"Цифрлық Қазақстан" - мүмкіндіктер алаңы

"Цифрлық Қазақстан" - мүмкіндіктер алаңы

"Цифрлық Қазақстан" - мүмкіндіктер алаңы
ашық дереккөзі
Жамбыл облысының әкімдігінде өңірлік жобалық басқару офисінің жұмысы және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының облыс аясында жүзеге асуы бойынша жиын өтті. Онда аймақтағы білім, денсаулық, мәдениет саласы мен қызмет көрсету және өзге де салаларын цифрландыру бағытындағы атқарылып жатқан іс-шаралар легі талқыланды. Осыған дейін бұл бағларлама аясында 182 534 адам оқыту курсынан өткен. Бұл биылға арналған жоспардың толық көрсеткіші. Облыс басшысы Асқар Мырзахметов бұл көрсеткішті жыл соңына дейін тағы да арттыру жолдарын қарастыру керектігін баса айтты. Қазіргі таңда өңірдегі білім нысандарын интернетпен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтар болсақ, бұл бағыттағы көрсеткіш биыл 93 пайызға орындалса, келер жылы 100 пайызға жеткізу көзделген. Десек те, Талас, Шу, Қордай аудандарындағы көрсеткіш көңіл көңшітпейді. Сондай-ақ биыл Тараз қаласындағы 111 балабақшада электронды кезекке қою жүйесі толығымен автоматтандырылмақшы. Басқосу барысында ауылдық клубтардағы ақпараттық орталықтардың ашылуы, мекемелердің компьютерлермен қамтылуы секілді жұмыстар да сараланды. Облыс басшысы көрсеткіштерді көтеру үшін екі-үш жылдық жоспарға байланбай, тиісті шараларды уақыт оздырмай іске асыру керектігін ескертіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы – халықтың өмір сүру деңгейін жоғары сатыға көтере отырып, көптеген әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуға заманауи мүмкіншіліктер жасайды. Елбасы мақсат етіп қойған дамыған отыздықтың ортасынан ойып тұрып орын алу жалпыхалықтық міндет. Сондықтан бағдарлама аясында уақыттың үдесінен шығу үшін жаңа талаптарға сай еңбек ету қажет-ақ. Осы орайда Жамбыл облыстық «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері жастармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесуде «Digital talks» жобасы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған негізгі жобалар туралы айтылды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының электронды және проактивті мемлекеттік қызмет түрлерін алу тәсілі жан-жақты түсіндірілді. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының кез келген нүктесінен 604 электронды қызмет түрін «Telegram» мобильді қосымшасы арқылы алу мүмкіндігі қарастырылған.  Сондай-ақ,  www.post.kz сайтының қызмет көрсету жолдары, осы сайттың құрылымы мен шет елден цифрландырылған тапысырыс беру жүйесі, «Telegram» әлеуметтік желісі арқылы арнайы жасалған боттың жұмыс істеу механизмі төңірегінде де әңгіме өрбіді. Биылғы қараша айының 26 мен 28 аралығында аймақтағы эфирлік телехабар таратуды аналогтық жүйеден цифрлық жүйеге толықтай көшіру күтілуде. Түсініспеушілік орын алмас үшін түсіндіру жұмыстары жыл басынан  барынша қолға алынды. Осыған байланысты брифинг өтіп, жұмыстардың жай-жапсары журналистерге таныстырылды. Біздің өңір сандық жүйеге қосылуға сақадай сай. Барлық жұмыстар бүгінгі күнге  толығымен аяқталды. 43 радиотелевизиялық станция салынып, көнергендері қайта жаңғыртылды. 44 цифрлық таратқыш іске қосылды. Жоспарға сай облыстағы 377 елді мекен бірі қалмастан қамтылса, бұл 99 пайызды құрап отыр.  Мүлдем қамтылмай қалған аймақта елді-мекендер де бар көрінеді. Олар Ақбақай, Қашқан-Теңіз, Қазақстан,Шабақты, Сағынды ауылдарымен Меркі шипажайы аумағы. 6 ауылдан бас-аяғы 654 қосылуға тиісті үй тіркелген. Жаңа жүйеге сәйкес Тараз қаласында 26, ал аудандарда 15 арна көрсетілмек. Шамамен 40 пайызы, яғни 91968 байланыс «ОТAU TV» қызметіне қосылған. Сарысу сынды аудандарда кабельдік операторлар жұмыс істейді. Ал «ALMA TV» тұтынушыларының саны әзірге 14 мыңнан асады. Бүгінде атаулы әлеуметтік көмек алатын 814 отбасы «ОТAU TV» ұлттық жерсеріктік тарату жүйесіне қосылған. Жуырда әлеуметтік мұқтаждығына байланысты 1955 отбасына сандық эфир қабылдағыштар тегін берілмек. Қажетті қабылдағыш барлық сауда орындарында еркін саудаланса, сапасына қарай бағасы  3500 мен 10 000 теңгенің аралығы.