ТАРИХ – ТАМЫР, ТІЛ – ТҰҒЫР

ТАРИХ – ТАМЫР, ТІЛ – ТҰҒЫР

ТАРИХ – ТАМЫР, ТІЛ – ТҰҒЫР
ашық дереккөзі
Елбасы Қазақстан халықтары Ассамблеясының сессиясында атап өткеніндей, мемлекеттік тіл – қазақстандықтарды біріктіретін фактор болып табылады. Мемлекет – еліміздің барлық ұлттары мен ұлыстары үшін қолайлы тіл кеңістігін құруға үлкен назар аударуда. Қазақстанда мемлекеттік тілді жылдам үйренудің көптеген жаңа әдістемелері дайындалуда. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдері де белсенді түрде үйреніп, меңгеруде. Бірақ көптеген мектеп оқушылары, студенттер, кәсіпкерлер мен қызметкерлер қазақ тілін үйренудің тиімді курстарын іздеуде. Жақында ҚР Орталық мемлекеттік музейі Қазақстан аумағында тұратын өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау, ұлттық құндылықтарға, мәдениет пен тарихқа деген құрмет сезімін тәрбиелеу мақсатында Қазақстан халықтарының тілдер мерекесіне арналған «Тарих – тамыр, тіл – тұғыр» атты іс-шарасын өткізді. Іс-шарада Алматы қалалық әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақыт Әбиірұлы, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Сахыбекқызы, ҚР МОМ Антропология және этнография орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, филология ғылымының докторы, профессор Серік Асылбекұлы сөз сөйлеп, мемлекеттік тілдің дамуы туралы өз пікірлерін білдірді. Іс-шара шеңберінде LC SKADA тіл орталығы өкілдерінің презентациялары көрсетіліп, келушілерге арналған тегін экскурсиялар жүргізілді. Сондай-ақ, Алматы қаласының №4 гимназия, №14, №96, №58 жалпы білім беретін орта мектеп оқушылары сөзжұмбақтар шешіп, интеллектуалдық ойындарға қатысты. Ойын нәтижесінде, жеңімпаз мектеп оқушыларына музейден арнайы естелік сыйлықтары табысталды.  

Әйгерім ИМАНҒАЛИЕВА,

ҚР МОМ мәдени-білім

жұмысы орталығының

қызметкері