Бұдан өзге «Кертолғау», «Тұлпарлар тағдыры», «Шежірелі сахара», «Замана екпіні», «Сырлы наз», «Көкек айы», «Ел мен жер» атты прозалық кітабы шықты. Көптеген шығармалары орыс, поляк тіліне аударылды», – деп жиналған қауыммен бірге Тәкен шығармашылығына саяхат жасады. Салтанатты шарада Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының арнайы құттықтау лебізі оқылды. Одан кейін жазушының туған жері Түркістан облысы, Созақ ауданынан бір топ делегат сахна төріне көтеріліп, мерейтой қарсаңында жүзеге асқан шараларды тілге тиек етті. Ал залда арнайы көрме ұйымдастырылса, жас өнерпаздар өлең-жырдан шашу шашты. Осынау тағылымды кешке жазушының жары Есімгүл Болысбайқызы, ұлы Рауан мен қызы Алма куә болып, Тәкен Әлімқұловтың бүкіл қазақтың маңдайына туған жазушы екеніне көз жеткізді. Салихан Болатов, Созақ ауданының әкімі: – Біз Тәкен Әлімқұловтың туған жерінен келдік. Әуелі Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқып берейін: «Жазушылық – адам баласына Жаратушыдан берілетен ерекше қасиет. Тәңір берген талант үлкен ізденісті қажет етеді. Осындай сирек қасиет Т.Әлімқұловтың бойынан табылатын. Тарихты халқын сүйген азаматтар жасайды. Ел сенімін арқалаған оның әдебиет саласына қосқан үлесі шексіз. Еңбек жолын «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бастаған ол өміршең классикалық туындылары арқылы оқырман қауымның жүрегіне жол тартты. 1940 жылдардан бастап сөз өнеріне ден қойып, әуелі ақын ретінде танылды. Ол әдеби сынға, прозаға қалам тартты. Созақ ауданында 11 жылдан бері «Тәкен оқулары» аудандық байқауы өткізіліп келеді. Жазушының 100 жылдық мерейтойына байланысты облыс, аудан көлемінде бірқатар шаралар ұйымдастырылды». Тұрғанбай Берік, Т.Әлімқұлов атындағы №14 мектеп интернат-лицейінің директоры: –Мектеп ұжымы мен оқушылары Тәкен ағамыздың шығармашылығын терең зерттеп, танысып келеміз. Кеше ғана ауданда «Тәкен оқулары» өз деңгейінде өтті. 8-сынып оқушысы бас жүлдені жеңіп алды. «Ақбоз аттың» образын зерттеу барысында Салтанат атты оқушы облыстық байқауға жолдама алды. Тәкеннің шығармашылығына арналған мектепішілік сынып сағаттары үзбей өткізіледі. Оқушылар қолда бар материалдарды пайдаланып, арнайы көрме ұйымдастырды. Біз соны осында алып келдік. Жанғара Дәдебаев,  «Абай» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор: – Тәкен Әлімқұлов қазақ халқының аса көрнекті жазушысы, поэзия, проза, әдеби сын, аударма саласында тынымсыз еңбектенген көп қырлы суреткер. Оның шығармашылық мұрасы жанрлық құрамының, түр-түсінің, мазмұн-мәнінің, сарын-сазының тұтасқан жүйесімен қазақ әдебиетіндегі дара һәм сара құбылыс. Жазушының 8 томдығы 2013-2014 жылдары жинақталып, «Қазақпарат» баспасынан мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көрді. Қаламгердің 8 томдыққа енбеген хаттары, естеліктері, сын мақалалары, орыс тілінде жазған мақалалары алдағы уақытта жарық көреді деп ойлаймын. Біздің ойымызша, жазушы шығармаларын толыққанды жарыққа шығару әлеуметтік маңызы зор міндет. Жазушының өзі «Мәңгілік құбылыс» деген мақаласында: «Шығарманың ұлылығын түсіндіру үшін ұлы парасат, сезімтал жүрек керек. Сыншының өзіне де «толғауы тоқсан қызыл тіл» керек. Бұнсыз әдеби сын әдеби құбылыспен жарыса алмайды», – дейді. «Жұмбақ жанды» осы ойдың өрісінде қабылдаған орынды болмақ. Бұл тұрғыдан келгенде, автордың ұлы парасат, сезімтал жүрек кеңістігінде ойланғаны, «толғауы тоқсан қызыл тіл» әлемінде толғанғаны, «Жұмбақ жанын» Абай шығармашылығының тереңіне бойлап жазғаны аңғарылады. Тәкен Әлімқұлов шығармашылық жолын өлеңмен бастаған, алғашқы өлеңін, өзінің айтуы бойынша, он төрт жасында жазған. Содан жасы алты қырқадан асқанға дейін өлеңдерінің төрт жинағы жарық көреді. Жарық көрген өлең жинақтарының санына қарап тұрып: «Менің байқауымша, – дейді қаламгер, – өлең іште қайнап піскен шақта, бәлкім, піскен сәтте туашақ». Осы сөзде өлеңді өнер деп түсінген жанның, шығармашылық тұлғаның биік эстетикалық талғамы мен берік азаматтық тұрғысы көрініс тапқан. Қаламгер шығармашылық еңбегіне де, ол еңбегінің өніміне де үлкен жауапкершілікпен, құрметпен қараған, адамның, адамзаттың рухани баюы мен дамуына әсері мен ықпалы жағынан өзін баурамаған, өзін тебірентпеген, жүрегіне жетпеген, «ішінде қайнап піспеген», піспейтін тақырыпты қозғамаған. Есімгүл Болысбаева,  жазушының жары: – Созақ ауданында Тәкеннің атында мектеп бар. Шолаққорғанға кіреберістегі Мәдениет үйінің әзірге аты жоқ. Егер жергілікті билік сол Мәдениет сарайына Тәкеннің атын берсе, құба-құп болар еді. Биыл – Тәкеннің 100 жылдығы. Алайда бүгін Тәкенді қажетсініп, шығармаларын іздеп, оқып жатқан – оқырман тағы жоқ. Кітап оқымақ түгілі, қазір әркім басымен қайғы. Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде еске алу кешінің өтіп жатқанына қуаныштымын. Қазір бізде экономикалық дағдарыс қана емес, мәдени дағдарыс жүріп жатыр. Сананы тұрмыс билеп алды. Алайда Тәкеннің уақыты әлі келеді деп ойлаймын. Тәкенді ойлайтын, шығармашылығын түсінетін жастар өсіп шығады. Олар Тәкенге мүлдем басқаша баға беріп, лайықты құрмет көрсететін болады. Ақын-жазушыны түсінетін заман туатынына сенемін. Сейфолла Оспан, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын: – Ұлы Мұхтар Әуезов алты-жеті жазушыны әдебиеттің тірегі деп атаған. Соның бірі – Тәкен Әлімқұлов. Ол үйірі жоқ, көкжал сияқты болып елестейді. Тәкен ағамыз Бабата ауылында туған. Оның бір жағында Ысқақ баб, бір жағында Баба түкті Шашты әзіз кесенесінің іргесінен бұлқынып, шығып жатқан су Баба атаның үстімен ағып жатыр. Қара жерді соққан кезде сол көлдің суы екі, екі жарым метрге дейін көтеріліп кетеді екен. Осындай табиғаттың аясында өскен, жер астындағы бұлқынып жатқан суға шомылып, сол қасиетті топырақтан Тәкен сияқты ұлы адам шықпағанда, кім шығады? Ол екі тақырыпты арқау етті: ақбоз ат пен күй өнері. Сүгірдің домбырасына құйылған өнер Тәкен ағаның көкірегіне қонбағанда, кімге қонады? Тәкеннің қай шығармасын оқысам да, әр бөлімінен жүйрік аттың дүбірі, көңіл шалқытар күйдің күмбірі естіліп тұрады. Егер жастар осы шығармаларды қайталап оқыса, қазақ деген елдің қасиетті топырағын сыйлап, сөз құдіретіне қайта оралар еді? Бірақ оны оқитын жастар болса ғой шіркін?! Сондай-ақ, салтанатты жиында жазушы-драматург Елен Әлімжан, белгілі ақын Аманхан Әлім, журналист Өтеш Қырғызбай суреткер жазушы Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығы жайында ой-пікірлерімен бөлісті.  P.S. Тәкен дәуірі енді басталды. Оның шығармасын іздеп жүріп оқитын ұрпақ келеді өмірге. Тектілік пен намыс қанында шарпыған қазақтың ұлы суреткер шығармаларына қайта айнала соғатыны айтпаса да түсінікті. Біз бұған кәміл сенеміз.