10 Қазан, 21:39 229 0 Қауіпсіздік Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Елдің рухани мұраты жаңа биікке көтеріледі

Біздің елімізде жақсылық атаулы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауынан бастау алады. Бұл сәттің тарихи мән-мағынасын әрбір отандастарымыз терең түсініп, ойындағысын күтіп оң қадамдардың жасалатынын біледі. Мемлекет басшысының күні кеше халқымыздың әл-ауқатын одан әрі жақсартып, табыс пен тұрмыстың деңгейін арттырып, жастардың патриоттық, рухани санасын жаңғырту бағытындағы барлық тапсырмасы мен нақты жүзеге асырылатын міндеттерді көпшіліктің көңілінен шығып отыр.

Бұл дүниеде өз Отаныңда өмір кешіп, лайықты еңбегіңе қарай бақытты ғұмыр сүріп, ұзақ жасаудан артық не бар? Жалақының ең төменгі мөлшері 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін көтерілетін болды. Бұл – қоғамның әлеуетіне игіліктер әкелетін көп мәселенің бірі ғана. Әйтпесе бұл Жолдауда адал еңбекке ұмтылу, жаңа заманның технологиялық талаптары, билік қызметінің тиімділігін арттыру, мемлекет қаржысына ұқыптылықпен қарау,  құқық қорғау органдарының жұмысында жаңа ізденістерге ие болу, отындық тауар өндірушілерге қолдау көрсету, әсіресе, білім мен ғылым саласында өзекті мәселелерді түпкілікті шешу, ауыл шаруашылығы саласына бетбұрыс әкелу, тұрғын үй алуға қолұшын беру, ауыл өмірін, ауыл мәдениетін, руханиятын көтеруге байланысты қаншама серпін туғызатын жайттар айтылды. Үкіметке де, әкімдерге де, басқа да билік тармақтарына қатаң тапсырмалар жүктелді.

Сапалы өмір сүру деңгейінің көтерілу жолдары көрсетілді. Жұрт көкейінде жүрген сұрақтардың шешілуіне мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершіліктің ерекше маңыздылығын тиісті лауазым иелеріне шегелеп тұрып міндеттеді. Иә, жылдың 100 тәулігін жиналысқа шығындайтын шенеуніктер бар екені айтылғанда, бұндай дағды сол арада өткір сынға алынды. Бұл үлкенді-кішілі мекеме басшыларына да сабақ болуы тиіс. Табысты тірліктерді тап-тұйнақтай етіп атқару тиімді басқаруға тікелей қатысты емес.

Мемлекет басшысының алдағы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауын өте орынды деп білеміз. Осы орайда, «Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн. «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек. Бүгінде халықтың әлеуметтік көңіл-күйін айқындайтын негізгі салаларда теңдессіз шаралар ұсынылып отыр. Бастамалардың қаржылық көлемі 1,5 триллион теңгеден асады, ал жиынтық әсері одан да көбірек. Бұл халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға зор серпін береді. Бұл – ең сенімді әрі тиімді инвестиция», дегені көптің көңілінен шықты.

Кез келген қоғам үшін жастар мәселесі жөніндегі саясат жоғары тұрады.  Бұған дейін мемлекет жастарға көп қамқорлық жасап келсе, енді бұл еш талассыз жалпыхалықтық мазмұнмен, елдің келешегіне сенімділік қуатын әкелетін тарихи кезең болса да деп үміттенемін. Сол себепті жылдың әрбір күнін жастықтың оты жанған еңбекпен, озық таланттардың ақыл-отымен, ұрпақтар сабақтастығының тамаша дәстүрлерімен өткізу – басты міндет. «Ауыл – ел бесігі», «Өз жеріңді танып, біл!» деген респубюликалық жобалар да әлеуметтің хал-күйін, көңілі мен сенімін жаңа биікке көтеруді жер-жерде жан-жақты ойластыру да алда тұр.

Әсіресе ұстаздар қайымына жағынды жаңалық болған дүние келе жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдауды тапсыруы. Расында бір мемлекеттің өсіп-өркендеуі, дамуы ғылым мен білімге, ұстаздардың әлеуметтік жағдайы мен әлеуетіне тікелей байланысты. Сондықтан ғылымға бөлінетін қаржының да еселеп өсетіндігі үміт силады. Бұл елдік рухани мақсат-мұратты жаңа биікке көтеруде басқа да азаматтармен бірге, дінтанушылар да белсенділік танытатын болады. Елбасы Жолдауын мүлтіксіз жүзеге асыру баршаға ортақ зор құндылықтарды одан әрі байыта түседі деп сенеміз. Енді айтылған қалыпта қалып қоймай, сапалы түрде жүзеге асатындығына сенім білдірейік!

Кеңшілік ТЫШХАН,

Л.Н. Гумилев атындағы

Еуразия Ұлттық университеті,

Дінтану кафедрасының меңгерушісі

Соңғы жаңалықтар