«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде»

«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде»

«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде»
ашық дереккөзі
Тіл – ұлттың жаны. Ұлттың болашағы – оның ана тілі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқының болашағы туралы тереңнен толғай отырып, «Мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тіл саясаты комитетінің «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КЕАҚ Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасымен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты республикалық семинарын Жамбыл облысында өткізді. Атап айтар болсақ, республикалық семинар 10-11 қазанда – Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында және Т. Рысқұлов ауданында, 12 қазан күні –Тараз қаласында өткізді. Шараның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, рухани мәдениетімізді көтеру, қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің маңыздылығы, идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер мен көшелердің атауы, олардың тарихи атауларын қайтару, сонымен қатар тарихи жер-су атауларын, ұлттық танымға жақын дәстүрлі атауларды беру және т.б. мәселелер бойынша сөз қозғау, пікір алмасу.         Семинар қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, қазақ тілінің латын қарпіне көшірудің маңыздылығы, идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер мен көшелердің атауы, олардың тарихи жер-су атаулары, ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулар беру және т.б. туралы сөз қозғау мақсатында ұйымдастырылды. Жұмыс тобының құрамында белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, ғалымдар және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар. Шараға Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дос Көшім, саясаткер Расул Жұмалы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ, Жамбыл облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш  Құрманбекова, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Жобаға зиялы қауым, этномәдени бірлестіктер мүшелері, жұмысшы жастар, жоғары оқу орындарының, колледждердің студенттері, барлығы  735-ға жуық адам қамтылды. Жүргізілген әлеуметтік сауалнамадан түйгеніміз, республика бойынша қазақ тілін меңгергендер – 83 пайыз, ал Жамбыл облысында мемлекеттік тілде еркін сөйлейтіндер жұртшылықтың 90 пайызын құрайтын көрінеді. Дегенмен әліде төл тіліміз көп көңілді, насихат жұмыстарын керек етеді. Жиында сондай-ақ, ұлттық болмыс, сана-сезім, рухани мәдениетті көтеру, латын қарпіне көшірудің маңыздылығы, ономастика мәселесі сөз болып, түрлі пікірлер айтылды. Жер-жерлерді аралап, жұртшылықпен кездесудегі негізгі міндет – қарашаның жаңа реформалар мен елде орын алып жатқан өзгерістерге қатысты ұсыныс-ойларын тыңдап, жай-жапсарды жан-жақты түсіндіру. Республикалық деңгейдегі семинар брифингпен түйінделді.  Топ мүшелері латын қарпіне көшу мәселесінде ұқыптылықпен қараған жөн деген пікір білдірді. Өйткені, тек қана латын әліпбиін түзеп қана қоймай, оның жазылу емлесі, айтылу кезіндегі дұрыстығына да баса назар аудару керек. Айта кету керек, қазірдің өзінде қоғамды бейімдеу мақсатында әлеуметтік ортадағы атаулар латын қарпінде жазылып жүр.  Брифингте түсіндірме жұмыстары туралы баяндап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап қатты.