Мысыр да бізге жат емес

Мысыр да бізге жат емес

Мысыр да бізге жат емес
ашық дереккөзі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде қазақстандық БАҚ өкілдері мен Мысыр елінің «әл-Жумһурия» газетінің журналистері жүздесті. Қазақстандық ақпарат құралдары атынан «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы, «Қазақ радиосы», «Айқын» газеті, «Түркістан» газеті, «Балдырған» журналы сынды басылымдардың өкілдері қатысты. Мысырдың мемлекеттік басылымы қазақ жеріне тектен-тек келген жоқ. Мемлекеттің саясаты бойынша, мұнда жоғары мектептің ең үздік бітірген түлектерін мемлекет жыл сайын әлем елдеріне тегін саяхат жасатады. Осы дәстүрмен биыл ҚазҰУ-ға 17 студент арнайы келді. Қазақстандағы Мысыр Араб Республикасы елшілігі жанындағы мәдениет және білім беру істері орталығының директоры Хамдан Ибраһимнің айтуынша, 56 жыл ішінде мысырлық жоғары мектептің үздік түлектері Шығыс елдеріне алғаш рет келген. «Мысырдағы Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Арман Исағалиевтің ұсынысымен биылғы әл-Азһар жоғары мектебінің үздік түлектер тобы қазақ еліне келді. Бұл жарты ғасырдан астам уақытта Шығыс елдеріне жасалған алғашқы сапар. Себебі осыған дейін үздік түлектер тобы Еуропа елдеріне ғана сапар шегетін», – дейді Хамдан Ибраһим. Ал мысырлық мемлекеттік «әл-Жумһурия» басылымы он күнге жоспарланған үздік түлектер сапарына демеушілік жасап отыр. Сондықтан делегаттар тобында 12 газет тілшілері тағы бар. Журналистика факультетінде өткен жиын барысында факультет деканы Сағатбек Медеубек келген қонақтарды университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Өз сөзінде факультет басшысы еліміздегі журналистика саласының дамуына, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне тоқталды. Ал отандық әріптестер Қазақстандағы бұқаралық баспасөздің шығу тарихы мен бүгінге дейінгі даму деңгейін кеңінен талқыға салса, мысырлық журналистер өз елдеріндегі баспасөздің жай-күйімен бөлісті.