ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ– ТӘРБИЕ ТАЗАЛЫҒЫ

ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ– ТӘРБИЕ ТАЗАЛЫҒЫ

ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ– ТӘРБИЕ ТАЗАЛЫҒЫ
ашық дереккөзі
Ахмет Байтұрсынұлы қазақты артқа тартып отырған – ел  ішіндегі надандық пен жалқаулық екенін жақсы білді. Сондықтан: «Надандықтың кесапаты әр жерде-ақ маңдайымызға тисе де,  ата жолдасымыз болған соң, біз де қиып айырылмай келеміз. Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты. ...Дүниеде ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке теңгеретін ғылым менен өнерді, елсізді елдіге теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым менен өнерді керек қылатын қазақ аз»,– деп налыды. Осы жерде «надандық» деген сөзге сәл кідіре кету керек. Өйткені көпшілігімізде білімдіміз, сауаттымыз, сондықтан біздің ортамызда надандық жоқ деген ұғым бар. Меніңше, надандықты тереңірек түсінген жөн. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр болса да, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына отыз жыл өтсе де, өз ана тілінде сөйлегіміз келмеуді «надандық» демей не дейміз? Ежелден осы жердің, осы елдің иесі қазақ екенімізді тиісті деңгейде мақтаныш ете алмау да надандықтың бір көрінісі. Замана сұранысына сәйкес ұлттық рухымызды көтере алмай отырғанымыздың өзі надандықтан алыс емес. Тәуелсіздік ұғымын толық түсіне алмай, соның талаптарына сәйкес тиісті әрекет ете алмай отырсақ, надандық емей немене? Рас, ХХ ғасыр басында қазақ қоғамында білім тарататын, оқу үйрететін орындар тіптен жетімсіз, қазақша оқытудың кемшілігі есепсіз көп болатын. Тіпті, белгілі оқу жылы, арнайы салынған мектептер де жоқ еді. Қазақша оқу кітаптары жетімсіз, оны оқытатын мұғалімдер аз. Қазақ балаларына арнап ана тілінде мектептер ашудың 1905 жылғы Қарқаралы петициясында басқа да өзекті мәселелермен қатар көтерілуі осындай жағдайлардан туындаған еді. Ахмет Байтұрсынұлы өз еңбектерінде сол кездегі қазақ қоғамындағы оқыту, оны ұйымдастыру мәселелерін жан-жақты көтере келіп: «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді. Оқу ісін түзеуге көп нәрсе керек, оның бізде бұл күнде бірі де жоқ. Ай мен күндей, әмбеге бірдей білім – көп ортасындағы мүлік, онан сыбаға ала алғандар алып жатыр, ала алмағандар құр қалып жатыр. Сол құр қалып отырғанның бірі – біздің қазақ» деп жазды. «Оқу жайы» атты мақаласында автор «Үкімет қазаққа қазақша мектеп салып бермейді, қазақтың қазақша оқуын тіпті тілемейді» деп ашық жазды. Қазақ балаларын өз тілінде оқыту ісі кәсібилікті талап ететінін терең ұғынған тамаша психолог-педагог жастарды қалай оқытып, қалай тәрбиелеу – бәрінен жоғары қойылатын жұмыс деп атап көрсетті. Сол себепті бұл мәселені жан-жақты түсіндірді. «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында ол бала оқытатындар әуелі шәкірттеріне үйрететін нәрселерін өздері жақсы білуін, болашақ білім иесінің жай-жапсарын барынша білуді аса қажет деп санады. Ғылымды жұрттарда бала оқыту жұмысы осы ғылымды игерген адамдардың қолында екенін айтты. Қазақ дәстүріндегі асқан-тасқан тойлар мен астардың жарысынан гөрі, білім үшін жарыстың пайдасы туралы жазған «Білім – жарыс» және «Білім жарысы хақында» атты мақалалар қысқа ғана болса да, олардың көтеріп тұрған жүктері салмақты, көздеген мақсаттары айқын болатын. Автор бірнеше ұлыс ел жиылып, бір-екі күн ет жеп, қымыз ішіп кету үшін жиналудан гөрі, білім жарысы бүтін жұрт үшін пайдалы, өйткені ғылым мен өнер дүниеде бейнетті кемітпекші, үлгілі жақсы істер ықылас болса, қазақтың да қолынан келеді дейді. Әзір қазақта ғылым, өнердің бірі де жоқ деп, өз халқына бұл бағыттағы алдыңғы қатарлы Еуропадағы елдерді өнеге етті. Білімнің үйретумен, көрумен, оқумен жиналатынын, мұның басты құралы кітап екенін айта келе, Ахмет Байтұрсын­ұлы білімнің көп жайылуына, оқу үйрететін орындардың болуы, кітаптың жақсы болуы керек және осы мақсатқа жетуге себепкер болатын істің бірі – білім жарысы екенін айтады, сол үшін жұртшылықты осындай жарыстар өткізуге шақырады. Ал бүгінгі күні бауырларымыздың жарысқа түскендей несие алып, ұланғайыр той жасап, тіпті асқа жайылған дастарқанға қолда барды үйіптөгіп жатқанын көргенде, ұлы ұстаздың білім жарысы тіршілік етудің ауырын жеңілдету, жеңілін рахатқа айналдыру үшін бағытталады деген сөзі еріксіз еске түседі. Ахмет Байтұрсынұлы алғашқы білім беруде, жас ұрпақтың болашағын сөз еткенде айрықша орын алатын бастауыш мектепке ерекше мән берген болатын. 1914 жылы жарық көрген «Бастауыш мектеп» атты мақаласында сөзді «Қазақтың бастауыш мектебі қандай болуы керек?» деген сауалдан бастайды да, адамға тіл, құлақ, қол қандай керек болса, бастауыш мектепке үйренетін білімдер де сондай керек дейді. Автор осы заманда хат білмеген адамның күйі – тіл я құлағы, я қолы жоқ адамның күйімен бірдей, мұнан бұлай хат білудің керектігі онан да аспақшы, ал бастауыш мектепте оқығандар ең әуелі қазақша толық хат білетін дәрежеде және әрі қарай оқимын дегенге негіз қаларлықтай болуы қажет деп атап көрсетті. Мақалада бастауыш мектепте қазақтың діні, тілі, жазуы таза, оның миссионерлік пікірден, саясаттан алыс болуы алға тартылады. Сонымен бірге қазақты дінінен, болмаса жазуынан айыруға болмайтыны, сол себепті үкімет мектеп арқылы қазақтың дінін, тілін, жазуын жоғалтып, орысшаға аударамын деген пікірден безіп, бастауыш мектептің екі жаққа да пайдалы болу керектігін ұсынады. Автордың ойынша, Ресей үкіметі қол астындағы жұрттарды тілінен, жазу-сызуларынан айыру үшін оларды бірден орысша оқытуды ұсынуда, ал әр халыққа алдымен өз тілін, дінін, жазуын сақтау керек. Сондай-ақ, ол бастауыш мектептерде оқу үшін 5 жылдықты ұсынады. Оның алғашқы үш жылында бірыңғай қазақша, ал келесі екі жылында орысша оқыту білім гимназиясының төменгі кластарына жарарлық болуы тиіс екеніне назар аударады. Сөйтіп, бастауыш мектеп алғашқы білімнің негізін қалайтындай болуы керек. Әсіресе, оқытушылар құрамына деген талап ерекше болғаны жөн. Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асса да ұл-қыздарымызды түгелдей ана тілінде оқытуды алға шығара алмай келеміз. Оларды орыс мектептеріне беру, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуден алшақтату жалғасуда. Енді бірінші сыныптан орыс, ағылшын тілдерін оқытуға кірістік. Тіпті, балабақшаларда 4-5 жасар балаларға қазақшаға қоса, орыс және ағылшын тілдерін үйретуге ұмтылудамыз. Бұл – үлкен қателік. Солтүстік көршіміз ағылшын тілін екінші сыныптан бастап оқытады. Бірақ ондағы орыс балаларының арасынан өз тілін білмейтінді қолыңызға шам ұстап жүріп таба алмайсыз. Қазіргі күні өздері қазақ тілінде әлі дұрыс сөйлей алмайтын, ұлттық ойлау жүйесі қалыптаса қоймаған ұл-қыздарымыз үшін аса қауіпті әрекеттер аралас мектептерден туындап отыр. Бұл еліміздегі орта оқу орындарының жиырма пайыздайын құрайды. Осы арада тамаша жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың ана тілінде тәрбиеленбеген ұл-қыздарымыз ұлтына қызмет ете алмайды деген ойын еске ала отырып, қазақ баласын өз ана тілінде оқытып, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелей алмасақ, онда ұлттық оқу-тәрбие жұмысы біржола ақсайды деуге болады. Жоғарыдағы бастауыш мектеп туралы мақала жайдан-жай жазылмаған болатын. 1910 жылы Мемлекеттік Думада бастауыш мектептерде оқу орыс тілінде оқылсын, балалар жасынан орыс тілін үйреніп, Россияға қараған басқа тілді жұрттар өз тілдерін ұмытып, орыс тіліне ауып, орыспен бірігіп, сіңісуіне жақсы деген шешім қабылдаған еді. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы 1914 жылы жарық көрген «Қазақ һәм түрлі мәселелер» атты мақаласында арнайы жазған болатын. Кеңес өкіметі де алды-артын тазалап, нығайып алғаннан кейін бұрынғы әнге қайта басқан еді. 1938 жылғы 13 наурызда СССР Халық комиссарлар кеңесі мен БКП(б) Орталық комитеті «Ұлттық республикалар мен облыстардың мектептерінде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулысы еліміздегі ана тілдік кеңістікті күрт өзгертіп жіберді. Орыс тілін ғана емес, діні, ділі бөлек халықтың, Абай тілімен айтқанда, «зарарын» да қабылдадық. Сол кездегі саяси белсенділердің жаратылыстану пәндерін орыс тілінде оқыту туралы ұсыныстарының арада сексен жыл өткенде енді бұл пәндерді ағылшын тілінде оқыту керек деп қайталағандарды естігенде еріксіз таң қалуға тура келеді. Сонда қазақ ұрпағы бұл пәндерді өз ана тілінде білмеуі керек болғаны ма? Міне, осылай бір жағадан екінші жағаға секірумен келеміз. Өз жағамызды қашан табатынымызды қайдам?!. Қазақ халқы – талантты халық. Тіл тәуелсіз болмай, мемлекет тәуелсіздігі қалыптаспайды. Өйткені рухани құндылығымыздың өзегі ақша, доллар емес, тіл мен діл. Білімнің негізгі көзі де, өзі де – тіл. Сондықтан да тілдің тазалығынан білімнің тазалығы бастау алады. Тілдің жалғыз ғана тұғыры болатыны, оның ана тілі екенін, тұтас білім негізінен тек ана тілінде берілуі керектігін ұғынған жөн. Ал қалған тілдер қатынас құралы және ана тілінде алған білімді толықтыратынын ескеру керек. Ахмет Байтұрсынұлы «Мектеп керектері» деген мақаласында қазаққа қандай мектептің керектігін, оған не қажет екенін ашып айтып, бұл бағыттағы мәселені дұрыс жолға қоя білуді негізгі міндет деп санады. Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика мен методикадан хабардар мұғалім, ал бала оқыту ғылымынан хабардар мұғалім – мектептің жаны, мұғалім қандай болса, мектеп сондай болады деді. Екінші, оқыту ісіне керек құралдар қолайлы және сайлы әрі жақсы болуы керек. Үшінші, мектепке керегі – жоспар (программа), онда үйрететін нәрселердің кесімі-пішімі болуы тиіс. Автор мұндай керектердің ана тілімізде оқылатын мектептерде кемшін екенін, ал орыс мектептерінде мұғалімдер де, оқу құралдары да сайлы екенін атап көрсетеді. Бірақ бүгінгі күні де қазақ мектептерінің түйткілдері аз емес. Тіпті, қазақ мектептерінің жетіспеушілігінен ата-аналар ұл-қыздарын орыс мектептеріне беруге ықыластырақ. 1995 жылғы Ата заңның 7-бабында «1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған, шындап келгенде, мемлекеттің ең жоғары құқықтық күші бар құжатындағы норманың түрлі себептермен тиісті орындалмауы өкінішті-ақ. Сөйтіп, ұлқыздарымызды бүгініміз үшін де, келешек үшін де аса маңызды мемлекеттік мәртебесі бар ана тілінде оқыту мәселесін түбірінен шеше алмай отырмыз. Мектептің жас ұрпаққа қай тілде сабақ беретінін айқын шешіп алмайынша, бала өзінің ана тілінде жаза, сөйлей, оқи білмейінше, оның ұлттық тәрбиесі толыққанды шешілмейді және әлемдік өркениетті елдердің мәдениетін өзінің тарихи және ұлттық ерекшеліктеріне бейімдеп сіңіре алмайды. Мұны барлық халықтар тарихы жақсы көрсетіп отыр. Ахмет Байтұрсынұлы өзі өмір сүрген қоғамның оқу-білімге байланысты ең өзекті деген мәселелерін биік деңгейде көтеріп, оны шешудің де басты жолын көрсете алған болатын. Бұл бағыттағы әлеуметтік ойлардың шыңы мына тұжырымда айқын көрініс тапты: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек». Ұлы ұстаздың бұл ойлары азаттықты қиялдаудан, асыл арманнан туған еді. Еліміздің өз тізгіні өзіне тиіп, тәуелсіздікке қол жеткізгенінің арқасында мұндай арманның шындыққа айналғанына да ширек ғасырдан асты. Қоғамда ерекше қызығушылық туғызып, жан-жақты талқыланып келе жатқан Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бұл міндеттер ашық айтылды. Қазіргі замана қоғамымызды әрі қарай қарқынды дамыту үшін тәуелсіз елдің әрбір азаматына бәсекеге қабілеттілік сияқты аса маңызды компонентті ұсынды. Сол себепті де біз бүгінгі білім бәсекеге қабілетті болғанда ғана тиімді, құнды болмақ дегіміз келеді. Міне, сонда Ахмет Байтұрсынұлының асыл арманы – білімділік бәсекеге қабілеттілікпен қосыла, тұтаса отырып, қазіргі мемлекетімізді жаңғырта түсетін, егемен елімізді еркін дамытатын, қажырлы халқымыздың тәуелсіздігін тұғырлы ететін бірден-бір әлеуметтік әрекет формуласына айналады. Тәуелсіз ел болғанымызға ширек ғасырдан асты. Алдымыздағы белестер жаңа мәселелер көтеруде. Елбасымыздың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында халқымызға, әсіресе, жас ұрпаққа замана ұсынған жаңалықтарды меңгеру қабілетін арттыра түсуге, білім берудің жаңа сапасына айрықша тоқталды. Бұл бағытта Ахмет Байтұрсынұлының оқу-білім турасындағы асыл мұрасын қазіргі замана ұсынған сұраныстармен байыта отыру пайдаланудан тек ұтамыз. Рас, бүгінгі ұрпақ осыдан он-он бес жылдағыдай емес. Ғылыми техникалық прогресс өз жемісін де беріп жатыр. Жаңа ұрпақ дарындылау десем, көп қателесе қоймаспын. Алайда осыны ұлт пайдасына бағыттай алып отырмыз ба? Әсіресе, адам баласының ең құдіретті әлеуметтік ортасы – отбасы жалпы тәрбие жүйесінің негізін қалай алмай отыр. Жас ата-аналар күн көріс көзімен әуре. Дегенмен өз ұсынысымды айта кетейін. Мен балабақшада ұл-қыздарымыз тек ана тілінде білім алып, тәрбие ұлттық негізде берілуі тиіс, сонан соң басқа ұлттардың пайдалы салт-дәстүрін баланың ерекшелігіне бейімдей жүзеге асырылуы керек. Олар ана тілінде оқи, жаза, сөйлей алмайынша басқа тілді оқытпау қажет. Ең негізгісі – баланың ұлттық ойлау жүйесінің алғашқы нышандары қалыптасуы керек. Онсыз ұл-қызымыздың болашағы қауіпті. Тәуелсіздіктің алғашқы аласапыран кезінде кейбіреулер қалтада ақша болса, білімнің не керегі бар деген көңіл күйде болғаны белгілі. Бірақ олар көп ұзамай, шынайы байлыққа тек білімнің жол салатынын байқады. Енді халқымыз жаппай білімге ұмтылып жатыр. Мұның келешегі зор. Асуды алу да, шыңға шығу да қажыр-қайратты керек ететініне дау жоқ, бірақ білімді адам оларды ертерек, жеңілірек сезініп, қиыншылықты азайта отырып игереді.  

Әбдіжәлел Бәкір,

Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда мемлекеттік

университетінің профессоры,

саяси ғылымдарының докторы