11 Қазан, 11:38 456 0 Нұр Отан Әсел ӘНУАРБЕК

Жолдау – тұрмысты жақсартудың бірден-бір тетігі

Астанада «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» іске    асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Кеңеске Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Берік Бисенғалиев, «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыруды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев қатысты.

Отырысты ашқан кеңес төрағасы, сенатор Бақытжан Жұмағұлов Жолдауда айтылған әлеуметтік мәселелердің ерекшеліктерін атап өтті. «Елбасы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бағыт-бағдарын көрсетті. Сондықтан Жолдау елдің әл-ауқаты, тұрмысын жақсартуға бағытталды. Елбасы жан-жақты, нақты тапсырмалар берді. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын жоғарылатуды тапсырды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көбейтуді тапсырды. Ең аз жалақы 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге артып, келер жылдан бастап 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысы көбейеді. Осы мақсатқа 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, сапалы кадр дайындауды айрықша тапсырды. Ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесі де оң шешімін табатынын айтты. Осы жолғы Жолдау – экономиканы өркендетудің, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартудың бірден-бір тетігі», – деді Бақытжан Жұмағұлов.

Жиын барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова баяндама жасап, елдің тұрмысын жақсарту бағытында іске асып жатқан жұмыстар жайында сөз қозғады. «Елбасының Жолдауы мен «Бес әлеуметтік бастама» әлеуметтік саланы дамытуға тың серпін береді. Әрбір қазақстандықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды қамтамасыз етеді. Оның ішінде 4-бастамаға ерекше тоқталып өткім келеді. Кәсіпкерлікті дамыту – елді тұрақты жұмыспен қамтудың бірден-бір жолы. Күнкөрісі төмен азаматтардың жалақысын арттыруға септігін тигізеді. Осы бағытта кәсіп ашу мен шағын кәсіпті өркендетуге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде. Негізгі мақсат – өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтардың қатары артса, елдің тұрмысы түзеледі», –  деді министр.

Ал Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Бес әлеуметтік бастаманың іске асу барысын баяндады. «Биыл наурыз-қыркүйек аралығына жоспарланған 35 іс-шараның 31-і орындалды. Тапсырмаларды іс жүзінде орындау үшін тиісті шаралар іске асып жатыр», – деді Тимур Сүлейменов.

Ауыл шаруашылығын дамыту тақырыбы бойынша Ауыл шаруашылығы вице-министрі Берік Бисенғалиев баяндама жасап, саладағы оң өзгерістер жайында айтты. «Саланы өркендетуге 44 миллиард 700 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде, Бес бастаманың 4-бастамасы бойынша 13 миллиард 900 миллион теңге қосымша қаржы бөлінді. Ауыл шаруашылығын өркендетуге берілетін несиелердің пайызы төмен. Шағын бизнесті өркендету үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрету үшін тегін курстар өткізіп келеді. Мұның барлығы – кәсіп ашамын деген азаматтарға мемлекеттің қолдауы. Кәсіпкерлерді қаржылай қолдаумен қатар оларға бағыт-бағдар, заңгерлік көмек беру де өте маңызды», – деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар