«АБЫРЖЫ» АВТОРЫМЕН КЕЗДЕСУ

«АБЫРЖЫ» АВТОРЫМЕН КЕЗДЕСУ

«АБЫРЖЫ» АВТОРЫМЕН КЕЗДЕСУ
ашық дереккөзі
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында көрнекті жазушы Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» трилогиясының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерді кинодраматург-режиссер, осы оқу орнының профессоры, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Ғайнижамал Байқарақызы Әбілдина жүргізіп отырды. Тұсаукесерде осы шараны ұйымдастырған белгілі режиссер Болат Шәріпов, белгілі жазушы, «Алаш» сыйлығының лауреаты Молдахмет Қаназ, «Абыржы» трилогиясына редактор болған көрнекті ақын Байбота Қошым-Ноғай, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, жазушының курстасы, журналист Сәтімбек Рысбаев, ақын, суретші Қайырбай Закиров, ақын, «Túrkistan» газетінің шолушысы Ахмет Өмірзақ жаңа туынды жөнінде пікірлерін айтты. Сонымен бірге «Абыржы» авторы да өз шығармасының жазылу үрдісіндегі қызықты жайттар туралы әңгімелеп, бүгінгі кезеңдегі әдебиеттің дамуы туралы ойларымен бөлісті. «Абыржы» трилогиясы – эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлының ұзақ жылғы тынымсыз ізденісі арқылы дүниеге келген тұлғалы туындысы. Кітап аңдатпасында: «Әдебиетімізге романтикалық соны серпінде келген қазақтың танымал жазушысы Сайлаубай Жұбатырұлы бұл көлемді туындыны ел-жер жолындағы көп жылдық экологиялық-әлеуметтік ізденістер соңында дүниеге әкелді. Роман заты – алып империя күйреп, тәуелсіз ел тұңғыш қадамдар жасап, формациялар қинала ауысып жатқан күрделі кезеңдегі ойлы адамның жан дүниесі, өтпелі кезең шындықтары. «Абыржы» атауының өзі – осындай өліара сәттің жәдігер сөзі. Тарих толқымасында жарты әлем алыстан елге оралған трилогияның бас кейіпкері Медеттің тәлейі өзгерістегі ел тағдырын айшықты бедерлеп, кезең шындығын соны тұрғыда аша түседі. Оралымды тілде сөйлеген туындыны оқу үстінде, осы тарихи кезеңді өз басынан кешіп жатқан оқырман сезімі қаламгер жүрегімен бірге соғып, тынысы өзара үндесіп жүре берердей. Автордың шығармашылық даралығын танытқан «Абыржы» қазақ әдебиетінің соңғы ширек ғасырда дүниеге келген сүйекті де сүбелі олжасы деуге негіз бар», – деп берілген баға, шын мәнінде, қазақ әдебиеті қазынасына қосылған жаңа туындының көркемдік қуатын танытады.