Биыл жаңа онкологиялық орталықтың құрылысы басталады

Биыл жаңа онкологиялық орталықтың құрылысы басталады

Биыл жаңа онкологиялық орталықтың құрылысы басталады
ашық дереккөзі
ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қазақстандықтардың өмір сапасын көтеруге бағытталған шаралар жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Тұрғындардың өмір сапасын көтеру тапсырмасы аясында 22 шара қарастырылған. Білім беру саласында мектепке дейінгі, орта және жоғары білім сапасын көтеру шаралары көзделген. Мұғалімдер мен білім беру саласындағы мамандарды ынталандыру үшін келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданады. Денсаулық сақтау саласында медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарады. Биыл Астанада жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы басталады, орталық ең заманауи құралдармен жабдықталады», - деді Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында. Сонымен бірге, министр халықты сапасыз және қауіпті тауарлардан, қызметтерден қорғау үшін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Комитеті құрылатынын хабарлады. «Үшінші тапсырма - өмір сүруге қолайлы орта жасау аясында еліміздің барлық елді мекенінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту жұмыстары жүргізіледі. 2030 жылға дейінгі елдегі аумақтық-кеңістіктің дамуына арналған болжамдық кесте жасалады. Ол үшін келесі жылы 2025 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасы қабылданады», - деп өз сөзін толықтырды Т. Сүлейменов. Министр көліктік инфрақұрылым мен коммуналдық тұрғын үй құрылысы үшін «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың 2025 жылға дейін созылатынын еске салды. «Құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша Жол картасы қабылданады. Жол картасы халықпен жұмыс істеудің, қоғамдық қауіпсіздікті бақылау жүйесін қамтудың жаңа форматын қарастырады. Сот жүйесін жаңғырту жұмыстары да жалғасады», - деді Т. Сүлейменов.