Дәлме-дәл егіншілік технологиялары

Дәлме-дәл егіншілік технологиялары

Дәлме-дәл егіншілік технологиялары
ашық дереккөзі
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен селекторлық отырыста жергілікті полиция қызметінің жұмысын жетілдіру, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру», агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар, осы жиында Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне астықты дер кезінде жинап алу туралы тапсырма жүктеп, қант тапшылығына назар аударды. Отырыста алғашқылардың бірі болып сөз алған Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев егін жинау науқаны жайында есеп берді. Оның сөзінше, жиын-терім жұмыстарында артта қалған өңірлер бар екен. Мысалы, Ақмола облысында астық алқабының 60, Қарағанды облысында 57, Павлодар облысында 58 пайызы ғана бастырылған. «Жауын-шашын егін жинау науқанына біраз кедергі келтіріп отыр. Соған қарамастан өңірлерде қарқынды жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда егістік алқаптарының 73 проценті бастырылып, 14 миллион тоннадан астам астық жиналды. Оның ішінде Қостанай облысы 85 пайыздан асып, былтырғы деңгейге жақындап қалды. Солтүстік Қазақстан облысында 70,8 пайыз астық бастырылды», – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев. Ауыл шаруашылығы министрі астықты өңірлерге қосымша бөлінген дизель отыны жайында да сөз қозғады. «Өткенде əкімдіктер ауа райына байланысты мəселе көтерген болатын. Олар бидайдың ылғалдылығын төмендету үшін қосымша арзандатылған дизель отынын бөлуді сұрады. Жалпы, қазір кестеге сəйкес биылғы егін жинау науқанына 394,4 мың тонна дизель отыны бөлінген. Бағасы бір литріне – 164 теңге», – деп атап өтті Өмірзақ Шөкеев. Вице-премьер қант тапшылығына қатысты да баяндама жасады. Оның айтуынша, еліміздің барлық облыстары 10 мың тоннадан астам қант сатып алуға мүмкіндіктері бар. «Қант мəселесі бойынша Ресей, Беларусь, Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одақтағы қант өндірушілерімен министрлікте кездесу ұйымдастырдық. Оған біздің кондитерлік фабрикалардың, шырын өндіретін компаниялардың жəне əлеуметтік кəсіпкерлік корпорациялардың өкілдері қатысты. Нəтижесінде, Еуразиялық экономикалық одақтағы қант өндірушілердің барлығы біздің талаптармен келісіп, қаншалықты сұраныс болса, соны қамтамасыз етуге келісті. Бағасы Ресейдің қазіргі нарықтағы бағасынан жоғары болмайды. Яғни, 1 килосы – 35 рубль. Оның сыртында ресейлік жəне басқа да өңірлердегі қант өндірушілер біздің кондитерлік фабрикаларға бағаны төмендету үшін тендер ұйымдастыруды ұсынды. Біздің ойымызша, ұйымдасқан тендер болатын болса, онда баға біраз төмендеуі мүмкін», – деді министр. Министр өз сөзінде алдағы уақытта қант тапшылығын болдырмау үшін әкімдіктердегі тұрақтандыру қорларына аталған өнімді сатып алу қажеттігін атап өтті. «Егер келешекте қанттың бағасы өзгеретін болса, оған əкімдіктер төтеп беру үшін тұрақтандыру қорлары арқылы ықпал жасауға мүмкіндіктері болуы керек. Жалпы, келісім бойынша облыстардың 10878 тонна қант алуға мүмкіндіктері бар. Əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациялардың мұндай көлемде қант алуға мүмкіндіктері, шоттарында тиісті қаражаты бар», – деді Өмірзақ Шөкеев. Ал Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев облыс əкімдеріне тұрақтандыру қорларына қанттың қажетті көлемін сатып алуды тапсырды. «Өңірлердегі əріптестер, өздеріңіздің қорларыңызға қажетті деңгейде ақшаларыңызды бөліп, қанттың қажетті көлемін жинап алуларыңызды сұраймын. Ертеңгі күні қант жоқ деген шу көтеріліп кетпесін. Қант жеткілікті, жұмыстың барлығы өздеріңізде», – деді Премьер-министр өңір басшыларына қарата. Одан әрі Үкімет мүшелері Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың баяндамасын тыңдады. Ол қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар және жергілікті полиция қызметінің жұмысы жайында сөз қозғады. «Аса ауыр, ауыр қылмыс түрлері, сондай-ақ орташа жəне аса ауыр емес қылмыстар саны азайды. Олардың ішінде: тонау, ұрлау, бұзақылық, зорлық-зомбылық жəне басқа да қылмыстар бар. Бұрын сотталғандардың, сондай-ақ, кəмелеттік жасқа толмағандар қылмысының төмендеуі байқалды», – Қалмұханбет Қасымов. Министрдің сөзіне сенсек, мұндай оң өзгерістерге құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тəртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ІІМ-нің өңірлік əкімдіктермен бірлесе атқарған жұмыстарының арқасында қол жетті. Өз жұмысын 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастаған жергілікті полицияға учаскелік полиция инспекторлары, жол-патрульдік, ювеналдық, табиғатты қорғау полициясы, сондай-ақ, əкімшілік жауапкершілік бойынша ұсталған адамдарға белгілі тұрақты жері жоқ адамдарға арналған арнайы мекемелер біріктірілген. Бұл ретте министр жергілікті полиция құрылғаннан бері оның материалдық базасы автокөлікпен, байланыс құралдарымен, компьютерлік техникамен айтарлықтай күшейтілгенін атап өтті. Ішкі істер министрінің баяндамасын тыңдаған Үкімет басшысы кадрлық мәселелерді шешуге назар аударды. Бұл учаскелік инспекторларға жəне жергілікті полиция қызметінің жеке құрамына, атап айтқанда, сержант қызметтерін офицерлік қызметтерге кезең-кезеңмен ауыстыруға қатысты. Сонымен қатар, Премьер-министр əкімдерге өңірлерде орын алып жатқан мəселелерді қарай отырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың арнайы отырыстарын өткізіп, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін нығайтуға ықпал ететін шаралар қабылдауды тапсырды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру. Бұл мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндады. Вице-министр келтірген деректерге иек артсақ, агроөнеркəсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сəйкес, жоспарланған іс-шаралар есебінен ішкі өнімнің жалпы өсімі 3 триллионнан астам теңгені құрайды. Онда агроөнеркəсіп кешенін цифрландырудың əсері 30 пайыз немесе шамамен 1 триллионнан астам теңге болмақ. Осы мәселеге қатысты баяндама жасаған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев өз кезегінде оқу орны АӨК-ті цифрландыру бойынша екі бағытта жұмыс жүргізіп жатқанын тілге тиек етті. Біріншісі – жер ресурстарын пайдалануға мониторинг жасау, екіншісі – өндіріске дəлме-дəл егіншілік технологияларын енгізу. Аталмыш мәселе бойынша талқылауды қорытындылаған Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне дəлме-дəл егіншілік элементтерін енгізуді жəне мал шаруашылығы бойынша смарт-фермаларды енгізу жұмыстарын жеделдету туралы тапсырма берді.