«ЦАРИЦЫНОНЫ» КҮҢІРЕНТКЕН ҚОБЫЗ ҮНІ

«ЦАРИЦЫНОНЫ» КҮҢІРЕНТКЕН ҚОБЫЗ ҮНІ

«ЦАРИЦЫНОНЫ» КҮҢІРЕНТКЕН ҚОБЫЗ ҮНІ
ашық дереккөзі
Дәстүрлі елшілік кеші аясында Ресейдегі «Царицыно» мұражай-қорығының Үлкен сарайында Қазақстан өнер қайраткерлерінің концерті өтіп, аталған жерде тұңғыш рет қазақ халық әндері шырқалды. «Культура» порталы арқылы мұражай сайты мен әлеуметтік желілерде жүргізілген онлайн-трансляциялар жәрдемімен бұл концертті бір мезгілде жүздеген мың көрермен тамашалады. «Царицыно» мұражайында елшілік кештерін өткізу – дәстүрге айналған шаралардың бірі. Қазақ өнерпаздарының концерті арқылы мұндағы тарихи Екатерина залында қобыз үні алғаш рет естілді. Өнерпаздар қатарында белгілі музыкант, домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева қазақ күйлерін тартып, домбырасын күмбірлетсе, қазақ классикалық өнерінің майталмандары Әлібек Дінішев, Нұржамал Үсенбаева секілді өнер жұлдыздары кең тыныспен ән шырқап, кештің әсерлі өтуіне зор үлес қосты. Әсіресе, Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева орындаған халық әні «Алқоңырды» тыңдармандар жылы қабылдады. Қазақстанның әйгілі өнерпаздарының орындауындағы халық әндері мен шебер музыканттарының орындауындағы қазақ күйлерін естуге жиналғандардың қарасы мол болды.  Әзірбайжанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі, даңқты әнші Полад Бюльбюль-оглы: «Осындай шараларды көбірек насихаттау керек деп санаймын. Керемет музыканттар халық аспаптарында да, классикалық аспаптарда да тамаша туындылар орындады», – деп қазақ өнерпаздарына жоғары баға берді.