АСҚАРЛАРҒА ҚҰМАРЛЫҚ – АЛЬПИНИСТЕРДІҢ ҚАСИЕТІ

АСҚАРЛАРҒА ҚҰМАРЛЫҚ – АЛЬПИНИСТЕРДІҢ ҚАСИЕТІ

АСҚАРЛАРҒА ҚҰМАРЛЫҚ – АЛЬПИНИСТЕРДІҢ ҚАСИЕТІ
ашық дереккөзі
Адам баласы жаратылысынан табиғаттың ғажайыптарын қолмен ұстап, жақыннан көруге құштар. Осы құштарлық айшылық жол жүріп шөлді кесіп өтуге, теңіз тереңіне сүңгуге, құзар шыңға өрмелеуге итермелейді. Бүгінде альпинизм саяхаттаудан гөрі спорттың бір түріне айналып кеткен. Тауға, шыңға жаяу жүріп, өрмелеп көтерілуге жыл сайын мыңдаған адам қатысады. Альпинизм, альпинист деген атаулардың негізінде Еуропа құрлығындағы «Альпі» тауының аты жатыр. 1786 жылы алғаш рет швейцариялық Мишель-Габриэль Паккар мен Жак Бальма Альпі тауындағы биіктігі 4807 метр Монблан шыңына көтерілген болатын. Осыдан биік тауға өрмелейтін жанкештілер – альпинист, ал осы спортпен айналысатындар альпинистер деп аталып кетті. Қазақстанда альпинизмнің дамуы өткен ғасырдың 30-жылдарынан басталды. 1930 жылы 17 шілдеде қазақстандық альпинистер Іле Алатауының 4376 метрлік Кіші Алматы шыңына көтерілді. Бұл – Қазақстан альпинистерінің алғашқы қадамы болатын. Ал 1982 жылы КСРО командасы құрамында қазақстандық тауға өрмелеушілер 8848 метрлік Эверест шыңына көтерілді. Арада тоғыз жыл өткенде альпинист Қазыбек Уәлиевтің жетекшілігімен Қазақстан альпинистері Гималайдағы 8176 метрлік Дхаулагири шыңына шықты. 2010 жылы қазақстандық альпинистер, шын мәнінде, сенсациялық жаңалықты әлемге таратты. Сол жылдың 16 мамырында Қазақстан шыңға өрмелеушілері дүниежүзінде тұңғыш рет жер бетіндегі сегізмыңдық шыңдардың біріне шығып, рекорд жасады. Армияның орталық спорт клубының мүшелері Мақсұт Жұмаев, Василий Пивцов, Владислав Чехлов Гималай тауындағы 8516 метрлік Лхозце шыңына Қазақ­­стан туын тігіп, «Қазақстандықтар – әлемнің ең биік нүктелерінде» бағдарламасын абыроймен іске асырды. 1991 жылдың 10 мамырында он бір қазақстандық сегіз мың метрлік шыңдардың бірі Дхаулагириге шыққанда, әлемдегі ең биік он төрт шыңға шығу еліміздің альпинистері үшін арман болатын. Бірақ ержүрек отандастарымыз шыңға өрмелеуді жалғастырып, биіктердің төбесінде бірінен соң бірі еліміздің туын желбірете бастады. 1995 жылы 8156 метрлік Манаслу (Гималай тауы), 1996 жылы 8201 метрлік Чо Ойю (Гималай), 1997 жылы 8848 метрлік Джомолунгма (ағылшынша Эверест), 2001 жылы Кашмирдегі Гашербум массивіндегі 8080 метрлік Хидден және 8068 метрлік Гашербрум ІІ, 2002 жылы Гималай таулы аймағында 8586 метрлік Канченджангу және орталық Гималайдағы 8027 метрлік Шишабангма, 2003 жылы 8126 метрлік Нангапарбат пен 8051 метрлік Броуд (Кашмир мен Синьцзян-ұйғыр автономиялық ауданы аймағында орналасқан Қарақорым тауында), 2004 жылы 8485 метрлік Макалу (Тибет аймағында), 2006 жылы 8091 метрлік Аннапурну-1 (Гималай таулы аймағы), 2007 жылы 8614 метрлік Чогору (К-2) шыңдарына шыққан қазақстандық альпинистер әлемдегі биік біткеннің бәріне табан тигізді. Лхозца шыңына даңқты альпинист Анатолий Букреев, Ринат Хайбуллин мен Денис Уробко екі рет көтерілген. Сол сияқты Д.Уробко әлемдегі барлық сегізмыңдық шыңдарға көтеріліп шыққан. Ал Мақсұт Жұмаев пен Василий Пивцов ең биік он үш шыңға табан тигізген. Жалпы, альпинистер үшін жер бетіндегі ең биік шыңдарға шығу арман болғанымен, аса биікте адам денсаулығына үлкен зиян тигізетін факторлар көп. Таудың қысымы мен ауаның жетіспеушілігі альпинистердің ажалына себеп болып жатады. Шыңға өрмелеген альпинистер кеткен жағынан қайтып оралмаса, биікке шықты деп есептелмейді екен. Себебі альпинистер шыңға шыққанын қандай да бір дерекпен (сурет, бейнежазба) дәлелдеу керек. 1996 жылы Эверест шыңына бір мезгілде бірнеше коммерциялық экспедиция көтерілді. Олардың құрамында екі америкалық, бір жапондық, бір үнділік және бір тайвандық альпинист болған. Олардың көбі таудан қайтпай қалған. Ол туралы күні бүгінге дейін түрлі жорамалдар айтылады. Сол жылдың мамырында кеңестік кезеңнен бері танымал қазақстандық альпинист Анатолий Букреев ержүректігімен даңққа бөленді. Ол таудағы альпинистер лагеріне оралған соң, біраздан кейін құзға қайта өрмелеп, таудан түсіп келе жатқанда жоғалып кеткен өз экспедициясының үш мүшесін тауып, ажалдан құтқарды. Сол үшін оған 1997 жылдың 7 желтоқсанында альпинистерге өз өмірін қатерге тіге тұра, адамдарды құтқарған батырлығы үшін берілетін Дэвид Соулс атындағы америкалық альпинистер клубының сыйлығы берілді. Арадан 18 күн өткенде Букреев тағы да биікке өрмелеуге бел буды, бірақ бұл А.Букреевтің тауға соңғы сапары болды. Қазақ­стандық кинооператор Дмитри Соболевпен бірге он екінші рет биіктігі сегізмыңдық шыңға шығу үшін Гималай тауының Аннапурна шыңына қарай сапар шеккенде, ер жүрек альпинист таудағы қар көшкіні кезінде қайтыс болды. Ия, ақындардың бірі «Тау баласы тауға қарап өседі» деп жырласа, екіншісі «Ұнатады шыңға көңіл шырқауды» деп асқақ арманын әнге қосады. Бірақ қиял – қиял да, оны іске асыру бір басқа. Альпинистер сол бала күнгі армандарын іске асырушылар. Біз еліміздің альпинистері туралы жазып отырып, биіктікті не шыңды «бағындырды» деген сөзді пайдаланған жоқпыз. Себебі биіктікті көзбен көргендер бізден басқаша ойлайды. Марқұм альпинист Анатолий Букреев сұхбаттарының бірінде: «Шыңды бағындыру деген мағынасыз сөз. Ол – кеңестік кезеңнен қалған жалған пафос. Адамдар белгілі бір кезде шыңмен теңеседі де, сосын қайтып түсіп кетеді», – деген еді. Расында, табиғатты ешкім бағындырған емес. Керісінше, табиғатпен үйлесімді өмір сүруге ұмтылу керек. Альпинистер – міне осыны өздерінің өмірлік мақсаттарымен дәлелдеп жүрген жүректі жандар. Ендеше, биіктікке құмарлық адам бойындағы ерекше қасиеттің бірі. P.S. Биікке өрмелеу – тәуекелшілдердің ісі. Сондықтан ылғи да сапары қауіп-қатерге толы альпинистер жайында жайсыз ақпарлар жиі естіліп жатады. Біз осы мақаланың нүктесін қойып жатқанымызда Непалдағы Гурджа Химал тауынан тағы бір суық хабар жетіп үлгерді: тауда болған қар көшкінінен тоғыз альпинист қаза тауыпты, оның бесеуі Оңтүстік Корея азаматы көрінеді. Қаза тапқандардың бірі – әлемдегі сегіз мың метрлік он төрт шыңға табаны тиген ең алғашқы корей альпинисі Ким Чан Хо. Биіктікті сүйіп, биікке ұмтылып өткен ер мінезді, қайсар жандардың асқақ рухы алдында құрметпен бас иеміз!