11 Қазан, 12:04 211 0 Білім "Түркістан" газетінің авторлары

Мемлекеттік тіл: Тарих және тағылым

Қазақ тілі – тамыры терең тіл. Ол күні кеше ғана пайда болып, жеке ұлттың ортақ тіліне бірден айнала қойған жоқ. Қалыптасу кезеңін (ІІІ,V-VІІІ ғ.ғ.) Талас, Орхон-Енисей ескерткіштерінен Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін, Мойыншор сияқты жазба жәдігер мұраларынан бастайды.

Қазақ тілі Орта түркі дәуірінде (Х-ХІІ ғ.ғ.) де қолданылған, уақыт өте келе сөздік қорда архаизмдерімен, неологизм, терминдерімен толысып отырған көне тілдердің бірі. Оның тарихының тереңде жатқандығына Ж.Баласағұнның «Құтты білік», М.Қашқаридың «Түрік сөзінің жинағы», А.Югнакидың «Ақиқат сыйы», А.Ясауидың «Даналық кітабы» атты шығармалары толық дәлел бола алады. Алтын Орда тұсындағы жазба ақындар Саиф Сарайдың «Гүлистан бит-туркиі», Құтбтың «Хұсрау-Шырыны», Хорезмидің «Мұхаббатнамесі», көне қазақ жазба әдебиетінің өкілдері Қадырғали би Жалаиридың «Жамиғ-ат тауарих», Әбілғазы Баһадүрдің «Шежіре түрки» естеліктері, ХІХ ғ.ғ. ақиық ақын М.Өтемісұлының жырлары, ХVІІІ ғ.ғ. Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың Ресей патшасы Елизаветаға жолдаған дипломатиялық жазбалары, Шоқан Уәлихановтың зерттеу еңбектерінің тілі.

Тіл – халықтың ең басты және ең үлкен мұрасы, тарих қойнауындағы асыл қазынасы. Сол себептен тіл ғылымының мамандары: «Тіл – халықтың жаны», «Халық бар жерде тіл бар, тіл бар жерде халық бар», «Бірінсіз олардың бірі болмайды», – дейді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан кейін 1996 жылы «Тіл саясаты туралы тұжырымдамасы», 1997 жылы «Тіл туралы» Заңы бекітілді. 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алды. Конституцияда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғышарттары, қоғамдық қызметтері белгіленген. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдеде қабылданған №151-I Заңының 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» – деп нақты көрсетілген.

Бірақ, қазақ тілі әлі күнге мемлекеттік тіл мәртебесіне сай жоғарыда қойылған талаптарға жауап бере алмай жатыр. Елбасымыз «Тәуелсіздік алғалы аюдың да тіл үйренетін уақыты болды», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп, мемлекеттік тілді үйренуді бүкіл халық болып жұмыла қолға алуды қанша меңзесе де, ілгері басушылық әлі күнге дейін байқалмайды.

Ата-бабаларымыз баланың тәрбиесі құрсақтан басталу керек екенін әуел бастан білген, ескерген, жасы 11-12-ге толғанға дейін тек ана тілінің үнін, гүлзар сұлулығын сезіндіріп, қуат-құдіретімен суарып өсіруді міндет деп санаған. Көптеген салт-дәстүрлері ана тілінде өрілген өлең-жырлармен орындалып, жас сәбидің санасына тілдің әуезділігін, құндылығын сіңірген. Мәселен, құрсақ той, шілдехана тойы, баланы қырқынан шығару сәттерінде қаншама жібектей жұмсақ сөздер, бата-тілектер төгіліп сала береді.

Француз ғалымдарының дәлелдеуінше, жалпы адамзаттың ата-тегі ең алғашқы сөзін, осы уақытқа дейін саналып келгендей 100-150 мың жыл бұрын емес, 300 мың жыл бұрын айтқан екен. Өзімізге белгілі, жас сәбидің тілі айналасындағы үлкендердің тіліне еліктеу арқылы шығып, сөйлей бастайды. Бірақ мидың тілге жауапты бөлігінің қызметі сәби туғанға дейін қалыптасатынын көпшілік ескере бермейді. Яғни, анасы қай тілде сөйлесе, құрсақтағы сәбидің алғашқы коммуникациялық қабілеті сол тілге қарай бейімделеді. Мұны ғалымдар генетикалық байланыс деп атап жүр. Өкінішке қарай, қазір генетикалық байланыстан түбегейлі айырылып қалған азаматтарымыз жетерлік. Осының барлығы Кеңес өкіметі кезінде жүргізілген астарлы саясаттың салдары. «Орыс тілін білмесең, қоғамнан алар ешқандай орның жоқ» деп қазақ тілін шеттету салдарынан көптеген қазақ отбасылары балаларын жаппай орыс мектептерінде оқытты. Сондықтан қоғамдағы жіліктің майлы басы мен тұтқалы орындарын орыстілділер иемденіп алды. Сөйтіп, ХХ ғасыр ұрпағы орыс мәдениетін бойына сіңірген маргинал халыққа айналды. Өз ана тілін менсінбейтін халге жетті. Осылайша рухани мүгедек қоғам пайда болды.

Қазір егеменді ел болып, өз қолымыз аузымызға жеткен кезеңде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оны құжат, коммуникация, телеарна, радио, баспасөз тіліне айналдырудың мүмкіндігі молайды. Баласын қазақ мектебіне беремін деген ата-анаға шектеу қойылмаған. Сондықтан мемлекеттік тілдің болашағы мен бүгінгі ахуалын көркейту – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының міндеті. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ», біз алмайтын қамал жоқ.

Майра Алдабергенова

Соңғы жаңалықтар