Суоми еліне сәтті сапар

Суоми еліне сәтті сапар

Суоми еліне сәтті сапар
ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Қазақстан Президенті Финляндияның бизнес өкілдерімен кездесіп, екі ел арасындағы экономикалық байланысты жандандыру жайында ой бөлісті. Сондай-ақ, Елбасы Финляндия Республикасы Қазақстанның сауда-экономика саласындағы маңызды серіктестерінің бірі екенін, ал екі ел арасындағы қарым-қатынастар достық пен өзара сенімге негізделгенін атап өтті.

Бизнес өкілдерімен жүздесуде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев егемендік жылдарында Финляндия Қазақстанға 300 млн АҚШ долларынан астам инвестиция құйғанын, елімізде фин капиталының қатысуымен түрлі салаларда 100-ге жуық кәсіпорын тіркелгенін сөз етті. Ал бұл кездесудің мақсаты экономикалық қарым-қатынастарды жандандыру және жаңа әріптестер іздестіру екенін айтқан Елбасы: «Инвесторлармен және бизнес өкілдерімен өзара тиімді іс-қимыл жүргізу мақсатымен «Қазақ Инвест» және «Қазақ Экспорт» ұлттық компаниялары құрылды. Президент жанында Шетел инвесторларының кеңесі жұмыс істейді. Металлургия, мұнай  өңдеу, машина жасау, химия, азық-түлік өндіру сияқты басым бағыттағы инвестициялық жобаларды іске асыру барысында корпоративтік, жер және  мүлік салықтарынан босату қарастырылған, жер қойнауын пайдалануға лицензия алу және келісім-шарттар жасасу тәртібі жеңілдетілген. Сондай-ақ,  шет елдерден жұмыс күшін тарту ісі квотасыз әрі рұқсат алу рәсімінсіз  жүргізіледі», – деді. Мемлекет басшысы жиынға қатысқан бизнесмендерге Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды жекешелендіру жөнінде айтып, бұл іске шет елдерден, соның ішінде фин инвесторларынан сұраныс бар екеніне тоқталды. «Біз Финляндия – Қытай бағыты бойынша Қазақстан аумағы арқылы өтетін жаңа теміржол ашқанымызға қуаныштымыз. Енді, бұл бағыт бойынша және кері қарай жөнелтілетін контейнерлік тасымал уақыты теңіз жолына қарағанда 4 есе қысқарады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету мәселелеріне тоқталып, фин компанияларын агроөндіріс кешеніндегі жобаларды іске асыруға белсенді атсалысуға шақырды. «Қазақстан экономиканы жедел жаңғыртуға, жаңа технология мен инновацияны енгізуге бағыт алды. «Цифрлық Қазақстан»  арнайы мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Фин   компанияларының осы саладағы тәжірибесі біздің ынтымақтастығымызға жаңа жол ашар еді», – деп атап өтті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының және соның жанынан ашылған жоғары технологиялық биржаның артықшылықтары жөнінде сөз қозғап, осы жобаны жүзеге асыруға Шанхай қор биржасы мен NASDAQ америкалық биржасының атсалысқанын тілге тиек етті. «Астана» халықаралық қаржы орталығының «жасыл», исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамытудың өңірлік орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар. Фин компанияларын осы орталықтың жұмысына атсалысуға шақырамын», – деді Елбасы. Финляндия бизнес өкілдерімен болған кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев фин кәсіпкерлерінің екі ел арасындағы бизнесті дамыту және өзара тиімді әріптестікті нығайту үшін Қазақстандағы барлық мүмкіндіктерді пайдаланатынына сенім білдірді.