БІЛІМНІҢ АЛТЫН ОРДАСЫ

БІЛІМНІҢ АЛТЫН ОРДАСЫ

БІЛІМНІҢ АЛТЫН ОРДАСЫ
ашық дереккөзі
Қазақ мемлекеттік университеті Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1927 жылғы 23 наурызда қабылдаған қаулысы негізінде 1928 жылғы қазанда ашылды. 2003 жылы 26 қыркүйекте Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың №1201 Жарлығымен қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы «Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ)» болып қайта құрылып, ұлттық мәртебені иеленді. 90 жылдық тарихы бар білім ордасы талай қазақ балаларын оқытып, ағартушылық саласына түрен салғаны ақиқат. Осы уақытқа дейін университет қабырғасынан 145 мамандық бойынша 250 мыңнан астам түлек түлеп ұшты.  Университет тойды өткен жылдан бастап кеткен. Бір жылдан бері «90 жылдыққа – 90 іс-шара» акциясының аясында түрлі жиындар мен басқосулар, мәдени, әдеби кездесу кештері, ғылыми конференциялар мен спорттық шаралар толассыз өткізілуде. 26 қыркүйек күні Абай атындағы Қазақ Ұлттық пеагогикалық университетін 21 жыл басқарған белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықовтың 80 жылдығына арналған «Садықов оқулары-V: Қазіргі таңдағы білім беру мен ғылымның өзекті мәселелері» тақырыбында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференцияға ҚР Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, қазақстандық ғалымдар және Ұлыбритания, Литва, Жапония, Польшадан келген танымал шетелдік ғалымдар, Алматы қаласы жоғары оқу орындарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттары қатысты. Қатысып қана қоймай, Қазақстанның жаңа сандық модернизация кезеңіндегі педагогикалық және психологиялық білім беру мен тарих білімінің өзекті мәселелері, қазіргі таңдағы үздіксіз білім беру жүйесінде қоғамдық сананы жаңғырту, сондай-ақ, қазіргі заманғы әлемдік экономика және халықаралық-құқықтық қатынас, Қазақстанның жастар саясаты: мәселелері мен келешегі тақырыптарын талқылап, өз ұсыныстарын айтты. Конференцияны ашқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Балықбаев: «1928 жылы құрылған біздің оқу орнымыздың 90 жылдығы Қазақстандағы жоғары білімнің ортақ мерейтойы», – деп ағынан жарылды. Расында да, Санжар Асфендияровтан бастап, университетті басқарған  ректорлар шоғырының ішінде академик Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықовтың орны ерекше. 1987-2008 жылдар аралығында білім ордасын үздіксіз 21 жыл басқарған ол өзінің зор ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында оқу орнын сапалық жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық білім беру жүйесін дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин де кеңінен әңгімеледі. «Университетті басқарған жылдары Тоқмұхамед Сәлменұлы жаңа мамандықтар, кафедралар ашып, оқу үдерісіне жаңа инновациялық технологияларды енгізуге кеңінен жол ашты. Ол халықаралық қатынастар факультетінің негізін қалады.  Бүгінде оның түлектері Президент Әкімшілігінде, Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның шетелдердегі елшіліктерінде абыроймен еңбек етуде», – деді Нұрлан Зайроллаұлы тебіреніп. Жиын барысында сөз алған ғалымдар мен мемлекеттік қызметкерлер Т.Садықовтың ерекше еңбекқорлығын, ізденімпаздығын, белсенді басшы болғандығын жеткізді. Оның бастамасымен оқу орны Болон үдерісіне мүше болды. Жоғары білікті мамандар даярлағаны үшін университет ҚР Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» – «Алтын сапа» сыйлығымен, «Еуропалық сапа» және «Біріккен Еуропа» сыйлықтарымен марапатталды. Онан бөлек ғылыми кадрлар даярлауға және оларды өсіруге ерекше көңіл бөлгені де айтылды. Ол 21 ғылым докторы мен 100-ден аса ғылым кандидатын даярлап шығарды. Сөйте жүріп педагогика-психология, тарих, саясаттану, әлеуметтік проблемалар бойынша жалпы саны 500 ғылыми еңбек пен 10 монография жариялады. Осы күні Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Спартак» стадионында академик Т.Садықовтың 80 жылдығына арналған Жоғары оқу орындары арасында футбол турнирі жалауын көтерді. Аталған футбол бәсекесінің өтуіне ҚР Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, сондай-ақ, Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстанның ұлттық студенттік спорт одағы ұйытқы болды. Қазақстандағы үздік 12 жоғары оқу орны өз құрамаларын аталған сайысқа қосты. 5 күнге созылған сайыс тартысты, қызықты, бәсекеге толы болды. Ұйымдастыру комитетінің өкілі Ерлан Адамбеков: «Ойынға қатысқан барлық команда да бас жүлдені алуға лайықты еді. Дегенмен екі мықты кездескенде бірінің жеңілетіні бар. Спорт сонысымен де қызық. Бір байқағаным финалдық шешуші кездесу халықаралық спорт додасы секілді талас-тартысқа толы болды», – деді. Ойын қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды Абай атындағы ҚазҰПУ құрамасы иеленді. Финалда кездескен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ құрамасы мен Спорт және туризм қазақ академиясының студенттері өрнекті ойын көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді. Ұлттық университет құрамасы екінші орынды қанжығасына байласа, Спорт және туризм академиясы жүлделі бірінші орынды иеленді. 2018-2019 оқу жылы басталғалы бері аталмыш университетте іс-шаралар толассыз өтуде. Қазақстандағы тұңғыш ашылған жоғары оқу орны болғасын еліміз үшін де орны бөлек. 2 қазан күні университет ғалымдары мен профессор-оқытушылары дайындаған онға тарта тарихи танымдық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Жиынды ашқан университет ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев: « Тарихты қайта зерттеп, жаңартып отырмаса ол көмескі тартып кетуі бек мүмкін. Арадан өткен 90 жылда еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті талай-талай тағдырлы кезеңдерді, қилы-қилы тарихи дәуірлерді басынан өткергені мәлім. Біздің университетіміз ХХ ғасырда кеңестік дәуірдің түрлі-түрлі саясатын басынан кешірді. Ал Кеңес үкіметі ыдырап, еліміз тәуелсіздік алған соң жаңа қоғамдық құрылысқа қадам басты. Ал осы екі қоғамдық формацияның арасында қаншама дәуірлер жатыр десеңізші. Әрине, мұның бәрі тұнған тарих. Ал тарихты дұрыс бағамдай білген ұрпақ ешқашан өз жолынан адаспайтыны анық», – деп аталған шаралардың мән-маңызына тоқталды. «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген тарихи-танымдық кітаптар қатарында «Санжар Асфендияров», «Ораз Жандосов», «Халел Досмұхамедов», «Халел Әділгереев», «Мәлік Ғабдуллин» деп аталатын туындылар бар. Сонымен қатар тарихшы-ғалым, академик Мәмбет Қойгелді бастаған тарихшы ұстаздар тұңғыш білім ордасының өткенін терең зерттеп жазған «Абай университеті. 90 жылдық тарихынан»  атты кітап та көпшілікке таныстырылып, тұсауы кесілді. Бұл күнде тұсауы кесілген кітаптар қатарында осы университетті 21 жыл басқарған Т.Садықовқа арналған «Тәлімгер портреті. Портрет наставника» атты туынды және университетті бітірген танымал тұлғалар жайлы «Ұлағат» сериясымен белгілі математик Әбдімәжит Өтеш туралы «Қалдырған ізің мәңгілік» деп аталатын жинақ та бар. Зиялы қауым өкілдері «ұрпаққа аманат болып қалатын бұл кітаптар өз оқырмандарын тапсын» деген жылы лебіздерін білдіріп тұсауын кесті. Еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орнын ашуға, қалыптастыруға және дамытуға өлшеусіз үлес қосқан ұлт зиялыларының өмірі мен қызметін жан-жақты насихаттау үшін профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен танымдық дәрістер циклы тұрақты өтіп келеді. Жыл басынан бері университеттің тұңғыш ректоры, көрнекті мемлекет қайраткері Санжар Асфендияров,  оқу орнының алғашқы ұстаздарының бірі, көрнекті ғалым Ахмет Байтұрсынов және білім ордасының алғашқы басшылары Бәймен Алманов, Шарифолла Сахаев, Шайхислам Бекжанов, Халел Әділгереев, Жұмабек Жүнісбеков, Ораз Жандосов сынды ұлт қайраткерлері кеңінен насихатталып, түрлі форматтағы дәрістер өтті. Бұл өз кезегінде студенттер мен қызметкерлердің дамуына, жаңа, тың идеялар мен шабыт алуына өз көмегін тигізеді дейді ұйымдастырушылар. Бұл жоба алдағы уақытта да өз жалғасын табады. 90 жылдық мерейтойдың аясында қазақтан шыққан аса дарынды нейрохирург-дәрігер, көрнекті ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Қуандықұлы Ақшолақовпен өткен кездесуді студенттер мен оқытушылар қауымы әлі күнге дейін айтып жүр. Еліміздің азаттығы үшін күрескен батырларымыздың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, дербес мемлекет болуымыз үшін жан аямай күрескен Алаш зиялыларының, одан бері де тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына, дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген қайраткерлеріміздің өмірі мен қызметі, азаматтық болмысы арқылы студенттерді тұлға ретінде қалыптастыру, оларды қазақстандық патриотизмге, отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеуді мақсат еткен «Тұлғатану» орталығының атқарған жұмыстары өлшеусіз дейді ұстаздар қауымы. 90 жылдық мерейтойдың басы және басты шарасы ретінде Абай атындағы Қаз­ҰПУ ұйымдастырған республикалық студенттер айтысын атауға болады. Бұл үрдіс 2014 жылдан бері қалыптасқан. Әр екі жыл сайын ұлттық педагогикалық университет сұлу сөзді серік еткен суырып салма ақындар айтысын өткізіп жүр. Биыл өткен өнер сайысында жас таланттардың тұсауы кесіліп, тасада жүрген айтыскерлер танылды. Республикамыздан 54 ақын сайысқа түсіп, ақтық сынға 12 ақын жолдама алды. «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен финалдық бәсекеге Жүрсін Ерман, Бауыржан Жақып, Темірхан Тебегенов, Бақыт Жағыпарұлы сынды зиялы қауым өкілдері қазылық етті. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Жұбаниязов Қайырхан ешкімге дес берместен бас бәйгені қанжығасына байлады. Онан бөлек университет ұжымы түлектер форумын ұйымдастырып отыр. 90 жылдық тарихы бар оқу орнын бітірген түлектер алтын ұяларына қайта оралмақ. Ұлттық ғылым академиясында 44 ЖОО-ның ректорлары бас қосқан Евразиялық кеңес те өтеді. Мерекелік жиындар легі 5 қазанда университетте өтетін салтанатты жиынмен аяқталмақ.   P.S: Білімнің алтын ордасы аталып кеткен Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толуы – тәуелсіз Қазақстан білімі мен ғылымының торқалы тойы. Сапалы білім беріп саналы ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен білім ошағы алда да талай асуларды бағындыратыны айқын.